Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы
Мәңгілік достық туралы шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы
Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына
енгізілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы
Мәңгілік достық туралы шартты бекіту туралы
1. 1998 жылғы 31 қазанда Ташкент қаласында жасалған Қазақстан
Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы
шарт бекітілсін.
2. Осы Заң қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы
арасындағы Мәңгілік достық туралы
Шарт
Бұдан былай мәртебелі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан
Республикасы мен Өзбекстан Республикасы,
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар арасындағы бауырластық, достық және ізгі көршілік қарым-қатынастарды нығайту екі мемлекет халықтарының да түбірлі мүдделеріне жауап береді деп санай отырып,
БҰҰ Жарғысының, Хельсинки Қорытынды Актісінің және ЕҚЫҰ-ның
шеңберінде қабылданған басқа да құжаттардың принциптері мен мақсаттарына
өздерінің адалдығын қуаттай отырып,
екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету, оны одан әрі дамыту
үшін қолайлы жағдайлар туғызу, барлық меншік нысанындағы шаруашылық
жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнату қажет деп
пайымдай отырып,
ғасырлардан жеткен тарихи тамырластығы мен ортақ мәдениеті, тілі мен
дәстүрлі бар қазақ және өзбек халықтарының дәстүрлі достығының рухында
қазіргі бар жан-жақты ынтымақтастық қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мен
нығайту мақсатында,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бауырлас және достас мемлекеттер ретінде өз қарым-қатынастарын теңдік, өзара түсіністік, жан-жақты ынтымақтастық әрі өзара сенім білдіру негізінде құрады.
2-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты, екі мемлекет шекараларының мызғымастығын, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау принциптерін, теңдікті және өзара тиімділікті құрмет тұту негізінде өз қарым-қатынастарын белсенді түрде дамытуға бекем бел байлап отырғандарын қуаттады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қазіргі бар әкімшілік-аумақтық шекараны мемлекеттік шекараның негізі ретінде таниды және бірлескен шекара режимінің барлық мәселелерін ресімдеу мақсатында бірлескен комиссияны құрады.
3-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күшпен қорқытудан бас тартатын міндеттемесін қуаттайды, әскери одақтарға кірмеуге немесе қандай да бір мемлекеттер топтастығына, сондай-ақ екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған іс-қимылға қатыспауға міндеттенеді.
Егер Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың бірінің пікірі бойынша үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупін білдіретін жағдай туындаса, Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесетін шаралар қабылдау мақсатында екі жақты негізде, сондай-ақ өздері қатысушылар болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде де бір-бірімен кідіріссіз тиісті консультациялар өткізеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарын, коммуникация жүйелерін және басқа да инфрақұрылымын екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа қарсы қарулы шабуылды немесе өзге де дұшпандық әрекетті әзірлеу немесе жүзеге асыру мақсатында үшінші мемлекеттердің пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.
4-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар тәуелсіздік пен егемендікке, аумақтық тұтастыққа төнген қауіп-қатердің алдын алу және тәуелсіз саясат жүргізу мәселелерінде екі жақты ынтымақтастықты дамытып, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсететін болады.
5-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілікті нығайту, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасайтын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік рөлдерін күшейтуге және Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың мүдделеріне ықпал ететін аймақтық жанжалдарды және өзге де жағдайларды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін болады, қажет болған жағдайда бірлескен немесе келісілген іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында аталған салалардағы өздерінің көзқарастарын үйлестіріп отырады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өзара мүдделілік білдірілетін мәселелер бойынша тұрақты негізде консультациялар өткізеді.
6-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өзінің аумағында тұрып жатқан екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың азаматтарына олардың ұлттық тегіне, діни сеніміне немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан адам құқығы туралы халықаралық нормаларға сәйкес саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Өзбекстан Республикасының аумағында тұрып жатқан қазақтардың, Қазақстан Республикасы аумағында тұрып жатқан өзбектердің ұлттық мәдениеті мен тілін сақтау әрі дамыту құқықтарын қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастықты дамытады.
7-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар экономикалық ынтымақтастықтың барлық салаларында бір-біріне мейлінше қолайлы жағдай режимін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдайды және осы ынтымақтастықты жүзеге асыру жөніндегі жағдайды нашарлатуға бағытталған шараларды қабылдамайтын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа оның құқығы мен заңды мүдделеріне ықпал етуі мүмкін экономикалық шешімдер туралы алдын ала хабарлайды және екінші Уағдаласушы Тараптың экономикалық жағдайына кері әсер ететін шараларды жүзеге асырудан бой тартады.
8-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұзақ мерзімді перспективалар мен өзара тиімді шарттарды ескере отырып, Орталық Азиядағы біртұтас экономикалық кеңістікті, сондай-ақ екі жақты экономикалық, сауда қатынастарын, ғылым, мәдениет, білім, технология, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы байланыстарды дамытуға және нығайтуға жәрдемдесетін болады.
Осы мақсатта Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар екі ел арасындағы тауарлардың, қызмет көрсету мен капиталдың емін-еркін қозғалысына бірте-бірте өту үшін қажетті құқықтық, экономикалық, қаржылық және сауда жағдайларын жасайды.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бірінші кезекте өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, байланыс телекоммуникация және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын болады.
9-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында автомобиль, темір жол, әуе жолы, құбыр желісі және көліктің басқа да түрлері арқылы өз жолаушыларын және жүктердің барлық түрлерін тасымалдау мен олардың еркін транзиті үшін қолайлы жағдайларды өзара қамтамасыз етуге кепілдік береді және осы аталған салалардағы ынтымақтастық үшін қолайсыз жағдайлар туғызуға бағытталған шараларды қолданудан бой тартатын болады.
10-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени салаларда тұрақты консультацияларды, ақпарат пен тәжірибе алмасуды көтермелейді, сондай-ақ осы мақсаттарда барлық деңгейлердегі байланыстарды кеңейтуді қолдайтын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бірлескен қаржы-өнеркәсіп топтарын, холдингтік және лизингтік компанияларды құру жөніндегі шараларды жүзеге асыру орынды деп таниды. Олар өндірістік, инвестициялық, банктік және коммерциялық салаларда ұлттық капиталдардың прогрессивті нысандағы ынтымақтастығын дамытуға, өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге жәрдемдесетін болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес өз аумақтарында екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың жеке және заңды тұлғалары үшін кәсіпкерлік, сондай-ақ өзге де шаруашылық қызметке арналған қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өзара инвестицияларды көтермелейтін болады және осы мақсаттар үшін жасалатын келісімдер негізінде оларды қорғауды қамтамасыз етеді.
11-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздерінің аумақтарында екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың заңды және жеке тұлғаларының меншік құқығы мен мүлкін қорғауға кепілдік береді.
12-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қолайлы және өзара тиімді шарттармен өзара келісілген технологиялар мен өлшемдердің негізінде көлік коммуникациясын, тауарлар транзиті мен қызмет көрсетуді дамыту саласында ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар трансазиялық теміржол және автомобиль арналарын қалыптастыруда, сондай-ақ транзиттік тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамытуда өздерінің экономикалық әлеуетін пайдалану қажеттігін қуаттайды.
13-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар екі елдің мәдени және білім мекемелері
арасындағы байланыстарды, сондай-ақ мамандар алмасуды көтермелейтін болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздерінің азаматтарына
екінші мәртебелі Уағдаласушы Тараптың тілін, мәдениетін, өнер
шығармаларын,
әдебиетін және баспасөз оқып үйренуіне, оның ішінде өзінің оқу орындарында
да, кең түрде мүмкіндік туғызады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тарап екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың
мамандарының оқуы мен зерттеуі үшін архивтік, тарихи құжаттармен танысуына
құқық береді.
14-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар жекелеген келісімдердің негізінде ғарыш тақырыбын қоса алғанда, іргелі зерттеулерді, бірлескен бағдарламалар мен әзірлемелерді жүзеге асыруда ғылым мен техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытады, бірлескен ғылыми өндірістік ұжымдарды құруға және олардың қызметіне жәрдемдеседі.
15-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықтың денсаулығын сақтау, медицина ғылымын және оның практикасын дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту ісінде тығыз ынтымақтасады, екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарап халқының емделуі және консультациялық көмек алуы үшін өздерінің бірегей және мамандандырылған медициналық мекемелерін пайдалану мүмкіндігі мен құқығын сақтайды.
16-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар төменде сөз болатын салада екі жақты және көп жақты шарттарға сәйкес іс-қимыл жасап, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басым мағына береді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және ұтымды табиғат пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды. Олар экологиялық апаттардың салдарымен және табиғи ортаға антропогендік ықпал етумен күрес саласында, оның ішінде шекаралардан тысқары тұрғыдағы ынтымақтастықты дамытатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Арал мен Арал өңірі аудандарының экологиялық жүйелерін қалпына келтіру ісінде күш-жігерлерін біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық әсіресе, аймақтық бағдарламаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда өзара бірлесіп қызмет жасайды.
17-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өзара тиімді шарттармен бір-бірінің дипломатиялық, консулдық, сауда және басқа да ресми өкілдіктерінің қызметін мейлінше жеңілдетеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысатын іскер топтармен, баспасөз өкілдерінің және мамандардың кәсіптік қызметін жүзеге асыруы және болуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етеді.
18-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өз өкіметтерінің заң шығарушы және атқарушы тармақтары арасындағы, оның ішінде қалалардың, облыстардың, аудандардың және басқа да әкімшілік-аумақтық бөліністердің арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді, екі мемлекет азаматтары арасындағы байланыстарға жан-жақты жәрдемдеседі.
19-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар терроризммен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі құралдарының және жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымымен, контрабандалық қару-жарақпен, мәдени құндылықтарды заңсыз түрде сатумен және шекара арқылы алып өтумен, заңға қарсы қызметпен айналысу нәтижесінде алынған кірістерді ресмилендірумен, қылмыстың өзге де қауіпті түрлерімен күрес саласында ынтымақтасатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың принциптері мен
нормаларына сүйене отырып, азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу
жағдайларының алдын алу жөнінде жұмыс жүргізетін болады.
20-бап
Осы Шарт үшінші елдерге қарсы бағытталмаған және Мәртебелі
Уағдаласушы Тараптардың басқа мемлекеттермен қазіргі бар екі жақты және
көп жақты шарттарынан туындайтын қайсыбір құқықтары мен міндеттемелеріне
қандай да болсын нысанда ықпал етпейді.
21-бап
БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Шарт БҰҰ Хатшылығында тіркелуге
тиіс.
22-бап
Осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру мақсатында Мәртебелі Уағдаласушы
Тараптар қажет болған жағдайда жекелеген келісімдер жасайтын болады.
23-бап
Осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін даулар
мен пікір алшақтықтарын Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар келіссөздер және
консультациялар арқылы шешетін болады.
24-бап
Өзара келісімі бойынша Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар осы шартқа
толықтырулар мен өзгертулер енгізуі мүмкін, олар тиісті хаттамалармен
ресімделеді.
Толықтырулар мен өзгертулер оларды Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың
екеуі де бекіткеннен кейін күшіне енеді және осы Шарттың ажырамас бөлігі
болып табылады.
25-бап
Осы Шарт күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы 1992 жылғы 24 маусымдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт күшін жояды.
26-бап
Осы Шарт бекітілуге жатады және бекіту грамоталарын алмасқан күннен бастап күшіне енеді.
Осы Шарт белгісіз мерзімге жасалды және Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа Шарттың күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлайтын уақытқа дейін күшінде қалады. Мұндай жағдайда осы шарт екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарап осындай
хабарламаны алған соң алты айдан кейін өзінің қолданысын тоқтатады.
Ташкент қаласында 1998 жылғы 31 қазанда әрқайсысы қазақ, өзбек және
орыс тілдерінде жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
осы Шарттың ережелерін түсіндіру мақсаты үшін Мәртебелі Уағдаласушы
Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.
Қазақстан Республикасы Өзбекстан Республикасы
үшін үшін
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Омарбекова А.