Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" 2003 жылғы 23 желтоқсандағы N 1255 Жарлығын (бұдан әрі - Жарлық) іске асыру мақсатында:
1. Қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органдар:
1) белгіленген тәртіппен орталық аппараттардың жұмысын қамтамасыз етсін және қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) 2004 жылғы 8 қаңтарға дейінгі мерзімде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне өздерінің орталық аппараттарды, ведомстволары мен аумақтық органдарының штат саны лимиттері бойынша ұсыныстар енгізсін;
3) жүктелген міндеттер және берілетін штат саны көлемінде материалдық-техникалық құралдар мен өзге де мүлікті қабылдап алу, тапсыру жөніндегі тиісті бірлескен комиссияларды құрсын;
4) 2004 жылғы 10 қаңтарға дейінгі мерзімде белгіленген тәртіппен Үкіметке мемлекеттік органдар туралы ережелерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулылардың жобаларын енгізсін;
5) Жарлықты іске асыруға бағытталған тиісті нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын әзірлесін және белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізсін;
6) Жарлықты іске асыру үшін өзге де қажетті шараларды қабылдасын.
2. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Жарлықтың 2-тармағы 3) тармақшасының орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Қаржы министрлігі:
2004 жылға арналған республикалық бюджетте қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдарды ұстауға көзделген қаржы есебінен Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес жөніндегі агенттік (қаржы полициясы) қызметін қаржыландыруды қамтамасыз етсін;
2004 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетті дайындау кезінде тапсырылатын күрделі әрі ағымдағы шығыстар қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар бойынша берілетін штат санына барабар көлемде болуын ескерсін.
4. Кедендік бақылау агенттігі белгіленген тәртіппен Жарлықтың 2-тармағы 4) тармақшасының іске асырылуын қамтамасыз етсін.
5. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жүктелсін.
Премьер-Министр