Мемлекеттік қаражатты ұтымды пайдалану және шетелдегі Қазақстан Республикасының меншік құқығына жататын жылжымайтын объектілердің тізбесін кеңейту жөніндегі белгіленген жобаларды одан әрі іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімі мен басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігін әкімшілік тұрғыдан жайғастыру үшін, Женева қаласында: 10, Chemin du Рruniеr, Grand-Sacconex мекен-жайда орналасқан ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне сатып алу және көрсетілген ғимаратты қайта жаңартуды жүргізу туралы ұсынысы қабылдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қаржы министрлігі қаржыландырудың шарттары мен кестесі жөнінде шетелдік несие берушілермен келіссөздер жүргізсін, 2,4 млн. (екі миллион төрт жүз мың) АҚШ долларынан аспайтын сомаға несиелік келісімді әзірлесін.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышының 1998 жылға арналған лимиті шеңберінде шетелдік несие берушімен несиелік келісімге қол қойсын;
жобаны қайтарымсыз негізде қаржыландырсын;
несиеге қызмет көрсету мен оны өтеуді республикалық бюджеттің қаражатынан қарастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қаражаттың мақсатқа сай пайдалануын қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің бірінші орынбасары О.Ә. Жандосовқа жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі