Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы" № 34 Жарлығына түсініктеме

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығына түсініктеме

      Президенттік науқан кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті əлеуметтік мəселелерді шешуге уəде берді.

      Президенттің атына кепілсіз тұтыну кредиттерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түсуде.

      Бүгінде еліміздегі əлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы əлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

      Көптеген азаматтың борыш жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз кредиттерін өтеудің жолын таба алмауда. Бұл мəселе 500 мыңға жуық адамның тұрмысына тікелей əсер етіп отыр.

      Кредиттердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Берешектің орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.

      Мемлекет басшысы қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бейжай қарай алмайтынын айтты. Сондықтан Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз əлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру.

      Жарлықта Үкіметке жəне Ұлттық Банкке біржолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.

      Жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың қатарынан əрбір қарыз алушы үшін мемлекет тікелей жəне атаулы қаржылай көмек ретінде екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі қарызын жəне оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұл ретте олардың биылғы 1 маусымға дейінгі берешегінің жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс.

      Қарыз алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі қарызы мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді.

      Қалған кредит алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге жəне борыш жүктемесін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді.

      2019 жылғы 1 шілдедегі мəлімет бойынша банктерде жəне микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азамат үшін есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады. Қарыз алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

      Сонымен қатар кредит беруге, оған қатысты қызмет көрсетуге жəне жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан барлық кепілсіз қарыздарына байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссия жəне өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады.

      Тұтыну кредиттеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл – Президенттің ұстанымы.

      Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық Банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тəуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс.

      Қаржылық ахуалын одан əрі нашарлатпау үшін табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынатын болады.

      Ұлттық Банк кепілсіз тұтынушылық қарыздарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – қарыз алушының борыш жүктемесінің жалпы коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар жəне басқалар.

      Мемлекет басшысы жоғарыда аталған шұғыл шаралар əлеуметтік мəселелерді шешуге жəне Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады