Мемлекет басшысы 2008 жылғы 1 шілдеде "Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 - 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Жарлыққа қол қойды.
Бағдарлама экономика салалары мен жұмыс берушілерді бәсекеге қабілетті дағдыларға және білімін жалғастыруға жеткілікті әлеуетке ие техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті мамандарымен қамтамасыз ету үшін техникалық және кәсіптік білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бағдарламада білім беру бағдарламалары мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, ұлттық біліктілік құрылымын жасау, шетелдік оқытушыларды тарту, басқарудың салааралық тетіктері, қаржыландырудың жаңа моделі, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бизнес-қауымдастықтардың белсенді қатысуы көзделеді.
Бағдарламаны іске асыруға байланысты қаржылық шығындары 58178,9 млн. теңгені, оның ішінде:
2008 жылы - 5707,8 млн. теңгені,
2009 жылы - 23486,7 млн. теңгені,
2010 жылы - 28984,4 млн. теңгені құрайды.
Бағдарламаны іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бірінші кезең (2008 - 2010 жылдар) техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің оқыту бағдарламаларын жаңартуға және институционалды дамытуға бағытталады.
Екінші кезең (2011 - 2012 жылдар) техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформалары мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жетілдіру кезеңі болады.
Жарлықты іске асыру Қазақстанда жастардың еңбек ету қабілеттілігін арттыру мен адами ресурстарды дамыту үшін кең құзыретті әрі озық іргелі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайтын техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы
Президент Әкімшілігінің
Ішкі саясат бөлімі