"Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының түсіндірмесі

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 1255 Жарлығына түсіндірме

      2003 жылдың 23 желтоқсанында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.
      Аталған акт Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің 2003 жылғы 3 желтоқсандағы шешім орындау үшін әзірленді және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, олардың экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарға қарсы күресін жандандыруға бағытталған бірқатар нақты шараларды көздейді.
      Жарлықпен Әділет министрлігінің Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитеті таратылып, ал оның функциялары мен өкілеттіктері Ішкі істер министрлігінің жаңадан құрылатын Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі заттардың айналымын бақылау жөніндегі комитетіне ауысады.
      Мұндай шара бұрын болған Комитет мәртебесінің төмендегі, тиісті өкілеттігінің болмауы және құрамының шағындығы себебінен есірткінің қауіпті таралуына қарсы тиімді іс-әрекет ұйымдастыруға қабілетсіз болғанынан туындап отыр.
      ІІМ құрылымында құрылатын Комитет құқық қорғау органының функциялары мен өкілеттіктерін иеленеді және жергілікті жерлерде құрылымдық бөлімшелері болады. Оның қызметі республика аумағында есірткі трафигінің және есірткіні заңсыз саудалаудың жолын кесуге, елде есірткіге қарсы күллі қызметті үйлестіруге негізделетін болады. Комитет бұл жұмысқа орталық және жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ халықтың қалың топтарын тартатын болады.
      Қабылданған Жарлықпен Қаржы полициясы агенттігі Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттік (қаржы полициясы) болып қайта құрылды. Оған Ішкі істер министрлігінің экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау мен тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері қосымша беріледі, бұл құқық қорғау органдары арасында функциялардың қосарлануын болдырмауға мүмкіндік береді.
      Қайта ұйымдастырылатын Агенттікке экономиканың қарқынды дамуына, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің қалыптасуына кедергі жасайтын аталған қылмыстар түрлерін анықтау мен тергеу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктердің жүктелуі экономикалық секторда құқық қорғау қызметін шоғырландыру қажеттілігімен түсіндіріледі.
      Бүкіл қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігінің құзырынан Әділет министрлігіне бұдан бұрын болған өткізу тұтастай алғанда өзін ақтап отыр. Осы орайда аталған Жарлықта көзделген, қылмыс жасады деп күдік артылған және айып тағылған адамдарды қамту және тергеу изоляторларында жазасын өтеп отырған сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды орындау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне беру заңды қадам болып табылады. Осылайша, қылмыстық қудалау органдарынан ендігі жерде адамдарды қамауда ұстау мен қылмыстық жазаны өтеу жүйесі толық бөлінеді.
      Тіркеу қызметінің тармақталған желісіне ие Әділет министрлігіне сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жеке басы куәліктері мен паспорттарын құжаттау және беру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер өткізіледі. Аталған шара жеке тұлғаны сәйкестендірудің, азаматтарды есепке алу мен тіркеудің біртұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді, мұның өзі тұтас алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мүдделеріне сай келеді.
      Бұған қоса, қабылданған Жарлықпен Үкіметке кеден органдарына жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру құқығын беру бөлігіне кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу тапсырылады. Мұның өзі контрабанданы неғұрлым тиімді құрықтау, соның ішінде Қазақстанның құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ басқа мемлекеттердің кеден органдарымен тығыз өзара іс-қимыл арқылы құрықтау мақсатында кедендік бақылау органдарының мүмкіндіктерін пайдалануға септігін тигізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады