Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2018 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысы

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 9-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар кешені туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 наурыздағы № 437 Жарлығының 7-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 34-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентіне (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2002 жыл, № 5-басылым; Юридическая газета 2002 жылғы 15 мамырдағы № 19; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысы, 2006 жыл, № 9-басылым; Юридическая газета 2009 жылғы 18 ақпандағы № 25) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) Регламенттің бүкіл мәтіні бойынша "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы" және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заң" деген сөздер "Конституциялық заң" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) Регламенттің бүкіл мәтіні бойынша "Кеңес Төрағасы", "Кеңес мүшесі", "Кеңес отырысы", "Кеңес аппараты" және "осы регламент" деген сөздер тиісінше "Конституциялық Кеңес Төрағасы", "Конституциялық Кеңес мүшесі", "Конституциялық Кеңес отырысы", "Аппарат" және "осы Регламент" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1 және 2-тармақтарында келтірілген субъектілердің өтініші конституциялық іс жүргізу қозғауға себеп болып табылады.

      Өтініш екі тілде (қазақ және орыс) және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 22-бабының талаптарына сәйкес ресімделуге тиіс.

      Конституциялық іс жүргізу, сондай-ақ Конституциялық заңның 35 және 36-баптарында көзделген жағдайларда қозғалуы мүмкін.

      Конституциялық Кеңестің шешімін түсіндіру туралы өтінішхаттың нысаны мен мазмұны және оны қарау тәртібі өтініштерді қараудың жалпы қағидаларымен айқындалады.";

      4) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Келіп түскен өтініштер белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппаратында (бұдан әрі - Аппарат) тіркеледі.

      Конституцияның, Конституциялық заңның және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің (бұдан әрі - Регламент) талаптарын бұза отырып келіп түскен өтініштерді Аппарат басшысы кері қайтарады.

      Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың Конституциялық Кеңеске қарасты мәселелер бойынша өтініштері Конституциялық Кеңестің Төрағасына беріліп, олардың арғы қозғалысын Төраға белгілейді.";

      5) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Конституциялық Кеңестің Төрағасы түскен өтінішті Конституциялық Кеңестің қарауына енгізеді, оның отырысы, демалыс және мереке күндерін алып тастағанда, өтініш түскен күннен бастап үш күн ішінде өткізіледі. Конституциялық Кеңес, өтінішті зерделеп және Конституциялық Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, іс жүргізуге қабылдайды немесе қабылдаудан бас тартып, Конституциялық заңның 25-бабында көзделген негіздер бойынша оны кері қайтарады.";

      6) 4-тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қажет болған жағдайда тиісті лауазымды адамдардан жауап алады, мамандар ретінде ғалымдарды, практикалық қызметкерлерді, сарапшыларды тартып, тексерулер, зерттеулер, сараптама жүргізуді тапсырады;";

      7) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Материалдарды дайындайтын Кеңес мүшесі, материалдарды дайындау және оларды Конституциялық Кеңестің отырысында қарау барысында, тиісті мекемелерге немесе нақты мамандарға тапсырма бере отырып, ұйғарым шығару арқылы сараптама, тексеру және зерттеу жұмысын тағайындайды, бұл ұйғарымда сарапшыларға қойылатын сұрақтар тұжырымдалып, сараптама жұмысының өзге де қорытындысын тапсыру мерзімі белгіленеді. Ұйғарыммен бірге сарапшылардың және мамандардың қолына сараптама, тексерулер мен зерттеулер жүргізу үшін қажетті барлық құжаттар беріледі. Сарапшының, маманның қорытындысы және тексеру актілері жеке құжат түрінде баяндалып, оған тиісті тұлғалар қол қояды.

      Конституциялық Кеңес мүшесі – өтініш мәні бойынша баяндамашы тиісті лауазымды тұлғалардан жауап алуға құқылы. Жауап алу нәтижелері Конституциялық Кеңес мүшесі және жауап алынған тұлға қол қоятын анықтама түрінде ресімделеді.";

      8) мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Материалдарды қарауға дайындау барысында конституциялық іс жүргізуге қатысушылар Конституциялық заңның 21-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген өз құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша Конституциялық Кеңес мүшесі – баяндамашыға жүгінеді. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар мәлімдеген өтінішхаттар Конституциялық Кеңес отырысында қаралады.";

      9) 11-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Конституциялық Кеңес отырысының хаттамаларына Конституциялық Кеңестің Төрағасы, ал ол болмаған кезде – оның уәкілдік беруі бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының міндетін атқарушы Кеңес мүшесі не отырыста төрағалық еткен Конституциялық Кеңес мүшесі қол қояды.";

      10) 13-тармақтың бірінші абзацы мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын: "Төрағаның өздігінен бас тартуын қанағаттандырған кезде Конституциялық Кеңес мүшелері өз құрамы ішінен отырыста төрағалық етушіні сайлайды.";

      11) 14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Төрағалық етуші конституциялық іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттары бар-жоғын сұрап алып, оларды Конституциялық Кеңестің шешуіне қояды.

      Конституциялық Кеңес барлық өтінішхат бойынша шешімдер қабылдап, олар қаулы нысанында ресімделеді немесе отырыс хаттамасына енгізіледі және жариялауға жатады.

      Өтініш субъектілері, сондай-ақ актілері мен әрекеттерінің конституциялылығы тексеріліп жатқан мемлекеттік органдардың өкілдері және лауазымды адамдар, қажет болған жағдайда, өз еркімен не Конституциялық Кеңестің талабы бойынша, Конституциялық Кеңестің іс жүргізуге қабылданған өтініш қаралатын отырысына қатысуына болады. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен өзге де шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөйлеген сөздері тыңдалады.";

      12) 15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мәселені қарау басталғанға дейін төрағалық етуші мәселенің мән-жайы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттары бар-жоғын сұрайды. Мұндай өтінішхаттар жазбаша түрде түскен жағдайда олар Конституциялық Кеңестің отырысында оқылып, қаралатын істің материалдарына қосып қойылады, ауызша өтінішхат Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.

      Солардың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қабылданатын кеңесі басталғанға дейін өтініштің негізін өзгертуге, оның көлемін ұлғайтуға немесе азайтуға, өтініштен бас тартуға құқылы. Өз актілерінің конституциялылығы даулануына байланысты конституциялық іс жүргізуге тартылған қатысушылар, өтініште мәлімделген талаптарды толығымен немесе ішінара мойындауға, не болмаса оған қарсылық білдіруге құқылы.";

      13) 18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және олардың өкілдері қаралып жатқан мәселенің мән-жайына байланысты өз қалауы бойынша Конституциялық Кеңестің отырысында сөз сөйлей алады. Бұл орайда, өзінің лауазымы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың мүддесін білдіретін адамдар, сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің отырысында сенімхат немесе өкілеттігін растайтын өзге де құжат бойынша сөз сөйлейтін өкілдер, егер бұл құжаттарда мұндай құқық көрсетілген болса, қаралып жатқан мәселе бойынша өз ұстанымын Конституциялық Кеңес отырысының барысында мәселені қарау нәтижесіне қарай түзетуге құқылы.

      Конституциялық Кеңес мүшелері конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға нақтылау үшін сұрақтар қоюға құқылы. Солардың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, және солардың актілері бойынша іс жүргізу қозғалған қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен бір-біріне сұрақ қоюы мүмкін.";

      14) 3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімдері";

      15) 24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Қаралып отырған мәселенің мән-жайы бойынша Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі нормативтік қаулы, қорытынды және жолдау түрінде қабылданады.

      Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын не оның қарар бөлігін төрағалық етуші Конституциялық Кеңес мүшелерінің және отырысқа қатысушылардың алдында оқиды.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімінің мазмұны Конституциялық заңның 37-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешім қабылдауы заңды және жеке тұлғалар үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1 және 2-тармақтарында және Конституциялық заңның 39-бабында көзделген заңды салдарға әкеп соқтырады.";

      16) 25-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Басқа шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Кеңес белгілейді.";

      17) мынадай мазмұндағы 25-1-тармақпен толықтырылсын:

      "25-1. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресімдеген кезде "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде құжаттау және құжаттаманы басқару қағидаларының талаптары ескерілуі мүмкін.";

      18) 26-тармақ алып тасталсын;

      19) 27-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Конституциялық заңның 35-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес Төрағасы Конституциялық Кеңес мүшесіне осы мәселе бойынша үш күн ішінде ұсыныс дайындауды тапсырып, ол ұсыныс Конституциялық Кеңестің отырысында қаралады.";

      үшінші абзацтағы "ал Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы тәртібімен Конституциялық Кеңестің өз бастамасымен қосымша шешім қабылданатын жағдайда," деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өтінішті қарау бойынша оның қорытынды шешімі қабылданған отырысқа қатысқан өзге де адамдарды шақырмай-ақ, қосымша шешім қабылдауға құқылы.";

      20) 28-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Конституциялық Кеңестің шешімі конституциялық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарылған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады. Бұл мерзімді қажет болған кезде Конституциялық Кеңес ұзартуы мүмкін.";

      21) 29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері қабылданғаннан кейін екі күн ішінде Конституцияның 72-бабымен көзделген субъектілерге немесе олардың өкілдеріне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті Палаталарына, Жоғарғы Сотына, Бас Прокурорға, Әділет министріне жіберіледі.

      Конституциялық Кеңес Төрағасының, ал ол болмаған кезде оның уәкілдік беруі бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының міндетін атқарушы Конституциялық Кеңес мүшесінің шешімі бойынша қорытынды шешімдер басқа да мемлекеттік органдарға жолдануы мүмкін.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері республикалық ресми басылымдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Нормативтік қаулылары жинағында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

      Басқа шешімдер қажет болған кезде жарияланады және тиісті мемлекеттік органға және лауазымды тұлғаға жолданады.

      Конституциялық Кеңестің қосымша шешімдері Конституциялық Кеңес белгілеген тәртіппен жолданады және жарияланады.";

      22) 31-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "- Төрағаның және Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтата тұру туралы өтінішхат енгізу;";

      23) 32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы өтінішхат енгізу жөніндегі мәселе Конституциялық заңның 14-бабында және 18-бабының 2) тармақшасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерінің өкілеттігін тоқтату Конституциялық заңның 15-бабына сәйкес іске асырылады.";

      24) мынадай мазмұндағы 39-тармақпен толықтырылсын:

      "39. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жанынан Ғылыми-консультативтік кеңес құрылуы мүмкін. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамы, міндеттері және қызметінің тәртібі Конституциялық Кеңес бекітетін ережемен айқындалады.";

      25) мынадай мазмұндағы 40-тармақпен толықтырылсын:

      "40. Конституциялық Кеңес құрамына қатысты іссапарға жіберу, демалыс беру, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген төлемдерді іске асыру мәселелерін Конституциялық Кеңес Төрағасы шешеді.";

      26) мынадай мазмұндағы 41-тармақпен толықтырылсын:

      "41. Конституциялық Кеңес Төрағасының және мүшелерінің төсбелгісі болады, оны олар өздерінің өкілеттік мерзімі ішінде пайдаланады.

      Төсбелгі туралы ережені, оның үлгісін және сипаттамасын Конституциялық Кеңес бекітеді.".

      2. Нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы
Қ.Ә. Мәми

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады