Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 20 мамыр N 596

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Астана қаласында, 1998 жылғы 23 желтоқсанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 3, 32-құжат) (1999 жылғы 6 шілдеде күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 85 бет)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      екі мемлекет халықтарының мәдени жақындығы мен дәстүрлі достық қатынастары негізінде, олардың арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға үлкен мән бере отырып,
      1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті ережелерін басшылыққа ала отырып,
      1975 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Қорытынды актісінің ережелерін, бұқаралық ақпарат алмасу саласындағы және гуманитарлық жүйедегі ынтымақтастыққа қатысты ЕҚЫҰ-ның кейінгі құжаттарын негізге ала отырып,
      кең ауқымды ақпарат алмасуға жәрдемдесуді және өзара іс-қимылдың осы аталған саласында келісімдер жасасудың қажеттілігін көздейтін 1991 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімнің 4-бабына сәйкес,
      1992 жылғы 9 қазанда Бішкек қаласында қол қойылған ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпарат саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің ережелеріне өздерінің адалдығын қуаттай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өздерінің мемлекеттеріндегі халықтардың өмірі туралы білімдерін одан әрі тереңдете түсу мақсатында бұқаралық ақпаратты кең ауқымды әрі еркін түрде өзара тарату үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесетін болады.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы ақпараттық қызметтердің (агенттіктердің) және бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының арасында кең ауқымды әрі еркін түрде ақпараттар алмасуға жәрдемдесетін болады, екінші Тарап мемлекетінде заңды негізде тіркелген және жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін, егер осындай өнімдерді құрайтын мәліметтер мен материалдарды тарату өз мемлекетінің ұлттық заңдарының талаптарына қайшы келмесе, оларды өз мемлекетінің аумағына таратуға кедергі келтірмейтін болады.
      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптар мемлекетінің дипломатиялық және басқа ресми өкілдіктерінің хабарлары мен ақпараттарын таратуға кедергі келтірмейтін болады.

3-бап

      Тараптар өз мемлекеттеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының арасындағы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат саласында жұмыс істейтін тиісті ведомстволар мен ұйымдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қолдайды және көтермелейді, оның нақты шарттары мен нысандарын қатысушылардың өздері, оның ішінде жекелеген келісімдерді жасасу арқылы белгілейтін болады.

4-бап

      Тараптар кәсіптік мүдделерді көздейтін проблемаларды зерттеу мақсатымен Тараптар мемлекеттері журналистерінің кәсіптік ұйымдары арасындағы тең құқықты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа және алмасулар, кездесулер, семинарлар, конференциялар өткізуге жәрдемдесетін болады. Ынтымақтастық нысандары және алмасулар шарттары екі мемлекеттің тиісті ұйымдарының арасындағы жекелеген келісімдер негізінде белгіленетін болады.

5-бап

      Тараптар екінші Тарап мемлекеті аумағында заңды негізде таратылатын теле және радио бағдарламаларын жүргізуді ұйымдастыруға, қос мемлекет журналистерінің тиісті байланыс жүйесін пайдаланып өз редакцияларына материалдар әзірлеп беруіне жәрдемдесетін болады.
      Осы мақсатпен Тараптар өзара теле және радио бағдарламаларын таратудың шарттары мен тәртібін анықтайтын жеке келісім жасасады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының тиісті түрде тіркелген өкілдеріне іскерлік қатынастарды орнықтыруды және шындықты объективті түрде бейнелейтін ақпараттық материалдарды, телевизия хабарларын әзірлеуді қоса алғанда, олардың кәсіби міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдайлар жасауға өзара негізде жәрдем көрсететін болады.
      Тараптардың әрқайсысы өз аумағында жұмыс істейтін екінші Тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының тілшілер пункттерінің қызметіне өзара негізде жәрдемдесетін болады.
      Осы мақсатта Тараптар жеке келісім жасасуы мүмкін.

7-бап

      Тараптар телерадио хабарларын тарату, бұқаралық ақпараттың баспасөз құралдары саласында, ақпаратқа байланысты ғылыми-техникалық салаларда мамандар алмасуды көтермелейтін болады.

8-бап

      Тараптар бұқаралық ақпарат құралдары саласында кадрлар даярлауда өзара жәрдемдесетін болады және осы салада жұмыс істейтін білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелері мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді.

9-бап

      Тараптар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты статистикалық және өзге де деректерді құқықтық реттеу саласында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды, сондай-ақ тіркеу куәліктері заң белгілеген тәртіппен жарамсыз деп танылған мерзімді баспасөз басылымдары туралы мағлұматтар алмасуды тиісті мемлекеттік органдары жүзеге асыратын болады.

10-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында екінші Тарап мемлекеті халықтарының тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының, соның ішінде олардың ұлттық-мәдени ұйымдары мен бірлестіктерін таныстыратын қызметі үшін қолайлы жағдай жасайтын болады.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелері өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар жөніндегі Тараптардың міндеттемелеріне ықпал етпейді.

12-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі практикалық өзара іс-қимылдарын үйлестіру мақсатымен қажет болған жағдайда екі жақты жұмыс топтарын немесе комиссияларын құрады.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабар алынған күннен бастап күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалды және егер Тараптардың бірде бір тиісті кезеңнің аяқталуынан алты ай бұрын осы Келісімнің күшін өзінің тоқтату ниеті туралы екінші тарапқа хабарламаса, әрбір жолы кезекті бесжылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның негізінде жасалған шарттардың қолданысына ықпал етпейді.
      Астана қаласында, 1998 жылғы 23 желтоқсанда әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының        Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады