Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 8 қараша N 673

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 1999 жылғы 17 маусымда Бухарест қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Румыния Үкіметінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
Келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Румыния Үкіметі,
      екі ел арасындағы өзара тиімді сауда және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және кеңейтуге жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
      экономикалық дамуды ілгері бастыруда сауданың маңызды рөлін мойындай отырып,
      екі елдің экономикалық даму жөніндегі байланыстарда теңдік және өзара пайда қағидаларын негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтар мен міндеттемелердің жолын ұстауды растай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:     

1-бап

      1.1. Келісуші Тараптар сауда және экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін өзара тиімді жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында бір-біріне мейлінше қолайлы жағдайлар режимін ұсынатын болады.
      1.2. Осы баптың 1.1-тармағындағы ереже: 
      а) келісуші Тараптың әрқайсысына шекараға жақын сауданы жеңілдету мақсатында көрші елдерден берілген немесе берілуі мүмкін жеңілдіктеріне;
      б) келісуші Тараптың әрқайсысының қазір бар немесе келесіде құрылуы мүмкін кеден одақтарында, еркін сауда аймағында, аймақтық экономикалық ұйымдарда немесе басқа да экономикалық келісімдерде мүшелігінен туындайтын жеңілдіктерге қолданылмайды.

2-бап  

      Тауарларды өзара берулер мен қызмет көрсетулер қазақстан және румын қатысушыларының арасындағы жасасқан сыртқы экономикалық қызмет келісімдерінің негізінде келісуші Тараптар елдерінің заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

3-бап

      Осы Келісім шеңберінде тауарлар беру мен қызмет көрсетулер жөніндегі барлық есептер мен төлемдер әрбір елдердің қолданыстағы заңдарына сәйкес халықаралық сауда, қаржы және банк тәжірибесінде қабылданған халықаралық рыноктың бағалары және ережелері бойынша еркін айналымдағы валютада жасалады.

4-бап

      Осы Келісімнің ережелері келісуші Тараптардың әрқайсысының экспортына тыйым салу немесе шектеу inter alia жөніндегі мыналарға бағытталған шаралар қолдану құқығын шектемейді:
      а) ұлттық қауіпсіздікті қорғауға;
      б) адамдардың өмірі мен денсаулығын күзетуге, жануарлар мен өсімдіктердің ауыруға шалдығуының алдын алуға;
      в) өнеркәсіптік және интеллектуалдық меншікті қорғауға;
      г) ұлттық көркем, тарихи және археологиялық құндылықтарды күзетуге;
      д) табиғи ресурстардың таусылуының алдын алуға;
      е) қоғамдық моральді қолдауға.

5-бап

      Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты мыналар арқылы одан әрі дамытуға жәрдемдесетін болады:
      а) сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге;
      б) үшінші елдің рыногында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға;
      в) технологиялық енгізулерді қолдауға;
      г) мемлекеттік қаржы құрылымдары мен банктер арасында ынтымақтастық ұйымдастыруға.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау барысына бақылау жасау және екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірлеу Үкіметаралық қазақ-румын сауда-экономикалық байланыстар және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясына жүктелетін болады.     

7-бап

      Келісуші Тараптар:
      а) экономиканың түрлі саласында ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруды;
      б) тауарларды транзиттеу:
      - Келісуші Тараптар елдерінің аумақтары арқылы үшінші елдің аумағына,
      - Келісуші Тараптар елдерінің аумақтарына үшінші елден;
      в) екі Тарап арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды реттеп отыратын заң актілерінің қабылдануы туралы өзара ақпарат беруді, екі келісуші Тараптардың арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға ықпал ететін статистикалық ақпаратпен алмасуды; 
      г) сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламалары үшін талап етілетін мамандармен алмасуды және даярлауды; 
      д) келісуші Тараптардың әр қайсысының елдерінде келісім бойынша делегациялармен алмасуды және жәрмеңке, көрме, семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруды көтермелейді және қолдайды. 

8-бап 

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану, түсіндіру және орындау жөнінде талас туған жағдайда келісуші Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер өткізу жолымен шешілетін болады.

9-бап  

      Осы Келісімге келісуші Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттама арқылы рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. 
      Осы Келісім айқындалмаған мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерінің орындалуы туралы келісуші Тараптар соңғы жазбаша хабардар етілген күннен бастап күшіне енеді.
      Әр келісуші Тарап осы келісімнің күшін екінші келісуші Тарапқа жазбаша хабардар ету жолымен тоқтата алады. Келісім күшін тиісті Тараптан хабар алғаннан алты ай өткеннен кейін тоқтатады.
      Осы Келісім күшінде тұрған кезде жасалған және Келісім күшінің ақырғы мерзіміне дейін орындалмаған жобалар мен келісімшарттар осы Келісімнің шарттарына сәйкес олар толық орындалғанға дейін күшінде болады.
      1999 жылы 17 маусымда Бухарест қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы орыс және румын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндерінің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру барысында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

       Қазақстан Республикасының        Румыния Үкіметі
      Үкіметі үшін                     үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады