Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинеті арасындағы Салық заңдарын бұзуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық жайында келісім бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 8 желтоқсан N 1880


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. 1999 жылғы 17 қыркүйекте Киев қаласында жасалған Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинеті арасындағы Салық 
заңдарын бұзуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім 
бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі
     
     
     Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер
       Кабинеті арасындағы Салық заңдарын бұзуға қарсы күрес
              саласындағы ынтымақтастық туралы
                        Келісім
     
     Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Украинаның Министрлер Кабинеті,
     өз мемлекеттерінің заңдары мен халықаралық міндеттемелерін басшылыққа 
ала отырып,


      салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықты анықтауға,

алдын алуға және жолын кесуге байланысты міндеттерді тиімді шешудегі өзара 
мүдделілікті негізге ала отырып,
     осы мақсаттарда барлық құқықтық және басқа да мүмкіндіктерді 
пайдалануға зор маңыз бере отырып,
     төмендегілер туралы келісті:
     
                       1-бап
             Келісімнің тақырыбы
     
     1. Тараптардың құзыретті органдарының қарауына жататын салық заңдары 
саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын 
кесу жөнінде Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы - осы 
Келісімнің тақырыбы болып табылады.
     2. Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Украина қатысушы болып 
табылатын халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен 
міндеттемелеріне ықпал етпейді.
     
                       2-бап
                Құзыретті органдар
     
     Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
     Қазақстан Тарабы үшін - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс 
министрлігі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің салық 
полициясы комитеті;
     Украина Тарабы үшін - Украинаның Мемлекеттік салық әкімшілігі 
құзыретті органдары болып табылады.
     Құзыретті органдарының ресми атауы өзгерген жағдайда, Тараптар ол 
туралы бір-бірін кідіріссіз хабардар етеді.
     
                   3-бап
              Ынтымақтастық нысандары
     
     Тараптар осы Келісімнің шеңберінде мынадай ынтымақтастық нысандарын 
пайдаланады:


      заңды және (немесе) жеке тұлғалар жасаған салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу;
      салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықты анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
      заңды және жеке тұлғалардың салық салуға байланысты құжаттарының расталған көшірмесін тиісті түрде ұсыну;
      ұлттық салық жүйесі туралы, салық заңдарының өзгерістері мен толықтырулары туралы ақпаратты, сондай-ақ салық заңдарын сақтауға бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі және салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылыққа қарсы күресті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсыныстар алмасу;
      салық органдарының жұмысында, оның ішінде салықтық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күресте пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді құру мен олардың жұмыс істеуі жөнінде тәжірибе алмасу;
      жұмыс топтарын құруды, өкілдер алмасуды және кадрлар даярлауды, сондай-ақ салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрес проблемалары бойынша ғылыми практикалық конференциялар мен семинарларды өткізуді қоса алғанда, ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелер бойынша қызметті үйлестіруді және қажетті көмек көрсетуді жүзеге асыру.
      Осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен тікелей іс-қимыл жасайтын болады.

                           4-бап
          Салық заңдарын сақтау және салықтық қылмыстар мен құқық
                 бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу

      1. Салық заңдары мәселелері бойынша, сондай-ақ салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу мынадай мәліметтер беруді көздейді:
      құрылтайшылар туралы, олардың тұрғылықты орны, бағыныштылығы, меншік нысаны және басқа да мәліметтерді қоса алғанда кәсіпорындарды, олардың бөлімшелері мен өкілдіктерін тіркеу туралы;
      заңды және (немесе) жеке тұлғалардың мемлекеттік және коммерциялық банктерде есеп шоттарын ашуы туралы, сондай-ақ оларда салық салудан жасырылған сомалар бар деп есептеуге негіз болған жағдайда осы есеп шоттар бойынша қаражаттың айналысы туралы (Тараптар мемлекеттерінің банктер және банк қызметі туралы заңдарын ескере отырып);
      салық заңдарын бұзған заңды және (немесе) жеке тұлғалардың кірістері, салық салынатын базасының мөлшері және олардан өндіріліп алынатын салықтардың сомасы туралы, сондай-ақ салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында жүзеге асырылатын шаралар туралы;
      екінші Тарап мемлекетінің аумағында заңды және (немесе) жеке тұлғалардың меншігінің болуы туралы;
      салық заңдарын бұзушылар қолданатын тәсілдерді көрсете отырып, заңды және (немесе) жеке тұлғалардың салық салудан кірістерін жасырғандығы туралы.
      2. Осы Баптың 1-тармағында көзделген ақпаратты Тараптардың бірінің құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органының сұрау салуы негізінде береді, бұл орайда ақпаратты беру сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңдары мен мүдделеріне қайшы келмеуі тиіс.
      Егер Тараптардың бірінің құзыретті органы өзінде бар ақпарат екінші

Тараптың құзыретті органы үшін мүдделілік туғызады деп есептесе, ол өзінің 
бастамасы бойынша осындай ақпаратты бере алады.
     
                      5-бап
             Іс-шаралар өткізу
     
     Салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықты анықтау, 
алдын алу және жолын кесу жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде мұндай 
қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасаған немесе осындай істерді жасады 
деген күдікті адамдарға қатысты Тараптардың құзыретті органдарының өзара 
іс-қимылы күш пен қаражатты бірлесіп жоспарлауды, күштер мен қаражаттарды 
пайдалануды, осы шаралардың барысы және өткізу нәтижелері туралы ақпарат 
алмасуды қамтиды.
     
                           6-бап
             Құжаттарды және басқа материалдарды ұсыну
     


      Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне сұрау салу арқылы заңды және жеке тұлғалардың салық салуға қатысты құжаттардың көшірмесін (шоттар, фактуралар, жүк құжаттар, шарттар, келісім-шарттар, сертификаттар, анықтамалар және басқалар), сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңдарының талаптарын ескере отырып, салық заңдарының бұзылуына қатысы бар мәселелер бойынша құжаттарды ұсынады.
      Құжаттардың көшірмесі шаруашылық субъектісінің өкілетті адамының қолымен және оның мөрімен расталады; егер бұл мүмкін болмаған жағдайда сұрау салушы Тараптың өкілетті адамының қолымен және құзыретті органының мөрімен расталады.
      Расталған көшірмелер тексеру жүргізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда құжаттар мен басқа материалдардың түпнұсқасы талап етіле алады. Берілген құжаттар мен басқа материалдардың түпнұсқалары келісілген мерзімдерде қайтарылады.

                        7-бап
              Құқықтық сипаттағы материалдармен алмасу

      Тараптардың құзыретті органдары ұлттық салық жүйесі туралы, қылмыстарға тергеу жүргізудің құқықтық негіздері туралы және салық заңдары саласындағы әкімшілік-құқық бұзушылықтар жөніндегі істер бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады, салық заңдарының өзгерістері туралы, сондай-ақ қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы бір-біріне дер кезінде хабарлайды.

                          8-бап

     Ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастық
     
     Тараптардың құзыретті органдары салық заңдары саласындағы қылмыстар 
мен құқық бұзушылыққа қарсы күресті ұйымдастыру кезінде ақпараттық жүйені 
құру мен оның  жұмыс істеуіне байланысты мәселелер бойынша тәжірибе, 
әдістемелік құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету құралдарын және ғылыми 
материалдарды алмасуды жүзеге асырады.
     
                       9-бап
             Кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық
                   және тәжірибе алмасу
     


      Тараптардың құзыретті органдары өз оқу орындарының базасында кадрларды оқыту мен қайта даярлауда, салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми практикалық конференциялар мен семинарлар өткізуде ынтымақтасатын болады.
      Осы Баптың шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асырудың нақты нысандары, атап айтқанда оны қаржыландыру Тараптардың құзыретті органдары арасында жасалатын тиісті келісімдермен белгіленеді.

                           10-бап
              Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Ақпаратты алуға арналған сұрау салу пошталық байланысты, сондай-ақ мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.
      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда телефон байланысы арқылы берілген ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкін, алайда ол жазбаша нысанда кідіріссіз расталуы тиіс.
      Мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану кезінде, сондай-ақ түпнұсқаулылығына немесе ауызша сұрау салудың мазмұнына қатысты күмән туындаған жағдайда сұрау салынатын құзыретті орган айғақтама сұрауға құқылы.
      2. Ақпарат алуға арналған сұрау салудың мазмұнында мыналар болуға тиіс: сұрау салушы құзыретті органның атауы; сұрау салынатын құзыретті органның атауы; сұрау салудың мәнісі мен оның негіздемесін баяндау; сұрау салудың орындалуы үшін қажетті басқа да мәліметтер.
      Қылмыстық істер бойынша ақпарат алуға арналған сұрау салуда бұған қоса:
      іс жүзіндегі мән-жайды сипаттау; қылмысқа баға беру; келтірілген зиянның мөлшері көрсетіледі.

                          11-бап
                   Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салу орындалуы үшін кідіріссіз қабылданады. Сұрау салынатын құзыретті орган, егер бұл сұрау салуды орындау үшін қажет болса, нақтылау тәртібімен қосымша ақпарат сұрай алады.
      2. Сұрау салуды орындау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын

құзыретті орган бұл туралы сұрау салушы құзыретті органға бас тартудың 
себебін көрсете отырып, кідіріссіз хабарлайды.
     Егер бұл сұрау салынатын құзыретті орган мемлекетінің егемендігіне 
немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, не оның заңдарына қайшы 
келетін болса, осындай сұрау салу алынған күннен бастап он күн ішінде 
сұрау салуды орындаудан бас тартылады.
     
                       12-бап
             Сұрау салуды орындау кезіндегі өзара іс-қимыл
     
     Сұрау салынатын құзыретті орган сұрау салушы құзыретті органның 
уәкілетті өкілдеріне, егер бұл өзінің мемлекетінің заңдарына қайшы 
келмейтін болса, өз мемлекетінің аумағында сұрау салуды орындауға қатысуға 
рұқсат бере алады.
                     
                       13-бап
                   Сұрау салудың тілі
     
     Ақпарат алуға арналған сұрау салу және оған жауап қазақ, украин 
немесе орыс тілінде жасалады.
     Сұрау салу Тараптардың тілінде, сондай-ақ басқа да тілде орындалған 
жағдайда, оған орыс тіліндегі куәландырылған аудармасы қоса тіркеледі.
     
                   14-бап
               Ақпаратты пайдалану
     


      Тараптардың құзыретті органдары салық заңдары саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесуге байланысты мәселелер бойынша ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      Осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпарат осы ақпаратты берген

құзыретті органның жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа берілмейді.
     
                       15-бап
                      Шығындар
     
     Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумақтарында осы 
Келісімді орындауға байланысты шығындарды көтереді. Қосымша шығындарды 
талап ететін сұрау салулар алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы 
мәселені Тараптардың құзыретті органдары өзара уағдаластықтары бойынша 
қарайды.
     Тараптардың құзыретті органдары, егер олардың арасында өзгеше келісім 
болмаса, сұрау салуды орындау кезінде талап етілуі мүмкін аудармашылардың 
қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды бір-біріне өтейтін болады.
     
                           16-бап
            Келісімді жүзеге асыру жөніндегі одан арғы іс-шаралар
     
     Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері қажет болған жағдайда осы 
Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткізеді.
     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар 
Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар арқылы 
шешілетін болады.
     
                          17-бап
            Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
     


      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке Хаттамалармен ресімделетін болады.
      Мұндай толықтырулар мен өзгерістер осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген рәсімге сәйкес күшіне енетін болады.

                           18-бап
          Келісімнің күшіне енуі және оның қолданысын тоқтату

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың барлық қажетті мемлекетішілік

рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламадағы күннен бастап күшіне 
енеді және Тараптардың бірінің екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын 
тоқтату ниеті туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық 
арналар бойынша Тараптардың бірі алған күннен бастап алты ай өткенге дейін 
әрекет етеді.
     1999 жылдың 17 қыркүйекте, Киев қаласында, әрқайсысы қазақ, украин 
және орыс тілдерінде екі данада жасалды. Мәтіндердің үшеуі де бірдей күшке 
ие.
     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде пікір алшақтығы туындаған 
жағдайда орыс тіліндегі мәтін негізгі болып пайдаланылады.
     
     Қазақстан Республикасы            Украинаның Министрлер
          Үкіметі үшін                   Кабинеті үшін
     
     
     
     
    Оқығандар:    
    Қобдалиева Н.М.
    Орынбекова Д.К.             
     
     
     
     
     
     
     
     
     
               
     
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады