Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 1 шілдедегі N 4 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә.Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, Н.В.Белоруков, А.М.Нұрмағамбетов, Y.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары А.С.Таспихов пен Е.О.Омаровтың,
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасының әдiлет бiрiншi вице-министрi Р.Ж.Мұқашевтың және Қазақстан Республикасының көлiк және коммуникациялар вице-министрi Е.Ж.Қошановтың,
      Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi Б.Т.Сұлтановтың,
      Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Г.Н.Әбдiқалықованың,
      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары А.С.Орымбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуроры аппаратының басшысы C.Ғ.Темiрболатовтың қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының Конституцияның  26-бабының  3-тармағын ресми түсiндiру туралы бiр конституциялық iс жүргiзуге бiрiктiрiлген екi өтiнiшiн қарады.
      Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестiң мүшесi Ү.М.Стамқұловтың хабарламасын, өтiнiш субъектiсi өкiлдерiнiң және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, сондай-ақ сарапшылардың - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi тарих-филология факультетiнiң орыс тiл бiлiмi кафедрасының меңгерушiсi, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Қайыржановтың және Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң жанындағы Заңнамалық актiлердi әзiрлеу және сараптау жөнiндегi ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент М.Қ.Өмiрқұловтың қорытындыларымен танысып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 2005 жылғы 13 мамырда және 2005 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының Конституцияның  26-бабының  3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiштерi келiп түстi.
      2005 жылғы 13 мамырда келiп түскен өтiнiште Парламент депутаттары Республиканың заңнамалық актiлерiмен, соның iшiнде "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегi N 156-XIII Заңының  13-бабымен , олардың пiкiрiнше жекелеген тұлғалардың жеке меншiгiн шектейтiн жеңiлдiктер белгiленуiне жол берiлуi тұрғысынан алғанда Конституцияның  26-бабының  3-тармағына ресми түсiндiрме берудi сұрайды.
      Басқа бiр өтiнiште Парламент депутаттары Конституцияның  26-бабының  3-тармағын, қолданыстағы бiрқатар заңдарда белгiленген жердi мемлекеттiк қажеттiлiк үшiн алып қою (сатып aлу) туралы нормаларды ескере отырып түсiндiрудi сұрайды. Мұндай өтiнiш беруге меншiк иелерiнен жердi алып қою (сатып алу) практикасы себеп болған. Парламент депутаттары "мемлекет мұқтажы" деген конституциялық ұғым құқық қолдану практикасында дәл және негiздi түсiндiрiлмейдi деп пайымдайды. Одан тыс, депутаттар "мемлекет мұқтажы" деген конституциялық ұғым қолданыстағы заңдарда "мемлекеттiк қажеттiлiк" деген ұғыммен ауыстырылған деп есептейдi.
      Конституциялық Кеңес өтiнiштерде қойылған сұрақтардың мән-жайы бойынша мынаны ескердi.

      1. Конституциялық Кеңес Конституцияның  26-бабының  3-тармағын ресми түсiндiрудi Парламент депутаттарының өтiнiштерiнде көрсетiлген қолданыстағы заңдардың нормаларын конституциялылығы тұрғысынан бағалаумен байланыстырмайды. Бұдан бұрын Конституциялық Кеңес меншiк иесiн мүлкiнен айырудың немесе мүлiктi иелiктен айырудың нақты мәселелерi бойынша Конституцияның  26-бабының  3-тармағына ресми түсiндiрме берген болатын (Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 16 маусымдағы  N 6/2  және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы  N 21/2  қаулылары).

      2. Конституцияның  26-бабының  3-тармағы соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға жол берiлмейтiндiгiн, сондай-ақ заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн екендiгiн көздейдi. Ал меншiк құқығын басқаша шектеулерге келер болсақ, онда бұл мәселелер осы конституциялық нормамен реттелмейдi.
      Меншiк құқығын шектеудiң негiздерi мен шектерi және олардың сипаты Конституцияның  39-бабының  1-тармағынан туындайды, оған сай "адамның құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана тек заңмен шектеулі мүмкін". Демек, мүліктік құқық абсолютті болып табылмайды және азаматтық-құқықтық қатынастар саласында болсын, жария-құқықтық салада болсын заңдармен шектелуi мүмкiн. Бұл құқықтық позиция сондай-ақ меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленетiндiгi туралы конституциялық нормадан (Конституцияның  6-бабының  2-тармағы) және "Қазақстан Республикасы Конституциясының  6-бабының  2-тармағын және  61-бабы  3-тармағының 1) және 2) тармақшаларын ресми түсiндiру туралы" Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 3 қарашадағы N 19/2  қаулысынан  келiп туындайды.
      Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет үшiн адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады (Конституцияның  1-бабы ). Оларды ең қымбат қазына деп тану, мемлекет үшiн адамға, оның материалдық жағынан әл-ауқатты болуына қамқорлық жасаудан асқан маңызды мiндет жоқ екенiн бiлдiредi. Мемлекет адамның лайықты өмiр сүруi үшiн қолынан келген барлық жағдайды жасауға мiндеттi. Мұндай құқықтық позиция Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 21 желтоқсандағы  N 18/2 , 2003 жылғы 31 желтоқсандағы  N 13 , 2004 жылғы 20 сәуiрдегi  N 3 , 2005 жылғы 29 сәуiрдегi N 3 қаулыларында бiлдiрiлген.
      Конституциялық Кеңес қаралған конституциялық нормалардың мазмұны мемлекеттiң меншiк иесiнiң өз құқықтарын жүзеге асыруының шекарасын айқындауына негiз бередi деп есептейдi. Мемлекеттiк маңызы бар әлеуметтiк мәселелердi шешуге бағытталған және сонымен қатар меншiк құқығын шектейтiн жеңiлдiктердi заң шығару жолымен белгiлеу заң шығарушының төтенше өкiлеттiгi болып табылады.
      Жолаушылардың белгiлi бip санаттары үшiн жеңiлдiктер белгілеу кезiнде мүлiктi иелiктен айыру болмайды, керiсiнше мемлекеттiк, атап айтқанда, әлеуметтiк мәселелердi шешудi қамтамасыз ету мақсатында мүлiктi пайдалану режимiн заң жүзiнде реттеу орын алады. Осыған байланысты көрген шығындардың орнын толтыру, әркiмнiң қоғам мен мемлекет өмiрiне қатысуына мiндеттi екендiгi тұрғысынан (мәселен, салық төлеу, табиғи монополия субъектiлерiнiң тарифтерiн реттеу және т.б.) қарастырылуға тиiс. Осы жазылған Конституцияның  6-бабы  2-тармағының талабына негізделген, оған сәйкес меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс.

      3. Кеңестiң 2000 жылғы 20 желтоқсандағы N 21/2  қаулысының  қаулы бөлiгiнде, Конституцияның  26-бабының  3-тармағын "заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн" деген бөлiгiнде, осы нормада аталған: бiрiншiден, мемлекет мұқтажы үшiн, екiншiден, заңдармен көзделген ерекше жағдайларда, және, үшiншiден, оның құны тең бағамен өтелген кезде деген шарттар мiндеттi түрде сақталған кезде ғана осы мүлiктi иеліктен айыру мүмкiн болады деп түсіну керек деп атап көрсетіледі.
      Бұл аталған ережелер меншiк құқығы қорғалуына қосымша кепiлдiк жасап, өз өкiлеттiгiн iске асыру кезiнде заң шығару және құқық қолдану органдары үшiн мiндеттi болады. 2000 жылғы 20 желтоқсандағы  N 21/2  және 2001 жылғы 9 шiлдедегi N  12/2  қаулыларда Конституциялық Кеңес,  Конституция  "мемлекет мұқтажы", "ерекше жағдайлар", "құны тең бағамен өтелген кезде" деген ұғымдарды анықтап отырмастан, оны заңдарға жүктейдi деп атап көрсеткен болатын. Алайда жоғарыда аталған ұғымдар заңнамалық актiлерде толығымен ашып көрсетiлмеген, ал бұл құқық қолдану практикасында белгiлi бiр қиыншылықтар туғызады.
      2003 жылғы 20 маусымдағы N 442-ІІ Қазақстан Республикасының  Жер кодексiнде , 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94-I  "Тұрғын-үй қатынастары туралы" , 1998 жылғы 20 мамырдағы N 230-1  "Қазақстан Республикасы астанасының ерекше мәртебесi туралы" , 1998 жылғы 1 шiлдедегi N 258-I  "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы"  заңдарда, жер учаскелерiн иелiктен айырудың шарты ретiнде Конституцияда белгiленгенiндей "мемлекет мұқтажы" емес, "мемлекеттiк қажеттiктер" көрсетiледi, бұл Конституцияның  26-бабының  3-тармағымен көзделген жер учаскелерiн иеліктен күштеп айыру Шарттарын практикада кеңейтiп түсiндiруге мүмкiндiк бередi.
      Мемлекет пен меншiк иелерiнiң арасындағы құлау (қирау) қаупi бар апатты және ескiрген тұрғын үйлердi бұзуға және қалалар мен өзге де елдi мекендердiң бас жоспарларын орындауға қатысты түсiнiспеушiлiктер көбiнесе, жер учаскелерiн бағалау және алып қою процесiне қатысушылардың барлығының мүдделерi тепе-тең ескерілуiн қамтамасыз етуге қаратылған iс-шаралар соған сәйкес жүзеге асырылатын рәсiмдердiң заң жүзiнде реттелмеуiнен келiп шығады.
      Конституциялық Кеңес, "мұқтаждық" және "қажеттiлiк" деген ұғымдар мазмұны жағынан жақын болғанымен, алайда, аталған нормативтiк құқықтық актiлердiң контексiнде мағынасы жағынан бiрдей жүк көтермейдi деп пайымдайды. "Мұқтаждық" деген ұғым "қажеттiлiкке" қарағанда зәрулiктiң жоғарырақ деңгейiн бiлдiредi. Соған орай Конституцияның  26-бабының  3-тармағындағы "мемлекет мұқтажы" деген ұғымды "ерекше жағдайлар" деген ұғыммен тiркестiре отырып түсiнген және қолданған жөн.
      Жазылғанның негiзiнде, Конституцияның  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  17-бабы  3-тармағының 1) тармақшасын,  31,   32,   33,   37-баптарын  және   41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының  26-бабының  3-тармағы меншік құқығын, мүлікті иеліктен айырумен байланыстырмай отырып, заңдармен шектеулер белгiлеуге кедергi жасамайды деп танылсын. Оның үстiне, мемлекет Конституцияның  6-бабының  2-тармағына сәйкес меншiктiң қоғам игiлiгiне қызмет етуiн қамтамасыз ету мақсатында, Конституцияның  39-бабының  1-тармағымен көзделген жағдайларды ескере отырып, меншiк құқығына шектеулер белгiлеуге хақылы.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының  26-бабының  3-тармағы, солардың негiзiнде және соларға сәйкес iске асырылатын мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктi иелiктен күштеп айыру тәртiбiнiң, шарттары мен рәсiмдерiнiң, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты ретiнде, заңнамалық реттелуiн көздейдi деп танылсын.

      3. "Мемлекет мұқтажы", "ерекше жағдайлар" және "мүлiктiң құнын тең бағамен өтеу" деген ұғымдарды түсiну мен пайдаланудағы бiрiздiлiктi қамтамасыз ету, сондай-ақ заңда көзделген негiздер бойынша мемлекет мұқтажы үшiн жердi бағалау және алып қою iске асырылатын рәсiмдердi реттеу мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкiметiне Республиканың заңнамалық актiлерiне меншiк құқығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге бастамашылық жасау туралы мәселенi қарау ұсынылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  3-тармағы негiзiнде қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының  4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

      5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады