Ресей Федерацисының Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2012 жылғы 18 қыркүйектегі № 175-ө Өкiмi

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және 2012 жылғы 19 қыркүйекте Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+10» форматы бойынша жоғары деңгейде Ресей Федерациясының ресми делегациясы мүшелеріне қызмет көрсету бойынша ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге қатысты шығыстарды 2012 жылға арналған республикалық бюджеттегі 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету», 003 «Халықтың республикалық деңгейдегі санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың бөлек санаттарына медициналық жәрдем көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясының ресми делегациясы мүшелерінің Павлодар қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Ресей Федерациясы Президентінің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Павлодар қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Ресей Федерациясы ресми делегациясына Павлодар қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу уақытында тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:
      1) сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін;
      2) Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми және бейресми қабылдаулар кезінде концерттік бағдарламаны ұйымдастыруды және техникалық қолдау көрсетуді, сондай-ақ мәдени бағдарламаны қамтамасыз етсін;
      3) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеуді, отандық және шетелдік журналистердің қатысуымен халықаралық баспасөз орталығының жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Павлодар облысының әкімдігі:
      1) Павлодар қаласында сапарды өткізу, әуежай мен көшелерді безендіру, баратын жерлерінде бірге жүру бойынша ұйымдастыру іс-шараларын орындауды;
      2) көлік қызметін көрсетуді, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кофе-брейк ұйымдастырсын, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттерінің кездесуін аудиожазуды және стенографиялауды, іс-шара өтетін орында микрофондар мен дыбыс күшейткішінің болуын қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) сапар бағдарламасы бойынша сәйкес ресми салтанаттарға қатыссын.
      9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2012 жылғы 18 қыркүйектегі
№ 175 өкіміне     
қосымша        

Ресей Федерациясының ресми делегациясы мүшелеріне
қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Ресей Федерациясы ресми делегациясының мүшелерін (1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Павлодар қаласындағы қонақ үйлерге орналастыру.
      2. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың атынан Ресей Федерациясының Президенті В. В. Путиннің және ресми делегация мүшелерінің (1+10 форматы бойынша) құрметіне ресми және бейресми қабылдау ұйымдастыру.
      3. Ресми делегация басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      4. Ресми делегация мүшелері мен бірге ілесіп жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады