Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Мемлекетіміздің даму тарихында тұңғыш рет әділет органдары туралы арнайы заң қабылданды.
Соңғы кездегі республиканың құқық қорғау және құқық қолдану құрылымдарындағы өзгертулер тұрғысынан аталмыш заң аса өзекті болып отыр. Оның бірнеше себептері де бар. Министрліктің "Қазпатент" кәсіпорны мен Авторлық және сабақтас құқықтар жөніндегі комитеттің бірігуі негізінде Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі жаңа комитет құрылды. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру міндеті де Әділет министрлігіне жүктелген болатын. Осыған орай, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі агенттік Әділет министрлігінің құзырына беріліп, атауы комитет болып өзгерді. Ең соңғы өзгеру елдің пенитенциарлық жүйесінің ІІМ-нен Әділет министрлігінің қарамағына өтуі болды, ендігі жерде оның жүздеген офицерлері азаматтық ведомствоның қызметкерлері санатына қосылды.
Реформалаудың осы қадамдарының баршасы заң арқылы әділет жүйесі қызметкерлерінің мәртебесін нығайту, Әділет министрлігінің міндеттері мен қызметтерін заңдық айқындау қажеттілігін туындатып отыр.
Заңның 1-бабында атап көрсетілгендей "Қазақстан Республикасының әділет органдары, өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режиміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады".
Әділет органдары қызметінің принциптері ретінде мыналар айқындалды: заңдылық; қорғалу құқығын қамтамасыз ету, баршаның заң алдындағы теңдігі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау; жариялылық, құқық қорғау органдарымен және басқа да мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара іс-қимыл жасау; саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тәуелсіз болу; гуманизм, демократия, қылмыстық жаза атқарудың жіктелуі мен дербестендірілуі, қылмыстық жазаны түзету ықпалымен ұштастыру; әділет органдары жүйесінің біртұтастығы.
Қадап айтар болсақ, қазақстандықтардың құқықтық сауаты мен құқықтық санасын көтермей құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Осы бағытта заңмен бекітілген әділет органдарының құқықтық насихат саласындағы функциялары: құқықтық насихатты ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестіру, заңдарға түсіндірме беруге қатысу; эталондық заң актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, ақпараттық және анықтамалық-әдістемелік материалдарды, оның ішінде құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесін пайдалана отырып, шарт негізінде ұсыну ретінде көрініс тапты. Сондай-ақ, заңның 19-бабының 2-тармағы бойынша әділетмині заң әдебиеті, құқықтық насихат проблемалары жөніндегі әдебиет тапсырысшысы бола алады.
Заңның 14-бабы әділет органдарына заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізуге мүмкіндік береді. Мәселен, мемлекеттік органдардың әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиісті, бірақ одан өтпеген нормативтік құқықтық актілеріне қатысты жайтты айтсақ та болады. Сонымен қатар, әділет органдары тиісті мемлекеттік органға (лауазымды адамға) не жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) енгізілген ұсыныстың қаралуына қатысуға құқылы. Ал, 4-тармаққа сәйкес жолсыздық жасаған орган не лауазымды адам жолсыздықты жоюға және қолданылған шаралар туралы әділет органдарына хабарлауға міндетті.
Заңда еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіне (бұдан әрі - ҚАЖ) баса назар аударылған. ҚАЖ қызметкерлерінің құқықтық жағдайы бекітілген.
Қылмыстық-атқару жүйесінің Әділет министрлігінің құзырына өту процесін дайындау кезінде жүйенің офицерлік құрамы арасында мазасыз жағдай байқалды. Себебі, Әділет министрлігі арнайы атақтар тағайындамайтын азаматтық ведомство болғандықтан көпшілігі погондарын "жоғалтып алудан" сескенетіндей де еді. Осы заңның 27-бабында Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі мен анықтау қызметі қызметкерлеріне атқаратын қызметіне, біліктілігіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен қатардағы әділет қызметкерінен бастап әділет генерал-майорына дейінгі арнаулы атақтар берілетіні енді нақты айтылған. Арнаулы атақтары бар адамдар нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, лауазымдық жалақыларына қосымша ақы белгіленеді.
Заңның аталмыш ережелері қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің беделін арттыруда игі әсерін тигізері сөзсіз.
Пенитенциарлық жүйедегі жұмыс ерекшелігі қызметтік міндеттерін атқару кезінде қызметкерлер мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігі туралы хабардар етеді. Бұл туралы заңның 30-бабында былай делінген: осы заңда көзделген жағдайлар мен тәртіпте жүктелген міндеттерді орындау үшін әділет органдары лауазымды адамдарының жекелеген санаттарының мәжбүрлеу шараларын, оның ішінде арнаулы құралдарды, күш және атыс қаруын қолдануға құқығы бар. Әділет органдарының ҚАЖ және анықтау қызметтері қызметкерлерінің атыс қаруын және оқ-дәрілерді алып жүру мен сақтауға құқығы бар. Бұдан әрі заңда күш және арнаулы құралдарды, сондай-ақ атыс қаруын қолдануға қандай жағдайларда жол берілетіні нақтылы айтылады.
Еліміздің әділет органдары арнайы заңның қабылдануына орай дамудың жаңа сатысына көшеді. Осының негізінде әділет органдарының қызметі еліміздің құқықтық жүйесіндегі әділет жүйесінің рөлін едәуір күшейте түспек. Ендігі жерде әділет құрылымын бүгіндері күшіне енген жаңа заңға сәйкестендіру қажет.
"Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасының заңына түсініктеме
ЖаңаҚазақстан Республикасының әділет вице-министрінің Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы N 304 Заңына түсініктемесі
- Мәтін
- Ресми жарияланым
- Ақпарат
- Өзгерістер тарихы
- Сілтемелер
- Көшіру
- Түсініктемелер
- Басқа
Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз