Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті 1998 жылғы 15 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға ұсынған "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінімі жөнінде

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 4 ақпандағы N 16/2 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 27 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі құрамына Кеңес Төрағасы Ю.А.Ким, және Кеңес мүшелері Н.И.Акуев, Ж.Д.Бұсырманов, О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов қатысқан, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдар және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлімінің сектор меңгерушісі К.К.Әлжановтың; Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілдері: Сенат депутаттары О.С.Сәпиев пен Г.В.Кимнің, Мәжіліс депутаттары М.В.Трошихиннің, В.Н.Весниннің және А.М.Рамазановтың, Парламент Мәжілісі Аппаратының бас сарапшылары К.Әміренов пен Ф.П.Ширяевтің; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкілі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бас инспектрі А.А.Аманжоловтың қатысуымен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті 1998 жылғы 15 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға ұсынған "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінімін қарады.
      Конституциялық Кеңестің мүшесі Н.И.Акуевтің хабарламасын, өтінім субъектісінің өкілі К.К.Әлжановтың, Премьер-Министрдің өкілі А.А.Аманжоловтың, Парламент өкілдері В.Н.Весниннің, М.В.Трошихинның, А.М.Рамазановтың және Г.М.Кимнің сөйлеген сөздерін тыңдап және осы өтінімге қатысты қолдағы бар құжаттар мен материалдарды зерттей келіп, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
      Конституциялық Кеңеске 1998 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті 1998 жылғы 15 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға ұсынған "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінімі келіп түсті. Осы өтінім 1999 жылғы 4 қаңтарда конституциялық іс жүргізуге қабылданды.
      "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның жобасын, келісім рәсімдерін сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізіп, Парламент Мәжілісі мақұлдаған және Сенаты қабылдаған. Парламент қабылдаған Заң 1998 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға табыс етілген.
      Өтінім субъектісі өкілінің пікірі бойынша Парламент қабылдаған "Өсімдіктер карантині туралы" Заң мынадай негіздемелер бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді:
      1) Заңның реттейтін нысанасы (өсімдіктер карантині) Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 3-тармағына сәйкес Парламент заң шығаруға құқылы қоғамдық қатынастар аясына жатпайды;
      2) "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның арнайы уәкілетті органы - орталық атқарушы орган функцияларын жүзеге асыратын Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитарлық қызметті құруды көздеуі орталық атқару органдарын құруды, қайта құруды және таратуды Мемлекеттік басшысының құзыретіне жатқызатын Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 3) тармақшасына қайшы келеді;
      3) Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары тек Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізіледі деген Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 6-тармағының талабы бұзылған.
      Өтінім субъектісі өкілінің келтірген дәлелдерін қарап, Конституциялық Кеңес "Өсімдіктер карантині туралы" Заңды конституциялық емес деп тануға негіз жоқ деп тапты.
      1. "Өсімдіктер карантині туралы" Заң реттейтін нысана Парламенттің заңдар шығаруына құқық беретін Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 9), 11) және 7) тармақшаларында көзделген қоғамдық қатынастарға жатады. Парламент "Өсімдіктер карантині туралы" Заңды қабылдағанда өз өкілеттіктері шегінде іс-әрекет жасаған және оның құзыреті тұрғысынан осы Заң Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес келеді.
      2. Өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік фитосанитарлық қызметті құруды көздейтін "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның 5-бабы Қазақстан Республикасы Президентінің Республика Үкіметінің құрамына енбейтін орталық атқарушы органдарды құру, тарату және қайта құру құқықтарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Конституциясы 44-бабының 3) тармақшасына қайшы келмейді.
      Қаралып отырған Заң нормаларын талдау Заңның Өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік фитосанитарлық қызметтің нақты мәртебесін анықтамайтынын, бұл мәселені шешу құқығын Қазақстан Республикасының Үкіметіне беріп отырғанын (Заңның 5-бабы) көрсетеді. Демек, "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның Қазақстан Республикасы Президентінің жоғарыда көрсетілген өкілеттіктерін бұзады деп дәлелдеуге негіз жоқ.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 6-тармағында мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары тек Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізіледі деп белгіленген. Мына жағдайда "Өсімдіктер карантині туралы" Заңның жобасы бойынша Үкіметтің өзі заң шығаруға бастамашы болуы қабылданған Заңды орындауға байланысты болуы мүмкін мемлекеттік шығындарға деген оның келісімін білдіреді.
      Баяндалғандардың негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясы K951000_ 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын және 37-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Парламенті 1998 жылғы 15 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға ұсынған "Өсімдіктер карантині туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының

 

3-тармағына сәйкес қабылданған күннен бастап күшіне енеді және

Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және

Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген

жағдайды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.


     Қазақстан Республикасы

     Конституциялық Кеңесінің

          Төрағасы


     Оқыған:

        Қасымбеков Б.А.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады