Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 1 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2015 № 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Атауына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 9 Нормативтік қаулысымен.

      Қылмыс жасаған кiнәлi адамдарға қылмыстық жаза тағайындау жөнiндегi сот тәжiрибесiн талқылап және Қазақстан Республикасының қылмыстық жаза тағайындау тәртiбiн реттейтiн қылмыстық заңдарының өзгертiлуiне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкiмiнсiз қылмыс жасауда кiнәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрi мен ауырлығына, айыптының қызметтегi және қоғамдағы орнына қарамастан, әрбiр қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тiң 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтiң болуын және оның түрiн; сотталушының қылмыстық әрекетi қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесiн; қылмыстық мақсатқа жету үшiн оның әрекеттерінің мағынасын және келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшiн көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңiл жаза тағайындау немесе шартты соттау негiздерiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшелiктерi көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруi қажет.

      2. Соттардың назары қылмысты ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық болып жасаған, коррупциялық қылмыстар жасағаны үшiн кiнәлi болып танылған, сондай-ақ бұрын сотталған, бiрақ түзелгiсi келмейтiн адамдарға заңда көрсетiлген жазалаудың қатаң шараларын мiндеттi түрде талқылап, қолдану керектiгiне аударылады.

      Жасалған қылмыстың қоғамдық қауiптiлiгінің дәрежесiн анықтағанда, соттар қылмыстың ауырлығын анықтау тәртiбiн реттейтiн ҚК-тiң 10-бабының талаптарын, сондай-ақ нақты қылмыстық әрекет (кiнәнiң түрi, себебi, тәсiлi, жасаған қылмыстық жағдай мен кезеңі, одан болған ауыртпалық, сотталушылардың әрқайсысының қылмысқа қатыстылығының дәрежесi мен сипаты т.б.) жағдайының барлығын ескеруi тиіс.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Соттар жазаның түрi мен мөлшерiн белгiлеу үшiн елеулi мәнi бар сотталушының жеке басының мәлiметтерiн жан-жақты, толық және объективтi түрде тексеруi керек. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгi мен қатыстығын, білімін, сотталғандығы туралы мәлiметтердi анықтау керек. Сотталушының отбасы жағдайы анықталғаннан кейiн, соттар ҚК-тің 52-бабының 3-бөлiгiне сәйкес жазаны тағайындаған кезде тағайындалған жаза оның отбасы немесе оның асырауындағы адамдардың жағдайына қандай әсер ететінін ескеруi керек.

      3-1. ҚК-нің 53-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, егер қылмыстық заңның адамды кінәлі деп таныған санкциясы бойынша әртүрлі (балама) жазалар түрі қарастырылған болса, онда ҚК-нің 53-бабы бірінші бөлігінің д) тармағында қарастырылған жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған кезде, кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру тағайындалмайтынын соттар назарда ұстаулары керек. Бұл ретте осы ереже іс бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың болуына және қылмыстың қайталануына, қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануына қарамастан қолданылады.

      ҚК-нің 53-бабы бірінші бөлігінің д) тармағында және ҚК-нің 59-бабы екінші бөлігінде көзделген заң нормалары бәсекеге түскен кезде бірінші норманың талаптары басым болады. Бұл ретте сот шешімінің осы бөлігінің уәжі сот үкімінің сипаттамалы-дәлелдемелі бөлігінде ҚК-нің 53-бабы бірінші бөлігінің д) тармағына сілтеме жасала отырып көрсетілуі тиіс. Бұл жағдайда ҚК-нің 55-бабына сілтеме жасау талап етілмейді.

      Ескерту. Қаулы 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. ҚК-тiң 54-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың тiзiмi түпкiлiктi болып табылады. Осыған орай, қылмыс жасалған кездегi немесе сотталушыны сипаттайтын басқа да сот анықтаған жағдайлар (маскүнемдiкке салыну, қоғамдық тәртiптi бұзу, отбасына, жұмысына, оқуына немқұрайлы қарау т.б.) жаза тағайындалған кезде ескерiледi, бiрақ жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде танылмаЙды.

      ҚК-тiң 54-бабы бiрiншi бөлiгiнiң "м" тармағына сәйкес қылмыстың сипатына қарай сот қылмысты мас күйiнде жасауды жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танымауға құқылы. Бұл мәселенi шешу барысында соттар жасалған қылмыстық әрекеттің өзінің сипаты бойынша кінәлінің мастығына қатысы бар-жоғын, сондай-ақ оны осындай күйге алып келген жағдайларды ескеруi тиiс. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған адамның қылмыс жасаған кезде мас болуы, егер оны бұндай күйге арақ, есiрткi немесе басқа да есеңгiртетiн заттарды пайдалану арқылы ересек қылмысқа қатысушы жеткізсе, жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын жағдай ретiнде есептелмейді.

      Егер ҚК-тің 53 немесе 54-баптарында көрсетiлген мән-жайлар қылмыстың бiр белгісі ретінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң Ерекше бөлiмiндегi баптың диспозициясында көрсетілген болса, онда ол сол қылмыс үшін жаза тағайындаған кезде жауаптылықты жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жай ретiнде ескерілмейдi.

      5. Бiріншi қылмысы бойынша қылмыстық жауапкершiлiкке тарту мерзiмi өтіп кеткен жағдайда, заңмен бекiтiлген тәртiпте сотталғандығынан арылған немесе оны алып тастаған немесе заң бойынша бұрын жасаған қылмыстық әрекетi үшiн қылмыстық жауапкершiлiк жойылған болса, сондай-ақ ҚК-тiң Жалпы бөлiмiнде көзделген негiздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен және жазадан босатылған жағдайда, қылмыс жасаған адамның бұрын сотталғандығы жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қаралмайды.

      6. Егер адамды кінәлi деп таныған заң санкциясында жазаның әр түрi (баламалары) көрсетiлген болса, онда соттар ҚК-тiң 52-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес жасалған қылмыс үшiн көрсетiлген жазаның неғұрлым ауыр түрi тек, егер оның жеңiл түрi жазалау мақсатын қамтамасыз ете алмаса немесе жазаның ең ауыр түрiн тағайындау заңда арнайы көзделсе ғана тағайындалатынын ескере отырып, соттар олардың арасындағы неғұрлым жеңілірек жазаны тағайындау туралы мәселенi талқылауы және үкiмде қабылданған шешiмдi дәлелдеуi тиiс.

      7. ҚК-тiң 55-бабына сәйкес жазаны осы қылмыс үшiн тиiстi бапта (бап бөлiгiнде) белгіленген төменгі шектен төмен немесе қылмыс дәрежеленген ҚК бабының (бап бөлігінің) санкциясында көрсетiлмеген жазаның неғұрлым жеңiл түрiн тағайындау немесе міндетті түрде көзделген қосымша жазаны қолданбау тек әрекеттiң қоғамдық қауіптілiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын ерекше мән-жайлар анықталған жағдайда, сондай-ақ топтық қылмысқа қатысушы топ жасаған қылмыстарды ашуға белсене жәрдемдескен жағдайда ғана мүмкiн болады. Жазаны жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, сондай мән-жайлар жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн. Сот ҚК-тiң 55-бабын қолданғанда, iс бойынша анықталған қандай жағдайларды ерекше деп танығанын және оларды айыпталушының жеке басы туралы қандай мәлiметтермен бiрге негізге алғанын үкiмде көрсетуге мiндеттi.

      Бірнеше қылмыс жасаған кiнәлi адамға жазаның заңда көзделген неғұрлым жеңiл түрiн тағайындаған кезде, әуелi бiр немесе бiрнеше қылмыстың әрқайсысына ҚК-тiң 55-бабын қолдану арқылы жаза тағайындалады, сонан кейiн ҚК-тiң 58-бабының ережелерi бойынша түпкiлiктi жаза белгiленедi.

      Ауыр немесе аса ауыр қылмыстың жасалуы өздiгiнен ерекше мән-жайлар болған жағдайда кiнәлі адамға төменгі шектен төмен жаза тағайындауға кедергi болып табыла алмайды. ҚК-тiң 55-бабын қолданып жаза тағайындаған кезде қылмыстардың рецидиві, қауiптi рецидивi немесе аса қауiптi рецидивi болған жағдайда ҚК-тiң 59-бабы 2-бөлігінің ережелерi қолданылмайды.

      Соттың ҚК 55-бабын қолданып белгiлеген жазасының мөлшерi қандай жағдайда да заңмен белгiленген осы жаза түрiнiң ең төменгi мөлшерiнен төмен бола алмайды.

      8. Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау мәселесiн қараған кезде соттар қылмыстық жазаның тек ҚК-тiң 79-бабында көрсетiлген түрлерi ғана қолданылатындығына және олардың мерзiмдерi мен мөлшерi сол бапта белгiленген шеңберден аспайтындығын назар аударуы керек. Сондай-ақ ҚК-тiң 80 және 81 баптарында көрсетiлген жағдайларды да қосымша ескере отырып және әр нақты жағдайда істің және кәмелетке толмаған сотталушының жеке басының жағдайларын талқылап, оларға ҚК-тің 82-бабында көрсетiлген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мүмкіншілігін қарастыру қажет.

      8-1. Шартты түрде сотталған, сынақ мерзімі кезеңінде жеңіл немесе ауырлығы орташа қылмысты қайта жасаған кәмелетке толмағанға қатысты істі қарап, жаза тағайындаған кезде сот қайтадан шартты түрде соттау мүмкіндігі туралы мәселені талқылауы тиіс.

      Егер сот шартты түрде соттауды қайта қолданса, ҚК-нің 60-бабына сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны белгілеу талап етілмейді. Өйткені мұндай жағдайда алдыңғы және соңғы үкімдер дербес орындалады.

      Ескерту. Қаулы 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Соттар ҚК-тің 63-бабында көзделген шартты түрде соттаудың, әдетте, бұрын сотталмаған, жеңіл немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға қолданылатындығын ескеруге тиiс. Шартты жаза ауыр қылмыс жасауға қатысқандардың кейбіріне, егер олардың негiзгі қылмыскер еместiгi анықталса, сонымен қатар оның жеке басына берiлген мәлiметтер мен қылмыс жасаған кездегi жағдайлар жаза тағайындаған кезде ҚК-тің 63-бабының ережелерiн қолдануға негiз бола алған жағдайда ғана қолданылады. Бұл ретте қылмыстық заң шартты түрде соттаудың қолданылуын қылмыстардың санатымен байланыстырмайтынын, тек әрекеттері қауіпті немесе аса қауіпті қылмыстардың қайталануы деп танылған адамдарға ҚК-нің 63-бабын қолдануды шектейтінін назарға алу керек.

      Сот шартты жазаны кiнәлiге тек ҚК-тiң 63-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған жазалардың түрі (түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығынан айыру) тағайындалған жағдайда ғана қолданады. ҚК-тің 63-бабын қолданылып жаза тағайындаған кезде негiзгi жаза шартты болып табылады да, тағайындалған қосымша жазалар үкiм күшiне енген күннен бастап орындалуға жатады.

      Шартты сотталуы туралы қаулы шығарған кезде сот сотталғанға, оның заңды өкiлдерiне сотталған міндеттерін орындамаған немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық, жаңа қылмыстар жасаған жағдайда ҚК-тiң 64-бабында көзделген шараларды қолдану мүмкiншiлiгi туралы түсiндіруге мiндеттi.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9-1. Адамға шартты түрде соттау қолданылған кезде оған ҚК-нің 63-бабының 5-1-бөлігінде көзделген міндеттерді орындау жүктелуі мүмкін. Бұл ретте соттар ҚК-нің 5-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес осы міндеттерді белгілейтін жаңа заң қолданысқа енгізілгенге дейін (2011 жылғы 5 ақпанға дейін) жасалған қылмыстар үшін аталған міндеттердің жүктелмейтіндігін назарға алуы керек.

      Шартты түрде сотталған кезде адамға ҚК-нің 63-бабы 5-1-бөлігінде көзделген міндеттердің орындалуын жүктеу соттың міндеті емес, құқығы болып табылады.

      Ескерту. Қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыстық белгiлерi бар әрекет жасаған, бiрақ қоғамға елеулi қауіп келтірмейтін адамдарға соттар қылмыстық жаза қолданбай-ақ, олардың түзелетiндiгi мен қайта тәрбиелеуге келетiндiгi туралы мәселенi талқылап, негiз болған жағдайда ондай адамдарды ҚК-тiң 65-68-баптарында көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тиiс. Соттың адамды қылмыстық жаза шараларын қолданбай-ақ түзеуге болатындығы туралы тұжырымы iстiң жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттелген мән-жайларына және сотталушының жеке басы туралы мәлiметтерге негізделуі қажет.

      11. Қылмыстардың қайталануын тану кезінде ҚК 13-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, алынып тасталған және жойылған соттылықтар, сондай-ақ адамның 18 жасқа толғанға дейінгі жасаған қылмыстары үшін соттылықтары есепке алынбайтынын соттар назарға алуы керек. Сонымен бірге, ҚК 13-бабы екінші бөлігінің а) тармағы, үшінші бөлігінің а) немесе б) тармақтары бойынша қылмыстардың қайталануын тану кезінде адамның қасақана жасаған қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға жазалануымен байланысты алынып тасталмаған немесе жойылмаған соттылықтары негіз болып табылады.

      Бұрын бас бостандығынан айырылуға сотталған адам деп - бұрын заңды күшiне енген сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған: түзеу мекемесiнде өтеуге жататын, оның iшiнде, бұл жазаны ол адам өтемеген жағдайда да (мысалы, өтеуден жалтарса, ҚК-тiң 73-бабы негiзiнде жазаны өтеуден босатылған жағдайда) ҚК-тiң 75-бабына сәйкес үкiмнiң ескiру мерзiмi өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босатылған реттерден басқа; шартты түрде (Қазақ ССР ҚК-нiң 40-бабы немесе ҚР ҚК (63-бабы); үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру шарасын қолданып (Қазақ ССР ҚК-нің 40-бабы немесе ҚР ҚК 63-бабы); үкімді орындауды кейінге қалдыру шарасын қолданып (Қазақ ССР ҚК-нің 41-1-бабы, ҚР ҚК 72, 74-баптары); мiндеттi түрде еңбекке қатыстыру арқылы (Қазақ ССР ҚК-нiң 23-2-бабы) шартты сотталған адамды санау керек.

      Осыған орай, бас бостандығынан шартты түрде (Қазақ ССР ҚК-нiң 40-бабын немесе ҚР ҚК-нiң 63-бабын қолдану арқылы) немесе үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру арқылы Қазақ ССР ҚК-нiң 41-1-бабы немесе ҚР ҚК-нiң 72,74 баптары) немесе міндетті түрде еңбекке қатыстыру (Қазақ ССР ҚК-нiң 23-2-бабы) арқылы айырылған жағдайларда, егер бұл адам сынақ мерзiмi ішінде немесе үкiмдi орындауды кейiнге қалдырған мерзiм iшiнде немесе шартты соттылық не кейiнге қалдыру шарасы жойылып, сотталған адам үкiм бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазаны өтеу үшiншi тиiстi мекемеге жiберiлген кезде жаңа қылмыс жасаса да, оның бұрынғы алынып тасталған немесе өтелмеген соттылығы қылмыстың рецидивiн таныған кезде ескерiлуi тиіс.

      Сот үкiмi бойынша ҚК-нiң 43-бабының 4-бөлiгiнде және 45-бабының 2-бөлiгiнде көзделген негіздер бойынша (түзеу жұмыстарына, бас бостандығын шектеуге) тағайындалған жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылса, бұндай адамдарды бас бостандығынан айыруға сотталған деп қарауға болмайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 9 Нормативтік қаулысымен.

      12. Егер бұрынғы үкім бойынша ҚК-тің 63-бабын қолдану арқылы сотталған адам сынақ мерзiм ішінде жаңа қылмыс жасаған болса, онда сот қылмыстың рецидивi туралы мәселені шешкен кезде ҚК-тің 64-бабының 4-бөлiгiндегi талаптарды мiндеттi түрде ескеруi тиiс. Бұл орайда қылмыстың рецидивiн анықтаған кезде ҚК-тiң 63-бабы бойынша бас бостандығынан айырылған адамның соттылығы, тек егер сот жаңа қылмысы үшiн жаза тағайындаған кезде бұрынғы үкiм бойынша шартты соттылығын жою туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана ескерiлуi мүмкiн. Егер сот ҚК-нің 64-бабы төртінші бөлігінің негізінде бұрынғы үкiм бойынша шартты соттылықты қалдыру туралы тұжырымға келсе, онда ҚК-тiң 63-бабы бойынша соттылығы қылмыстың рецидивін анықтаған кезде ескерiлмейдi.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Соттар тиісінше қылмыстардың рецидиві кезінде, аяқталмаған қылмыс, сондай-ақ қылмыстардың жиынтығы немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде осы адамдарға белгiленген жаза мерзiмдерiнiң шеңберiн қатаң сақтауы тиiс.

      Бұл орайда ҚК-тiң 5-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес ҚК-тiң 59-бабының екiншi бөлiгiндегі ережелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексi күшiне енгенге дейiн жасалған (1998 жылға 1 қаңтарға дейiн) рецидив, қауiптi рецидив немесе аса қауiптi рецидив құрайтын қылмыс үшiн қолданылмайтынын ескеру керек. Егер рецидивтi құрайтын соттылықтар ҚР ҚК-тiң күшiне енгенге дейiнгi және одан кейiн жасалған қылмыстар құрайтын болса, онда ҚК-тiң 59-бабының екiншi бөлiгiндегi тәртiп тек 1998 жылғы 1 қаңтардан кейiн жасалған қылмысы үшiн соттылығын ескере отырып қолданылады. Аяқталмаған қылмыс үшiн тиiстi рецидив орын алған жағдайда жазаның ең жоғарғы мөлшерi ҚК-тің 56-бабында көрсетiлген мерзiмдер мен көлемдерден аспауға тиіс.

      14. Өлім жазасы – ату адамдардың қаза болуына ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш ету құқығы беріледі.

      Сот ҚК-тiң 49-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес өлiм жазасы - әйелдерге, 18 жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, үкiм шығарған сәтте жасы 65-ке толған ер адамдарға, сондай-ақ ҚК-тiң 56-бабының 4-бөлiгiне сәйкес аяқталмаған қылмыс үшiн сотталған адамдарға қолданылмайтынын ескеруi керек. Сондай-ақ, сот ҚК-тiң 69-бабының 5-бөлігіне сәйкес ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауапкершiлiктен босатуға негiз таппаған адамдарға да өлiм жазасы тағайындалмайды. ҚК-тiң 75-бабының 4-бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларда үкiмдi ескiру мерзiмi өткеннен кейiн орындаған кезде өлiм жазасы 25 жылға немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы тиiс.

      Соттар өлім жазасын тағайындау мәселесiн талқылаған кезде ҚIЖК-нiң 373-бабының екiншi бөлiгiндегi барлық мәселелер судьялар дауыстарының басым көпшілігімен шешіледі деген тәртiп қолданылмайтындығын ескеруi керек. ҚIЖК-нiң 373-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес өлiм жазасы сот құрамына кiретiн судьялардың тек бiрауыздан қабылдаған шешiмi бойынша тағайындалады.

      Өлiм жазасын қолдану барлық жағдайда да жасалған қылмыстың анықталған мән-жағдайларына және сотталушыны мейлiнше толық сипаттайтын мәлiметтерге, соның ішінде оның психикалық күй-жайына сүйене отырып, үкiмде дәлелдi болуы керек.

      ҚК-тің 49-бабының төртiнші бөлiгiне сәйкес өлiм жазасын орындау үкiмнiң заңды күшіне енген сәтінен бастап бiр жылдан соң ғана Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару Кодексінің 165-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған құжаттардың негізінде орындалады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Адамдар тобы, алдын-ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған қылмыс үшiн неғұрлым қатаң жаза қолданылады, сондықтан соттар қылмысқа қатысу түрін және қатысушыларды дұрыс анықтағаны жөн.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 9 Нормативтік қаулысымен.

      16. Соттардың мынаны есте тұтқаны жөн: адамның бiрнеше қылмыс жасауы - әсіресе қасақана жасауы, әдетте, айыпкердiң қоғам үшiн аса қауiптi екендiгiн көрсетедi. Осыған байланысты ҚК-тiң 58-және 60-баптарының талаптарын бұлжытпай орындау ондай адамдарға заңды, дәлелдi және әдiл жаза тағайындаудың маңызды шарттарының бiрi болып табылады.

      17. Дәрежелеу белгiлерi ҚК-тiң бiр бабының әртүрлi бөлiктерiнде көрсетiлген бiр қылмыс жасалған кезде, әрекеттi барлық дәрежелеу белгiлерiн көрсетiп, баптың сол қылмыс үшін неғұрлым ауыр жазаны көздейтiн бiр бөлiгi бойынша дәрежелеу керек. Осындай тәртіппен ҚК-тiң 11-бабының 5-бөлiгiнде көзделген бiрнеше рет қылмыстар жасаған адамның әрекеттері де ҚК Ерекше бөлім бабының бір бөлігі бойынша дәрежеленуге тиiс.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      18. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда, соттар заңда көрсетілген жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сiңiру немесе тағайындаған жазаларды түгелдей иә болмаса iшiнара қосу принциптерiн үкiмде дәлелдеуi керек.

      Үш немесе одан да көп қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда, соттың жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сіңіру принципін онша ауыр емес қылмыстар үшін қолданып, одан кейін сол жазаға орташа ауырлықтағы, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жиынтығы үшiн тағайындалған жазаларды түгелдей, болмаса iшiнара қосып, екі принципті қоса қолдануға қақысы бар.

      Жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сiңiру принципін қолданған кезде, соттар жаза түрлерінің қатаңдық дәрежесi ҚК-тiң 39-бабында қандай ретпен көрсетiлсе, сондай рет бойынша анықталатынын ескеру керек. Жиынтыққа кiретiн қылмыстардың әр қайсысына жазаның бiр түрi тағайындалған кезде, олардың iшiндегi мерзiмi мен көлемi көп жаза - неғұрлым қатаң жаза болып саналады. Егер жиынтыққа кiретiн қылмыстар үшін түрi және мөлшерi жағынан бiрдей жаза тағайындалса, онда бiр жазаны басқа бiр жазаға сіңіру жолымен қорытынды жаза тағайындау заңның тиiстi баптарының ең жоғарғы жазалау шаралары шегінде тағайындалса ғана рұқсат етіледі.

      19. Соттар мынаны ескеруге міндетті: ҚК-тің 58-бабының 6-бөлiгiн қолданған жағдайда, қылмыс жиынтығы бойынша тағайындалған қорытынды жаза алғашқы үкім бойынша тағайындалған жазадан төмен болмауы керек, өйткені мұндай жағдайда жазаларды сіңiрткен немесе қосқан кезде сот алғашқы үкiмнiң өтелiнбей қалған жағын емес, сол үкім бойынша тағайындалған барлық жазалардың мөлшерiн басшылыққа алу керек.

      Егер іс бойынша үкім шығарып қойғаннан кейін сотталған адамның тағы басқа да қылмыстар үшін айыпты екені, оның біреуі үкімді шығарғанға дейін, ал басқалары үкім шығарғаннан кейін жасалғаны анықталса, екінші үкiм бойынша жаза ҚК-тің 58 және 60-баптарын қолдана отырып тағайындалады: алдымен алғашқы үкім шығарылғанға дейiн жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша, одан кейін ҚК-тің 58-бап 6-бөлімінің ережелері қолданылады, сосын алғашқы үкім шығарылғаннан кейін жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша жазалар анықталып, түпкілікті жаза үкімдер жиынтығы бойынша тағайындалады.

      20. Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалғанда, соттар бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері мен түрін белгілеуге және көрсетуге тиіс, жазаның өтелмеген бөлігі ҚК-тің 60-бабының негізінде жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаға түгелдей немесе ішінара қосылуы керек. Бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі болып мыналар саналады:

      шартты жазаға сотталған кездегі, сондай-ақ ҚК-тің 72-бабында немесе 74-бабының 3-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша жазаны өтеуді орындауды кейінге қалдырылған кезде немесе ҚІЖК-нің 452-бабында көрсетілген тәртіпте, 73-бабының 3-бөлігін қолданған кезде - ұсталуына немесе бұлтартпау шарасы ретінде тұтқындалуына байланысты қамауда немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты емдеу мекемесінде болған уақытты есептемегенде - жазаның бүкіл мерзімі;

      ҚК-тің 70-бабында көрсетілген негіздер бойынша мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған кезде - сотталушы оны өтеуден мерзімнен бұрын-шартты түрде босатылған жазаның бөлігі;

      бас бостандығын шектеуге, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарды атқаруға сотталған кезде - міндетті жұмыс мерзімінің бөлігі және сотталушы жұмыстан жалтарған кездегі уақыт.

      21. Бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып үкімдерінің жиынтығын қолданғанда, егер қорытынды жаза жазаның осы түріне белгіленген ең жоғарғы шегінде тағайындалмаса, сот үкiмде осындай шешiмнiң қабылданғанын дәлелдеу керек. Бұрынғы үкiмдегi жазаның өтелмеген бөлiгiн iшiнара қосқанда қорытынды жаза қалайда мөлшерi жағынан жаңадан жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, бұрыңғы үкiм бойынша өтелмеген жазадан да жоғары болу керек.

      22. Егер сотталушы сынақ мерзiм iшiнде жаңадан қылмыс жасаса, сот жазаны үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындау мәселесiн талқылаған кезде ҚК-тiң 64-бап төртінші бөлiгiнiң талаптарын ескеруге мiндеттi. Бұл орайда ҚК-тiң 60-бабының ережелерi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындаған кезде бұрыңғы үкiмдегi шартты соттылықты жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда ғана қолданылады. Егер де сот iстi қараған кезде бұрынғы үкiмдегi шартты соттылықты қалдыру туралы тұжырымға келсе, онда жаза тек жаңа қылмыс үшiн тағайындалады.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      23. Жазаларды қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша толық не iшiнара қосқан кезде соттар ҚК-тiң 61-бабында бекiтiлген мерзiмдердi қосу кезiнде оларды белгiлеу тәртiбiн ескеруi жөн. Бұл баптың мәнiне сай бұрынғы үкiм бойынша тағайындалған өтелмеген қосымша жаза түгелдей немесе iшiнара жаңа үкiм бойынша тағайындалған дәл сондай қосымша жазамен бiрiгедi, бұл қосымша жаза қосымша жазаның дәл осы түрi үшiн белгiленген мерзiм шегiнде тағайындалады. ҚК-тiң 61-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген қосымша жазалар бөлек орындалады.

      Егер алғашқы үкiм бойынша адам бас бостандығынан айыруға, түзету жұмыстарына немесе орындалуға жататын басқа да жазалар бойынша сотталса, ал екiншi үкiм бойынша жаза ҚК-тiң 63-бабын қолдана отырып тағайындалса, онда сот жазаларды қосқан кезде олардың бөлек орындалатынын үкiмде көрсетуi тиiс. Бұл орайда шартты соттау қолданылған үкiмдегi сынақ мерзiмi алғашқы үкiмдегi жаза қай мекемеде орындалатынына қарамастан, үкiм күшiне енген кезден бастап есептеледi.

      24. Егер сотталған адам бұрынғы үкiмдi орындауды кейiнге қалдырған кезде басқа қылмыс жасап қойса, сот жаңа қылмыс жасағаны үшiн тағайындаған жазаға ҚК-тің 60-бабына сай бұрынғы үкiм бойынша өтелмеген жазасын қосуға тиiс. Ондайда бұрынғы үкiмдi орындауды кейiнге қалдыруды бұзу туралы қаулы қабылдаудың керегi жоқ. Егер жаңа қылмыс үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру мерзiмi өтiп кеткеннен кейін және сотталушыны ҚК-тiң 72-бап үшiншi бөлiгiне сай жазасын өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiбергендiгi туралы соттың ұйғарымы заңды күшiне енгеннен кейiн жасалса, сот жаңа қылмыстың жазасын белгiлеп алып, ҚК-тiң 60-бабында көрсетiлген жазаны үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындаудың ережелерiн қолдануға мiндеттi. Егер жаңа iс жөніндегі үкiм қабылданған кезге дейiн, сот сотталушыны жазасын өтеуден босату немесе оны жазасын өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы мәселесiн заңға сай шешпеген болса, онда сот тек жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындайды. Бұндай жағдайда орындалмаған үкiмдер бола тұра үкiмдi орындау туралы мәселе ҚIЖК-нiң 453-455-баптарында көзделген тәртіпте шешілуі мүмкін.

      25. Негiзгi және қосымша жазаларды дұрыс үйлестiре бiлу, оны даралап көрсету принципін дәйекті түрде жүзеге асыруға, жазаның мақсатына жетуге көмектеседі, осыған байланысты соттар үкiм шығарған кезде әр iс бойынша, әсiресе, ауыр, аса ауыр, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға қосымша жаза қолдану қажеттiлiгi мәселесін қараған жөн.

      Қылмыстық заңның баптарының санкцияларында қосымша шаралар қолдану немесе қолданбау мүмкiндiгi айтылған болса, онда соттардың оны тағайындау туралы мәселені қарап, қабылданған шешiмнiң дәлелдерiн үкiмнiң дәлелдеу бөлiгiнде мiндеттi түрде көрсетуге тиiс. Ал қосымша жаза қолданылмаған жағдайда бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiмiнде ондай сiлтеме жасалмайды. Кiнәлiнi соттаған кезде қылмыстық заңның баптарында қосымша жаза қолдану мiндеттi деп табылса, сот оны ҚК-тiң 55-бабында көрсетiлген шарттар болған жағдайда ғана ҚК-тiң 55-бабына сiлтеме жасай отырып қабылданған шешiмнiң дәлелдерiн үкiмде мiндеттi түрде келтiре отырып, қолданбауы мүмкiн.

      26. Соттардың назары мынаған аударылсын: қосымша жазаның айыппұл, мүлiктi тәркiлеу сияқты түрлерi қосымша жаза ретiнде тек егер олар сотталушыны кiнәлi деп таныған ҚК баптарының диспозицияларында қосымша жаза ретiнде көзделген болса ғана қолданылуы мүмкiн. Белгiлi бiр лауазымды атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға құқынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру қосымша жаза ретiнде ҚК Ерекше бөлiмiнiң қылмысты дәрежелеген бабында жаза ретінде көзделмесе де тағайындалуы мүмкін. Бұндай жазаны қолдану туралы шешiм қабылданғанда, үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде ҚК-тiң тиiсiнше 41 немесе 50-бабына сiлтеме жасалынуы керек. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн соттаған кезде, сот үкiммен бiрге ҚК-тiң 50-бап 2-бөлiгiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына сотталушыны мемлекеттiк наградалардан немесе Қазақстан Республикасы Президентi тағайындаған құрметтi, әскери, арнайы атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы тиісті ұсыныс енгiзу туралы мәселесiн қарауы тиiс.

      Қосымша жазалар сотталушыны кiнәлi деп таныған заң баптарында көрсетiлген шекте тағайындалады. Егер қосымша жаза ҚК-тiң 41-немесе 50- баптарының негiзiнде қолданылса, оның мерзiмi заң бойынша жазаның осы түрiне белгiлеген шектен аспауы керек.

      27. ҚК-тiң 51-бабының 2-бөлігінің талаптарына сай ҚК-тiң қылмысты дәрежелеген бабының санкциясында көзделген қосымша жаза ретiндегi мүлiктi тәркiлеу шарасы осы қылмыс бойынша пайдақорлық ниет анықталған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін. Соттар ҚК-тің 79-бабының мәнiне сай мүлiктi тәркiлеу шарасы кәмелетке толмағандарға қолданылмайтынын ескергені жөн. Мүлiктi тәркілеген кезде оның мөлшерінің үкiмде нақты көрсетiлуiн соттар есiнен шығармауға тиiс, ал тәркiлеу сотталған адамның жеке басына тиесілі мүлiкке немесе жалпы ортақ меншiктегi оның үлесіне ғана жүргізiлуi мүмкін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексiне қоса тіркелген тізбеде көрсетілген мүлiк тәркiлеуге жатпайды.

      Егер ҚК-нің Ерекше бөліміндегі баптың санкциясында мүлікті тәркілеу міндетті қосымша жаза ретінде көзделген жағдайда, алайда, осы қылмысты жасаған адамның іс-әрекеттерінде пайдақорлық ниет болмаса, немесе қылмысты кәмелетке толмаған адам жасаса не шартты түрде сотталған болса, онда ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріліп, мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза қолданылмайды. Бұл шешімнің уәжі тиісінше ҚК-нің 51, 63 (төртінші бөлігіне) немесе 79-баптарға сілтеме жасалып, сот үкімінің сипаттамалы-дәлелдемелі бөлігінде көрсетілуге тиіс. Бұл жағдайларда ҚК-нің 55-бабына сілтеме жасау талап етілмейді.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      28. Лауазымы бойынша мiндетті жұмысын атқаруы немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына байланысты қылмыс жасаған жағдайда ҚК-тің 41-бабына сәйкес сот жасаған қылмыстың сипатын ескеріп, сотталушының белгiлi бiр лауазымды орында отыруы немесе нақтылы қызметпен айналысуы құқығынан айыру жөнінде мәселені қарауға міндетті. Бұл жазаны тағайындағанда үкiмнiң қорытынды бөлiмiнде лауазым яки қызмет түрі нақты көрсетiлуге тиiс. Бiрақ болуға қақысы жоқ қызмет аясын анықтамай тұрып, сотталушының қандай да бiр салада немесе қандай да болмасын мекемелерде, ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айыруға болмайды. Үкiм шыққан кезде сотталушы адам лауазымды орында болмаса да, немесе жасаған қылмысқа қатысты қызметпен айналыспаса да, бұл жағдай аталған қосымша жазаны қолдануға кедергi бола алмайды. Адамның көлiк құралдарын жүргiзу құқығы о бастан болмаса да, яки әкiмшiлiк жаза ретiнде ондай құқықтан айырылған болса да, қылмыстық заңның санкцияларына сәйкес сот оған қосымша жаза ретінде көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруды тағайындауы мүмкін.

      29. Iстi апелляциялық, кассациялық және қадағалау ретiнде қарағанда, соттар үкiм шығарған кездегi жазаны тағайындаудың жалпы негiздерiн сақтауын, таңдап алған жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкестiгiн, жаза тағайындарда қылмыстық заң нормасының дұрыс қолданылуын, үкiмдегi жаза туралы шешiмдi және iстiң ескерiлген нақты мән-жайларын жазу тәртiбiн реттейтiн қылмыстық iс жүргiзу заңының нормаларын ұстануды тексеруге тиiс. Жоғарғы тұрған соттар бiрiншi сатыдағы соттардың жаза тағайындаған кезде жiберген қателерi мен заңды бұзған жерлерiн анықтаған кезде, оларды түзету үшiн заңда көрсетiлген шараларды қолдануы керек.

      Соттың айып көлемi, кiнәнiң түрi немесе сотталған адамның қылмыс жасауға қатысу түрi, жауаптылықты ауырлататын мән-жайларының бар екендiгi жөнiңдегi қорытындысын дұрыс емес деп танығаннан кейiн және осыған байланысты үкiмге өзгерiс енгізе отырып (мысалы: айыпты ауырлататын бiр немесе бiрнеше мән-жайды алып тастап, адамды қылмысты бiрге iстеушi емес, қылмысқа көмектесушi деп танып, оның iс-әрекетiнен қылмыс жасауға оқталу немесе қылмысқа дайындалу белгiлерiн көрiп), апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысындағы соттар сотталған адамның жаза мөлшерiн кемiту мүмкiндiгi немесе қажеттiлiгi туралы мәселесiн талқылауы керек және қаулыда мұндай шешiмнiң дәлелдерi келтiрiлуi тиiс.

      Соттардың назары мынаған аударылсын: қылмыстың дәрежеленуiн немесе жаза көлемін өзгертпей, бiрiншi сатыдағы соттың тағайындаған жазасын ҚIЖК-нiң 417 және 446-12-баптарына сай қылмыстық заң санкциясы шеңберiнде төмендету тек, егер ол тым қатаң немесе тым жеңiл тағайындалғандығы нәтижесiнде өзiнiң түрi немесе мөлшерi бойынша әділсіз болып табылған жағдайда ғана рұқсат етiледi. Мұндайда iстi қараған кезде анықталған және үкiм шығарған кезде сотталушыға тым қатаң жаза тағайындалғандығын дәлелдейтiн мән-жағдайлар ғана жазаны жеңiлдету үшiн немесе сотталушыны оны өтеуден босату үшiн негiз бола алады. Үкiм шығарылғаннан кейiн туындаған мән-жайлар, сондай-ақ сотталушының жазаны өтеген кездегi мiнез-құлқы үкімді өзгерте алмайды, бiрақ iстi апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау ретiнде қайта қараудың басқа негіздерімен бiрге ескерiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      30. Сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң арызы бойынша, сондай-ақ айыптау тараптарының наразылығы немесе арызы бойынша iстi кассация және қадағалау ретiнде қараған кезде, егер олар жазаның тым жеңiлдiгi туралы мәселесін қозғамаса, сот үкiмдi басқа негiздер бойынша бұза отырып, сот үкiмi бойынша тағайындалған жазаның тым жеңілдігі туралы қорытынды жасауға қақысы жоқ. Кассация және қадағалау сатысындағы соттар, ҚІЖК-нiң 446-17-бабының үшінші бөлігінде кассациялық сатыдағы сот үшін көрсетiлген реттерден басқа, сот үкiмiмен тағайындалған жазаның тым жеңiл жаза тағайындалғандығы нәтижесiнде сот жазаның әдiлсiз екендігiн таныған жағдайда да және бұл туралы айыптау тараптарының наразылығында немесе арызында көрсетiлсе де, өз тарапынан жазаны күшейтуге қақысы жоқ. Жоғары сатыдағы сот арыздардың немесе наразылықтың жазаның тым жеңіл тағайындалғандығы туралы дәлелдерін негiздi деп тапса, онда үкiм бұзылып, қаулыда үкiмдi бұзу негiздерi - жазаның тым жеңiл тағайындалғандығы - көрсетiлiп, iс жаңадан соттың қарауына жiберiлуге тиiс.

      Істі кассациялық тәртіппен қараған кезде істі заңсыз бұзуға немесе сотталушының жазасын жеңілдетуге жол берілгендігін анықтағанда, қадағалау сатысындағы сот ҚІЖК-нің 467-бабы тоғызыншы бөлігіне сәйкес кассациялық қаулының күшін жоюға және бірінші сатыдағы соттың үкімін, апелляциялық қаулыны өзгертіп немесе өзгертпей, күшінде қалдыруға құқылы. ҚІЖК-нің 467-бабы оныншы бөлігіне сәйкес, үкімде көрсетілгеннен көрі жазаны күшейту немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажет болған кезде, қадағалау сатысындағы сот үкімнің және кейінгі сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан сот қарауына жібереді.

      Сотталушының жазасын ауырлату қажеттiлiгi негіздері бойынша сот шешiмiн қадағалау ретiнде қайта қарау тек айыптаушы тараптың арыздары немесе наразылығы - келтірілген шешім заңды күшiне енген кезден бастап арыз немесе наразылық берiлген күнге дейін есептелетін, ҚIЖК-нiң 461-бабының 2-бөлiгiнде белгiленген мерзiм iшiнде берілген жағдайда ғана жол беріледi.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      31. Егер бiрiнші сатыдағы сот қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде жазаларды ішінара қосу принципін қолданса, кассация немесе қадағалау сатысындағы соттың - бұл сатыдағы соттар жиынтыққа кiретiн бiр немесе бірнеше қылмыс үшiн жазаны жеңiлдеткенде де, жазаларды толық қосу принципiн қолдануға қақысы жоқ.

      Егер бiрiнші сатыдағы сот бiрнеше үкiм бойынша жаза тағайындағанда бiр жазаны басқаларға сiңiрудi заңға қайшы немесе ҚК-тiң 60-бап екiншi бөлiгiнiң ережелерiне сәйкес жазаның өтелмеген мерзімін қосуға мүмкіндіктің жоқтығынан қолданса, кассация немесе қадағалау сатысындағы сот соңғы үкім бойынша берілген жазаны жеңілдеткен жағдайда бұрынғы үкім бойынша берілген жазаның өтелмеген бөлігін iшiнара немесе түгелдей қосып жiберуге қақылы, бiрақ қорытынды жаза оған кейiнгi сатыдағы соттың енгізген өзгертулерден кейiн де үкiм бойынша тағайындалған жазаның мөлшерiнен аспау керек.

      Қылмыстық iстi қылмыстық заңның бiр бабынан алып, ауыр еместеу қылмыстары үшін жауаптылық артатын бiрнеше баптарына жатқызғанда, егер сотталған адамның жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғану құқығын бұзбайтын болса, кассация немесе қадағалау сатысындағы сот жаза туралы мәселе қарап отырып, ҚК-тiң 58-бабында көрсетiлген ережелердi қолданады. Мұндайда қылмыс жиынтығы бойынша тағайындалатын қорытынды жаза бiрiншi сатыдағы сот белгiлеген жазадан қатаңдау болмау керек.

      32. Қылмыскер екi немесе одан көбiрек қылмыс жасап, олары қылмыстық заңның бiр бабына жатқызылса, бiрақ бiрiншi сатыдағы сот қылмыстардың бiрқатарына заң жүзінде дұрыс баға берiп, ал басқа қылмыстарға одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңның бабын дұрыс қолданбай, оларды қателесiп екi немесе одан көп бапқа (бап бөлiктерiне) жатқызып қойған жағдайда, кассация сатысындағы сот әлгi қылмыстық әрекеттердi бұл баптан алып, ауыр еместеу қылмыс туралы бапқа жатқыза отырып, санкция шеңберiнде үкiм бойынша белгiленген жазаның мөлшерiнен аспай, осы бап бойынша бiрiншi сатындағы сот белгiлеген жазадан қатаңдау жаза белгiлеуге қақы бар.

      Егер қылмыстың дәрежесiн заңның қосымша жазаны мiндеттi түрде қолдану керек дейтін бабына өзгерткенде де, үкiмде қосымша жаза белгiленбесе, кассация немесе қадағалау сатысындағы соттың ондай жазаны белгiлеуге қақысы жоқ.

      33. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1993 жылғы 24 маусымдағы "жаза тағайындағанда соттардың заңдарды дұрыс қолдануы туралы" N 2 қаулысы , Пленумның 1994 жылғы 23-желтоқсандағы N 4 қаулысымен енгізілген өзгерістермен бірге күші жойды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының судьясы,

      Пленум Хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады