Қазақстан Республикасында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 235-ө өкімі

      2020 жылғы 31 қаңтарда Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (бұдан әрі - ЕҮАК) отырысын дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы өкімге 1-қосымшаға сәйкес ЕҮАК отырысын дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісу бойынша):

      1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне Алматы қаласында мынадай форматтар бойынша жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын:

      Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы (бұдан әрі - мүше мемлекеттер) ресми делегацияларының басшылары мен мүшелері - "1+5";

      Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы - "1";

      2) осы өкімге 2-қосымшаға сәйкес ЕҮАК отырысын еткізуге арналған шығыстарды 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" бағдарламасы, 028 "Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасы медициналық ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету" бағдарламасының 100 "Республикалық деңгейде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы" кіші бағдарламасы, 028 "Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасы медициналық ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету" бағдарламасының 101 "Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету" кіші бағдарламасы бойынша 2020 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет кызметі (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерінің Алматы қаласының халықаралық әуежайындағы, тұратын және болатын орындардағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен бірге жүретін адамдарының арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Алматы қаласының халықаралық әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын (ауа-райы қолайсыз болған жағдайда Шымкент қаласының әуежайында, резерв ретінде);

      2) Алматы қаласының халықаралық әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін;

      3) Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп (ауа-райы қолайсыз болған және арнайы ұшақтар Шымкент қаласының әуежайында қонған жағдайда, резервтік нұсқа ретінде), ЕҮАК отырысына қатысатын мемлекеттердің ресми делегацияларын Шымкент қаласынан Алматы қаласына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп белгіленген тәртіппен ЕҮАК отырысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

      6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің атынан ЕҮАК отырысына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері басшыларының құрметіне берілетін ресми қабылдаулар (бейресми қабылдаулар) кезінде концерттік бағдарламалар мен іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыс, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

      7. Алматы қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасымен (келісу бойынша) және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қажет болған жағдайда мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.

      8. Алматы қаласынын әкімдігі:

      1) Алматы қаласының халықаралық әуежайында мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу бойынша ұйымдастыру іс-шараларын орындауды;

      2) Алматы қаласының халықаралық әуежайын, көшелер мен іс-шаралар өткізілетін орындарды безендіруді;

      3) 2020 жылғы 29 қаңтар - 2 ақпан кезеңінде мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының мүшелеріне (формат бойынша) көліктік қызмет көрсету;

      4) мүше мемлекеттердің делегациялары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Алматы қаласының халықаралық әуежайынан, олардың тұратын жерінен іс-шаралар өткізілетін орынға дейін көлікпен жеткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

      9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша) ЕҮАК отырысына қатысатын мүше мемлекеттердің үкіметтері басшыларын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.

      10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісу бойынша) Алматы қаласының халықаралық әуежайында мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу уақытында паспорттық бақылауды өтудің жеңілдетілген тәртібін қоса отырып, жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

      11. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2019 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 235-ө өкіміне
1-қосымша

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын дайындау мен өткізу бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің протоколдық-ұйымдастыру іс-шаралары

      2020 жылға арналған республикалық бюджетте 006 "Өкілдік шығындар" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен:

      1) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (бұдан әрі - ЕҮАК) шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстарының дыбыс пен жарық жабдығын, конференц-жүйесін, баспасөз конференцияларын;

      2) ЕҮАК шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстары өткізілетін орындарды тиісті тақырыптық безендіруді, ЕҮАК-тің шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстары (монтаж/демонтаж жұмыстары) өтетін залдарды және штаб бөлмелерін жалдауды;

      3) баспасөз орталығын техникалық жарақтандыруды (іс-шараларды тікелей телетрансляциялауды, оның ішінде баспасөз орталығына теле- және аудиосигнал беруді, компьютерлерді, принтерлерді, көп функционалды құрылғыны, халықаралық байланысқа, жоғары жылдамдықтағы сымды және сымсыз интернетке қосылған телефон және факс аппараттарын жалға алу, мониторларды орнату, сондай-ақ дыбыс жабдығы және бейне түсіру, аудиосплиттер);

      4) ЕҮАК отырыстарына қатысушыларды, бірге жүретін адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспа және басқа да өнімдерді (бейдждер, автомобильдерге арналған арнайы кіру рұқсатнамаларын) дайындауды;

      5) аталған іс-шараларды өткізу кезеңінде ЕҮАК отырыстарына қатысушылар, бірге жүретін адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін тамақтандыру мен кофе-брейктерді ұйымдастыру және қаржыландыру.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2020 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 235-ө өкіміне
2-қосымша

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы кезінде ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. 2020 жылғы 29 қаңтар - 2 ақпан кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін ("1+5" форматы бойынша), Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы ("1" форматы бойынша) мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін Алматы қаласының қонақүйлері мен резиденцияларына орналастыру.

      2. Алматы қаласының халықаралық әуежайында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің делегацияларын қарсы алу мен шығарып салу кезінде шай дастарханын және гүлмен безендіруді ұйымдастыру.

      3. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері басшыларының құрметіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан берілетін ресми, бейресми (таңғы, күндізгі, кешкі қонақасы) қабылдауларды, сондай-ақ техникалық үстелдерді ұйымдастыру.

      4. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.

      5. 2020 жылғы 29 қаңтар - 2 ақпан кезеңінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасына көліктік қызмет көрсету.

      6. Іс-шаралар өткізілетін орындарда техникалық қамтамасыз ету, тақырыптық және гүлмен безендіру.

      7. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне медициналық қызмет көрсету.

      8. Өткізілетін іс-шаралардың стенографиялық жазбасын қамтамасыз ету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады