Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 12 сәуір N 406

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 1997 жылғы 26 қыркүйекте Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы
Үкіметі арасындағы "Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен өзара
көмек туралы"
Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 4, 43-құжат)
(1999 жылғы 3 тамызда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 83 бет)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталынатын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы, оның ішінде кеден істері саласындағы ынтымақтастық арқылы адалкөршілік қатынастарды дамытуды қалай отырып,
      кеден ережелерін бұзушылық қос мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және салық мүдделеріне нұқсан келтіретінін ескере отырып,
      кеден заңдары мен ережелердің бұзылуын болдырмау және кеден ережелерінің бұзылуына қарсы күрес жөніндегі күш-жігер Тараптардың кеден қызметтерінің ынтымақтастығының арқасында анағұрлым тиімдірек бола түседі деп сене отырып,
      төмендегілер жөнінде келісті:

1-бап
Анықтаулар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мынадай мағыналарды білдіреді:
      а) "кеден заңдары" - кеден баждарын, салықтар мен алымдарды алуға не валютаны өткізуге бақылау жасауды қосқанда тыйым салу, шектеу немесе бақылау бойынша шараларға қатысты дәрежеде тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу кезінде кеден қызметтерінің сақтауы қамтамасыз етілетін, заңмен немесе қосымша заң актілерімен белгіленген барлық ережелер;
      b) "кеден ережелерін бұзу" - кеден заңдарына бұзуға кез келген жағдайда ұмтылу сияқты осы заңдарды кез келген жағдайда бұзушылық;
      с) "кеден қызметтері" - Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті, Қытай Халық Республикасында - Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы;
      d) "тұлға" - кез келген заңды немесе жеке тұлға;

2-бап
Келісімді қолдану аясы

      1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері осы Келісімнің негізінде өз мүмкіндіктері мен құзыреті шегінде және мемлекеттерінің аумағында қолданылатын заңдар сақталатын кезде:
      а) екі мемлекет арасындағы жолаушылар мен тауарлар тасымалын жеңілдету мен жеделдету;
      b) кеден заңдарын бұзудың алдын алу, тергеу және онымен күресу;
      с) тауарларды әкелген және әкеткен кезде алынатын кеден баждарын, төлемдері мен салықтарды дәл есептеуді қамтамасыз ету;
      d) өз қызметтерінің тәжірибесімен және кеден ісі саласындағы ақпараттармен алмасу мақсатында қарым-қатынас жасайды және бір-біріне өзара көмек көрсетеді.
      2. Осы келісім өзге халықаралық келісімдермен және уағдаластықтармен көзделген ынтымақтастықты, соның ішінде қылмыстық істер бойынша құқықтық жәрдем көрсетуді реттейтін ережелерді қамтымайды.

3-бап
Ақпарат алмасу

      1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өздерінің бастамаларымен немесе сұрау салу бойынша:
      а) әкелу немесе әкету кеден баждарының, салықтар мен алымдардың дәл алынуын қамтамасыз етуде көмектесуі мүмкін;
      b) төмендегілерді;
      і) қоршаған ортаға немесе халықтың денсаулығына қауіп төндіретін тауарлар мен материалдарды;
      іі) есірткі дәрі-дәрмектерін және жүйке улайтын заттарды;
      ііі) қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарғыш құралдарды;
      iv) маңызды тарихи, көркем, мәдени немесе археологиялық құндылыққа ие заттарды;
      v) Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері алмасатын тізбелеріне сәйкес аса айрықша маңызға ие тауарларды өткізуге қатысты жасалынған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы өздеріндегі бар ақпараттарды бір-біріне береді.
      2. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өздерінің бастамаларымен және мүмкіндігінше қысқа мерзімде:
      а) өздерінің кәдімгі қызметі барысында алынған және басқа Тараптың мемлекетінің аумағында елеулі кеден тәртібін бұзушылық орын алады деп ойлауға толық негіз беретін;
      b) құқық бұзушылықтың анықталуына және алдын кесуге септігін тигізетін;
      с) бір Тарап мемлекетінің кеден қызметінің контрабандалық тауарлардың түсу көздері мен оларды өткізу бағыттары жөнінде келесі Тарапқа қатысты анықталған жағдайлары туралы өздеріндегі бар күллі ақпараттарды бір-біріне береді.

4-бап
Арнайы қадағалау

      Бір Тараптың мемлекетінің кеден қызметінің сұрау салуымен келесі Тараптың мемлекеттің кеден қызметі өз құзыреті мен мүмкіндіктері шегінде белгілі бір мерзім ішінде:
      а) сұрау салатын Тараптың мемлекетінің аумағында кеден құқықтарын бұзуға кәсіби немесе жай түрде қатысуға жеткілікті негізде күмәнді нақты адамдардың қозғалысына, әсіресе өз аумағына кіруіне және өз аумағынан шығуынан;
      b) сұрау салатын Тараптың кеден қызметі осы елдің мемлекетінің аумағына немесе аумағынан барынша заңсыз өткізілетін заттар ретінде айқындайтын тауарларға;
      с) сұрау салатын Тараптың мемлекетінің аумағында кеден құқықтарын бұзу кезінде пайдалануға жеткілікті негізде күмән келтіретін нақты жер үстіндегі, су, әуе және басқа да көлік құралдарына арнайы қадағалауды жүзеге асырады.
      Осындай қадағалаудың нәтижелері сұрау салатын мемлекеттің кеден қызметіне беріледі.

5-бап
Түпнұсқаны растау

      1. Бір Тараптың мемлекетінің кеден қызметінің сұрау салуымен келесі Тараптың мемлекетінің кеден қызметі сол кеден қызметіне:
      а) сұрау салатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметіне ұсынылатын жүк декларациясына берілген ресми құжаттардың түпнұсқасына;
      b) сұрау салатын Тараптың мемлекетінің аумағына әкелінген тауарлардың келесі Тараптың мемлекетінің аумағынан заңсыз әкетілгені-әкетілмегеніне;
      с) сұрау салатын Тараптың мемлекетінің аумағынан әкетілген тауарлардың сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің аумағына заңсыз әкелінгені-әкелінбегенінен қатысты ақпараттарды береді.

6-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Осы Келісімге сәйкес жәрдем беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады. Сұрау салуларға оларды орындауға қажетті құжаттар қоса тіркеледі. Төтенше жағдайда ауызша сұрау салулардың қабылдануы мүмкін, алайда олар дереу жазбаша нысанда расталуы тиіс.
      2. Мұндай сұрау салулар төмендегідей:
      а) сұрау салып отырған кеден органы;
      b) сұрау салынатын әрекет;
      с) сұрау салудың мәні мен негізі;
      d) істің және оған қатысты жағдаяттардың мәнін қысқаша сипаттау;
      е) іске қатысты заңдар, ережелер мен өзге де заңдық актілер;
      f) сұрау салуға негіз болып табылатын жеке және заңды тұлғалар туралы мүмкіндігінше нақты және толық мәліметтерді қамтуы тиіс.
      3. Сұрау салу сұрау салынатын мемлекеттің ресми тілінде не ағылшын тілінде немесе сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметіне қолайлы басқа тілде жасалады.
      4. Қажет болған жағдайда сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметі осындай сұрау салулардың түзетулерін немесе оларға толықтыруларды сұратып ала алады.

7-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салу бойынша көрсетілетін кез келген көмек сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің аумағында қолданылатын заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бір Тараптың мемлекетінің кеден қызметінің сұрау салуы бойынша келесі тараптың мемлекетінің кеден қызметі өз құзыреті шегінде сұрау салатын тараптың мемлекетінің аумағында тергелуі жүргізілетін құқық бұзушылыққа қатысты жағдайларды тексеру немесе анықтауды өткізеді.
      3. Деректі материалдар мен басқа да құжаттарды беру сұрау салуды орындаудың бір түрі болып табылады.
      Құжаттардың түпнұсқаларына олардың заңдық күшінің шарттарына қарай куәлендірілген көшірмелерді беру жеткіліксіз болатын жағдайларда сұрау салынады. Алынған құжаттардың түпнұсқалары алғашқы мүмкіндіктің өзіне қайтарылады.
      4. Сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметі сұрау салудың өз мемлекетінің заңдарына сәйкес орындалуы үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
      5. Сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметі өз құзыретіне кірмейтін сұрау салуды алатын болса, оны сұрау салынатын Тараптың тиісті ведомствосына береді және сұрау салатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметіне бұл туралы, сондай-ақ осы сұрау салудың орындалу нәтижелері туралы хабарлайды. Бұл ретте сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын Тараптың тиісті ведомствосының қарауында болады.
      6. Сұрау салуды орындаудан бас тартылған болса, онда сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметі сұрау салатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметіне бас тартудың себептерін көрсетіп, осы жөнінде жазбаша түрде хабарлайды. Сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің кеден қызметі осындай сұрау салуда көрсетілген істі одан әрі жүргізу үшін пайдалы бола алатын қолдағы бар күллі ақпараттарды береді.

8-бап
Ақпараттар мен құжаттарды пайдалану

      1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес алынған ақпараттар, құжаттар және басқа мәліметтер тек осы Келісімнің 3-бабымен белгіленген мақсаттар үшін ғана пайдаланылады.
      2. Ақпараттар, құжаттар және басқа мәліметтер, сот немесе әкімшілік талқылаулары кезінде айғақтар ретінде пайдалануды қосқанда, оларды берген мемлекеттің кеден қызметінің жазбаша келісімімен ғана және осы кеден қызметі белгілеген кез келген шектеулер сақталған жағдайда ғана басқа мақсаттарда қолданылады.

9-бап
Құпиялылық

      Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес алынған кез келген ақпараттарға, құжаттарға немесе мәліметтерге оларды алатын елде осы елдің өз аумағында алынған осындай ақпараттарға, құжаттар мен мәліметтерге берілетін сияқты жарияланудан қорғалу дәрежесі беріледі.

10-бап
Көмек көрсету жөніндегі міндеттемелердің ерекше жағдайлары

      1. Егер бір Тараптың мемлекетінің кеден қызмет сұрау салынған көмек өзінің мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа да өмірлік мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін не кез келген мемлекеттің немесе жеке кәсіпорынның заңды коммерциялық мүдделеріне зиян келтіреді не кез келген сұрау салынатын Тараптың мемлекетінің аумағында жүргізіліп жатқан талқылауға кедергі келтіре алады деп санаса, онда ол көмектен бас тарта алады әлде оны белгілі бір шарттар немесе талаптар сақталатын жағдайда көрсете алады.
      2. Егер бір Тараптың мемлекетінің кеден қызметі, келесі Тараптың мемлекетінің кеден қызметі осындай сұрау салған жағдайда өзі көрсете алмаған көмек туралы сұрау салумен қайырылатын болса, өзінің сұрау салуында осыған назар аударады. Мұндай сұрау салуды орындау сұрау салынатын кеден қызметінің қарауына беріледі.

11-бап
Есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымымен күрес

      1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымын болдырмау, тергеу және оның алдын алу жөніндегі әрекеттерді жандандыру мақсатында өздерінің бастамаларымен және мүмкіндігінше қысқа мерзімде бір-біріне:
      а) есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымына тартылғандығы белгілі немесе оған күмәнді адамдар туралы;
      b) есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымы үшін қолданылатындықтары белгілі немесе бұл жөнінде күдік тудыратын жер бетіндегі, су, әуе немесе басқа да көлік құралдары, контейнерлер мен посылкалар туралы мәліметтерді хабарлайды.
      2. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өздерінің бастамаларымен есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымының қолданылатын тәсілдері, сондай-ақ олардың контрабандасымен тиімді күрестің жаңа әдістері туралы өздеріндегі бар күллі ақпараттарды бір-біріне береді.
      3. Тараптар өзара келісе отырып, есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында бақыланатын жеткізілімдер тәсілін пайдалану жөнінде шешім қабылдаса, Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өздерінің мемлекеттерінің заңдарына сәйкес және мүмкіндіктері мен құзыреті аясында осыған қатысты өздерінің іс-қимылдарында ынтымақтасу үшін көмек беретін болады.
      4. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері осы баптың қолданылуы есірткі дәрі-дәрмектері мен жүйке улағыш заттарды өндіруде пайдаланылатын заттарға да кеңейте алады.

12-бап
Кеден ресімдемелерін жеңілдету

1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өзара келісе отырып, тауарлар транзитін қосқанда екі мемлекет арасындағы жолаушылар мен жүк тасымал-қатынастарын жеңілдету мен жеделдету мақсатында кедендік ресімдеуді оңайлату бойынша қажетті шаралар қолданады.
      Екі мемлекеттің ортақ шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу өзара уағдаластықпен белгіленген өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.
      2. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері, бұл ретте халықаралық тасымал-қатынастары туралы қолданылып жүрген келісімдерді ескере отырып, ортақ шекарада орналасқан тиісті кеден күзет орындарының жұмыс тәртібі мен өткізу қабілеті жөнінде келісіп алу мақсатында тиісті әкімшілік шараларын қолдануға септігін тигізетін болады.
      3. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері кеңестер өткізеді және бір-бірінің кедендік қамтамасыз етілуі мен кеден құжаттарын тану туралы мәселені жеке келіседі.

13-бап
Тәжірибе алмасу

      1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері өзара түсіністікке жету мақсатында өз қызметінің тәжірибесімен төмендегідей салаларда алмасады:
      а) кеден заңдары;
      b) тауарларға, жолаушыларға және почта жөнелтілімдеріне кедендік бақылауды ұйымдастыру мен қолданылатын тәсілдер;
      с) кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдалану;
      d) контрабандалық қызмет, оның түрлері, жасыру құралдары, құқық тәртібін бұзудың жаңа әдістері, табу әдістері және олардың нәтижелері туралы ақпараттар;
      е) басқа кеден қызметтерімен, Кеден ынтымақтастығы кеңесімен және өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық;
      f) өзара мүдделі өзге де мәселелер.
      2. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері кеден ісінің төмендегідей:
      а) өзара мүдделі жағдайларда, оның ішінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен, компьютерлік техникамен және басқа да қазіргі заманғы ғылыми-техникалық құралдармен танысу мақсатында кеден қызметтері қызметкерлерімен және сарапшыларымен алмасуды;
      b) кеден қызметкерлерін кәсіби оқытуды;
      с) кеден ісіне қатысты кәсіби, ғылыми және техникалық мәліметтермен алмасуды қоса алғандағы салаларында ынтымақтасады.

14-бап
Шығыстар

      1. Тараптардың мемлекеттерінің кеден қызметтері осы Келісімнің ережелеріне сәйкес сұрау салуды орындау кезінде кеден қызметінде тұрмайтын куәлердің, сондай-ақ сарапшылар мен аудармашылардың жұмысына ақы төлеуге кеткен шығыстарды қоспағанда осы Келісімнің ережелерін орындауға байланысты шығыстарды өтеуге қатысты кез келген талаптарды қабыл алмайды.
      2. Осы Келісімнің 13-бабының ережелерін орындауға байланысты шығыстарды өтеу Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінің арасындағы жеке уағдаластықтың әңгіме арқауы болуы мүмкін.

15-бап
Келісімді орындау

      1. Тараптардың кеден қызметтері өздерінің орталық бөлімшелері арасында тікелей байланыс арналарын орнатуды көздейді және жергілікті бөлімшелеріне Тараптардың кеден қызметтерінің жеке уағдаластықта келісілгендегідей өзара қатынас жасауды жүзеге асыруға өкілеттік береді.
      2. Тараптардың кеден қызметтері кеңестер өткізеді және осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде пайда болатын мәселелерді шешеді.

16-бап
Келісімнің аумақтық қолданылуы

      Осы Келісім Қазақстан Республикасының кеден аумағында және Қытай Халық Республикасының кеден аумағында қолданылады.

17-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданылуының тоқтатылуы

      Осы Келісім Тараптар бұл Келісімнің күшіне енуіне және өзара хабардар етуге қажетті өзінің елінде заң ресімдемелерін орындаған соң отызыншы күні күшіне енеді. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі - 5 жыл. Егер мерзімінің аяқталуына алты ай қалғанша Тараптардың бір де бірі оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша түрде хабарламаса, онда осы Келісім келесі 5 жылға өздігінен ұзартылатын болады және одан кейін осылайша ұзартыла береді.

18-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаласуымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Алматы қаласында 1997 жылдың 26 қыркүйекте қазақ, қытай және орыс тілдерінде әрқайсысы екі данада жасалынды, барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындайтын жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының       Қытай Халық Республикасы
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      Мамандар:
      Қобдалиева Н.
      Омарбекова А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады