"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және қорғанысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебі" мемлекеттік мекемесін құру мәселелері" туралы 1999 жылғы 27 наурыздағы N 309 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған "Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов" атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебі" мемлекеттік мекемесі туралы ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
"Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы
"Жас ұлан" республикалық мектебі"
мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже
1. Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебі (бұдан әрі - "Жас ұлан" мектебі) мемлекеттік және шет тілдерді, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын, сондай-ақ дене тәрбиесі күшейтілген орта оқу орны болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі "Жас ұлан" мектебінің құрылтайшысы болып табылады.
3. "Жас ұлан" мектебі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай- ақ осы Ережені басшылыққа алады.
4. "Жас ұлан" мектебі мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкі, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрі, белгіленген үлгідегі мөртабаны мен бланктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктерде шоттары болады.
"Жас ұлан" мектебі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. "Жас ұлан" мектебі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен мектеп бастығының бұйрығымен шығарылған шешімдер қабылдайды.
6. "Жас ұлан" мектебінің құрылымын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді, ал шекті штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің штат саны лимитінің шегінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі айқындайды.
7. "Жас ұлан" мектебінің заңды мекен-жайы: 473007, Астана қаласы, Ташкент көшесі, 33.
8. "Жас ұлан" мектебінің толық атауы - "Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебі мемлекеттік мекемесі".
9. Осы Ереже "Жас ұлан" мектебінің құрылтай құжаты болып табылады.
10. "Жас ұлан" мектебінің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
"Жас ұлан" мектебіне өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. "Жас ұлан" мектебінің негізгі міндеттері,
функциялары мен құқықтары
11. "Жас ұлан" мектебінің негізгі міндеттері:
1) жалпы орта білім алулары үшін мемлекеттік және шет тілдерін тереңдетіп оқыту, оқушыларды (тәрбиеленушілерді) - ұландарды (бұдан әрі - ұландар) информатика мен компьютерлік сауаттылыққа, халықаралық және мемлекеттік құқық негіздерін үйретуге оңтайлы жағдайлар жасау;
2) ұландарды әскери істің негіздеріне, әскери техникалық мамандықтарға тереңдетіп оқыту, оларды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және басқа мемлекеттердің әскери-оқу орындарына даярлау мақсатында әрі қарай оқыту үшін дене тәрбиесін күшейту және әскери- кәсіби бағдар беруді дамыту;
3) ұландарға жоғары адамгершілік, моральдық-ерік-жігер және психологиялық қасиеттерді дарыту, оларды қайсарлық пен қазақстандық патриотизм рухында қазақ халқының өткен ерлік өнегелері мен даңқты дәстүрлеріне тәрбиелеу;
4) ұландардың эстетикалық тәрбиесін дамыту, оларды музыка мен биге, зиялы этикет ережелеріне, шабандоздыққа үйрету, болашақ офицердің бойында жоғары рухани және ізгілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында оларды әдемілікке баулу.
12. "Жас ұлан" мектебі заңдарда белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының (балалардың, жасөспірімдердің) оқудың белгіленген нысанына, жасына, психологиялық- физиологиялық және басқа да жеке ерекшеліктеріне сәйкес балалардың (жасөспірімдердің) білім алудағы конституциялық құқықтарын іске асыруларына, оларды оқу орнының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес сапалы оқытуға және тәрбиелеуге жауап береді;
2) 5-11 сыныптарда ұландарды оқыту жалпы білім беретін мамандандырылған орта оқу орындарының оқы жоспарлары мен бағдарламалары бойынша, сондай-ақ әскери-қолданбалы және оқытудың басқа да бағытындағы қосымша жоспарлары мен бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады;
3) түлектер конкурстан тыс түсу құқын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-оқу орындарына әрі қарай оқу үшін жіберіледі. Олар қабылдау ережесінің белгіленген тәртібімен Қазақстан Республикасының басқа да министрліктері мен ведомстволарының әскери-оқу орындарына түсе алады, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің әскери-оқу орындарына оқуға жіберіледі;
4) әскери және жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу жоспарларына қосымшалар, оқыту бағдарламалары мен әдістемелік нұсқаулар әзірлейді және бекітеді;
5) Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының департаменттерімен, бас басқармаларымен және басқармаларымен "Жас ұлан" мектебін оқу қару-жарағымен, техникамен, қарумен, әскери-техникалық бұйымдармен және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
6) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігімен "Жас ұлан" мектебін оқулықтармен, жалпы білім беретін пәндер жөніндегі оқу-әдістемелік әдебиетпен, әдеби оқулықтармен, компьютерлік сыныптарды ұйымдастыру техникасымен, сыныптық- лабораториялық базамен, спорт құралдарымен, тренажерлармен және белгіленген норма бойынша басқа да жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде өзара іс-қимыл жасайды;
7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің білім беру органдарымен және Қазақстан Республикасының басқа да министрліктері мен ведомстволарының өзге құрылымдарымен оқу, педагогикалық және әдістемелік жұмыстар бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
13. "Жас ұлан" мектебі негізгі міндеттерін және өзінің функциясын жүзеге асыру мақсатында заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) өз құзыреті шегінде әскери және жалпы білім беру саласында тәжірибе алмасу жөніндегі конференциялар мен семинарлардың жұмысына қатысуға;
2) өз құзыреті шегінде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мен ұландарды тәжірибеден өткізу мәселелері бойынша шетелдердің ұқсас әскери-білім мекемелерімен және ұйымдарымен байланыс жасауға;
3) заңдарда белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. "Жас ұлан" мектебінің мүлкі
14. "Жас ұлан" мектебінің негізгі және айналымдағы қорлардан, сондай-ақ құны мектеп балансында көрсетілетін мемлекеттен берілген өзге де мүліктерден тұратын жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.
15. "Жас ұлан" мектебінің оқу-материалдық базасы - бұл оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларына сәйкес ұландарды даярлауды қамтамасыз етуге арналған оқу қару-жарағы мен техникасы, қаруы, сондай-ақ материалдық және техникалық құралдар, ғимараттар, үйлер мен объектілер кешені.
16. "Жас ұлан" мектебіне бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
17. "Жас ұлан" мектебінің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен билік жүргізуге құқығы жоқ.
4. "Жас ұлан" мектебінің қызметін ұйымдастыру
18. "Жас ұлан" мектебіне жалпы басшылықты мектептің бастығы жүзеге асырады. Бастықты жоғары білімді, әскери және әскери- педагогикалық жұмыс тәжірибесі бар офицерлер қатарынан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі тағайындайды.
19. "Жас ұлан" мектебінің бастығы мектептің бүкіл жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
20. "Жас ұлан" мектебінің бастығы:
1) өз орынбасарларының, қызмет бастықтары мен оқу бөлімшелері командирлерінің функционалдық міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) мектептік оқытушылар, әкімшілік-шаруашылық және қызмет көрсету құрамын заңда белгіленген тәртіппен жұмысқа қабылдауды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады;
3) әскери қызметке шарт бойынша әскери қызметшілерді қызметке қабылдайды және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес тиісті лауазымға тағайындайды;
4) белгіленген тәртіппен мектептің жеке құрамын ынталандырады және тәртіптік жаза қолданады;
5) өз құзыреті шегінде мектептің бүкіл жеке құрамының орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді;
6) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда "Жас ұлан" мектебінің атынан өкілдік етеді;
7) заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.