СОТ ПРАКТИКАСЫНДАҒЫ БІРІЗДІЛІК ТАЛАБЫНЫҢ САҚТАЛЫНБАУЫ – ҚОҒАМНЫҢ СОТ БИЛІГІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІНЕ ЖАСАЛҒАН ЕЛЕУЛІ СОҚҚЫ

Жаңа

Ғылыми-құқықтық журнал Қазақстан Республикасының Заңнама институты № 4 (67) 2021 жыл.

      Марат Асанұлы Естеміров

      М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Жеке құқық департаментінің оқытушысы, PhD; Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ., e-mail: m_estemirov@kazguu.kz


      Аннотация. Жеке құқық нормаларын түсіндіру және қолдануда соттардың әралуан жауап беруі яғни, кереғар позициялар отандық сот практикасында жиі кездеседі. Бұл бүгінгі отандық сот корпусы, қала берсе, жалпы қазақстандық құқық қауымдастығының белсене араласуы, ұжымдаса отырып түзетуі тиіс өткір мәселелердің бірі.

      Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 438-бабының 6-тармағы 3)-тармақшасында "қабылданған қаулы соттардың құқық нор-маларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы Кодекстің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады" деген мазмұндағы ереже бекітілген. Сипатталған бұл ереже мазмұнынан заң шығарушының бірізділік талабын азаматтық құқықтық дауларды шешу барысында сақталынуы тиіс қағидаттар санатына енгізгендігін оқып білеміз.

      Мақалада автор бірізділік талабы бұзылған жағдайларды сипаттау үшін нақты мы-салдарды арқау ретінде ала отырып, бұл мәселеге оқырман назарын аударады. Келтірілген мысалдар корпоративтік құқық, банкроттық құқық, мәміле, заттық құқық, зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттеме деп жекелеген тақырыптар бойынша орналастырылған. Іскерлік айналым барысында не күнделікті өмірде туындайтын әралуан құқықтық сауалдарға қатысты отандық сот корпусында бірізділіктің сақталынбауы, бұқара халықтың сот билігіне деген сеніміне селкеу түсіретін факті екендігін автор атап көрсетеді. Автор бұл мәселеге бейжай қарамауды ұсынады және бұл сауалдың оң шешімінің сот билігіне деген сенімнің артуына әкелетіндігіне назар аударады. Ал, қоғамдағы беделі жоғары сот билігінің ел экономикасына инвестиция салу тартымдылығына әкелетіндігі жайлы өз пайымдарын ортаға салады.

      Түйін сөздер: бірізділік талабы, сот практкасы, жалпы жиналыс шешімін даулау, кредиторлар талаптарының тізіліміне талапты ендіру, кредиторлар жиналысында дауыс беру, ортақ үлестік меншік, мәміле жарамсыздығының салдары.

      Кіріспе. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде қолданылатын тепе-теңдік және тежемелік жүйесіне сәйкес билік жүйесі атқару, заң шығарушы және сот тармақтары деп бөлінеді. Бұл жүйе қазіргі қолданыстағы отандық Конституция талаптарына сәйкес біздің елде де орнықтырылған. Қоғамдағы, жалпы бұқара халықтың арасындағы беделі биік сот тармағы – ел тәуелсіздігінің, егеменділігінің берік тұғырларының бірі. Биыл тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өткелі жатқан елімізде сот тармағы биліктің жеке дербес бір саласы ретінде толықтай қалыптасты және жалпылай алғанда, осы тәуелсіздік жылдары өзіне артылған орасан міндеттерді абыроймен атқарып келді деп жоғары баға беруімізге болады. Дегенмен, отандық сот корпусына деген қоғамның сенімін бұдан әрі арттыру үшін бүгінгі таңдағы жетістікке малданбай, кемелдендіру істерін бір сәтте тоқтатпаған жөн. Сол себепті, осы бір шағын зерттеу еңбегінде сот тармағы қызметінің жекелеген қырларына атап айтқанда, сот практикасындағы бірізділік талабының сақталынбауының нақты мысалдарына оқырман назарын аударып, мұның теріс салдарлары мен түзету жолдарына тоқталмақпыз.

      Зерттеуде қолданылған материалдар мен әдістер. Мақаланы әзірлеу барысында отандық сот практикасына мейлінше жан-жақты талдау жүргізілді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтындағы "Сот кабинеті", bestprofi. Kz платформасындағы ресурстар кеңінен қолданылды. Сонымен бірге, мақалға арқау ретінде алынған сұрақтар бойынша қалам тартқан отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектеріне жіті назар аударылды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми тәсілдер қолданылды.

      Мақаланың негізгі ережелері. Нақты істерді шешу барысында бірізділік талабының республика соттары тарапынан сақта-лынбауындағы кінәнің бір ұшы жалпылай алғанда, отандық құқық қауымдастығында жатыр деп пайымдаймыз. Осы тұста қолданылған "құқық қауымдастығы" сөзінің аясында бірінші кезекті, біз еліміздегі құқық факультеттерінің профессорлық-оқытушылар құрамын меңзеудеміз. Мысалы, кез-келген бір көлікті алалық. Көлік А пунктінен Б пунктіне жолаушыларды аман-есен жеткізу үшін көліктің барлық құралдары жақсы жұмыс істеуі қажет. Бұл тұста, құқық факультеттеріндегі профессорлар мен оқытушылар құрамын осы көліктің жарық беру жүйесімен теңестіруге болады. Көліктің жарық беру жүйесі мүлтіксіз жұмыс істесе, көлік жүргізушісі алдындағы жолдың тегіс не ой-шұңқыры бар екендігінен дер кезінде хабардар болып, қажетті қадамдарды жасап отырады. Осы мысалда сипатталғандай құқық факультеттерінің профессорлары мен оқытушылар құрамы құқыққолдану тәжірибесіндегі көкейкесті өзекті сауалдарды жарыққа шығаруға, шешу жолдарын ұсынуға әралуан зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазып қазіргіден де белсене араласса бүгінгі күн тәртібінде тұрған бірқатар сауалдардың оң шешімі табылған болар еді.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты да (бұдан әрі – ҚР ЖС) әрине, белсенді болуы қажет. ҚР ЖС аналитикалық бөлімдерінің қызметкерлері еліміздегі құқық факультеттерінің профессорлары, оқытушыларымен тікелей байланыс орнатса, олардың жүргізген зерттеу нәтижелерінен хабардар болып отырса, сөйтіп, қажетті орынды ұсыныстарын дер кезінде іске асырса құба-құп болар еді. Мысалы, ресейлік зерттеуші А.Г.Карапетов сот иерархиясының ең шыңында тұратын жоғарғы соттың келесідей екі функцияны атқаратындығы атап айтқанда, біріншіден, төменгі сатылардағы соттар жіберген қателіктерді түзетіп, заңды шешімдерді шығаратындығы, екіншіден, төменгі сатылардағы соттардың практикасын унификациялауды жүргізетіндігі жайлы мағлұмат береді [1]. ҚР ЖС бүгінгі таңда атқарып жатқан пайдасы мол шаруалары, қол жеткізген едәуір оң өзгерістері мен жағымды жаңалықтары да жетерлік. Осындай жағымды жаңалықтар ретінде ҚР ЖС бюллетеньдерінің 2013 жылдан бергі әрбір айда жарық көрген нөмірлерінің барлығының оқыр-манға ашық қол жетімді етіліп қойылуын, сот кабинеті арқылы сот практикасымен танысу мүмкіндігінің ұсынылуын, ҚР ЖС ұйытқы болуымен әралуан ғылыми-практикалық конференциялардың ұйымдастырылып, өткізілулерін айтуға болады.

      Әдебиеттерде сот практикасының сапасына ықпал ететін факторлар ретінде келесі мән-жайлар аталып көрсетіледі: біріншіден, істерді шешу барысында сот басшылыққа алатын материалдық құқықтың сапасы; екіншіден, сотта іс жүргізу ережесін айқындайтын процессуальдық құқықтың сапасы және үшіншіден, сот жүйесінің ұйымдастырылуы [2, б.284]. Әрине, осы факторлардың бірінен олқылық кетіп, сот практикасында бірізділік талабының сақталынбай қалуы да кездесіп қалып жатады. Дегенмен, бірізділік талабының сот практикасында сақталынбауына бұл факторлар емес, көп жағдайларда, сот практикасындағы бірізділікті қалыптастыру мақсатындағы отандық құқық қауымдастығы тарапынан белсенді іс-әрекеттерінің болмауы себеп болып жатады. Сонымен, бұдан әріде сот практикасындағы бірізділік талабының сақталынбауына қатысты өзіміз байқаған нақты мысалдарды тақырыптарға орай бөліп таңбалап көрсетпекпіз.

      Талқылаулар

      Корпоративтік құқық.

      І. "Корпоративтік құқық" бағыты айқындалған сот      практикасындағы алғашқы қайшылық "Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС, серіктестік) қатысушысы      серіктестіктің жарғылық капиталына салым салып, бірақ ол салым (сома) кәсіпкерлік қызмет барысында жұмсалған жағдайда, банкроттық басқарушы жарғылық капитал мөлшерін қатысушыдан өндіріп ала алады ма" мына сұраққа қатысты болып тұр. Атап айтқанда, Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – МАЭС) 2013 жылдың 23 мамырдағы №2-2606/2013, осы соттың 2013 жылдың 12 желтоқсанындағы №2-7268/2013 және МАЭС 2013 жылдың 05 қарашасындағы № 2-6218/2013 шешімдерінде "ия, өндіріп ала алады" деп жауап берілсе, ал, Астана қаласының МАЭС 2013 жылдың 03 қаңтарындағы № 02-7-13 шешімінде "жоқ, өндіріп ала алмайды" деген жауап берілген;

      ІІ. "Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру атап айтқанда, бір заңды тұлға екіншісіне қосылған ретте алдыңғысының жұмыс өтілі екіншісіне ауысады ма" деген сауалға да қатысты отандық сот практикасында әралуан байлам жасалған. Мысалы, Қарағанды облыстық МАЭС 2020 жылдың 20 маусымындағы № 3514-20-00-2/2116 шешімінде, ҚР ЖС 2016 жылдың 16 мамырындағы 3г-430/2-16 қаулысында "ия, ауысады" деген байлам жасалса, ал, Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылдың 29 тамызындағы № 2а – 1839 қаулысында "жоқ, ауыспайды" деген кереғар байламға келген;

      ІІІ. "Тұтыну кооперативіне мүше ретінде қабылдану сәтінде төленген кіру жарнасы аталған тұлға кооператив мүшелігінен шыққан жағдайда кері қайтарылады ма" деген сауалға да қатысты бір-біріне кереғар екі позиция қалыптасқан. Атап айтқанда, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылдың 29 маусымындағы №7199-7-00-2а/2967 қаулысында "ия, қайтарылады" деген байлам жасалса, ал, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылдың 03 маусымындағы №1199-19-00-2а/1386 қаулысында, Ақмола облысы МАЭС 2020 жылдың 12 ақпанындағы №1112-19-00-2/4499 шешімі мен Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2018 жылдың 16 қаңтарындағы №1110-17-00-2/11503 шешімінде "жоқ, кері қайтарылмайды" деген байлам берілген;

      IV. "Тұтыну кооперативі мен оның мүшесінің арасындағы дау корпоративтік дау санатына жатады ма" деген келесі мәселеге де қатысты кереғар позициясы қалыптасқан. Мысалы, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылдың 04 желтоқсанындағы №1199-18-00-2а/2499 қаулысында "ия, жатады" деген жауап берілсе, ал, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылдың 30 қазандағы № 1199-19-00-2/21 ұйғарымында "жоқ, жатпайды" деген жауап ұсынылған;

      V. "Жалпы жиналыстың шешімдерін даулауға болатын алты айлық мерзімді сот өз бетімен қолдана алады ма" деген келесі бір сауалға да қатысты сот практикасында ортақ ұстаным жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылдың 28 шілдесіндегі №2а – 3750-20 қаулысында жалпы жиналыстың шешімдерін даулауға арналған алты айлық мерзімнің өтіп кеткендігі жайлы жауапкер тараптың өтінім беруі қажет еместігі, бұл мерзімді сот өз бетінше дербес "қолдана алатындығы" жөнінде байлам жасалған.

      Ал, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылдың 30 қаңтарындағы №7199-18-00-2а/9401 қаулысында жалпы жиналыс шешімін даулауға арналған алты айлық мерзімді соттың өз бетінше "қолдана алмайтындығы" туралы байлам жасалған;

      Банкроттық құқық

      VІ. "Банкроттық басқарушыға жоғары мөлшерде сыйақы төлеу туралы кредиторлар жиналысының шешімдерін уәкілетті орган даулау барысында банкроттық басқарушыны жауапкер ретінде көрсете алады ма" деген сауалға да қатысты кереғар позициялар анықталуда. Атап айтқанда, Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылдың 21 маусымындағы №2а/2427 қаулысында жалпылай алғанда, "ия, көрсете алады" деген жауап беріліп, талап қанағаттандырылса, ал, Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы № 5599-16-00-2а/2661 қаулысында "жоқ, көрсете алмайды" деген жауап беріліп, мұны талапты қанағаттандырусыз қалдырудың бір негізі ретінде көрсеткен;

      VІI. "Банкроттық рәсім аясында кредиторлар талаптарының тізіліміне өз талабын мерзімінде ұсынбаған банкке кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығы ұсынылады ма" деген сауалға да қатысты ортақ ұстаным жоқ. Мысалы, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылдың 04 маусымындағы № 7599-20-00-2а/4054 қаулысында "ия, дауыс беру құқығы ұсынылады" деген жауап берілсе, ал, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылдың 24 шілдесіндегі №1999-19-00-2а/1399 қаулысында "жоқ, дауыс беру құқығы ұсынылмайды" деген жауап берілген;

      Заттық құқық. VIІI. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 212-бабының 2-тармағында "Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы" деген мазмұндағы ереже бекітілген. Осы ретте туындайтын "ортақ үлестік меншікте үлесі бар тұлға, өзінің үлесін үшінші тұлғаларға үлестес меншіктестерінің келісімін алмастан сыйға бере алады ма" деген сауалға қатысты отандық сот практикасында кезекті кереғар ұстаным қалыптасқан.                             

      Ортақ үлестік меншіктегі үлесті үшінші тұлғаларға сыйға беру үшін ортақ үлестік меншіктегі өзге үлескерлердің "келісімі алынуы қажет".

      Қостанай облыстық сотының 2017 жылдың 18 қаңтарындағы №3999-16-2а/2448/2016 қаулысы: Ортақ үлестік меншіктегі пәтерде үлесі бар талап қоюшы, осы пәтердегі үлестің өзге бөлігін иеленетін меншіктесінің өз үлесін үшінші тұлғаға мұның келісімін алмастан сыйға тартуын даулап сотқа жүгінді. Талап қоюшының пайымдауынша, ортақ үлестік меншіктегі үлесті сыйға тартуға осы мүліктегі өзге үлестерді иеленетін меншіктес тұлғалардың келісімі алынуы қажет. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырып, талап қоюшының позициясының дұрыстығын атап айтқанда, ортақ үлестік меншіктегі үлесті сыйға тартуға келісімнің алынуы қажеттігін қуаттады. Бұл ұстаным апелляциялық сатыдағы сот тарапынан да қуатталды.           

      Қостанай облыстық      сотының 2017 жылдың 18 қаңтарындағы      №3999-16-2а/2472/2016 қаулысы: Ортақ үлестік меншіктегі пәтерде үлесі бар талап қоюшы, осы пәтердегі үлестің өзге бөлігін иеленетін меншіктесінің өз үлесін үшінші тұлғаға мұның келісімін алмастан сыйға тартуын даулап сотқа жүгінді. Талап қоюшының пайымдауынша, ортақ үлестік меншіктегі үлесті      сыйға тартуға осы мүліктегі өзге үлестерді иеленетін меншіктес тұлғалардың келісімі алынуы қажет. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырып, талап қоюшының позициясының дұрыстығын атап айтқанда, ортақ үлестік меншіктегі үлесті сыйға тартуға      келісімнің алынуы қажеттігін қуаттады. Бұл ұстаным апелляциялық сатыдағы сот тарапынан да қуатталды.     

      Ортақ үлестік меншіктегі үлесті үшінші тұлғаларға сыйға беру үшін ортақ үлестік меншіктегі өзге үлескерлердің "келісімі алынуы қажет емес"

      Алматы қалалық сотының 2017 жылдың      26 маусымындағы №2а-3505/2017 қаулысы: Ортақ үлестік меншіктегі пәтерде үлесі бар талап қоюшы, осы пәтердегі үлестің өзге бөлігін иеленетін меншіктесінің өз үлесін      үшінші тұлғаға мұның келісімін алмастан сыйға тартуын даулап сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот үлес сыйға тартылған ретте келісімнің қажет етілмейтіндігіне сілтеме жасап, талапты қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл ұстаным апелляциялық сатыдағы сот тарапынан да қуатталды.

      Қостанай облыстық сотының 2016 жылдың 24 ақпанындағы №3999-16-2а/97 қаулысы: Ортақ үлестік меншіктегі үйде үлесі бар талап қоюшы, осы үйдегі үлестің өзге бөлігін иеленетін меншіктесінің өз үлесін      үшінші тұлғаға мұның келісімін алмастан сыйға тартуын даулап сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот үлес сыйға тартылған ретте келісімнің қажет етілмейтіндігіне сілтеме жасап, талапты қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл ұстаным апелляциялық сатыдағы сот тарапынан да қуатталды.

      Астана қалалық сотының апелляциялық сот алқасының 2017 жылдың 17 қарашасындағы 7199-17-00-2а/5650 қаулысы: Ортақ үлестік меншіктегі пәтерде үлесі бар талап қоюшы, осы пәтердегі үлестің өзге      бөлігін иеленетін меншіктесінің өз үлесін үшінші тұлғаға мұның келісімін алмастан      сыйға тартуын даулап сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот үлес сыйға тартылған ретте      келісімнің қажет етілмейтіндігіне сілтеме жасап, талапты қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл ұстаным апелляциялық сатыдағы      сот тарапынан да қуатталды.

      Мәмілелер     

      ІХ. "Әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтың жасасқан мәмілесі кейіннен жарамсыз деп танылған жағдайда осы мәміле бойынша төленген сома кері қайтарылады ма" деген сауалға да қатысты сот практикасында кереғар позиция байқалуда.

      "Жоқ, кері қайтарылмайды"

      Астана қаласының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2014 жылдың 16 қаңтарындағы № 2А-6810 қаулысы

      Талап қоюшы Д., өзінің өкілі арқылы сотқа жүгініп, өзіне келтірілген 2 221 000 теңге залал сомасын Ш-дан өндіріп беруді талап етеді. Талап қоюшы өзінің талап-арызында келесі мән-жайларды алға тартты. Атап айтқанда, 2011 жылдың 22 қыркүйегінде талап қоюшы Д., және С.П. арасында пәтерге қатысты сатып алу сату шарты жасалған. Ал, 2012 жылдың 27 шілдесінде пәтерді сатушы С.П., сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз деп танылып, 2013 жылдың 13 наурызында оған қорғаншы ретінде Ш., тағайындалған. Енді, қорғаншы Ш., тараптардың арасында жасалынған жоғарыдағы сатып алу сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызымен сотқа жүгінген. Істі қараған сот ҚР АК 159-бабының 5-тармағына сүйене отырып, аталған шартты жарамсыз деп таныған және соттың бұл шешімі заңды күшіне енген. Алайда, мәмілені жарамсыз деп тану барысында пәтер үшін Д-ның төлеген сомасы кері қайтарылмаған. Осы себепті, Д., ҚР АК 928-бабының 1-тармағы және 930-бабының 3-тармағына сүйеніп, пәтер үшін төлеген өзінің сомасын кері қайтарып беруді қорғаншы Ш-дан талап еткен. Алайда, бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы байламға келеді және мұны келесідей ережелермен негіздейді. Атап айтқанда, талап қоюшы бұл ретте келтірілген зиянның орнын толтыруды емес, жарамсыз мәміле бойынша төленген соманы кері қайтарып беруді талап еткендіктен, ал, С.П. ешбір зиян келтірмегендіктен, бұл жағдайда ҚР АК 928-бабының ережелері қолданылмайды деген қорытындыға келеді. Сот бұл жағдайда ҚР АК 48 тарауымен "Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттеме" реттелетін қатынастар туындады деп пайымдап, негізсіз баю салдарына қорғаншының жауапты емес екендігі жайлы қорытындыға келеді. Бірінші сатының бұл байламын апелляциялық саты да қуаттады.

      "Ия, кері қайтарылады"

      Алматы облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2014 жылдың 13 тамызындағы №2к-656/2014 қаулысы

      Талап қоюшы К., жарамсыз мәміле бойынша берілген қаражатты А-дан кері талап етіп сотқа жүгінді. Талап-арыздың негіздемесі ретінде келесідей мән-жайларды алға тартты. Атап айтқанда, 2012 жылдың 31 наурызында өзінің жауапкер А-дан 4 130 000 теңгеге үй сатып алғандығын, алайда, аталған сатып алу сату шартының кейін-нен ҚР АК 159-бабының 7-тармағына сәйкес жарамсыз деп танылғандығын жеткізді. Осы себепті, талап қоюшы К., өзі төлеген аталған соманы А-дан талап етті. Бірінші сатыдағы сот ҚР АК 928-бабының ережелеріне сүйене отырып, талап қоюшы төлеген соманы А-дан өндіруге болады деген байламға келеді. Аталған соманы әрекетке қабілетсіз деп танылған тұлғаның өзінен өндіру туралы байлам жасау барысында аталған тұлғаға қорғаншы ретінде тағайындалған Ж-ның жұмыс істемейтіндігі, аталған соманы кері қайтаруға жеткілікті қаражатының жоқтығы және мәміле жасасу сәтіне тікелей қатыспағаны да ескеріледі. Бірінші сатының бұл байламы кейінгі сот сатылары тарапынан да қуатталады.

      Зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттеме

      X. "Марқұмның қырқына, жылына ас беруге жұмсалатын қаражатты кінәлі тараптан өндіріп алуға бола ма" деген сауалға да қатысты кереғар ұстанымдар сот практикасында кездесіп қалуда.

      "Жоқ, болмайды"

      Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылдың 11 тамызындағы №1а/253/2017 қаулысы Сот үкімімен қылмыскер Р-ға жәбірленуші С., пен Е-ге дене жарақаттарын салғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот алынған дене жарақаттары салдарынан өмірден өткен Е-ның туған әпкесі Б-ның моральдық және мүліктік зиянды кінәлі Р-дан өндіру талабын қанағаттандырады. Өндірілген мүліктік зиян сомасының құрамына жерлеу күні берілген аспен бірге, қырқын беруге жұмсалған сомадан қосыла есептелген еді. Іс апелляциялық тәртіпте қаралу кезінде өндірілген соманың мөлшерінен қырқына жұмсалған қаражатты алып тастау жайлы байлам жасалады. Бұл ретте, апелляциялық саты "Республика соттарының денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі N9 нормативтік қаулысының 12-тармағына "Соттар өтелуге тиiс жерлеу шығындарына жерлеуге тiкелей қатысы бар қажеттi шығындар (табыт жасауға, өлген адам үшiн киiм, венок сатып алуға, зират қазуға, марқұмды жерлеу орнына жеткiзу және т.б. арналған шығындар) ғана жататынын ескеруi қажет. Ескерткiш пен қоршау орнатуға арналған шығындар да өтелуге тиiс, бұл орайда оларды әзiрлеудiң нақты сомасы алынады, бiрақ ол сол жерде орнатылған стандартты ескерткiштер мен қоршаулардың шектi бағасынан аспауға тиiс. Ас беруге байланысты шығындарды өтеу кезінде спирт ішімдіктерін сатып алу үшін жұмсалған шығындар өтелуге жатпайды" сілтеме жасап, өмірден өткен марқұмға арнап 40 күндік ас беруге жұмсалатын соманың өндірілмейтіндігі жайлы қорытынды жасайды.

      "Ия, болады" азаматтық және Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылдың 28 мамырындағы №2а-2451/2013 қаулысы

      Талап қоюшылар С.С., пен С.А., 2011 жылдың 27 қаңтарында ауруханада ем алып жатқан С.М-ның қайтыс болуына байланысты келтірілген материалдық және моральдық зиянды "№2 қалалық аурухана" шаруашылық жүргізу      құқығы негізіндегі мемлекеттік кәсіпорын мен "Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінен өндіріп алу туралы талабымен сотқа жүгінді. Науқасқа ем жүргізген дәрігерлердің емдеу барысында салғырттық жібергендігі жайлы сараптама қорытындыларына сілтеме жасап, бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырады. Атап айтқанда, өмірден өткен адамның жылына байланысты берілген асқа жұмсалған қаражатты да өндіру жайлы байлам жасалады. Бұл ұстаным апелляциялық сот тарапынан да қуатталды.

      Қорытынды. Отандық сот практикасындағы бірізділік талабының сақталынбауы шындығында, қоғамның сот билігіне деген сеніміне селкеу түсіретін жағдай болып тұр. Себебі, бір құқықтық сауал бойынша Талдықорғандағы не Оралдағы сот бір жауап ұсынса, ал, дәл осы сауал бойынша Қызыордадағы не Семейдегі сот басқа кереғар мазмұндағы жауапты ұсынса, бұқара халық не ойламақ?! Осы арқылы өзіміз сот корпусындағы жемқорлық, "бармақ басты, көз қысты" жағдайлар туралы ел арасындағы әралуан алып-қашпа      әңгімелердің таралуына қолдан жағдай жасап береміз. Енді, бұл жағдайдың емі не болмақ. Біріншіден, отандық құқық факультеттерінің профессорлары мен оқытушылар құрамы зерттеу жүргізудегі белсенділігін арттырғаны жөн. Өз кемшілігімізді өзіміз түзетпесек, алыстан келіп ешкімнің түзетпейтіні белгілі. Бұл ретте, ҚР ЖС аналитикалық бөлімдеріндегі қызметкерлер де белсенділік танытып, зерттеу жүргізіп жатқан профессорлар және оқытушылармен байланысқа шыққаны жөн болар еді. Сөйтіп, ортақ бірлескен жобалар жолға қойылса, жоғарыда сипатталған және өзге де олқылықтарды түзету мүмкіндігі арта түскен болар еді. Екіншіден, бұл олқылықтардың отандық сот практикасында орын алуына ҚР АК мәтініне комментарий әзірлеу жұмыстарының жолға қойылмағандығында жатыр деп пайымдаймыз. Мысалы, нарықтық экономикада ертеден келе жатқан шет елдердің тәжірибесіне қарар болсақ, өзін беделді санайтын сол елдегі әрбір құқық факультетінің Азаматтық кодекске берген дербес комментарий жинақтары бар. Осы шаруалардың атқарылуы отандық сот практикасында орын алып жатқан "кереғар байламдар" мәселесінің оң шешілуіне және бірізділік талабының орнығуына оң ықпал етеді деп үміттенеміз.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады