Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ҚАУЛЫСЫ 1998 жылғы 29 қыркүйек N 963


     Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
     1997 жылғы 10 маусымында Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы 
Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық 
туралы келісім бекітілсін.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі 
     
                Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
            Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы 
              Стандарттау, метрология және сертификаттау 
                   саласындағы ынтымақтастық туралы 
                               КЕЛІСІМ 
     
     (ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 1999 ж., N 5, 86-құжат)
    (1998 жылғы 7 қазанда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., 
         Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 68 бет) 
     
     Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі,
     экономикалық және сауда қарым-қатынастарындағы техникалық 
кедергілерді жою мақсатында,
     осымен бірге халықаралық ұйымдарда қабылданған принциптер мен 
нормаларды ескере келе, стандарттау, метрология және сертификаттау 
саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыс білдіре отырып,
     екі Тараптың экономикалық мүдделерін басшылыққа ала отырып,
     төмендегілер жөнінде келісті:

                           1-бап
     


      Тараптар мемлекеттік стандарттаудың, өлшемдер мен сертификаттаудың бірлігін қамтамасыз етудің іс жүзіндегі жүйесін өзара таниды.
      Тараптар:
      келісілген шарттарда стандарттау, метрология және сертификаттау жөнінде нормативті және анықтама құжаттарын өзара беруді қамтамасыз етеді;
      Тараптар келіскен тәртіпте мемлекеттік сынақтардың, типті бекітудің, тексерудің, калибрлеудің, өлшеу құралдарын метрологиялық аттестациялауды бекітудің нәтижелерін және тексеру және сынақ лабораториялары мен орталықтарын, сондай-ақ олар тіркеген тексеруді, сынақтарды өлшеу құралдарын калибрлеуді жүзеге асырушы лабораториялар мен орталықтарды тіркеуді өзара таниды;
      екінші Тараптың Ұлттық сертификаттау жүйесінде тіркелген сертификаттау жөніндегі органдарын, сынақ лабораториялары мен орталықтарын, олардың өзара жеткізілетін өнімдерге берген сертификаттары мен сәйкестілік белгілерін таниды.
      Өнімнің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті оны дайындаушы, ал сәйкестілік сертификаттарының сенімділігі үшін - сертификатты берген орган алады.
      Тараптардың кез келгені, егер олардың талаптары мемлекеттің қолданыстағы заңына сай стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі ұлттық орган енгізген бекітілген тәртіпке қайшы келмесе, екінші Тараптың стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативті құжаттарын қолдана алады.

                              2-бап

      Тараптар:
      стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативті және методикалық құжаттарды әзірлеудегі өзара іс-әрекеттерді;
      кадрларды даярлау және біліктілігін көтеруді;
      физикалық шамалар бірліктерінің ұлттық эталондарын және өлшемдердің бастапқы үлгілі құралдарын жасауды, жетілдіруді және салыстыруды;
      заттар мен материалдар құрамы мен қасиеттерінің стандарттық үлгілерін, сондай-ақ физикалық константалар мен заттар және материалдардың қасиеттері туралы бір үлгідегі анықтамалық мәліметтерді жасауды және қолдануды;
      мемлекеттік стандарттау жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру және үйлестіруді, өлшемдер мен сертификаттау бірлігінің қамтамасыз етілуін;
      стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ақпараттық қызметті дамытуды көздейтін келісімдер, хаттамалар, бағдарламалар негізінде ынтымақтасатын болады.

                             3-бап

      Тараптардың біреуі олардың мүшесі болып табылатын стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы халықаралық ұйымдарға кіру кезінде және осы ұйымдар жұмыстарында Тараптар өзара жәрдем көрсетеді.

                              4-бап

      Егер беруші Тарап олардың құпиялылығы туралы ескертетін болса, Тараптар алынатын құжаттардың және осы Келісім шегінде жүргізілетін жұмыстар туралы ақпараттың және қол жеткен ғылыми-техникалық нәтижелердің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат оны берген Тараптың жазбаша келісімімен ғана үшінші мемлекетке берілуі мүмкін.

                              5-бап

      Осы Келісіммен көзделген жұмыстарды үйлестіру және оларды жүзеге асыру:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі агенттігіне;
      Әзірбайжан Республикасында - Әзірбайжан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Стандарттау және метрология жөніндегі Әзірбайжан мемлекеттік орталығына жүктеледі.

                               6-бап

      Осы Келісіммен көзделген ынтымақтастық тікелей Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі агенттігі мен Әзірбайжан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Стандарттау және метрология жөніндегі Әзірбайжан мемлекеттік орталығы арасында жүзеге асырылады.
      Осы Келісімді орындау үшін Тараптар қажет болған жағдайда өз құзіреті шеңберінде екі жақты қарым-қатынастардың кешені бойынша жеке келісімдер мен хаттамалар жасай алады.

                                7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар өзара консультациялар және келіссөздер жолымен шешілетін болады.

                                8-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған міндеттемелерін қозғамайды.
      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекеттік ішкі процедураларды Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша мәлімдемелердің күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл ішінде қолданыста болады, одан кейін, егер Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапқа тиісті мерзімнің бітуіне дейін алты айдан кешіктірмей осы Келісімнің қолданысын тоқтатқысы

келетіндігі туралы тілегін жазбаша түрде мәлімдемесе жыл сайын өздігінен 
ұзартылатын болады.
     
     Алматы қаласында 1997 жылғы 10 маусымда екі данада, әрқайсысы қазақ, 
әзірбайжан және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндер 
дәлме-дәл сәйкес. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсатында орыс 
тіліндегі мәтін анықтамалық болып табылады.
              
   Қазақстан Республикасының              Әзірбайжан Республикасының
       Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады