"Астана қаласын орнықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспары туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 17 наурыздағы N 67 Жарлығына түсініктемесі

      Ел Президенті 2006 жылдың 17 наурызында "Астана қаласын орнықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспары туралы" Жарлыққа қол қойды.
      Стратегиялық жоспар Мемлекет басшысының 2004 жылғы 21 желтоқсандағы Астана қаласын салу және дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасына сәйкес әзірленген және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының ұзақ мерзімді стратегиясында айқындалған дамудың негізгі бағыттары мен ірі қалаларды орнықты дамытудың халықаралық тәжірибесіне негізделеді.
      Осы кезеңде қалыптасқан қала экономикасының, әлеуметтік саланың, экология және әкімшілік жүйесінің объективті талдауына, күшті және әлсіз жақтарын ескеруге негізделген жоспар елорданың алдында тұрған ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттерді айқындайды. Оның ерекшелігі тұрғындардың өмір сүру деңгейін үнемі жақсартып отыру деген ұғымды білдіретін қаланы орнықты дамытудың қамтамасыз етуге бағыт ұстануы болып табылады.
      Стратегиялық жоспарда Астананың миссиясы - Еуразия кеңістігінде үлгілі елорда болу, күллі Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін негіз болу деп тұжырымдалған. Қазақстан Республикасының елордасы Астананың келбеті - бәсекеге қабілетті экономикасы бар, тұрғындар, еліміздің азаматтары мен туристер, кәсіпкерлер үшін тартымды, қоршаған ортасы өмір сүруге қолайлы қала деп айқындалған.
      Бұл ретте Стратегиялық жоспарда өзара байланысты төрт мақсат айқындалған: қаланың орнықты ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз ету; қолайлы қоршаған ортаны және тұрақты жұмыс істейтін инфрақұрылымды ұстап тұру; қаланың әлеуметтік орнықты қоғамын қалыптастыру; қалалық басқару жүйесін жетілдіру.
      Әртараптандырылған экономиканы дамыту, ақпараттық технологияларды, инновациялық әзірлемелерді енгізу, тиісті инфрақұрылымды, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Астананың 2030 жылға қарай әлемнің ең бәсекеге қабілетті отыз қаласының қатарына кіруіне мүмкіндік беретін экономиканың барлық секторының: өнеркәсіптің, құрылыстың, сауданың, көлік және коммуникацияның жоғары өсу қарқынын білдіреді.
      Қалаларды орнықты дамытуды жоспарлаудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес Стратегиялық жоспарда Астананың 2030 жылға дейінгі орнықты дамуының бірқатар көрсеткіштері және олардың: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық үш тобы бойынша нысаналы мәні айқындалған.
      Стратегиялық жоспарды іске асыруды стратегиялық даму міндеттерінің мақсатына қарай және кезең-кезеңімен шешу қағидатында құру көзделіп отыр. Стратегиялық жоспарды іске асырудың басты тетігі ретінде Астана қаласының орта мерзімді даму бағдарламалары белгіленген.
      Стратегиялық жоспарды қабылдау қаланы дамытудың стратегиялық мақсаттары бар қысқа, орта мерзімді бағдарламаларының өзара байланысын, елорданы дамытуға деген жүйелі кешенді көзқарасты қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасы Президенті
      Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық
      талдау бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады