Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасыны Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 8 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысы

      «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі - Конституциялық заң) 9-бабының 2-тармағына және 41-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2002 жыл, № 5-басылым, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2006 жыл, № 9-басылым) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      Регламенттің мәтіні бойынша бөлімдердегі «I», «II», «ІІІ» деген рим цифрлары «1.», «2.», «3.» деген араб цифрларымен ауыстырылсын.
      Баптардың тақырыптарындағы «бап» деген сөз және баптардың атаулары алынып тасталсын;
      1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабында келтірілген субъектілердің өтініші конституциялық іс жүргізу қозғауға себеп болып табылады.
      Өтініш екі тілде (қазақ және орыс) және Конституциялық заңның 22-бабының талаптарына сәйкес ресімделуге тиіс.
      Конституциялық іс жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 35 және 36-баптарымен көзделген жағдайларда қозғалуы мүмкін.»;
      3) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Келіп түскен өтініштер белгіленген тәртіппен Конституциялық Кеңестің аппаратында тіркеледі.
      Конституцияның, Конституциялық заңның және Регламенттің талаптарын бұза отырып келіп түскен өтініштерді Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы кері қайтарады.
      Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың Конституциялық Кеңеске қарасты мәселелер бойынша өтініштері Конституциялық Кеңестің Төрағасына беріліп, олардың арғы қозғалысын Төраға белгілейді. Төраға Кеңес мүшелерінің біріне келіп түскен өтініш бойынша ұсыныс дайындауды тапсырады.»;
      4) 11-баптың бірінші абзацының бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Конституциялық Кеңестің отырысы хаттамаға, қажет жағдайларда стенограммаға түсіріледі және ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі.»;
      5) 11-баптың бірінші абзацының төртінші сөйлеміндегі «жалпы бөлімнің қызметкерлері» деген сөздер «аппараты» деген сөзбен ауыстырылсын;
      6) 27-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «27. Конституциялық заңның 35-бабымен көзделген жағдайларда Кеңес Төрағасы Кеңес мүшесіне осы мәселе бойынша үш күн ішінде ұсыныс дайындауды тапсырып, ол ұсыныс Конституциялық Кеңестің отырысында қаралады.
      Қосымша шешім қабылдау қажет болған жағдайда Кеңес Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін және Конституциялық Кеңестің аталған шешімді қабылдау жөніндегі отырысы өткізілетін күнді белгілейді.
      Қосымша шешім осы Регламенттің 21-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өтініші келіп түскен күннен бастап, ал Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы тәртібімен Конституциялық Кеңестің өз бастамасымен қосымша шешім қабылданатын жағдайда, іс жүргізу қозғалған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады.
      Конституциялық Кеңестің қосымша шешім қабылдау жөніндегі отырысы осы Регламенттің 2-бөлімінде белгіленген тәртіппен өткізіледі.»;
      7) 28-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «28. Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін, сондай-ақ осы мәселе бойынша жаңа отырыстың өткізілетін күнін белгілейді, оны өткізу тәртібі осы Регламенттің 2-бөлімінде айқындалады.»;
      8) Регламенттің 30-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
      «30. Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу тәртібін белгілейді. Шешімді орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Конституциялық Кеңес белгілеген мерзімде Конституциялық Кеңеске хабарлайды. Конституциялық Кеңестің шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар міндетті түрде қарап шығып, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлауға тиіс.
      Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімнің орындалуын бақылау Кеңес отырысына материалдар дайындауды іске асырған Кеңес мүшесіне, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің аппаратына жүктеледі.
      Конституциялық Кеңестің аппараты Конституциялық Кеңестің Төрағасына Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы жартыжылдық және жылдық ақпараттық есеп береді.»;
      9) 32-баптың мәтіні бойынша «не тоқтату», «және 15», «міндетті түрде» деген сөздер алынып тасталсын, «баптарымен» деген сөз «бабымен» деген сөзбен ауыстырылсын және мынадай мазмұндағы жаңа абзацпен толықтырылсын:
      «Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін тоқтату Конституциялық заңның 15-бабына сәйкес іске асырылады.»;
      10) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «33. Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауының жобасын Конституциялық Кеңестің мүшелері мен аппараттың тиісті бөлімдері дайындайды.
      Конституциялық Кеңес жолдауының жобасын дайындау үшін Кеңес Төрағасының өкімімен жұмыс тобы құрылуы мүмкін.
      Жолдаудың жобасын дайындау барысында Конституциялық Кеңес тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті құжаттарды және өзге де ақпаратты талап етіп алуға хақылы.
      Конституциялық Кеңестің жолдауы Кеңестің отырысында бекітіліп, оған Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері қол қояды және Қазақстан Республикасының Парламентіне жіберіледі.
      Конституциялық Кеңес Төрағасының шешімімен жолдаудың мәтіні өзге де мемлекеттік органдарға жіберілуі мүмкін.»;
      11) Регламент 33-1-баппен толықтырылсын:
      «33-1. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат талап еткен жағдайда Кеңес Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Кеңес мүшесіне материалдар дайындауды тапсырады.
      Ақпарат жіберілерден бұрын Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланып, бекітіледі.».
      2. Осы қаулы:
      1) тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жіберілсін;
      2) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысында, «Заң газетінде», «Юридическая газетада» және Конституциялық Кеңестің вебсайтында жариялансын.
      3. Осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                              И. Рогов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады