"Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес "Павлодартрактор" акционерлiк қоғамының банкрот деп танылуына байланысты, "Павлодартрактор" акционерлiк қоғамының маңызды стратегиялық мәнiн ескерiп, Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Конкурстық массаны сатудың:
1) "Павлодартрактор" акционерлiк қоғамының мүлiктiк кешенiн бiрыңғай лотпен сатуды;
2) "Павлодартрактор" акционерлiк қоғамының мүлiктiк кешенiн сатып алушының жылына кемiнде 2000 трактор мен бульдозер өндiрудi қамтамасыз етудi;
3) конкурстық массаның бастапқы бағасы бiрiншi кезектегi кредиторлар талаптарының сомасынан кем болмауын;
4) конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру департаментi мен Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi өкiлдерiнiң қатысуымен сатуды;
5) банкроттық рәсiмдерiн жүргiзу қайта құрылымдау және күзгi-қысқы кезеңге дайындық жөнiндегi жұмыстарды қаржыландыру үшiн қарымды инвесторларды тартуды;
6) қарымды инвесторлардың қайта құрылымдауға және күзгi-қысқы кезеңге дайындыққа кететiн шығындарын банкроттық рәсiмдерiн жүргiзумен байланысты әкiмшiлiк шығыстарына жатқызуды көздейтiн ерекше шарттары мен тәртiбi белгiленсiн.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi:
1) трактор өндiрiсiн қайта ұйымдастырғаннан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Үкiметiне жұмылдыру тапсырмасы туралы ұсыныс енгiзсiн;
2) мүлiктiк кешендi сатып алушыға өндiрiстiк мақсаттарда Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi бекiткен кесте бойынша, кейiннен орнын толтыра отырып, "Павлодартрактор" акционерлiк қоғамының материалдық резерв қоймаларында сақталып жатқан нормадан тыс тауарлық-материалдық құндылықтардың бронiн алуға және оларды алып пайдалануға рұқсат берсiн.
3. Конкурстық массаны сатып алушыларға мынадай қосымша талаптар көзделсiн;
1) конкурстық массаны сатудан түскен қаржылар жетiспейтiн жағдайда үшiншi кезектегi кредиторлардың өкiлеттi өкiлдерiмен келiсiм бойынша осындай кредиторлардың талаптарын өтеу жөнiндегi сатып алушының мiндеттемелерi;
2) саудаластыққа ауыл шаруашылығында машина жасауда жұмыс тәжiрибесi бар заңды тұлғалар жiберiледi;
3) саудаға қатысу үшiн кепiлдiк жарнасы әкiмшiлiк шығыстары сомасының 100%-нен кем болмайды;
4) банкроттық рәсiмдерiн жүргiзу кезеңiнде қаржыландыруға қатысқан қарымды инвесторға конкурстық массаны сатып алуға басым құқық беру, бұл ретте қайта құрылымдауға және күзгi-қысқы кезеңге дайындыққа кеткен шығындардың сомасы кепiлдiк жарнасы төлемiнiң есебiне жатқызылады.
4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi:
1) лизинг қорында және Мемлекеттiк ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорында 1998 жылға көзделген қаржыларды отандық өндiрiс тракторларын сатып алу үшiн 600 млн. теңге шегiнде игеруге шаралар қолдансын;
2) бiр ай мерзiм iшiнде республикалық бюджеттiң қаржысы есебiнен Отандық өндiрiс тракторларын лизинг негiзiнде сатып алуды ұйымдастыру тәртiптерiнiң жобасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн.
5. "1998 жылғы республикалық бюджеттiң есебiнен қайтарымсыз негiзде қаржыландырылатын өндiрiстiк мақсаттағы және әлеуметтiк салалардың объектiлерiнiң тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 10 наурыздағы N 193 P980193_ қаулысында көзделген қаржылардан Т-95 тракторына трансмиссиялар және двигатель шығаруды ұйымдастыруға қарымды инвесторға оларды сегменттеу, қайта құрылымдау және қайта ұйымдастырылатын мүлiктiк кешендi күзгi-қысқы жағдайларындағы жұмысқа дайындау үшiн пайдалануға "Центрагромаш" ассоциациясына 90 млн. теңгенi қайта бөлуге рұқсат етiлсiн.
6. Қазақстан Республикасының Халықтық Банкiне,
"Қазкоммерцбанкi" ашық акционерлiк қоғамына, "Тұран Әлем Банк" жабық
акционерлiк қоғамына және "Қазагроөнеркәсiпбанк" жабық акционерлiк
қоғамына трактор өндiрiсiн қайта ұйымдастыруды инвестициялау үшiн
қарымды инвесторды оның мүлкiн кепiлге алып кредиттеу мәселесiн
қарау ұсынылсын.
7. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан
Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары А.С.Павловқа жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi