Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі 2010 жылғы 30 наурыздағы № 46-ө Өкімі

      Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2010 жылғы 6-7 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының Қазақстан Республикасының Астана, Семей, Курчатов қалаларына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+1+10» форматы бойынша БҰҰ ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету бойынша ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге қатысты шығыстарды 2010 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың баска да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Халықтың республикалық деңгейдегі санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі БҰҰ ресми делегациясы мүшелерінің Астана, Семей, Курчатов қалаларының әуежайларындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, БҰҰ Бас хатшысының арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана және Семей қалаларының әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана және Семей қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Курчатов қаласын айналып ұшуына және оларға баруына рұқсат ресімдесін.
      6. Курчатов қаласына және бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына бару үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) делегация басшысына бір тікұшақ берсін және оны пайдаланғаны үшін шығыстарды төлесін, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі делегация мүшелеріне бір тікұшақ берсін, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі делегация мүшелеріне және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне екі тікұшақ берсін.
      7. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ресми делегация, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жинақталып тұратын жерлерде және іс-шаралар өткізілетін орындарда өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қ.Б. Саудабаевтың атынан ресми қабылдау уақытында концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      9. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін.
      10. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунды қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      11. Астана, Семей және Курчатов қалаларының әкімдіктері БҰҰ-ның Бас хатшысын Астана, Семей және Курчатов қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу, әуежайларды және көшелерді безендіру, баратын орындарға бірге жүру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды қамтамасыз етсін.
      12. Астана, Семей және Курчатов қалаларының әкімдіктері ресми делегация мүшелері мен бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
      13. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрлігі бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына баруға байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешуді қамтамасыз етсін.
      14. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Астана, Семей Курчатов қалаларының әкімдіктері іс-шаралар өткізілетін және тұратын орындарда pecми делегация мүшелеріне медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
      15. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атынан жұмыс бабындағы түскі ас ұйымдастырсын.
      16. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2010 жылғы 30 наурыздағы
№ 46-ө өкіміне    
қосымша        

БҰҰ ресми делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. БҰҰ ресми делегациясының мүшелерін (1+1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапар бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. БҰҰ-ның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
      4. Астана қаласында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның құрметіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан қабылдауды ұйымдастыру.
      5. Астана қаласында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның құрметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қ.Б. Саудабаевтың атынан қабылдаулар (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ұйымдастыру.
      6. Делегация басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      7. Іс-шаралар өткізілетін орындарды гүлмен безендіру.
      8. Ресми делегация мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      9. Ресми делегация мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады