Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.23 N 381 Қаулысымен.
Уран рудасын өндiру және қайта өңдеу жөнiндегi жұмыстарды қайта бастаудың экономикалық орынсыздығынан "Каскор" акционерлiк компаниясының тау-кен-қайта өңдеу кешенiн консервациялау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. "Каскор" акционерлiк компаниясының Меловое және Тоқмақ кен орындарында уран рудасын өндiрудi және қайта өңдеудi тоқтату туралы ұсынысы қабылдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың қатысуымен 1998 жылы:
жұмыс iстеген кен орындарының карьерлерiн белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлiгiнiң бiрыңғай Мемлекеттiк жер қойнауын қорына берудi;
Пайдалы қазбаларды өндiру және қайта өңдеу жөнiндегi кәсiпорындарды таратудың және консервацияның тәртiбi туралы нұсқаулыққа сәйкес N 3 және 5 карьерлердi консервациялау режимiне дайындауды;
өндiрiстiң тау-кен, байыту, химиялық-металлургиялық және басқа да түрлерi қалдықтарының барлық техногендiк минералдық түрлерiн Қазақстан Республикасының минералдық шикiзаттарды өндiру және қайта өңдеу қалдықтарын және қалдықтарды көмудiң кадастрын жүргiзу жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес төлқұжаттандыруды жүзеге асыруы тиiс жұмыс комиссиясын құрсын.
3. Ауыл шаруашылығы министрлiгi Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлiгiмен келiсiм бойынша тау-кен өндiрiлген жерлердi қосымша рекультивациялаусыз қабылдасын.
4. Маңғыстау облысының әкiмi Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлiгiмен және Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiмен бiрлесiп, үш айлық мерзiм iшiнде, тоқтатылған карьерлердiң iшкi ұңғыларының аумағында уытты және радиоактивтi қалдықтарды көму (сақтау) үшiн полигондар құру жөнiнде ұсыныс енгiзсiн.
5. Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен және Экология және табиғи ресурстар министрлiгiмен бiрлесiп, бiр айлық мерзiм iшiнде, жылдар және шығындардың тiзбелерi бойынша бөлу арқылы консервациялаудың бүкiл кезеңiне арналған "Каскор" акционерлiк компаниясының объектiлерiн консервациялау жөнiндегi шараларды жүргiзуге арналған қажеттi қаражаттың мөлшерiн айқындасын.
6. "Каскор" акционерлiк компаниясының негiзгi қаражатты, оның iшiнде тау-кен өндiрушi жабдықтарды, көмекшi тетiктердi және басқа да жабдықтарды объектiлердi консервациялауға арналған шығындарды өтеудiң есебiне сату туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн.
7. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi, Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру департаментi бiр айлық мерзiм iшiнде комиссиялық түрде сатуға жататын жабдықтар мен материалдардың тiзбесiн айқындасын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi