Қазақстан Республикасы Пре зи дентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының өлім жаза сын қолдану мəселелерін регламенттейтін ережелеріне ресми түсіндірме берді.
Мемлекет басшысының өтініші Қазақстанның Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы (бұдан əрі – Факультативтік хаттама) алдағы уақытта ратификациялауымен байланысты болды. Өтініште Республика Конституциясы ережелерінің жəне Факультативтік хаттаманың ең ауыр жазаны қолдану мəселелерін реттейтін нормаларының арақатынасы туралы мəселе қойылды.
Конституциялық Кеңес Факультативтік хаттаманы ратификациялау үшін Негізгі Заңға түзетулер енгізудің қажеті жоқ деп шешті.
Бұл ретте, Кеңес Конституцияға жəне жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сəйкес өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып табылатынын жəне мемлекет барлық адамдар үшін осы құқықты жүзеге асыруға кепілдік беруге міндетті екенін атап өтті.
Əлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретінде Қазақстан алғашқы кезден бастап қылмыстық заңнамада өлім жазасының күшін жою үрдісін ескеріп келеді жəне осы жылдар ішінде елде ең ауыр жазаны қолданбаудың орнықты құқықтық режимі қалыптасты.
Осы бағытты дəйекті іске асырудағы кезекті кезеңді Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 23 қыркүйекте аталған Факультативтік хаттамаға қол қоюы ашты.
Қазақстан Конституциясында адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін өлім жазасын белгілеуге жол берілетінін назарға ала отырып, Кеңес өлім жазасының күшін жою туралы халықаралық шартты ратификациялау Республика Парламентінің құзыретіне кіретінін атап өтті. Бұл ретте, Негізгі Заңда осы қылмыстар үшін қылмыстық заңда өлім жазасын белгілеу немесе одан бас тарту, олардың шеңберін қысқарту туралы мəселені Парламенттің қарауына қалдырылады. Заң шығарушы өлім жазасының күшін ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізу арқылы ғана емес, сондайақ жазаның осы түрі белгіленуі мүмкін қылмыстарды жоюды немесе олардың санын шектеуді көздейтін халықаралық шартты ратификациялау арқылы да жоя алады.
Кеңес өз шешімінде Конституция Факультативтік хаттаманы ратификациялауға кедергі болмайтынын атап өтті. Факультативтік хаттама ратификацияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі оның талаптарына сəйкес келтірілуі тиіс.
Конституциялық Кеңес қаулысының толық мəтіні баспасөзде жəне Кеңес сайтында жарияланады.
Конституциялық Кеңес |