Йорк герцогi Эндрю ханзаданың Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 187-ө Өкімі

      Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi арасындағы екi жақты ынтымақтастықты тереңдету және 2006 жылғы 3 - 7 шiлдеде Астана, Алматы, Орал, Ақсай қалаларында Йорк герцогi Эндрю ханзаданың Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрi - сапар) дайындау және өткiзу жөнiндегi протоколдық-ұйымдастыру iс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi сапарды дайындау және өткiзу жөнiндегi протоколдық-ұйымдастыру iс-шараларын қамтамасыз етсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Іс басқармасы:
      қосымшаға сәйкес Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi ресми делегациясының мүшелерiне қызмет көрсету жөнiндегi ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      сапарды өткiзуге арналған шығыстарды 2006 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдiң және мемлекеттiк органдардың басқа да лауазымды тұлғалы адамдарының қызметiн қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бюджеттiк бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Ұлыбритания мен Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi ресми делегациясы мүшелерiнiң әуежайлардағы, тұратын және болатын орындарындағы қауiпсiздiгiн, жүретiн бағыттары бойынша бiрге жүрудi, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетудi қамтамасыз етсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi белгiленген тәртiппен:
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiмен және Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп, Йорк герцогi Эндрю ханзаданың арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстiнен ұшып өтуiн, Астана, Алматы және Орал қалаларының әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;
      Астана, Алматы және Орал қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетудi, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсiн.

      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етудi қамтамасыз етсiн.

      6. Астана, Алматы, Орал, Ақсай қалаларының әкiмдерi Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу жөнiндегi ұйымдастыру iс-шараларының орындалуын, олардың болатын орындарында бiрге жүрудi, сондай-ақ мәдени бағдарлама мен ресми қабылдаулар ұйымдастыруды қамтамасыз етсiн.

      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы Астана, Алматы және Орал қалаларының әуежайларында Йорк герцогi Эндрю ханзаданы қарсы алу және шығарып салу рәсiмдерiне қатыссын.

      8. Осы өкiмнiң iске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiне жүктелсiн.

       Премьер-Министр

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрiнiң  
2006 жылғы 30 маусымдағы
N 187-ө өкiмiне   
қосымша       

  Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi
ресми делегациясының мүшелерiне қызмет көрсету жөнiндегi
ұйымдастыру шаралары

      1. Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi ресми делегациясының мүшелерiн Астана, Алматы, Орал қалаларындағы "Риксос-Президент", "Хаятт Ридженси", "Пушкин" қонақ үйлерiнде 1+3 форматы бойынша орналастыру, тамақтандыру және оларға көлiктiк қызмет көрсету.
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiн Астана, Алматы, Орал қалаларында "Риксос-Президент", "Хаятт Ридженси", "Пушкин" қонақ үйлерiне орналастыру.
      3. Баспа өнiмдерiн (бейдждер, автокөлiктерге арналған рұқсатнамалар, куверткалар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      4. Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi ресми делегациясының басшысы мен мүшелерi үшiн сыйлық және кәдесыйлар сатып алу.
      5. Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң ресми делегациясын Астана, Алматы және Орал қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу кезiнде шай дастарханын ұйымдастыру.
      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан Йорк герцогi Эндрю ханзаданың құрметiне Астана қаласында ресми қабылдау ұйымдастыру.
      7. Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгi ресми делегациясының мүшелерiне және бiрге жүретiн адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады