Жергiлiктi соттардың аралық жалпы отырысы мен жедел кеңесiнiң жұмысын ұйымдастыру туралы ереже

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2005 жылғы 7 қыркүйектегi N 162 Өкiмi

Қазақстан Республикасы    
Жоғарғы Соты Төрағасының   
2005 жылдың 7 қыркүйегiндегi 
N 162 өкiмiмен         
БЕКIТIЛГЕН          

  Жергiлiктi соттардың аралық жалпы отырысы мен жедел
кеңесiнiң жұмысын ұйымдастыру туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже облыстық және оған теңестiрiлген соттардың аралық жалпы отырысы мен аудандық және оған теңестiрiлген соттардың жедел кеңестерiн (бұдан әрi - аралық жалпы отырыс, жедел кеңес) өткiзудi, жұмыс тәртiбiн және өкiлеттiгiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1.1. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес жергiлiктi сот төрағасының жанындағы консультативтiк-кеңес беру функцияларын орындайды;

      1.2. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңын , Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.

  2. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң құрамы

      2.1. Аралық жалпы отырыстың құрамына мыналар кiредi:
      1) облыстық соттың төрағасы;
      2) облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының төрағасы;
      3) облыстық сот алқаларының төрағалары;
      4) Судьялар одағы филиалының төрағасы;
      5) судья этикасы жөнiндегi комиссияның төрағасы;
      6) облыс соттарының әкiмшiсi.

      2.2. Жедел кеңестiң құрамына төраға, судьялар, кеңсе меңгерушiсi кiредi;

      2.3. Аралық жалпы отырысты өткiзудi дайындау және хаттаманы жасау жалпы отырыс хатшысына жүктеледі;

      2.4. Жедел кеңестi өткiзуге дайындалу және хаттаманы жасау сот кеңсесi қызметкерлерiнiң арасынан тағайындалатын хатшыға жүктеледi.

  3. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң негiзгi мiндеттерi

      3.1. Аралық жалпы отырыс облыстық және оған теңестiрiлген соттың жалпы отырыстары шақырылымдарының арасындағы кезеңде туындайтын мәселелердi қарайды;

      3.2. Жергiлiктi соттардың аралық жалпы отырысы мен жедел кеңесi соттардың қызметiнiң барысында туындайтын мәселелерге жедел назар аударып отыруы және оларды қарауы тиiс;

      3.3. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң негiзгi мақсаттары сот органдарына жүктелген мәселелер бойынша ұсыныстар әзiрлеу мен ұсынымдарды қалыптастыру болып табылады:
      1) соттардың жоспарларымен және заңнамалармен көзделген iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
      2) соттардың жұмысын жетiлдiру;
      3) алға қойылған мiндеттердi орындау жөнiндегi iс-шаралар өткiзу мақсатында судьялар мен сот қызметкерлерiнiң жұмысының өзара iс-қимылын қамтамасыз ету.

      3.4. Жедел кеңес аудандық және оған теңестірiлген сот қызметiнiң барысында туындайтын мәселелердi қарайды.

  4. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң өкiлеттiктерi

      4.1. Аралық жалпы отырыс:
      1) кезектi жалпы отырысқа дайындық туралы мәселелердi тыңдайды;
      2) облыстық соттың жұмыс жоспарларының, iс-шаралар жоспарларының жобаларын және олардың орындалуын, сондай-ақ Жоғарғы Соттың, облыстық соттың бақылау тапсырмалары мен мiндеттерiнiң орындалуын қарайды;
      3) аудандық және оларға теңестiрiлген сот төрағаларының, соттың жұмысы туралы ақпараттарын тыңдайды;
      4) соттардың қызметiн талдаудың нәтижелерiн, iс жүргiзу құжаттарының жай-күйiн, облыс соттарының сот актiлерiн орындауға жiберуiн талқылайды;
      5) көмек көрсетудiң (тексерудiң) нәтижелерiн қарайды;
      6) азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдарын тексерудiң нәтижелерiн талқылайды;
      7) судьялық және қызмет этикасының сақталуы;
      8) соттардың есеп беру кезеңi (ай, тоқсан, 9 ай, жыл) iшiндегi жұмысының қорытындыларын, соттардың сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiндегi заңдылықты сақтау туралы, iс жүргiзу мерзiмдерiнiң сақталуы, сот процестерiн ұйымдастыру, базалық соттардың, кеңселердiң, мұрағаттардың, кiтапханалардың жұмысын ұйымдастыру, заңнаманы, іс қағаздарын жүргізудi жүйелеу, статистиканы ұйымдастыру туралы ақпараттарды талқылайды;
      9) облыстық сот төрағаларының, алқа төрағалары мен судьяларының Жоғарғы Сотта, аудандық және оған теңестiрiлген сот төрағаларының облыстық сотта және базалық сотта, сондай-ақ, жас судьялардың тағылымдамадан (судьялардың бiлiктiлiгiн арттырудан) өтуiнiң нәтижелерiн талқылайды;
      10) облыстық соттардың алқа төрағалары мен судьяларына, аудандық және оған теңестiрiлген соттардың төрағалары мен судьяларына және соттардың қызметкерлерiне қатысты хаттарды, жеке қаулыларды (ұйғарымдарды), ақпараттарды, ұсынымдарды қарайды;
      11) сот практикасына жасалған талдаулардың нәтижелерiн талқылайды;
      12) судьялар мен сот жүйесi қызметкерлерi оқуының ұйымдастырылуын қарайды;
      13) өзге де мәселелердi қарайды.

      4.2. Жедел кеңес:
      1) сот жұмысы жоспарының жобаларын, iс-шаралар жоспарының жобаларын және олардың орындалуын, облыстық соттың бақылауға алынған нұсқаулары мен тапсырмаларының жобаларын қарайды;
      2) сот практикасына жасалған талдаулардың нәтижелерiн талқылайды;
      3) судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыру, сот процестерiне дайындықты ұйымдастыру және оларды өткiзу, iстердi қарау мерзiмдерiн сақтау және т.б. туралы ақпараттарын тыңдайды;
      4) азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары бойынша тексерудiң нәтижелерiн, судьялық және қызмет этикасының сақталуын талқылайды;
      5) судьялар мен сот қызметкерлерiне қатысты хаттарды, жеке қаулыларды (ұйғарымдарды), ақпараттарды, ұсынымдарды қарайды;
      6) кеңселердiң, мұрағаттардың, кiтапханалардың жұмысының және оларға жүргiзiлген тексерулердiң, заңнаманы, iс қағаздарын жүргiзудi жүйелеудiң, статистиканы ұйымдастырудың нәтижелерiн талқылайды;
      7) өзге де мәселелердi қарайды.

  5. Аралық жалпы отырыстар мен жедел кеңестердi өткiзудiң тәртiбi

      5.1. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес қажеттiлiкке қарай өткiзiледi;

      5.2. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң шешiмi көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешушi болып табылады;

      5.3. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң отырыстары хаттамамен ресiмделедi, хаттаманы хатшы жүргiзедi;
      Отырыс хаттамасына мынадай мәлiметтер енгiзiледi:
      1) отырыстың өтетiн орны мен күнi;
      2) отырысқа қатысқан аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес мүшелерi туралы;
      3) отырысқа шақырылғандар ретiнде қатысқан адамдар туралы;
      4) қаралған мәселелердiң тiзбесi;
      5) мәселелердi қарау кезiнде сөйлеген адамдар туралы;
      6) қаралған мәселелер бойынша шешiмдер.
      Отырыс хаттамасы отырыс өткiзiлген соң үш күннен кешiктiрiлмей ресiмделедi және оған төрағалық етушi мен хатшы қол қояды.
      Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес хаттамаларына күнтiзбелiк жылдың реттiк нөмiрлерi берiледi.
      Отырыстардың хаттамалары, сондай-ақ, олардың материалдары (оның iшiнде стенограмма мен диктофон жазбалары) соттардың кеңселерiнде тиiстi нарядта сақталады.

  6. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңеске шығарылған
мәселелердi қарау тәртiбi мен қабылданған шешiмдердi ресiмдеу

      6.1. Күн тәртiбiн және аралық жалпы отырыстың қарауына қажеттi құжаттарды аралық жалпы отырыс хатшысы, ал жедел кеңестiң қарауына енгiзiлетiн құжаттарды хатшы дайындайды;

      6.2. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң қарауына шығарылатын мәселелер жөнiндегi қажеттi құжаттарды алдын ала қарау үшiн аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң мүшелерiне берiледi;

      6.3. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңес қаралған мәселелер бойынша хаттамалық шешiм қабылдайды;

      6.4. Аралық жалпы отырыс пен жедел кеңестiң шешiмдерi ұсыныс сипатында болады.

       Жоғарғы Соттың ұйымдастыру-талдау
      бөлімі

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады