Түрікменстанның Президенті С.Г. Бердымухамедовтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 10 қазандағы № 166-ө өкімі.

      2022 жылғы 15 қазанда Астана қаласында Түрікменстанның Президенті С.Г. Бердымухамедовтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

      2. Осы өкімге қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісу бойынша) белгіленген тәртіппен Түрікменстанның ресми делегациясының мүшелеріне "1+12" форматы немесе өзаралық қағидаты бойынша жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 001 "Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының мемлекеттік функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтер" бағдарламасы, 028 "Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету" бағдарламасының 100 "Республикалық деңгейде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету" кіші бағдарламасы бойынша 2022 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Түрікменстанның ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде), тұратын және баратын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Түрікменстанның Президенті С.Г. Бердымухамедовтің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және ұшып шығуын (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде);

      2) Астана қаласының әуежайында (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде) арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды;

      3) Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде), Түрікменстанның ресми делегациясының Қарағанды қаласынан Астана қаласына дейін жол жүруін қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін белгіленген тәртіппен қамтамасыз етсін.

      6. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының медициналық орталығы (келісу бойынша) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, Түрікменстанның ресми делегациясы мүшелеріне "сол күні" нәтижесі шығатын ПТР-тестілеуді бюджет қаражаты есебінен өткізуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда Түрікменстанның ресми делегациясының басшысы мен мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.

      7. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрімен (келісу бойынша) бірлесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Түрікменстанның Президенті С.Г. Бердымухамедовтің құрметіне берілетін қабылдау (бейресми қабылдау) кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды және іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыстық, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) қамтамасыз етсін.

      8. Астана қаласының әкімдігі Түрікменстанның ресми делегациясын әуежайда қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жүргізілуін, әуежайларды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

      9. Қарағанды облысының әкімдігі (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде) Түрікменстанның ресми делегациясын Қарағанды қаласында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жүргізілуін қамтамасыз етсін.

      10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша) Түрікменстанның Президенті С.Г. Бердымухамедовтің ресми қарсы алу және шығарып салу, Астана қаласында құрметті қарауылды қамтамасыз ету, сондай-ақ Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қою рәсімдеріне қатыссын.

      11. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісу бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түрікменстанның ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резервтік нұсқа ретінде) қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

      12. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 10 қазандағы
№ 166-ө өкіміне
қосымша

Түрікменстан делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. 2022 жылғы 15 қазанда Түрікменстанның ресми делегациясының басшысы мен мүшелерін ("1+12" форматы немесе өзаралық қағидаты бойынша) және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйге орналастыру.

      2. Баспа өнiмдерін (бейдждер, сапар бағдарламасы, автомобильдерге арнайы рұқсаттамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар және т.б.) дайындау.

      3. Түрікменстанның ресми делегациясының басшысы мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарқанын және гүлмен безендіруді ұйымдастыру.

      4. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың атынан қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі ас), бейресми қабылдаулар, сондай-ақ техникалық үстелдерді ұйымдастыру.

      5. Түрікменстанның ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.

      6. Астана қаласында іс-шаралар өткізілетін орындарды техникалық қамтамасыз ету, тақырыптық және гүлмен безендіру.

      7. Астана қаласында ресми делегацияның басшысы мен мүшелеріне 2022 жылғы 15 қазанда көліктік қызмет көрсету.

      8. Астана қаласында ресми делегацияның басшысы мен мүшелеріне медициналық қызмет көрсету.

      9. Астана қаласында өткізілетін іс-шаралардың стенографиялық жазбасын қамтамасыз ету.

      10. Астана қаласында шағын және кеңейтілген форматтарда келіссөздер өткізу үшін залдарды жалға алу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады