"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгiн тексеру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 14 ақпандағы N 2 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 27 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi, Төраға И.И. Poгoв, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев, Н.В. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Y.M. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлi - Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi С.П. Нұғымановтың,
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының өкiлi - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты, Мемлекеттiк құрылыс және құқықтық саясат жөнiндегi комитеттiң хатшысы Қ. Ахметовтың,
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң өкiлi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа жөнiндегi комитеттiң хатшысы К.Ә. Ағатаеваның,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкiлi - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,
      Қазақстанның адвокаттар одағының президентi - Ә.Қ.Түгелдiң қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.
      Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестiң мүшесi Н.В.Белоруковтың хабарлауын және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, сарапшылардың - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.К.Сүлейменовтың, заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң сот билiгi және қылмыстық процесс кафедрасының профессоры С.Т.Тыныбековтың, заң ғылымдарының кандидаты, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушiсi Р.М.Жәмиеваның қорытындыларымен, маманның - заң ғылымдарының кандидаты, "Эквитас" заң фирмасының басқарушы серiгi О.И.Ченцованың қорытындысымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөнiндегi бюросы маман ретiнде қатыстырған заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Ресей Федерациясы Федералдық адвокаттар палатасының Ғылыми-консультативтiк кеңесiнiң мүшесi Н.М.Кипнистiң қорытындысымен танысып,  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны

анықтады:

      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрi - Заң) Қазақстан Республикасының Парламентi 2006 жылғы 30 қарашада қабылдап, 2006 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына берген.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Конституциялық заңның  17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Республика Премьер-Министрi осы Заңның "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын "Қазақстанның адвокаттар одағы" деп аталатын жаңа 27-1-баппен толықтыратын нормасын  Конституцияға , атап айтқанда, Негiзгi Заңның  23-бабының 1-тармағына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 2006 жылғы 29 желтоқсанда өтiнiш жолдады.
      Заңның конституциялылығын өтiнiш субъектiсi көрсеткен бөлiгiнде де, толығымен де тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.

      1. Заң 1997 жылғы 16 шiлдедегi N 167-I Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексiне , 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 206-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу  кодексiне , 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 208-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару  кодексiне , 1999 жылғы 13 шiлдедегi N 411-I Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу  кодексiне , 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-II Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  кодексiне , "Адвокаттық қызмет туралы" 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195-I Қазақстан Республикасының  Заңына , "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 1998 жылғы 30 маусымдағы N 253-I Қазақстан Республикасының  Заңына , "Қылмыстың жасалуына сезiктiлер мен айыпталушыларды күзетте ұстаудың тәртiбi мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы N 353-I Қазақстан Республикасының  Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуiн көздейдi.
      Заңның Республика Парламентiнде өтуiмен iлесетiн құжаттардан (түсiндiрме жазбахаттар, отырыстар стенограммалары, Парламент Палаталары комитеттерiнiң қорытындылары) көрiнiп тұрғаны, оны қабылдаудағы мақсат - әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуына, соның iшiнде, заңда көзделген реттерде тегiн алуына конституциялық кепiлдiктi күшейту, адвокаттардың қылмыстық процестегi және сот шешiмдерiн орындау кезеңiндегi ролiн көтеру болып табылады (Конституцияның  13-бабының 3-тармағы).
      Талдау көрсеткенiндей, Заңның бiрқатар нормалары Конституцияның жекелеген ережелерiне сай келмейдi.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын абсолюттi және олардан ешкiм айыра алмайды деп баянды ете отырып ( 12-баптың 2-тармағы), Республика азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығын орнықтырып қана қоймай ( 23-баптың 1-тармағы), мемлекет пен қоғамдық бiрлестiктер арасындағы өзара қарым-қатынастардың түбегейлi принциптерiн белгiлейдi, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердi құруға және олардың қызметiне тыйым салынатын реттердi айқындайды ( 5-бап ).
      Азаматтардың бiрлесу бостандығына конституциялық құқығын жүзеге асыру тәртiбi "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы N 3-I  Заңында айқындалады. Оның кiрiспесiнде сондай-ақ бiрлесу бостандығына құқық адамның және азаматтың аса маңызды конституциялық құқықтарының бiрi болып табылады, оның iске асырылуы қоғам мүдделерiне сай келедi және мемлекеттiң қорғауында болады деп атап көрсетiледi.
      Дәл осындай позициялар халықаралық құқық нормаларында да бекiтiлген. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200A (ХХI) реpолюциясымен қабылданған және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91-III  Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнiң  22-бабының 1 және 2-тармақтарына сай, әрбiр адамның басқалармен бiрiгiп қауымдастықтар құру бостандығына құқығы бар, бұл құқықты пайдалану демократиялық қоғамның мемлекеттiк немесе қоғамдық қауiпсiздiк пен қоғамдық тәртiп мүдделерiн, жұрттың денсаулығы мен имандылығын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажет етiлетiн, заңмен көзделген, шектеулерден тыс шектелуi тиiс емес.
      "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  20-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының  Конституциясына сәйкестiлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1999 жылғы 2 шiлдедегi N 12/2  қаулысына сәйкес "Республика азаматтары ретiнде адвокаттардың бiрлесуге құқы өз мүшелерiнiң заңды мүдделерiн қорғау ортақ мақсатында ерiктi түрде құрылатын қоғамдық бiрлестiк (ассоциация) - Қазақстан адвокаттар одағы түрiнде, сондай-ақ, iс-әрекетi адвокаттық қызмет көрсетумен байланысты болмаған кез-келген басқа қоғамдық бiрлестiктерге кiру жолымен жүзеге асырылады".
      Қаралып отырған Заңның 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасы "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын жария құқық принципi бойынша - адвокаттар алқаларының мiндеттi түрде мүше болуына негiзделген, "мемлекеттiк билiк органдарында, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында адвокаттардың мүдделерiн бiлдiру және қорғау, адвокаттар қызметiн үйлестiру, адвокаттар көрсететiн заң көмегiнiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету мақсатында" адвокаттық өзiн-өзi басқарудың жаңа органын - Қазақстанның адвокаттар одағын құруды көздейтiн 27-1-баппен толықтырады. Бұл ретте көрсетiлген бапқа сәйкес "адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға жол берiлмейдi".
      Осы Адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерi Заңда айқындалмағандықтан, ал оны құрудың жарияланған мақсаты жалпы сипатта және айрықша деп таныла алмайтындықтан, Заңның 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасында жазылған, Адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға салынатын тыйым Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын адвокаттардың бiрлесу бостандығына конституциялық құқығын негiзсiз шектейдi (Конституцияның  23-бабының 1-тармағы).
      Құрылуына және қызметiне тыйым салынған қоғамдық бiрлестiктердiң тiзбесi Конституцияның  5-бабының 3 және 4-тармақтарында айқындалған, ал қалған жағдайларда, Негiзгi Заңның  39-бабының 1-тармағына сәйкес "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн". Конституциямен кепiлдiк берiлген бiрлесу бостандығы құқығын Заңда жазылғандай шектеу мұндай мақсаттармен шарттастырылмаған.
      Осыған орай Конституциялық Кеңес, адвокаттар алқаларының мiндеттi түрде мүше болуына негiзделген мемлекеттiк емес коммерциялық емес ұйым ретiнде қаралып отырған Заңда көзделген Қазақстанның адвокаттар одағын құру Республика адвокаттарын қазiр қызмет iстеп тұрған осы аттас "Қазақстанның адвокаттар одағына" да (Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде 1992 жылғы 31 тамызда тiркелген ерiктi қоғамдық бiрлестiк), ортақ мақсаттарға қол жеткiзу үшiн ерiктi негiзде құрылатын басқа қоғамдық бiрлестiктерге де бiрлесу құқығынан айыра алмайды деп пайымдайды.
      Одан тыс, Заңның 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасын тексерген кезде, Конституциялық Кеңес оның қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнен сәйкессiздiк тапты, бұл осы құқықтық норманың мазмұнын тұжырымдамалық түрде бұрмалап, оны бiржақты түсiнуге мүмкiншiлiк бермейдi және, Конституцияның  7-бабының 2-тармағын ескере отырып, практикада қолданылуын жоққа шығарады.

      2. "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына өзгерiстер енгiзетiн Заңның 1-бабы 6-тармағының 7) тармақшасында былай деп көзделген: "27-баптың 1-тармағының екiншi сөйлемiндегi "алқаға қабылдаудан бас тартылмауға тиiс" деген сөздер  "адвокаттық қызметпен айналысқысы келетiн адам өзiнiң салық органында тiркелу есебiне тұру орны бойынша адвокаттар алқасының мүшелiгiне қабылдануға тиiс" деген сөздермен ауыстырылсын. "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы N 209-II Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi)  521-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сай салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын резидент жеке тұлғалар тұрғылықты жерi бойынша тiркеледi.
      Осылайша, қаралып отырған Заң адвокаттық қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алған азаматтың адвокаттар алқасына қабылдану мүмкiншiлiгiн оның тұрғылықты жерi бойынша шектейдi.
      Конституциялық Кеңес, бұл шектеудi белгiлейтiн құқықтық норма Конституцияның Республика аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адамның оның аумағында еркiн жүрiп-тұруына және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуына кепiлдiк беретiн  21-бабының 1-тармағына, сондай-ақ әрбiр адамның, басқаларын қоспағанда, еңбекке деген қабiлетiн тұрғылықты жерi мен салық есебiне тiркелу орнына қатыссыз өз бетiнше пайдалану бостандығы да көзделетiн еңбек ету бостандығына құқығын баянды ететiн Негiзгi Заңның  24-бабының 1-тармағына сай келмейдi деп пайымдайды.
      Бұл шектеудi белгiлей отырып, заң шығарушы Конституцияның  39-бабы 1-тармағының жоғарыда көрсетiлген талаптары шегiнен тағы шығып кеткен.

      3. Қаралып отырған Заңды Парламент Конституцияның  61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес қабылдаған, ол тармақшаларға сай Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар шығаруға, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне, сондай-ақ сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлеуге хақылы.
      Конституцияның  61-бабының 1-тармағы негiзiнде Заңның жобасын Республика Yкiметi заң шығару бастамасы тәртiбiмен Парламент Мәжiлiсiне енгiзген. Конституцияның  61-бабы 3-5-баптарының талаптары сақтала отырып, Парламент Палаталарының әрбiрiнде өз кезегiмен қарау арқылы Заң қабылданған.
      Конституцияның  61-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкін.
      "Қазақстан Республикасы Конституциясы  61-бабының 6-тармағын ресми түсiндiру туралы" Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 15 маусымдағы N 9/2  қаулысында "Үкiметтiң оң қорытындысының қажеттiлiгi туралы конституциялық-құқықтық шарт барлық жағдайларда да және мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды, сондай-ақ мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн барлық заң жобалары үшiн мiндеттi" деп белгiленген. Бұл орайда Конституциялық Кеңес "қорытындыны Үкiмет алқалы орган ретiнде берген жағдайда оның конституциялық-құқықтық заңды күшi болмақ" деп атап көрсеттi. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне прокурорлық қадағалау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы" Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 5  қаулысында , егер заң жобалары мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн болса, оң қорытынды алу қажет екендiгi туралы конституциялық ереже "заң жобасын Мәжiлiске енгiзу сатысына да, оны Парламент Палаталарында қарау процесiне де қолданылады" деп түсiндiрiледi.
      Конституциялық iс жүргiзу материалдарынан келiп шығатыны, Парламент Заңды қабылдаған кезде депутаттар оған азаматтарға мемлекет есебiнен тегiн көрсетiлетiн заң көмегiнiң көлемiн ұлғайтатын толықтырулар мен өзгерiстер енгiзген (Заңның 1-бабының 6 және 7-баптары).
      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi қол қойып, Конституциялық Кеңеске берiлген 2007 жылғы 5 ақпандағы N 13-6/И-604, 126 қорытындыға сай, "заңның жобасын Парламентте қарау кезеңiнде депутаттар оған мемлекеттiк шығысты көбейтуге әкеп соқтыратын нормаларды енгiзген", бұл да "сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлiнуiн қажет етедi". Алайда Парламент "Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес депутаттардың мемлекеттiк шығысты көбейтуге әкеп соқтыратын нормаларды енгiзуi мәселесi бойынша қорытынды алу үшiн Үкiметке жүгiнбеген, тиiсiнше, Үкiмет бұл нормалар бойынша оң қорытынды бермеген".
      Осылайша, Конституциялық Кеңес қаралып отырған Заңның "адвокаттар одағының функциялары мен өкiлеттiктерiне ұқсас функциялары және өкiлеттiктерi бар басқа ұйымдар мен органдарды құруға жол берiлмейдi" деген тыйым салу бөлiгiндегi 1-бабы 6-тармағының 8) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының  7-бабының 2-тармағына,  23-бабының 1-тармағына және  39-бабының 1-тармағына, ал Заңның 1-бабы 6-тармағының 7) тармақшасы Негiзгi Заңның  21-бабының 1-тармағына,  24-бабының 1-тармағына және  39-бабының 1-тармағына сәйкес емес деп есептейдi. Одан тыс, Заңды қабылдаған кезде Республика Парламентi Қазақстан Республикасы Конституциясының  61-бабы 6-тармағының талаптарын сақтамаған. Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын,  31- 33 және  37-баптарын 38-бабының 1-тармағын және  41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып,  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Парламентi 2006 жылғы 30 қарашада қабылдап, 2006 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына берiлген "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының 1-тармағына сай "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адвокатура мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылмайды және ол қолданысқа енгiзiлмейдi.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

      4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесiнiң
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады