Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті сақтандыру қызметі, жосықсыз бәсекелестік, әлеуметтік әріптестік және жекешелендіру саласындағы нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар заңдарға қол қойды.
Осылайша, "Сақтандыру қызметі туралы" заңның қабылдануы халықаралық стандарттардың негізінде экономикаға инвестициялардың келуінің кең мүмкіндіктеріне жол ашады. Соңғы кезеңде қазіргі жағдайдағы экономика, қаржы және банк салаларына сәйкес келетін бірқатар негіз қалаушы заң актілері қабылданды. Осы Заң сол заңдар топтамасының аяқтаушы буыны болып табылады және Қазақстанның қаржы рыногының серпінді дамуына бағытталған.
Заңда сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары қызметінің төлем қабілеттілігіне және "ашықтығына", клиенттерге қызмет көрсету сапасын көтеруге, сақтандыру делдалдығы институтының, аудиттің мүмкіндіктерін пайдалануды кеңейтуге, құрылтайшылар мен сақтандырушы ұйымдардың заңды мүдделерінің дұрыс қарым-қатынасын айқындауға үлкен мән берілген.
Аталған заң актісін дамытуда "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның қабылданғанын атап өту керек.
Бұл заң банк қызметі, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, лицензиялау, банкроттық, бағалы қағаздар рыногы, аудиторлық қызмет мәселелерін реттейтін заң актілеріне түзетулер енгізеді.
Сақтандырудың жинақтаушы түрін кіргізу сақтандырудың басты мақсаттарын кәсіпкерлік қызметтің және әлеуметтік қорғаудың түрі ретінде тиімді ашып көрсетуге мүмкіндік беретін жаңалық болды.
Республиканың тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы нарықтық экономиканың даму нәтижесі ретінде әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеудің жаңа нысандарын жасау қажеттігін туғызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда әлеуметтік әріптестіктің моделі қалыптасты. Атап айтқанда, 1995 жылдан бері Үкімет, кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісімге қол қою практикасы бар.
Осымен байланысты аталған салада алғашқы рет "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы" заңның қабылдануы практикада орын алған осы объективті процестерді көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, осындай әріптестік жүйесінің құқықтық негіздері, қызмет етуінің міндеттері мен тәртібі, сондай-ақ келісімдер жасасу, өзгерту және бұзу тәртібі жалпы әлеуметтік маңызды мақсаттарға жету үшін айқындалады.
Нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру үшін "Теріс пиғылды бәсеке туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы үлкен мәнге ие, ол жосықсыз бәсекелестіктің нысандарының белгілі бір тізімін белгілеуге, уәкілетті органның оның жолын кесудегі құзыретін кеңейтуге бағытталған.
Заң қолданылатын субъектілердің тізімі оған шетелдік жеке тұлғаларды және азаматтығы жоқ адамдарды қосымша енгізу жолымен кеңейтілген.
Жосықсыз бәсекелестік түрлеріне, тауарлардың нақты қасиеттері мен сапасы туралы деректерді қасақана бұрмалаған немесе жасырғандармен қатар, тауарлардың бағалары туралы мәліметтер - (жұмыстар, қызмет көрсетулер) сонымен қатар демпингтік бағаларды қолдану мәселесі де қосымша енгізілген.
Заңның нормаларын бұзғандығы үшін, сондай-ақ нарықтық қатынастар субъектілері, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары міндеттемелерін бұзып, осындай жолсыздықтар жасаған жағдайдағы жауапкершілік негіздерін регламенттейді.
Аталған заңдар Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асуының құқықтық тетіктерін жетілдіріп, экономикалық өзгерістердің нығаюына қызмет етеді деп сеніммен айтуға болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті Әкімшілігінің
Мемлекеттік-құқық бөлімі