Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 22 қаңтар N 536

      Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру мақсатында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 3) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Таратылып отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Салық полициясы комитеті және Салық полициясы академиясының мүлкі мен істерін басқару жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі құрылсын.
      Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігіне экономика және қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі міндеттерді орындау жүктелсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Авторлық құқық жөніндегі комитетінің және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазпатент" Патенттер және тауар белгілері жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мүлкі мен істерін басқару жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін бере отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетін құруды қамтамасыз етсін;
      2) атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері, сондай-ақ штат саны әрі мүлкі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке және оның облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы әкімшілеріне беріле отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау жөніндегі комитетін таратсын;
      3) Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі жөніндегі ережені бекітсін;
      4) Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына:
      - актілердің және прокурорлар талаптарының міндетті орындалуын, оларды мәжбүрлеп орындату тетігін айқындауды және лауазымды тұлғалар мен азаматтардың прокурорлық қадағалау талаптарын орындалмағаны үшін жауаптылығын белгілеуді;
      - кеден органдарының, олардың контрабанда және кедендік төлемдерді төлеуден жалтару туралы істер бойынша алдын ала анықтау жүргізу құқығын сақтай отырып, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерінен айыруды;
      - ішкі істер органдарына сотты құрметтемеу көріністеріне және сот шешімдерін орындау тәртібін бұзушылықтарға байланысты қылмыстар туралы істер жөніндегі алдын ала анықтауды беруді;
      - атқарушылық құжаттарды атқару және соттар қызметінің белгіленген тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау бойынша функцияларды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке беруді көздейтін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар жобаларын әзірлеп, енгізсін;
      5) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің мына Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 Жарлығының:
      3-қосымшасындағы "34" және "193" сандары тиісінше "64" және "1445" сандарымен алмастырылсын;
      2) (күші жойылды - ҚР Президентінің 2010.09.22 № 1066 Жарлығымен).

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады