2020 - 2023 жылдардағы каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 14 қаңтардағы № 1-ө өкімі

      "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес балалардың тұлғалық, әлеуметтік, шығармашылық дамуы және каникул кезеңінде құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін:

      1. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі:

      1) каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуын қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыруға көзделген жергілікті бюджет қаражаты, демеушілік қаражат есебінен қамтамасыз етсін;

      2) балаларды сауықтыру ұйымдарын пайдалануға дайындау және қабылдау жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл комиссияларының жұмысын жалғастырсын;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарының, жыл бойы жұмыс істейтін балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерьлердің желісін кеңейту және шығыны аз демалыс ұйымдары нысандарының (шатырлы, киіз үйлі, отбасылық лагерьлер, күндізгі орталықтар, туристік жорықтар, археологиялық және өлкетану экспедициялары) үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылдасын;

      4) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын, мүгедек балаларды, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балаларды, жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушыларын сауықтыру демалысын басым тәртіппен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етсін;

      5) жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы білім беретін мектептердің, қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы тамақтандыратын және тамақтандырмайтын күндізгі лагерьлерде балалардың бос уақытын ұйымдастырсын;

      6) еңбек және демалыс лагерьлерінде, мектеп орманшылығында, абаттандыру және көгалдандыру жасақтарында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес балалардың жұмыспен айналысуын жүзеге асырсын;

      7) балаларды сауықтыру ұйымдарының өрт қауіпсіздігін, балаларды сауықтыру демалысы, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуы кезінде балалардың өмірі мен денсаулығының судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын;

      8) балаларға медициналық қызмет көрсету және оларды сауықтыру үшін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз етсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:

      1) балаларды сауықтыру ұйымдарына балаларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етсін;

      2) балалардың жарақат алуының алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін насихаттау жөнінде профилактикалық шараларды көздесін;

      3) балалар құқық бұзушылықтарының, қылмыстарының профилактикасы, балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу жөнінде іс-шаралар өткізсін;

      4) балаларды сауықтыру ұйымдарының өртке қарсы кауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылауды ұйымдастырсын;

      5) балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың сауықтыру демалысы орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде профилактикалық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырсын.

      3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарының объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және қадағалауды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі:

      1) балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуын дайындау мен өткізу барысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін;

      2) республикалық және өңірлік телевизия арналарында балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы арнайы хабарлар циклін дайындасын және трансляциялауды қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында балаларға каникул кезеңінде музейлер мен киелі жерлерге тегін экскурсиялар ұйымдастыру мәселесін пысықтасын.

      6. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында балаларға арнайы туристік маршруттар қалыптастырсын.

      7. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2020 - 2023 жылдарға арналған каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуын жалпы үйлестіру мен бақылауды қамтамасыз етсін және жыл сайын 10 қазанға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп берсін.

      8. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады