Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 15 маусым N 768

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 1998 жылғы 12 қазанда Алматы қаласында жасалынған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін
заттардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы
күрестегі ынтымақтастық туралы
Келісім

(2004 жылғы 30 қарашада күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі  мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың (бұдан былай "есірткілер") заңсыз айналымы және оларды теріс пайдаланудың екі мемлекет халықтарының денсаулығы мен тұрмыс жағдайына айтарлықтай қауіп төндіретіндігін түсіне отырып,
      есірткілердің заңсыз айналымының ұлғаюы мен оларды теріс пайдалануға байланысты мәселелердің шиеленісуіне қатты алаңдаушылық білдіре отырып,
      Тараптардың есірткілердің заңсыз айналымымен және оларды теріс пайдаланумен күрес жүргізу ісіндегі ынтымақтастығын нығайту екі мемлекет халықтарының түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп есептей отырып,
      1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияны, оған 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулермен бірге, 1971 жылғы Жүйкеге әсер ететін заттар туралы конвенцияны, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1988 жылғы Есірткі құралдары мен жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясын, сондай-ақ осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның тиісті органдары мен форумдарының шешімдерін назарға ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер жөнінде келісті:

1-Бап

      Осы Келісімде көзделген ынтымақтастық Тараптардың құзырлы органдарының арасындағы тікелей байланыстар мен уағдаластықтар арқылы жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы жағынан мыналар құзырлы органдар болып табылады:
      - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;
      - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
      - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау комитеті;
      - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
      - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
      - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік шекараны қорғау күштері;
      - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кеден комитеті.
      Ресей Федерациясы жағынан мыналар құзырлы органдар болып табылады:
      - Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі;
      - Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі;
      - Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі;
      - Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы;
      - Ресей Федерациясының Федеральдық қауіпсіздік қызметі;
      - Ресей Федерациясының Федеральдық шекара қызметі;
      - Ресей Федерациясының Мемлекеттік кеден комитеті.

2-Бап

      Тараптар есірткілерге, сондай-ақ БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары және жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымымен күрес туралы конвенциясына қосымшадағы І Кестеде және ІІ Кестеде аталған заттарға бақылау жасау мәселелері бойынша өздерінің ұлттық саясатын үйлестіруге және халықаралық форумдарда келісілген айқындамаларын білдіруге ұмтылатын болады.

3-Бап

      Тараптардың әрқайсысының құзырлы органдары ұлттық заңдарына сәйкес мүдделілік білдірілетін:
      1) есірткілердің заңсыз айналымға түсу жолдарын анықтау нысандары мен әдістері туралы және олардың таралу жолдарын кесу үшін қолданылатын әдістері туралы, есірткілерді тұтынушыларды анықтау әдістемесі, оларға есеп жүргізуді ұйымдастыру туралы; есірткілерді дайындаушылар мен сатушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру қызметін ұйымдастыру туралы;
      2) есірткілердің бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз әкелінуіне немесе заңсыз әкелу ниетіне байланысты нақты фактілер мен оқиғалар туралы;
      3) есірткілерді тасымалдау кезінде қолданылатын жасыру тәсілдері және есірткілерді табу әдістері туралы;
      4) анықталған есірткі дайындаушылар мен тасымалдаушылар туралы, есіткілердің заңсыз айналымына қатысы бар деп күдік туғызған адамдар, ұйымдар мен мекемелер жайында, сондай-ақ олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы күдікті байланыстары туралы;
      5) есірткілердің заңсыз айналымы және оларды теріс пайдалану саласында қылмыс жасаған адамдарға қатысты қылмыстық істердің қозғалғандығы, тергеудің аяқталғандығы немесе сот шешімі туралы;
      6) есірткілердің заңсыз айналымынан түскен табыстарды заңдастыру әрекеттері туралы ақпараттарды алмасатын болады.

4-Бап

      Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес, өздеріне өкілеттік берілген Тараптардың құзырлы органдары қажет деп тапса, өзара бақылауға алынған жеткізіп беру әдісін немесе сол тәріздес әдістерді қолданатын болады.

5-Бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында тартып алынған есірткілердің үлгілеріне, олардың шығу тегін, сондай-ақ химиялық және физикалық сипаттамаларын анықтау мақсатында талдау жасау мен зерттеу үшін, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін өз лабораторияларының қарауына береді. Осындай жолмен алынған мәліметтерді Тараптар бір-біріне береді.

6-Бап

      Тараптардың құзырлы органдары сұраулар салу бойынша жедел-іздестіру шараларын өз мемлекеттерінің заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

7-Бап

      Енгізілген түзетулерімен бірге 1961 жылғы Есірткілер туралы бірыңғай конвенцияның ережелерін бұза отырып есірткілерді өндіру үшін өсірілетін құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді табу, бақылау және жою істерінде Тараптар бірлесіп қызмет атқарады.

8-Бап

      Тараптар осы Келісімді жүзеге асыру шеңберінде өзара тиімді іс-қимылдарды қамтамасыз ету мақсатында құзырлы органдары арасында тікелей байланысты желілерін орнататын болады.

9-Бап

      Тараптар нашақорлықтың алдын алу, нашақорлықпен ауыратын адамдарды емдеу және сауықтыру салаларында бірлесіп қызмет атқаратын болады.
      Тараптар осы саладағы ақпараттар алмасуға жәрдемдеседі, оны көтермелейді, сондай-ақ мамандар делегацияларын алмасуларды жүзеге асырады.

10-Бап

      Тараптар өздерінің құзырлы органдары арқылы тәжірибе алмасу, мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыру, есірткілерге бақылау жасау саласындағы мамандар үшін стажировкалар және консультациялар өткізуде бірлесіп қызмет атқаратын болады.

11-Бап

      Тараптар бақылауға жататын есірткі құралдары, жүйкеге әсер ететін заттар мен прекурсорлардың тізімдерімен алмасады және оларға енгізілетін өзгертулер туралы бір-біріне хабарлайды.
      Тараптардың бірі бақылауға алынған есірткі құралдарың, жүйкеге әсер ететін және басқа да заттардың тиісті Тізімдеріне толықтырулар енгізген жағдайда, екінші Тарап осындай толықтыруларды өздерінің тиісті ұлттық Тізімдеріне енгізу мүмкіндіктерін қарастырады.

12-Бап

      Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес есірткілердің өзара саудасын жүзеге асырады.

13-Бап

      Тараптар өз  мемлекеттерінің есірткілерге бақылау жасау саласындағы заңдары мен іс-тәжірибелері жайында ақпараттар алмасады.

14-Бап

      Тараптар заң актілерінен басқа, осы Келісімнің негізінде берілген жазбаша немесе ауызша түрдегі қандай құжаттың және ақпараттың құпия болып есептелетіндігі жайлы, оларды берген құзырлы органның жазбаша келісім арқылы ғана ғылыми және басқа да мақсаттарға пайдалануға болатындығы жайлы бір-біріне хабарлайды.

15-Бап

      Осы Келісімнің шеңберінде ақпарат беру өз инициативасы бойынша немесе сұрау салу негізінде жүргізіледі.
      Ақпарат алу туралы сұрау салу жазбаша нысанда берілуі тиіс.
      Кідіртуге болмайтын жағдайларда, телефон байланысы арқылы немесе телетайптық, факсимильдік не болмаса компьютерлік байланыс көмегімен берілген ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкін, бірақ ол дереу жазбаша түрде расталынуы тиіс.
      Ақпарат алу туралы сұрау салуда:
      - сұрау салушы құзырлы органның аты;
      - сұрау салынушы құзырлы органның аты;
      - сұратудың мәнісі және оның негіздемесі, сондай-ақ оны орындауға қажетті басқа да мәліметтер болуы тиіс.

16-Бап

      Егер сұрау салынушы Тарап сұрау салуды орындау оның ұлттық қауіпсіздігіне немесе Тараптың ұлттық заңдары мен халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп пайымдаса, осы Келісім шегіндегі сұрау салуды орындаудан толығымен немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
      Сұрау алуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салушы Тарапқа жазбаша түрде хабарланады.

17-Бап

      Тараптардың Сыртқы істер министрліктері өзара уағдаластық бойынша осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты үйлестіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында консультациялар өткізетін болады.

18-Бап

      Тараптардың құзырлы органдары осы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында жұмыс топтарын құра алады, сарапшылар кездесулерін өткізеді әрі өзара келісімдер жасай алады.

19-Бап

      Осы Келісімнің ережелері есірткілерге бақылау жасау мәселелері бойынша ынтымақтастықтың басқа да өзара қолайлы нысандары мен әдістерін белгілеуге немесе оларды көтермелеуге кедергі келтірмейді.

20-Бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік процедураларды орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша мәлімдеме алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың өзара келісім бойынша дипломатиялық ноталар алмасу арқылы осы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.Мұндай түзетулер осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген рәсімге сәйкес қолданысқа енетін болады.

21-Бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бірде бірі оның тиісті қолданыс кезеңінің бітуінен кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің күші тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде мәлімдемесе, келесі бесжылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.

      Алматы қаласында 1998 жылғы 12 қазанда әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының
         Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады