"Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ
Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) "Қазақстан-2050" стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының "Экономиканы әртараптандыруды жеделдету" деген түйінді бағытын іске асыру үшін, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 ел қатарына кіру жөніндегі тұжырымдамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVI пленарлық отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау үшін және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген.
Бағдарлама Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) қисынды жалғасы болып табылады және оны іске асыру тәжірибесі ескерілген.
Бағдарлама Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының бір бөлігі болып табылады әрі күш-жігер мен ресурстарды секторлардың шектеулі аясына, өңірлік мамандануға шоғырландыра отырып, кластерлік тәсілді қолдану арқылы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және тиімді салалық реттеуге бағытталған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер белгіленген:
1) өңдеуші өнеркәсіпті озыңқы дамыту;
2) басым секторларда тиімділікті арттыру және қосылған құнды ұлғайту;
3) шикізат емес тауарларды өткізуге арналған нарықтарды кеңейту;
4) өнімді жұмыспен қамтуды ұлғайту;
5) өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын технологияландыруды жаңа деңгейге көтеру және инновациялық кластерлер қалыптастыру арқылы болашақтың секторларын дамыту үшін негіз жасау;
6) өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлікті ынталандырып, шағын және орта бизнесті дамыту.
2012 жылдың деңгейіне қатысты 2019 жылы мына экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу:
1) өңдеуші өнеркәсіп өндірген өнім көлемін нақты мәнде 43 %-ға ұлғайту;
2) өңдеуші өнеркәсіпте жалпы қосылған құнды нақты мәнде кемінде 1,4 есе ұлғайту;
3) өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін нақты мәнде 1,4 есе ұлғайту;
4) шикізаттық емес (өңделген) экспорт құнының көлемін кемінде 1,1 есе ұлғайту;
5) өңдеуші өнеркәсіптің энергия сыйымдылығын 2012 жылдың деңгейіне қатысты кемінде 15 %-ға азайту;
өңдеуші өнеркәсіпте жұмыспен қамтуды 29,2 мың адамға ұлғайту.
Талдау нәтижелері бойынша өңдеуші өнеркәсіптің металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі сияқты 6 басым саласы таңдап алынды, олар 14 секторға бөлінген:
1) қара металлургия;
2) түсті металлургия;
3) мұнай өңдеу;
4) мұнай-газ химиясы;
5) азық-түлік өнімдерінің өндірісі;
6) агрохимия;
7) өнеркәсіпке арналған химикаттар өндірісі;
8) автокөлік құралдарының, олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісі;
9) электр машиналары мен электр жабдығының өндірісі;
10) ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі;
11) теміржол техникасының өндірісі;
12) кен өндіру өнеркәсібіне арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі;
13) мұнай өңдеу және мұнай өндіру өнеркәсібіне арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі;
14) құрылыс материалдарының өндірісі.
Инновациялық секторлар тұжырымдамалық және бағдарламалық құжаттарда, Мемлекет басшысының жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген басымдықтарға сәйкес айқындалған. Мұндай секторларға мыналар жатады: ұтқыр және мультимедиалық технологиялар, нано- және ғарыш технологиялары, робототехника, гендік инженерия, болашақтың энергиясын іздеу және ашу салалары.
Сондай-ақ, бағдарламада кластерлік саясат белгіленді, ол ел экономикасын жаңа технологиялық тұғырға ауыстыруға, өнімділік деңгейі, қосылған құны және өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің бөлініс дәрежесі жоғары салаларды қалыптастыруға бағытталатын болады.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде мемлекет:
мұнай мен газ өндіруге және өңдеуге байланысты базалық ресурстық секторлардың, мұнай-газ химиясының, мұнай-газ химиялық машина жасаудың және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған сервистік көрсетілетін қызметтердің ішінен бір ұлттық кластерді;
өңдеуші өнеркәсіптің нарықтық бағдарланған секторларында конкурстық рәсімді жүргізу нәтижелері бойынша айқындалатын аумақтық үш кластерді;
Астана қаласында ("Назарбаев Университеті" кластері), Алматы қаласында ("Ақпараттық технологиялар паркі" кластері) "жаңа экономика" секторларында инновациялық екі кластерді дамытуға және теңгерімді түрде қолдауға назар аударады.
Жалпы, бағдарламаның іс-шаралары түйінді тосқауылдарды еңсеру жөніндегі міндеттерді шешуге және өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталатын болады, бұл нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық
мониторинг бөлімі