Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстан Республикасына ресми сапарына дайындық және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 4 мамырдағы 90-ө Өкімі

      Мажарстанның Премьер-Министрі В. Орбанның Қазақстан Республикасына ресми сапарына дайындық және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы 3 – 4 мамыр кезеңінде Астана қаласында Мажарстанның Премьер-Министрі В. Орбанның Қазақстан Республикасына ресми сапарына (бұдан әрі – сапар) дайындық және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+10» форматы бойынша жоғары деңгейде Мажарстанның ресми делегациясы мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге қатысты шығыстарды 2012 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мажарстанның ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Мажарстан Премьер-Министрі В. Орбанның арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін.
      6. Астана қаласының әкімдігі Мажарстанның ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Мажарстанның ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы (келісім бойынша) Мажарстанның Премьер-Министрі В. Орбанды қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2012 жылғы 4 мамырдағы 
№ 90-ө өкіміне    
қосымша       

Мажарстанның ресми делегациясы мүшелеріне қызмет
көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Мажарстан ресми делегациясының мүшелерін (1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақүйде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Мажарстанның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан Астана қаласында Мажарстан Премьер-Министрінің құрметіне (таңғы, түскі, кешкі) қабылдаулар ұйымдастыру.
      5. Мажарстанның ресми делегацияның басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Мажарстан ресми делегациясының басшысы мен мүшелеріне, сондай-ақ бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      8. Мажарстан ресми делегациясының басшысы мен мүшелеріне, сондай-ақ бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.
      9. Астана қаласындағы «Риксос Президент Астана» қонақүйінде залдарды жалға алу ақысын қамтамасыз ету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады