Түрiк Республикасына 1999 жылдың 17 тамызында жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жою жөнiнде iзгiлiк көмегiн көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгi құрамына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң құтқарушылар отрядының өкiлдерi, Денсаулық сақтау, бiлiм және спорт министрлiгінiң Апаттар медицинасы орталығының медициналық қызметкерлерi және Сыртқы iстер министрлiгiнiң бiр аудармашысы кiретiн саны 20 адамдық жедел топты табиғи апат ауданына 14 күн мерзiмге авариялық-құтқару жұмыстарына қатысу үшiн жiберудi қамтамасыз етсiн, сондай-ақ жедел топты пайдаланылатын автомобильдер мен авариялық-құтқару жабдықтары үшiн жанар-жағар материалдарымен қамтамасыз етсiн.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiне жедел топты ұшақты оқиға болған орынға жiберу және арнаулы рейске қызмет көрсету үшiн 9,5 млн. теңге бөлсiн.
3. "Эйр Қазақстан" жабық акционерлiк қоғамы (келiсiм бойынша) Алматы-Стамбул-Алматы бағыты бойынша ұшақтың арнаулы рейсiн өз ресурстары есебiнен ұйымдастырсын, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiне осы мақсаттар үшiн бөлiнген қаражаттың есебiнен жұмсалған шығындарды кейiн өтеумен, Стамбул қаласының әуежайында ұшақты қою мәселесiн шешсiн.
4. Сыртқы iстер министрлiгi жедел топтың мүшелерi үшiн қызметтiк төлқұжаттар мен жолға шығу құжаттарын жедел тәртiппен ресiмдесiн, Түрiк Республикасы Үкiметiнiң және жүргiзiлетiн Авариялық-құтқару жұмыстарын үйлестiру жөнiндегi орталықтың өкiлдерiмен қажеттi келiсудi қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiленген тәртiппен жедел топтың мүшелерiне қолданылып жүрген нормалар есебiнен iссапар шығыстарына валюталық қаражат берiлуiн қамтамасыз етсiн.
6. Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң Кеден комитетi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекаралық қызметi (келiсiм бойынша), Қорғаныс министрлiгi жедел топ мүшелерi бар ұшақтың арнаулы рейсi кедендiк бақылаудан өтуге және шекарадан жедел өтуiне байланысты мәселелердi шешсiн.
7. Министрлiктер, агенттiк, ведомстволар, ашық акционерлiк қоғам осы қаулыда көзделген тапсырмалардың 1999 жылдың 19 тамызына дейiн мерзiмде орындалуын қамтамасыз етсiн.
8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі