1999 жылғы 27 қазандағы Ресей зымыраны бөліктерінің Қарағанды облысына құлауының зардаптарын зерделеу жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындылары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 18 қараша N 1747а

     1999 жылғы 27 қазанда "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылған "Протон" зымыран-тасығышының Қарағанды облысына құлауының зардаптарын зерделеу жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Ресей зымыраны бөліктерінің Қарағанды облысына құлауының зардаптарын зерделеу жөніндегі Үкіметтік комиссия есебінің тұжырымдарына келісім берілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ресей жағының 1999 жылғы 27 қазандағы "Протон" зымыран-тасығышының авариясынан Қазақстан Республикасына келтірілген залалды өтеуі және Қазақстан жағы оның зардаптарын бағалау және жою бойынша шеккен барлық негізделген және құжаттамалық түрде расталған шығыстарды төлеуі жөнінде шаралар қабылдасын және бұл туралы Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігін хабардар етсін.
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қарағанды облысының әкімімен келісе отырып республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер жұмсаған шығыстарға сәйкес, авариялардың салдарын бағалаумен және жоюмен байланысты шығындарды жабуға арналған өтемақылық төлем қаражатын бөлуді жүзеге асырсын, сондай-ақ қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының "Протон" зымыран-тасығышын авариялық ұшыру жөніндегі үкіметтік комиссияларының бірлескен мәжілісінің қарауына:
      Ресей жағының "Протон" зымыран-тасығышының фрагменттерi құлаған аймақта тұратын Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы халқының денсаулық жағдайы мен бейімделу кезiндегі денсаулығының бұзылуы деңгейiне тексеру жүргізуге 20 млн. теңге және 1999 жылғы 5 шiлдеде "Протон" зымыран- тасығышы авариясының нәтижесiнде зардап шеккен Қарқаралы ауданы тұрғындарының денсаулығын тексерудiң бiрiншi кезеңiн жүргізуге 4,8 млн. теңге бөлуi туралы;
      Ресей жағының Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезiнде авариялар болған жағдайдағы өзара iс-қимылдың тәртiбi туралы келiсiмiнде көзделген iс-шараларды орындауды 2000 жылдың 1 қаңтарына дейiн аяқтауы туралы;
      Ресей авиациялық-ғарыштық агенттiгі мен Ресей Қорғаныс министрлiгiнiң жанындағы Федералдық авиациялық-ғарыштық iздестiру мен құтқару басқармасының iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарының "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезеңiнде ғарыштық аппараттарды алып шығу трассасының бойындағы кезекшiлiгiн ұйымдастыру туралы;
      Ресей жағы зымыран-тасығыштарды ұшырудың әдеттегі және авариялық жағдайлардағы қоршаған ортаға әсерiн бағалау жөнiндегі пайдаланған нормативтiк-әдiстемелiк құжаттарды Қазақстан жағына беру туралы;
      Ресейдiң авиациялық-ғарыштық агенттiгiнiң ғарыштық аппараттарды ұшыру әсер ететiн аймақтарда өндiрiстiк мониторинг ұйымдастыру және жүргiзу жөнiндегі, зымырандық отынның компоненттерiн қоршаған ортаға тастауларды регламенттеу жөнiндегі нормативтiк-әдiстемелiк құжаттамаларды әзiрлеуi және Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiмен келiсуi туралы. Бұл құжаттаманың жалпы жүйесiнде ғарыштық отын тастаулары мен оның жанбаған компоненттерінің қоршаған ортаға таралуы процестерiн жаңарту бөлiгiнде зымыран-тасығыштар аварияларының көп нұсқалы моделдерiн әзiрлеу iске асырылсын;
      "Байқоңыр" кешенiнде, оның iшiнде "Протон" зымыран-тасығыштарының бастапқы бөлiктерi құлаған аудандарда өндiрiстiк мониторинг жүргізудi ұйымдастыру туралы;
      "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшырғанға дейiнгі және одан кейiнгi 2 тәулiктiң iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының атмосферасын зондтауды жүргiзу үшiн "Қазгидромет" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының аэрологиялық станцияларын жұмсалатын материалдармен және радиозондтармен қамтамасыз ету туралы мәселелер енгізiлсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегі агенттiгі бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезiнде авариялар болған жағдайдағы өзара iс-қимылдың тәртiбi туралы келiсiмнiң қағидаларын iске асыру мақсатында "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезiндегі өзара iс-қимыл, авариялардың зардаптарын бағалау және жою жөнiндегі жоспарларды әзiрлесiн, келiссiн және бекiтсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiне бiр ай мерзiмде сарапшылардың деңгейiнде Ресей жағымен "Байқоңыр" ғарыш кешенiнiң қызметiнде қоршаған ортаны қорғау және "Протон" зымыран-тасығыштарының бастапқы бөлiктерi құлаған аудандарда қоршаған ортаны зымырандық отынның компоненттерiмен нормативтен тыс ластағаны үшiн ақы енгізу мәселелерiн ретке келтiрсiн.
      7. Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ресей Федерациясының Yкiметi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы 1997 жылғы 4 қазандағы "Байқоңыр" кешенi аумағын Ресей Федерациясы жалға алған жағдайларда экологиялық және табиғатты қорғау жөнiндегі келiсiмдi iске асыру жоспарын келiсудi ескере отырып, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Протон" зымыран-тасығыштарының және басқа сынақтық зымырандарының ұшыруларына тиым салуды тоқтатсын.
      8. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан

 

Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі

7-тармақта көрсетiлген мәселе бойынша шешiм қабылдағаннан кейiн Ресей

Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгiне нота жолдасын.

     9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі




  Оқығандар:

  Қобдалиева Н.М.

  Орынбекова Д.К.    





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады