Румынияның Президенті Траян Басескудің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2010 жылғы 1 наурыздағы N 38-ө Өкімі

      Румынияның Президенті Траян Басескудің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2010 жылғы 2 - 4 наурызда Астана және Қарағанды қалаларына Румынияның Президенті Траян Басескудің Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша):
      1) қосымшаға сәйкес Румынияның ресми делегациясының мүшелеріне «1+10» форматы бойынша қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      2) сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2010 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Румынияның ресми делегациясы мүшелерінің Астана және Қарағанды қалаларының әуежайларындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Румынияның Президенті арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана және Қарағанды қалаларының
әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана және Қарағанды қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      6. Астана және Қарағанды қалаларының әкімдіктері Румынияның ресми делегациясын Астана және Қарағанды қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайларды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, Қарағанды қаласында көлік қызметін көрсетуді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Румынияның Президентін қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2010 жылғы 1 наурыздағы
№ 38-ө өкіміне    
қосымша        

Румынияның ресми делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Румыния ресми делегациясының мүшелерін «1+10» форматы бойынша және Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйге орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Румынияның ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      4. Румынияның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
      5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан Астана қаласында Румынияның Президенті Траян Басескудің құрметіне қабылдаулар (таңертеңгі, түскі және кешкі ас) ұйымдастыру.
      6. Іс-шаралар өткізілетін орындарды гүлмен безендіру.
      7. Румынияның ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      8. Румынияның ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады