Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 54-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      Халықты жұмыспен қамту шараларын іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 54-ө өкімімен
бекітілген

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісу бойынша)

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары (келісу бойынша).

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 54-ө өкімімен
бекітілген

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы_____ № ______ өкімімен құрылған Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның негізгі міндеттері

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасының (бұдан әрі - Жол картасы) іске асырылуына жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      2) өңірлер бөлінісінде Жол картасын қаржыландыру лимиттерін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) қаражаттың үнемделуі қалыптасқан жағдайда өңірлерге бөлінген сомаларды түзетуді нақтылау және қайта бөлу;

      4) Жол картасы аясында іске асыру үшін инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін қарау және бекіту бойынша ұсыныстар енгізу;

      5) Жол картасының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын мониторингтеу;

      6) Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын түзету болып табылады.

3-тарау. Комиссияның негізгі құқықтары

      4. Комиссия өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметіне Жол картасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және өзге де ұйымдардан Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті ақпарат сұратуға;

      3) Комиссия отырыстарында Жол картасының іске асырылу барысы туралы мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың басшыларын тыңдауға құқылы.

4-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссияны төраға басқарады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады

      6. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      7. Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және оны өткізген соң хаттаманы ресімдеуді Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды.

      8. Отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ оларды өткізу орны мен уақытын Комиссия төрағасы анықтайды.

      9. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілген соң Комиссияның әрбір мүшесіне отырысқа дейін кемінде үш күн бұрын беріледі.

      10. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және бейнеконференцбайланыс режимінде өткізілуі мүмкін және егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады

      11. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі

      Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде баяндалуға және хаттамаға қоса берілуге тиіс.

      Комиссия шешімдері хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

5-тарау. Комиссия қызметінің тоқтатылуы

      12. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады