"Қазақстан Республикасы мен Түркіменстанның арасындағы
Консулдық шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы
Заңының жобасы туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасы мен Түркіменстанның арасындағы Консулдық
шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан
Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасы мен Түркіменстанның арасындағы
Консулдық шартты бекіту туралы
1997 жылғы 27 ақпанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан
Республикасы мен Түркіменстанның арасындағы Консулдық шарт бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы
Консулдық шарт
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы
мен Түркіменстан,
өздерінің консулдық қарым-қатынастарын дамыту, екі мемлекеттің,
сондай-ақ олардың азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға,
Уағдаласушы Тараптардың арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға
жәрдемдесу ниетін басшылыққа ала отырып,
1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена
конвенциясының ережелерін негізге ала отырып,
осы Шартты жасауды ұйғарды және төмендегілер жөнінде уағдаласты:
I бөлім
Анықтамалар
1-бап
Осы Шартта төменде келтірілген терминдердің мағынасы мынадай:
1) "консулдық мекеме" - кез келген бас консулдықты, консулдықты, вице-консулдықты немесе консулдық агенттікті білдіреді;
2) "консулдық округ" - консулдық функцияларды орындау үшін консулдық мекемеге бөлініп берілген ауданды білдіреді;
3) "консулдық мекеменің басшысы" - осы сапада әрекет ету тапсырылған адамды білдіреді;
4) "консулдық қызмет адамы" - консулдық мекеменің басшысын қоса алғанда, осы сапада консулдық функцияларды орындау тапсырылған кез келген адамды білдіреді;
5) "консулдық қызметкер" - консулдық мекемеде әкімшілік және техникалық міндеттерді орындайтын кез келген адамды білдіреді;
6) "қызмет көрсетуші персоналдың қызметшісі" - консулдық мекемеге қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындайтын кез келген адамды білдіреді;
7) "консулдық мекеменің қызметшілері" консулдық қызмет адамдарын, консулдық қызметкерлерді және қызмет көрсетуші персоналдың қызметшілерін білдіреді;
8) "отбасы мүшесі" - әйелін (ерін), консулдық мекеме қызметкерлерінің балаларын, ата-аналарын, сондай-ақ солармен бірге тұрып жатқан және олардың асырауындағы басқа да адамдарды білдіреді;
9) "жеке үй қызметшісі" -консулдық мекеме қызметкерінің жеке үй қызметінде жүрген адамды ғана білдіреді;
10) "азамат" - өкілдігін жіберген мемлекетке немесе консулдық орналасқан мемлекетке осы мемлекеттердің заңдарына сәйкес тиісті кез келген адамды білдіреді;
11) "консулдық үй-жайлар" - консулдық мекеменің мақсаттары үшін ғана пайдаланылатын үйді немесе үйдің бөлігін және осы үйге немесе үйдің бір бөлігіне, оларға меншік құқығы кімге тиесілі болса да, қызмет көрсететін жер учаскесін білдіреді;
12)"консулдық архивтер" - барлық қағаздарды, құжаттарды, хат-
хабарларды, кітаптарды, фильмдерді, ақпаратты толықтырудың және
пайдаланудың техникалық құралдарын, шифрлар мен кодтарды, картотекаларды
және олардың сақталуын немесе сақтауды қамтамасыз етуге арналған
жабдықтардың кез келгенін бірге алғанда консулдық мекеменің реестрлерін
білдіреді;
13) "кеме" - өкілдігін жіберген мемлекеттің жалауын көтеруге құқығы
бар кез келген азаматтық кемені білдіреді;
14) "әуе кемесі" - өкілдігін жіберген мемлекеттің тану белгілері бар
кез келген азаматтық ұшу аппаратын білдіреді.
II Бөлім
Консулдық қатынастар туралы жалпы ережелер
2-бап
Консулдық мекеменің ашылуы
1. Консулдық мекеме өзі орналасатын мемлекеттің аумағында осы
мемлекеттің келісімімен ғана ашыла алады.
2. Консулдық мекеменің орналасатын жері, оның класы және консулдық
округ, сондай-ақ осыған қатысты кез келген өзгерістер өкілдігін жіберген
мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекеттің арасындағы уағдаластықтармен
ғана анықталады.
3-Бап
Консулдық мекемелердің басшыларын тағайындау
және рұқсат ету
1. Консулдық мекеменің басшысын тағайындау үшін өкілдігін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттің алдын ала келісімін алуға тиіс. Егер консулдық орналасқан мемлекет бұған келіспесе онда ол өз шешімінің себептерін хабарлауға міндетті емес.
2. Өкілдігін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттің Сыртқы істер министрлігіне консулдық мекеме басшысының тағайындалғаны туралы консулдық патентті немесе мәлімдемені табыс етеді.
3. Консулдық патент табыс етілген соң консулдық орналасқан мемлекет мүмкіндігінше қысқа мерзімде консулдық мекеменің басшысына экзекватура береді.
4. Консулдық мекеменің басшысы өзінің міндеттерін орындауға консулдық орналасқан мемлекет оған экзекватураны берген соң кірісе алады.
5. Консулдық орналасқан мемлекет экзекватураны бергенге дейін консулдық мекеме басшысына уақытша өз міндеттерін орындауға рұқсат ете алады.
6. Консулдық мекеменің басшысына экзекватураны немесе өз міндеттерін уақытша орындауға рұқсат берген соң консулдық орналасқан мемлекет консулдық округтің өкімет орындарына жедел хабар береді және консулдық мекеменің басшысына өз міндеттерін орындау және осы Шартта көзделген барлық құқықтармен, жеңілдіктермен, артықшылықтармен және иммунитеттермен пайдалану мүмкіндігін жасау үшін барлық қажетті іс-шараларды қабылдайды.
4-Бап
Консулдық мекеме басшысының
функцияларын уақытша орындау
1. Егер консулдық мекеменің басшысы өз функцияларын орындай алмаса немесе егер консулдық мекеме басшысының қызмет орны уақытша бос болса, консулдық мекеме басшысының функцияларын консулдық мекеме басшысының міндеттерін атқарушы уақытша орындай алады.
2. Консулдық мекеме басшысының міндеттерін атқарушының толық аты мен тегін консулдық орналасқан мемлекеттің Сыртқы істер министрлігіне консулдық мекеменің басшысы немесе егер оның мұны істейтін жағдайы болмаса өкілдігін жіберген мемлекеттің кез келген құзыретті органы хабарлайды. Жалпы қағида ретінде бұл хабарлау алдын ала жасалады.
3. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары консулдық мекеме басшысының міндеттерін атқарушыға көмек және қорғау көрсетеді. Ол консулдық мекеме басшысының функцияларын атқарып жатқан кезде оған осы Шарт ережелерінің күші консулдық мекеменің басшысына жүргендей дәрежеде қолданылады.
5-Бап
Тағайындау, келу және кету туралы консулдық
орналасқан мемлекетке мәлімдеу
Өкілдігін жіберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттің Сыртқы істер министрлігіне өзінің құзыретті органдары арқылы мына төмендегілер туралы күнібұрын жазбаша мәлімдейді:
1) консулдық мекеме қызметкерлерінің тегі, аты, азаматтығы, дәрежесі, қызметі, олардың келу және түпкілікті кету күні, немесе олардың функцияларын тоқтатқаны, сондай-ақ консулдық мекемедегі жұмыс істеген кездерінде олардың статусының кез келген өзгерісі туралы;
2) консулдық мекеменің әрбір қызметкерінің отбасы мүшелерінің тегі,
аты, азаматтығы, келу күні, түпкілікті кету күні, сондай-ақ сол немесе
өзге бір адамның отбасы мүшесі болатыны немесе болмайтыны туралы.
Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары консулдық
мекеменің қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне, консулдық
орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатындарды немесе онда тұрақты
тұратындарды қоспағанда, осы мемлекетке белгіленген тәртіпке сәйкес тегін
куәлік береді.
6-Бап
Консулдық қызмет адамдарының азаматтығы
Консулдық қызмет адамдары өкілдігін жіберген мемлекеттің азаматтары
болуға тиіс.
7-Бап
Құрметті консулдық қызмет адамдары
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы құрметті консулдық қызмет адамдарын
тағайындауды немесе қабылдауды шешуге ерікті.
Құрметті консулдық қызмет адамын тағайындау, оның статусын және
функционалдық міндеттерін анықтау мәселелерін Уағдаласушы Тараптар
дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
8-Бап
"PERSONA NON GRATA" немесе қолайсыз
деп танылған адамдар
Консулдық орналасқан мемлекет кез келген уақытта өкілдігін жіберген мемлекетке, консулдық қызмет адамының сол бір немесе өзгесінің "persona non grata" болып табылатыны немесе кез келген консулдық қызметкер, қызмет көрсетуші персоналдық қызметшінің қолайсыз деп танылғаны туралы өз шешімін дәлелдеуге міндетті болмай-ақ мәлімдей алады. Мұндай жағдайда өкілдігін
жіберген мемлекет консулдық мекеменің тиісті адамын кері шақырып алуға
тиіс. Егер өкілдігін жіберген мемлекет ақылға сыйымды мерзім ішінде өзінің
міндеттемелерін орындамаса, онда консулдық орналасқан мемлекет мұндай
адамды консулдық мекеменің қызметкері деп танудан бас тарта алады немесе
осы адамның экзекватурасының күшін жоя алады.
III Бөлім
Консулдық функциялар
9-Бап
Жалпы ережелер
Консулдық қызмет адамының құқықтары:
1. Өкілдігін жіберген мемлекеттің, оның азаматтарының, сондай-ақ заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларға көмек пен жәрдем көрсету.
2. Өкілдігін жіберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекеттің арасындағы сауда, экономикалық, құқықтық, туристік, экологиялық, ғылыми-техникалық, ақпараттық, мәдени және гуманитарлық байланыстардың дамытылуына жәрдемдесу, сондай-ақ олардың арасындағы достық қатынастардың дамуына өзге де жолдармен жәрдемдесу.
3. Консулдық орналасқан мемлекеттің сауда, экономикалық, мәдени, ғылыми өмірінің жағдайларын және оқиғаларын барлық заңды жолдармен анықтау, бұлар туралы өкілдігін жіберген мемлекеттің үкіметіне хабарлау.
4. Өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық мекемесіне жүктелген, консулдық орналасқан мемлекеттің заңдарымен және ережелерімен тыйым салынбайтын басқа да функцияларды орындау.
10-Бап
Азаматтық және азаматтық хал
мәселелері жөніндегі функциялар
1. Консулдық қызмет адамы:
1.1. өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының есебін жүргізуге;
1.2. азаматтық мәселелер жөніндегі кез келген өтініштерді қабылдауға;
1.3. өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының туғаны және қайтыс
болғандығы туралы консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдарынан
хабарлар алуға, осындай азаматтардың тууын және өлімін тіркеу және тиісті
актілерді жасауға;
1.4. өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының арасындағы жасалған
некелерді тіркеуге;
1.5. өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының арасындағы некелердің
бұзылуын өкілдігін жіберген мемлекеттің заңдарына сәйкес тіркеуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері мүдделі адамдарды консулдық
орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін сақтау міндеттерінен
босатпайды.
11-Бап
Паспорттар мен визалар мәселелері
жөніндегі функциялар
Консулдық қызмет адамы:
1. өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарына паспорттарды беруге,
қайта қалпына келтіруге, жарамсыз деп тануға, олардың қолданыс мерзімін
ұзартуға, оларға қажетті белгілерді енгізуге, сондай-ақ азаматтарға
шекараны кесіп өтуге құқық беретін басқа да құжаттарды беруге;
2. өкілдігін жіберген мемлекетке келу визаларын беруге, ұзартуға,
күшін жоюға, сондай-ақ оның аумағы арқылы транзиттік өту үшін виза беруге
құқылы.
12-Бап
Ресмилендіру және куәландыру
1. Консулдық қызмет адамы мына келесі іс-әрекеттерді жүргізуге құқылы:
1.1. кез келген азаматтың өтініші бойынша өкілдігін жіберген мемлекетте және одан тысқары жерлерде пайдалану үшін актілер мен құжаттар жасау;
1.2. өкілдігін жіберген мемлекеттің немесе консулдық орналасқан мемлекеттің тіліне ресми актілер мен құжаттарды аудару және осы аудармалардың түпнұсқаға сәйкес келетінін куәландыру;
1.3. ресми құжаттарды, көшірмелерді және үзінділерді, сондай-ақ осы құжаттардың аудармаларын ресмилендіру;
1.4. өкілдігін жіберген мемлекеттің құзыретті өкімет органдары берген құжаттардағы қойған қолдар мен мөрлерді және консулдық орналасқан мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің қойған қолдары мен мөрлерін куәландыру;
1.5. өкілдігін жіберген мемлекет тапсырған басқа да кез келген нотариалдық функцияларды орындау.
2. Консулдық қызмет адамы жасаған, ресмилендірген немесе куәландырған құжаттар, егер олар консулдық орналасқан мемлекеттің заңдарына және нормаларына қайшы келмесе, осы мемлекеттің құзыретті органдары жасаған немесе куәландырған құжаттар сияқты заңды күшке ие болады.
13-Бап
Ұсталғаны, қамауға алынғаны және
барып тұру туралы мәлімдеме
1. Өкілдігін жіберген мемлекет азаматының қамауға алынғаны, ұсталғаны немесе өзге бір нысанда бас бостандығынан айырылғаны туралы консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары кідіртпей, бірақ үш тәуліктен кешіктірмей тиісті консулдық қызмет адамына мәлімдейді. Мұнымен бір мезгілде консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті өкімет орындары осы адамның консулдық мекеменің атына жіберген кез келген хабарын дереу тапсырады.
2. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары өкілдігін жіберген мемлекеттің азаматы қамауға алынған, ұсталған немесе өзге бір нысанда бас бостандығынан айырылғаны туралы мәлімдеген сәттен бастап төрт күн ішінде консулдық қызмет адамының осындай азаматпен, оған қажетті құқықтық көмек беруді қоса алғанда, қатынасуын, барып тұруын немесе байланыс жасау құқықтарын қамтамасыз етеді.
3. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары өкілдігін жіберген мемлекеттің тиісті азаматына оның осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес құқықтары туралы мәлімдейді.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқықтар консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады, бірақ аталған заңдар мен ережелер осы бапқа сәйкес көзделген құқықтар арналған мақсаттардың толық жүзеге асуына көмектесуге тиіс.
14-Бап
Өкілдігін жіберген мемлекеттің
азаматтарына көмек көрсету
1. Консулдық қызмет адамы:
1.1. өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық округтің аумағында жүрген кез келген азаматымен қатынасуға және оған барып тұруға, ал консулдық орналасқан мемлекет өкілдігін жіберген мемлекет азаматтары мен консулдық мекеменің арасындағы қатынастарға кедергі келтірмейді және олардың консулдық мекемеге кіру еркіндігіне шек қоймайды;
1.2. өкілдігін жіберген мемлекеттің кез келген адамының мүлкін, ақшалай қаражаттарын, құнды заттарын және құжаттарын, егер бұл консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелеріне қайшы келмесе, уақытша сақтауға қабылдауға;
1.3. консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдарына өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының қатысы бар, нәтижесінде материалдық зиян келтірілген және адам өлімі болған, кез келген оқиға, автокөліктердің ұсталғаны және жазатайым оқиғаларға қатысты ақпаратты дереу беру туралы сұрау салуға;
1.4. өкілдігін жіберген мемлекеттің хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтарын іздестіруге консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдарынан жәрдем сұрауға құқылы.
2. Егер өкілдігін жіберген мемлекеттің азаматы өзінің құқықтары мен мүдделерін өз уақытында қорғай алмаса, онда консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелеріне сәйкес осы азаматтың атынан консулдық орналасқан мемлекеттің соттары мен басқа құзыретті органдарында өкілдік етеді немесе осы азамат өзінің өкілетті адамдарын тағайындағанға дейін немесе өзінің құқықтары мен мүдделерін өзі қорғай алатын болғанша оның тиісті өкілдігін қамтамасыз етеді.
15-Бап
Қамқоршылық пен шапағатшылық
1. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары консулдық мекемеге өкілдігін жіберген мемлекеттің еңбекке жарамсыз немесе өз атынан іс-қимыл жасау үшін әрекет істеу қабілеті шектеулі азаматына қамқоршылықты немесе шапағатшылықты тағайындаудың қажеттігі туралы кідіртпей хабарлайды.
2. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелеріне сәйкес өкілдігін жіберген мемлекеттің еңбекке жарамсыз немесе өз атынан іс-қимыл жасауға әрекет істеу қабілеті шектеулі азаматының құқықтары мен мүдделерін, бұл қажет болғанда, осындай адамға қамқоршыны немесе шапағатшыны ұсынуға немесе тағайындауға және қамқоршылық пен шапағатшылыққа қатысты іс-қимылдарды бақылауға құқылы.
16-Бап
Қайтыс болғаны туралы хабар
Өкілдігін жіберген мемлекет азаматы консулдық орналасқан мемлекетте қайтыс болған жағдайда, консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары бұл туралы тез арада консулдық мекемеге хабарлайды және оның өтініші бойынша оған қайтыс болғаны туралы куәлікті немесе қайтыс болғанға қатысты басқа да құжаттарды береді.
17-Бап
Мұраға қатысты функциялар
1. Егер өкілдігін жіберген мемлекеттің азаматы консулдық орналасқан мемлекетте қайтыс болса, оның осы мемлекетте мұрасы қалған және де осы мемлекетте мұрагерлері болмаған жағдайда бұл туралы консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары консулдық мекемеге кідіртпей хабарлайды.
2. Консулдық қызмет адамы осы баптың 1-тармағында аталған мұра бар болған жағдайда консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары мүліктің тізімін жасайтын және оған сүргі салатын кезде қатысуға құқылы.
3. Өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық орналасқан мемлекеттің аумағында қайтыс болған азаматының мұрасы ашылған жағдайда, оның азаматтығына қарамастан консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары бұл туралы консулдық мекемеге кідіртпей хабарлайды.
4. Егер өкілдігін жіберген мемлекет азаматының консулдық орналасқан мемлекеттегі мұраны алу құқығы болса алу құқығына талас білдірсе, бірақ оның өзі немесе оның өкілі мұра жөніндегі істің қаралуына қатыса алмайтын жағдайда консулдық қызмет адамы өзі немесе өз өкілі арқылы консулдық орналасқан мемлекеттің соттарында немесе басқа да құзыретті органдарында осы азаматтың атынан өкілдік ете алады.
5. Консулдық қызмет адамы өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты тұрмайтын азаматының атынан осы азаматқа табыс ету үшін соған тиесілі мұраның қай түрін болса да консулдық орналасқан мемлекеттен алуға құқылы.
6. Өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты тұрмайтын азаматы осы мемлекетте қайтыс болған жағдайда және консулдық орналасқан мемлекетте туыстары немесе оның өкілі жоқ болса, консулдық қызмет адамы қайтыс болған адамның құжаттарын, ақшалай қаражаттарын және жеке мүлкін мұрагерлерге, реттеушіге немесе басқа да өкілетті адамдарға тапсыру үшін дереу уақытша сақтауға алуға құқылы.
7. Осы баптың 4,5,6-тармақтарында аталған функцияларды орындау кезінде консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін ұстануға міндетті.
18-Бап
Өкілдігін жіберген мемлекеттің
кемелеріне көрсетілетін көмек
1. Консулдық қызмет адамы өз консулдық округінің шегінде консулдық орналасқан мемлекеттің ішкі суларында немесе аумақтық суларында жүрген өкілдігін жіберген мемлекеттің кемелеріне, капитанына және осы кемелердің экипаж мүшелеріне көмек көрсетуге құқылы, сондай-ақ:
1.1. кеменің бортына көтерілуге, капитаннан және экипаждың кез келген мүшесінен жауап алуға, сондай-ақ кеменің қызметі, жүзуі және оның жүгі туралы ақпарат алуға;
1.2. консулдық орналасқан мемлекеттің құқықтарына нұқсан келтірмей, жүзу кезінде болған кез келген жазатайым оқиғаны тергеуге;
1.3. жалдау туралы келісім-шартта көзделген жалақыға және міндеттемелерге қатысты дауларды қоса алғанда, капитан мен экипаж мүшелері арасындағы дауларды шешуге, сондай-ақ кеменің бортындағы қауіпсіздік жөніндегі іс-шараларды қабылдауға;
1.4. кеме капитанын және экипаждың кез келген мүшесін дәрігерлік көмекпен қамтамасыз ету немесе елге қайтару жөніндегі іс-шараларды қабылдауға;
1.5. кемеге қатысты құжаттарды қабылдауға, қарауға, жасауға, қол қоюға немесе куәландыруға;
1.6. өкілдігін жіберген мемлекеттің тапсырмасы бойынша кемеге қатысты басқа да проблемаларды шешуге құқылы.
2. Капитан мен экипаждың мүшелері консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін сақтай отырып, тікелей консулдық қызмет адамымен байланысуға қақылы.
19-Бап
Өкілдігін жіберген мемлекеттің кемесіне қарсы
мәжбүр етушілік шараларынан қорғау
1. Егер консулдық орналасқан мемлекеттің соттары және басқа да құзыретті органдары өкілдігін жіберген мемлекеттің кемесіне қатысты мәжбүр етушілік шараларын жүзеге асыруды немесе оның бортында қандай да бір тергеу жүргізуді көздеген болса, онда олар осындай іс-шараларды жүзеге асыру барысында консулдық қызмет адамының немесе оның өкілі қатыса алу үшін бұл туралы күнібұрын консулдық мекемеге мәлімдейді. Егер мәселенің шұғыл болуына байланысты консулдық мекемеге күнібұрын мәлімдеу мүмкін болмаса, онда консулдық мекемеге консулдық орналасқан мемлекеттің құзыреті органдары жүзеге асырылған іс-шаралар туралы, ал консулдық қызмет адамының өтініші бойынша қабылданған іс-шаралардың нәтижелері туралы да дереу хабар берілуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағы ережелерінің консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары құрғақта кеме капитанына немесе экипаж мүшелерінің біріне қатысты қабылдаған іс-шараларға да тиісті түрде қатысы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кеден қызметтерінің, порттардың әкімшіліктері, карантин, шекаралық бақылау жүйесі бойынша жүргізілетін әдеттегі инспекцияларға, сондай-ақ теңіздегі навигацияның қауіпсіздігін немесе сулардың ластануын болдырмауға бағытталған іс-шараларды қабылдау барысында қолданылмайды.
4. Өзара келісім бойынша немесе өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық қызмет адамының келісімі бойынша жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары егер консулдық орналасқан мемлекеттің тыныштығын, қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін бұзбаған болса, өкілдігін жіберген мемлекеттің кемесінің ішкі істеріне араласа алмайды.
5. Осы баптың Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын көп жақты шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
20-Бап
Ішкі суларда және аумақтық суларда апатқа
ұшыраған кемелерге көмек көрсету
1. Егер өкілдігін жіберген мемлекеттің кемесі апатқа ұшыраса, қайраңға отырып қалған немесе қандай да бір себептермен өз бетімен жүзуді жалғастыра алмайтын болса, консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары кеменің бортындағы адамдарды, жүкті немесе басқа да мүлікті құтқару жөніндегі қабылданған іс-шаралар туралы кідіртпей консулдық мекемеге мәлімдейді.
2. Консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары апатқа ұшыраған, қайраңға отырған немесе әлде бір себептер бойынша өз бетімен жүзуін жалғастыра алмайтын кемені құтқаруға байланысты шаралар қабылдауы кезінде консулдық қызмет адамына қажетті көмек көрсетеді.
3. Егер өкілдігін жіберген мемлекеттің кемесі апатқа ұшыраған, қайраңға отырған немесе әлде бір себептерге байланысты өз бетінше жүзуін жалғастыра алмайтын жағдайда немесе кемеге тиесілі әлдебір зат, сондай-ақ жүк консулдық орналасқан мемлекеттің жағалауынан табылса немесе сол мемлекеттің портына жеткізілсе және кеменің капитаны да немесе иесі де, кеме агенті де немесе сақтандыру компаниясының өкілі де сол жерде мүліктерді сақтау немесе иелік ету жөнінде қатыса алмаса немесе шаралар қабылдай алмайтын болса, онда консулдық қызмет адамы олардың атынан қажетті шаралар қабылдай алады.
4. Өкілдігін жіберген мемлекеттің апатқа ұшыраған, қайраңға отырған немесе әлдебір себептерге байланысты өз бетінше жүзуін жалғастыра алмайтын кемесінен, олардың консулдық орналасқан мемлекетте сатылуы немесе пайдалануы жағдайларын қоспағанда, жүк үшін немесе кеменің мүлкі үшін ешқандай да кеден салықтары алынбайды.
5. Консулдық қызмет адамы кеменің апатқа ұшыраған, қайраңға отырған немесе оның өз бетінше жүзуін жалғастыра алмаған жағдайында оның себептерін консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдарының анықтауы кезінде қатысуға құқылы.
21-Бап
Өкілдігін жіберген мемлекеттің әуе кемесі
Өкілдігін жіберген мемлекеттің кемелеріне қатысты осы Шарттың ережелері олардың өкілдігін жіберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекет арасындағы екі жақты басқа келісімдерінің немесе екі мемлекет те қатысушысы болып табылатын көп жақты келісімдерінің ережелеріне қайшы келмеген жағдайда өкілдігін жіберген мемлекеттің әуе кемелеріне де қолданылады.
22-Бап
Құқық құжаттарын беру
Консулдық қызмет адамы, егер бұған консулдық орналасқан мемлекеттің
заңдары мен ережелері рұқсат ететін болса, сот немесе сотқа қатысты емес
құжаттарды беруге құқылы. Егер өкілдігін жіберген мемлекет пен консулдық
орналасқан мемлекет арасында басқа шарттар қолданылатын болса, онда сол
ережелер қолданылуы қажет.
23-Бап
Консулдық міндеттерді орындау
үшін бөлінген аумақ
Консулдық қызмет адамы консулдық округ шегінде консулдық міндеттерін
атқара алады. Консулдық орналасқан мемлекеттің келісімі бойынша ол өз
міндеттерін консулдық округтен тысқары жерде де атқара алады.
24-Бап
Консулдық орналасқан мемлекеттің
өкімет органдарымен қарым-қатынас
Консулдық қызмет адамы - консулдық округтің жергілікті өкімет
орындарына, ал дипломатиялық өкілдік жоқ жерде - бұған консулдық
орналасқан мемлекеттің заңдары, ережелері және әдет-ғұрыптары рұқсат еткен
шекте, консулдық орналасқан мемлекеттің орталық құзыретті өкімет
орындарына өтініш жасай алады.
25-Бап
Консулдық орналасқан мемлекеттің заңдарындағы
өзгерістер туралы хабарлама
Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекемеге өкілдігін жіберген мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделеріне қатысты болуы мүмкін өзінің заңдарындағы өзгерістер туралы хабарлайды.
IV Бөлім
Жеңілдіктер, артықшылықтар және иммунитеттер
26-Бап
Консулдық мекеме мен консулдық мекеме
қызметкерлерінің жеңілдіктері
1. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменің өзіне жүктелген міндеттерін атқаруы үшін сол консулдық мекемеге барлық мүмкіндіктерді жасайды.
2. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменің қызметкерлеріне тиісінше көңіл бөледі және осы Шартқа сәйкес олардың өз міндеттерін атқаруын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайтын болады.
3. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық қызмет адамы мен өзге де консулдық мекеме қызметкерлерінің, сондай-ақ оларға заңды негізде сонда тұруға рұқсат етілген өкілдігін жіберген мемлекеттің азаматтары болып табылатын олардың отбасы мүшелерінің жеке басына, бостандығына немесе ар-намысына қандай да болмасын қол сұғушылықтың алдын алу үшін барлық тиісті шараларды қабылдайтын болады.
27-Бап
Консулдық және тұрғын үй жайлар
1. Өкілдігін жіберген консулдық орналасқан мемлекет заңдарының талаптарына сәйкес консулдық үй-жайлар ретінде және консулдық мекеме басшысының резиденциясы ретінде пайдалануы үшін жер учаскесін, үй-жайды немесе үй-жайдың бір бөлігін өз меншігіне сатып ала немесе жалға ала алады, үй-жай сала және оны қайта жаңарта алады және жер учаскелерін көркейте алады.
2. Консулдық орналасқан мемлекет сондай-ақ қажет болған жағдайда консулдық мекемеге оның қызметкерлері үшін тұрғын үй-жайлар алуына көмектеседі.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері өкілдігін жіберген мемлекетті жер қатынастары құқығын, үй-жайлардың орналасуы мен құрылымын, сондай-ақ қалалық жоспарлау мен аудандарға бөлуді реттейтін консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін сақтау жауапкершілігін босату ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
28-Бап
Мемлекеттік жалау мен елтаңбаны пайдалану
1. Консулдық мекеме консулдық мекеменің үй-жайында, консулдық мекеме басшысының резиденциясында, өкілдігін жіберген мемлекеттің елтаңбасы бейнеленген және өкілдігін жіберген мемлекеттің тілінде және консулдық орналасқан мемлекет тілінде консулдық мекеменің аты жазылған консулдық қалқан орнатуға құқылы.
2. Консулдық мекеме консулдық мекеменің үй-жайында және консулдық
мекеме басшысының резиденциясында өкілдігін жіберген мемлекеттің
мемлекеттік жалауын қадап қоюға құқылы.
Консулдық мекеменің басшысы өкілдігін жіберген мемлекеттің жалауын
көлік құралдарында оларды қызмет мақсатында пайдалану кезінде қадап қоюға
құқылы.
29-Бап
Консулдық үй-жайлар мен консулдық мекеме
қызметкерлерінің тұрғын үйлеріне
тиіспеушілік
1. Консулдық үй-жайлар мен консулдық мекеме қызметкерлерінің тұрғын үйлеріне тиісуге болмайды. Консулдық орналасқан мемлекеттің өкімет орындары бұған консулдық орналасқан мемлекеттегі өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық мекеме басшысының немесе дипломатиялық өкілдік басшысының рұқсатынсыз немесе олардың біреуі тағайындаған адамның келісімінсіз консулдық мекемеге және консулдық мекеме қызметкерлерінің тұрғын үйлеріне кіре алмайды. Әйтсе де консулдық мекеме басшысының келісімі жедел түрде сақтандыру шараларын талап ететін өрт немесе басқа да табиғат апаттары болған жағдайда берілуі мүмкін. Мұндай кезде консулдық архивке тиіспеушілік принциптері қатаң сақталады.
2. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық үй-жайлар мен консулдық мекеме қызметкерлерінің тұрғын үйлерін кез келген баса-көктеп кіруден немесе залал келтіруден қорғау жөнінде және консулдық мекеменің тыныштығын кез келген бұзушылықты немесе оның қасиетін қорлауды болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
30-Бап
Консулдық үй-жайларды реквизициялауға
қарсы иммунитеттер
Консулдық үй-жайлар, консулдық мекеменің барлық мүлкі, сондай-ақ оның көлік құралдары мемлекеттік қорғаныс немесе қоғамдық сұраныс мақсаттарында қандай да болмасын реквизиция түрлеріне қарсы иммунитетпен пайдаланады. Жоғарыда аталған мақсаттарда үй-жайларды иелігінен алу қажеттілігі туған жағдайда консулдық міндеттерді атқару үшін кедергілерді жою жөнінде барлық шаралар қолданылады.
31-Бап
Консулдық архивтерге тиіспеушілік
Консулдық архивтерге кез келген уақытта және олардың орналасқан жеріне қарамастан тиісуге болмайды.
32-Бап
Жүріп-тұру еркіндігі
Консулдық орналасқан мемлекет бұл мемлекеттік қауіпсіздікке байланысты кіруге тыйым салынған немесе кіру тәртібі реттеліп отыратын аймақтар туралы заңдар мен ережелерге қайшы келмейтіндей ретте өзінің аумағында консулдық мекеменің барлық қызметкерлерінің жүріп-тұруы және сапарға шығуы еркіндігін қамтамасыз етуге тиісті. Алайда қандай жағдайда болмасын, консулдық орналасқан мемлекет консулдық қызмет адамына оның өзінің қызметтік міндетін атқаруына мүмкіндік жасайды.
33-Бап
Қарым-қатынас еркіндігі
1. Консулдық орналасқан мемлекет барлық ресми мақсаттар үшін консулдық мекеме қарым-қатынастарының еркіндігіне рұқсат беруге және қорғауға тиіс. Өкілдігін жіберген мемлекеттің үкіметімен, дипломатиялық өкілдігімен, сондай-ақ басқа да консулдық мекемелерімен қарым-қатынас жасаған кезде консулдық мекеме кодталған және шифрленген хабарламаларды, дипломатиялық немесе консулдық курьерлерді, дипломатиялық немесе консулдық вализдерді қоса алғанда барлық қолда бар байланыс құралдарын пайдалана алады. Алайда, консулдық мекеме радиохабарлағышты тек қана консулдық орналасқан мемлекеттің келісімімен орната алады және пайдалана алады.
2. Консулдық мекеменің ресми хат-хабарларына тиісуге болмайды. Ресми хат-хабар деп консулдық мекемеге және оның қызметіне қатысты барлық хат-хабар түсініледі. Консулдық вализа ашып-қаралмауға немесе ұсталып-тоқтатылмауға тиіс. Консулдық вализа мөрленуге және оның сипатын білдіретін, көзге көрінерліктей сыртқы белгілері болуға тиіс және оның ішінде консулдық мекеменің ғана ресми пайдалануына арналған тек қана ресми хат-хабарлар, құжаттар және заттар салуға болады. Егер консулдық орналасқан мемлекеттің құзыретті органдары вализада хат-хабардан, құжаттардан немесе заттардан басқа бөгде заттар бар деуге сенімді негіз тапқан жағдайда, олар өздерінің көзінше вализаны өкілдігін жіберген мемлекет өкілінің ашуын талап ете алады. Егер өкілдігін жіберген мемлекеттің өкімет орындары бұл талапты орындаудан бас тартқан жағдайда вализа өзінің жөнелтілген орнына кері қайтарылады.
3. Тек өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты тұрмайтын азаматы ғана консулдық курьер бола алады. Ол консулдық орналасқан мемлекеттің аумағында болған кезінде дипломатиялық курьермен бірдей құқықтармен, артықшылықтармен және иммунитеттермен пайдаланады. Консулдық курьер консулдық орналасқан мемлекет келісім берген жағдайларды қоспағанда, онда оның мәртебесі және консулдық вализаны құрайтын орындардың саны көрсетілетін ресми құжатпен қамтамасыз етіледі.
4. Өкілдігін жіберген мемлекет, оның дипломатиялық өкілдіктері және консулдық мекемелері консулдық курьерлерді ad hoc тағайындай алады. Мұндай жағдайларда осы баптың 3-тармағының ережелері, онда айтылған иммунитеттер осындай курьердің өзіне сеніп тапсырылған консулдық вализаны тиісті жеріне жеткізген сәтінде тоқтатылатынын қоспағанда, қолданылады.
5. Консулдық вализа өкілдігін жіберген мемлекет кемесінің капитанына немесе әуе кемесінің командиріне тапсырыла алады. Бұл соңғысы консулдық вализаны құрайтын орындар саны көрсетілген ресми құжатпен қамтамасыз етіледі, әйтсе де ол консулдық курьер болып саналмайды. Консулдық орналасқан мемлекеттің тиісті өкіметімен келісім бойынша консулдық қызмет адамы консулдық вализаны кеме капитанына немесе азаматтық ұшаққа тікелей және еркін түрде тапсыра алады және олардан қабылдай алады.
34-Бап
Консулдық алымдар мен баж салықтары
1. Консулдық мекеме консулдық орналасқан мемлекеттің аумағында консулдық қызмет жасағаны үшін өкілдігін жіберген мемлекеттің заңдары мен ережелерінде көзделген алымдар мен баж салықтарын жинай алады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген алымдар мен баж салықтары консулдық орналасқан мемлекетте барлық салықтар мен алымдардан босатылады.
3. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекемеге осындай жолмен жиналған алымдар мен баждарды оның ресми банктік есеп-шотына салуына рұқсат етеді.
35-Бап
Консулдық қызмет адамының жеке басына тиіспеушілік
Консулдық қызмет адамдары мен олардың отбасы мүшелері жеке басына тиіспеушілік пайдаланады және оларды тұтқындауға немесе қамауға алуға болмайды. Консулдық орналасқан мемлекет олардың бостандығына және ар-намысына қол сұғушылықты болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
36-Бап
Юрисдикцияға қарсы иммунитет
1. Консулдық қызмет адамдары 1961 жылғы 16-сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес дипломатиялық агенттер тәрізді толық көлемде дипломатиялық артықшылықтармен және иммунитеттермен пайдаланады.
2. Консулдық қызметшілер және консулдық мекеменің көмекші персоналының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты жасайтын іс-әрекеттеріне қатысты консулдық орналасқан мемлекеттің юрисдикциясына жатпайды.
3. Осы баптың 2- тармағының ережелері мынадай азаматтық талаптарға қатысты қолданылмайды:
а) ол бойынша өкілдігін жіберген мемлекеттің агенті ретінде тікелей немесе жанама түрде өзіне міндеттеме алмаған консулдық қызметші немесе консулдық мекеменің көмекші персоналының қызметкері жасасқан шарттан туындайтын;
б) өтемін үшінші бір адам талап етіп отырған, консулдық орналасқан мемлекетте, жол көлігі құралдары, кеме немесе ұшақ келтірген шығындардың салдарынан туындайтын талаптар.
37-Бап
Куәгерлік жауап беру міндеткерлігі
1. Консулдық қызмет адамдары куәгерлік жауап беруге міндетті емес.
2. Консулдық мекеме қызметкерлері консулдық орналасқан мемлекетте сот немесе әкімшілік процедураларында куәгер ретінде жауап беру үшін шақыртыла алады. Олар осы баптың 3-тармағында айтылған жағдайларды қоспағанда, жауап беруден бас тарта алмайды.
3. Консулдық мекеме қызметкерлері өздерінің міндеттерін атқаруға байланысты мәселелер жөнінде жауап беруге немесе өздерінің міндетіне қатысты ресми хат-хабарларды немесе құжаттарды тапсыруға міндетті емес. Егер бұған консулдық мекеме басшысы келісім берген жағдайда, олар өкілдігін жіберген мемлекеттің заңдарына қатысты сарапшылар ретінде куәгерлік жауап бере алады. Алайда олар сарапшы ретінде куәгерлік жауап беруден бас тартуға қақылы.
4. Өздеріне консулдық мекеменің әлдебір қызметкерінің немесе көмекші қызмет адамының жауап беруі қажет болған консулдық орналасқан мемлекеттің құзіретті өкіметі бұл адамның өз міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуі тиіс. Осы өкімет орындары бұлайша ету мүмкін болған жағдайда бұл адамның өз үйінде немесе консулдық мекеме үйінде оның берген жауабын тыңдай алады немесе одан жазбаша жауап қабылдай алады.
38-Бап
Міндеткерліктерден босату
Консулдық мекеме қызметкерлері консулдық орналасқан мемлекетте барлық жеке басының, қоғамдық жұмыс міндеткерліктерінен және әскери қызмет борышынан, сондай-ақ шетелдік азаматтарды тіркеуге және мекен-жайға рұқсат алуға байланысты консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерінде көзделген қандайда бір талаптарды орындаудан босатылады.
39-Бап
Консулдық және тұрғын үйлерді, қозғалмалы мүлікті
және көлік құралдарын салықтар мен алымдардан босату
1. Консулдық орналасқан мемлекет салықтар мен алымдардан мыналарды босатады:
1.1. өкілдігін жіберген мемлекет немесе оның өкілі иесі немесе жалға алушысы болып табылатын консулдық үйлер мен консулдық мекеме қызметкерлерінің тұрғын үйлері, сондай-ақ осыларға байланысты шарттар мен актілер;
1.2. консулдық мекеменің қызметтік мақсаттар үшін заңды түрде сатып
алған қозғалмалы мүлкі мен көлік құралдары, сондай-ақ оларды сатып алу,
иелік ету немесе ұстау.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері мыналарға қатысты қолданылмайды:
2.1. арнаулы қызметтер үшін төлем ретінде алынатын салықтар мен
алымдар;
2.2. өкілдігін жіберген мемлекетпен немесе оның өкілімен шарт
жасасқан адамнан консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелеріне
сәйкес алынатын салықтар мен алымдар.
40-Бап
Консулдық мекеме қызметкерлерін
салық төлеуден босату
1. Консулдық мекеме қызметкерлері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасының мүшелері жеке бас және мүліктік, мемлекеттік, аудандық және муниципальдық салықтары мен баж салықтарының барлық түрлерінен босатылады, бұған мыналар жатпайды:
1.1. әдетте тауарлар мен көрсетілетін қызметтер құнына қосылатын жанама салықтар;
1.2. 39-бапта көзделгендерді есептемегенде консулдық орналасқан мемлекеттің аумағындағы қозғалмайтын жеке меншік мүлікке салынатын салықтар мен баж салықтары;
1.3. 44-баптың 2-тармағының ережелерінде көзделгендерді есептемегенде мұрагерлікке салынатын салықтар мен баж салықтары және мұралық мүлікке меншік құқығын аударуға салынатын салықтар;
1.4. түсім көзі консулдық орналасқан мемлекетте болып табылатын капиталдан түсетін табысты қоса алғанда жеке табысқа салынатын салықтар мен баждар, сондай-ақ консулдық орналасқан мемлекеттегі коммерциялық және қаржы кәсіпорындарына жұмсалатын күрделі қаржыға салынатын салықтар;
1.5. қызмет көрсетудің нақты түрлері үшін алынатын салықтар мен баждар, сондай-ақ 39-баптың ережелерінде көзделгендерді есептемегенде тіркеу, қызметтік және реестрлік баж салықтары, ипотекалық және елтаңбалық алымдар.
2. Консулдық мекеме қызметкерлері консулдық мекемеде өздерінің істеген жұмысы үшін алатын еңбек жалақысына салынатын салықтардан, баждардан және алымдардан босатылады.
3. Консулдық орналасқан мемлекетте еңбек жалақысы табыс салығынан босатылмаған адамдарды жалға алған консулдық мекеме қызметкерлері табыс салығын алуға байланысты осы мемлекеттің заңдары мен ережелері жалдаушыларға жүктеген міндеттемелерді орындайды.
41-Бап
Кедендік бақылау мен баж салығынан босату
1. Консулдық орналасқан мемлекет ондағы қабылданған заңдар мен ережелерге сәйкес әкелу мен әкетуге рұқсат етеді, сонымен қатар сақтауға, тасымалдауға және осындай қызмет түрлеріне алымдарды қоспағанда, барлық мынадай кедендік баж салықтарынан босатады:
1.1. консулдық мекеменің ресми пайдалануына арналған заттар;
1.2. консулдық қызмет адамының жеке пайдалануына арналған заттар;
1.3. тұрмыстық сипаттағы заттарын қоса алғанда, консулдық мекеме қызметкерлері мен қызмет көрсететін жұмысшылардың алғашқы келуіне байланысты әкелінген заттар.
2. Осы баптың 1-тармағының 1.2 және 1.3-тармақшаларында көрсетілген заттар тиісті адамдардың жеке пайдалануына қажетті санынан аспауы керек.
3. Консулдық қызмет адамының, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің жеке жүктері кедендік тексерістен босатылады. Егер консулдық орналасқан мемлекеттің құзіретті органдары жүк ішінде осы баптың 1-тармағының 1.2-тармақшасында көрсетілгендерден басқа заттардың бар екендігін орынды
негізде шамаласа, немесе консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен
ережелерінде тасып әкелуі мен әкетілуіне тыйым салынған заттар немесе
карантиндік ережелеріне жататын жағдайларда ғана заттардың тексерілуі
мүмкін. Мұндай жағдайда тексеріс тиісті консулдық қызмет адамының немесе
оның өкілінің қатысуымен жүргізілуге тиіс.
42-Бап
Отбасы мүшелерінің артықшылықтары
мен иммунитеттері
1. Консулдық мекеме қызметкерлерінің отбасы мүшелері осы Шарттың
36-бабының негізінде тиісінше артықшылықтарымен және иммунитеттерімен
пайдаланады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері консулдық орналасқан мемлекеттің
азаматтары болып табылатын немесе осы мемлекетте тұрақты тұратын, немесе
консулдық орналасқан мемлекетке пайда табу мақсатында кәсіби немесе
коммерциялық қызметпен айналысатын отбасы мүшелеріне қолданылмайды.
43-Бап
Артықшылықтар мен иммунитеттерді
пайдаланбайтын адамдар
1. Консулдық орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе осы мемлекетте тұрақты тұратын консулдық мекеме қызметкерлері мен консулдық мекеменің қызмет көрсету жұмысшылары 37-баптың 3-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Шартта көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланбайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың отбасы мүшелері осы
Шартта көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланбайды.
3. Консулдық орналасқан мемлекет осы баптың 1 және 2-тармақтарында
көрсетілген адамдарға қатысты юрисдикцияны консулдық мекеменің қызметіне
кедергі келтірілмейтіндей жағдайда жүзеге асырады.
44-Бап
Консулдық мекеме қызметкерінің
және оның отбасы мүшесінің мұраға
қалдырған мүлкі
Консулдық мекеме қызметкері немесе оның отбасы мүшесі қайтыс болған
жағдайда консулдық орналасқан мемлекет:
1. көрсетілген адамның қайтыс болған кезіне дейінгі консулдық
орналасқан мемлекетте сатып алған және әкетуге тыйым салынған мүліктерін
қоспағанда, марқұмның қозғалмалы мүлкін алып кетуге рұқсат беруге;
2. қайтыс болған адамның қозғалмалы мүлкін барлық мұралық салықтардан
немесе мұрагерлікке байланысты салынатын баждардан босатуға тиіс.
45-Бап
Консулдық артықшылықтар
мен иммунитеттердің басталуы
және аяқталуы
1. Консулдық мекеменің әрбір қызметкері өзінің тағайындалған орнына барардағы консулдық орналасқан мемлекеттің аумағына оның кірген сәтінен бастап немесе егер, ол осы мемлекеттің аумағына келіп қойған болса, консулдық мекемедегі өзінің міндетін орындауға кіріскен сәттен бастап осы Шартта көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
2. Консулдық мекеме қызметкерінің онымен бірге тұратын отбасы мүшелері консулдық орналасқан мемлекеттің аумағына олардың енген сәтінен бастап немесе олар оның отбасы мүшелері болған сәтінен бастап осы Шартта көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
3. Консулдық мекеме қызметкерінің міндеті тоқтатылғанда оның артықшылықтары мен иммунитеттері сонымен қатар онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері, осы адам консулдық орналасқан мемлекеттен кеткен соң немесе мұны істеу үшін ақылға сыйымды мерзім өткеннен кейін тоқтатылады. Консулдық мекеме қызметкерінің отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері олардың оның отбасы мүшелері болмаған кезде тоқтатылады. Алайда, бұл адамдар консулдық орналасқан мемлекеттен ақылға сыйымды мерзім ішінде кетуге ниет білдіретін болса, онда олардың артықшылықтары мен иммунитеттері олардың кеткен сәтіне дейін сақталады.
4. Консулдық мекеме қызметкері қайтыс болған жағдайда онымен бірге тұратын отбасы мүшелері өздеріне берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді олардың консулдық орналасқан мемлекеттен кеткен сәтіне дейін немесе консулдық орналасқан мемлекеттен кету үшін ақылға сыйымды мерзім өткенше пайдалануын жалғастырады.
46-Бап
Артықшылықтар мен иммунитеттерден бас тарту
1. Өкілдігін жіберген мемлекет осы Шарттың 36 және 37-баптарына сәйкес тиісті адамдар пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттерден бас тарта алады. Бас тарту барлық жағдайда айқын білдірілуге тиіс және бұл жайында консулдық орналасқан мемлекетке жазбаша нысанда хабарлануға тиісті.
2. Осы Шарттың 36-бабына сәйкес консулдық қызмет адамы немесе
консулдық қызметші юрисдикциялық иммунитетті пайдалана алатын жағдайда
оған қатысты сот ісі қозғалғанда ол негізгі талапқа тікелей байланысты
қандай да бір қарсы талапқа қатысты иммунитетке сілтеме жасау құқығынан
айырылады.
3. Азаматтық немесе әкімшілік істер жөніндегі юрисдикциялық
иммунитеттен бас тарту бұл үшін жазбаша нысанда жеке бас тарту
қажеттілігіне қатысты сот шешімін орындауға байланысты иммунитеттен бас
тартуды білдірмейді.
47-Бап
Дипломатиялық өкілдіктердің консулдық
міндеттерді орындауы
1. Осы Шарттың ережелері, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің консулдық міндеттерді орындау жағдайларында контекстен туындайтын дәрежеде қолданылады.
2. Дипломатиялық өкілдіктің консулдық қызметі орындау тапсырылған қызметкерлерінің тектері консулдық орналасқан мемлекеттің Сыртқы істер министрлігіне немесе осы министрлік көрсеткен органға хабарланады.
3. Консулдық қызметін атқару кезінде дипломатиялық өкілдік:
3.1. консулдық округтың жергілікті өкіметтеріне;
3.2. егер ол консулдық орналасқан мемлекеттің заңдарына, ережелері
мен дәстүрлеріне немесе тиісті халықаралық келісімдерге қайшы келмейтін
болса, консулдық орналасқан мемлекеттің орталық өкімет орындарына өтініш
жасай алады.
4. Осы баптың 3-тармағында айтылатын дипломатиялық өкілдік
қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттері дипломатиялық
қатынастарға қатысты халықаралық құқық қалыптарымен реттеліп отырады.
V Бөлім
Консулдық орналасқан мемлекеттің
заңдары мен ережелерін құрметтеу
48-Бап
1. Осы Шартта көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге зиян келтірместен, осы артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын адамдар жол қозғалысын реттейтін заңдар мен ережелерді қоса алғанда, консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін құрметтеуге міндетті.
2. Консулдық үй-жайлар консулдық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын
мақсатта пайдалануға тиісті емес.
3. Консулдық мекеме, консулдық мекеме қызметкерлері мен олардың
отбасы мүшелері көлік құралдарын сақтандыру жөніндегі консулдық орналасқан
мемлекеттің заңдары мен ережелерін сақтауға міндетті.
4. Өкілдігін жіберген мемлекеттің консулдық мекемесінің қызметкерлері
ресми міндеттерді атқаруға байланысты жағдайларды қоспағанда консулдық
орналасқан мемлекетте кәсіби немесе коммерциялық қызмет көрсете алмайды.
VI Бөлім. Қорытынды ережелер
49-Бап
Бекітілуі, күшіне енуі, күшін жоюы
1. Осы Шарт бекітілуге тиісті және бекіту грамоталарымен алмасқан
күннен кейін 30 (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Осы Шарт белгісіз мерзімге жасалып отыр және Уағдаласушы
Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тарапқа өзінің осы Шартты бұзғысы
келетіні жөнінде жазбаша түрде хабарлаған күнінен бастап 6 (алты) ай
өткенге дейін қолданыста болады.
Алматы қаласында 1997 жылғы 17 ақпанда екі дана етіп, әрқайсысы
қазақ, түркімен және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіннің де
күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде пікір алшақтықтары
туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа
алатын болады.
Қазақстан Республикасы үшін Түркіменстан үшін
Оқығандар:
Орынбекова Д.
Кобдалиева Н.