Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.05.19 № 86 Жарлығымен.
Қазақстандық қоғамды одан әрi демократияландыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттiк басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтерi, ауылдары (селолары), кенттерi әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу ережелерi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы:
1) мемлекеттік басқаруды ода әрі орталықсыздандыру мәселелері жөніндегі заңдарды қолданысқа енгізгеннен және жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізгеннен кейін Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтері, ауылдары (селолары), кенттері әкімдерінің сайлауын белгілесін, ұйымдастырсын және кезең-кезеңімен өткізсін; <*>
2) осы Жарлықта көзделген сайлау өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны мен тізбесін облыстардың әкімдерімен бірлесіп айқындасын.
Ескерту. 2-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.07.08. N 1613 Жарлығымен .
3. "Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 23 маусымдағы N 633 Жарлығының 1-тармағының күші жойылды деп танылсын (Қазақтан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 21, 259-құжат).
4. Қазақстан Республикасының Үкiметі, облыстардың әкiмдерi аталған сайлауды ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнiнде қажетті шараларды қолдансын.
5. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2004 жылғы 6 желтоқсандағы
N 1484 Жарлығымен
БЕКIТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық)
округтерi, ауылдары (селолары), кенттерi
әкiмдерінің сайлауын өткiзудiң
ережелерi
Осы Ережелер Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтерi, ауылдары (селолары), кенттерi әкiмдерiнiң сайлауын өткізудiң тәртiбiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Әкiмдердi сайлау тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктердiң аумақтарында тұрғылықты халық саны:
бес мың адамға дейiн болса - жалпыға ортақ тең әрi төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы;
бес мың адамнан астам болса - жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзіледi. Жанама сайлау құқығы аталған әкiмдердi азаматтардың өз өкiлдерi - таңдаушылар арқылы сайлаудан тұрады.
Тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктiң әкiмi төрт жыл мерзiмге сайланады.
2. Әкiмдердiң кезекті сайлауын Орталық сайлау комиссиясы әкiмдердiң өкілеттiктер мерзiмi аяқталардан кемiнде қырық бес күн бұрын белгілейдi. Шығып қалған әкiмдердiң орнына сайлауды облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссиялары облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша әкiмнің өкілеттіктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешіктірмей тағайындалады.
3. Әкiмдердi сайлауға тиiстi аумақта тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуға хақылы.
4. Кандидаттардың осы Ережелерде белгiленген шекте сайлауға қатысуға тең құқықтары бар.
2-тарау. Сайлау жүйесi
5. Әкiмдердi сайлау кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады: басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың не таңдаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланған болып саналады.
6. Әкiмдер сайлауын өткiзгенде тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiк аумағы сайлау округi болып табылады.
7. Әкiмдердiң сайлауын дайындау мен өткiзудi ұйымдастыратын сайлау органдары тиiстi аумақтық және учаскелiк сайлау комиссиялары болып табылады.
8. Жанама сайлау құқығын пайдаланған кезде тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешімiмен әкiмдердi сайлау жөнiндегi округтік сайлау комиссияларының функцияларын орындайтын сайлау комиссиялары айқындалады.
9. Округтік сайлау комиссиясы:
1) жиналыстар (жиындар) өткiзу үшiн елдi мекен, көше, махалла тұрғындарының қажетті санын белгілейдi;
2) таңдаушыларды сайлау үшiн тұрғындардың жиналыстарын (жиындарын) өткізудi ұйымдастырады;
3) әкiмдiкке ұсынылған кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәлiктер береді;
4) дауыс беруге арналған бюллетень мәтiнiн бекітедi;
5) дауыс беруге арналған пунктті дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi;
6) әкiмдi сайлаудағы дауыс беру нәтижелерiн белгілейдi, дауыс беру нәтижелерi туралы хаттаманы әкiмдi тiркеу үшiн аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына тапсырады;
7) қайта сайлау өткiзедi;
8) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға және осы Ережелерге сәйкес басқа да өкілеттіктердi жүзеге асырады.
3-тарау. Таңдаушыларды сайлау.
Таңдаушылардың тiзiмi. Сайлаушылардың тiзiмi
10. 18 жасқа толған, тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бірлiктiң аумағында тұрғылықты тұратын және белсендi сайлау құқығына ие азаматтар сайлаушылар мен таңдаушылар бола алады.
11. Тиiстi аумақта таңдаушыларды сайлау үшiн тұрғылықты жерi бойынша азаматтардың жиналыстары (жиындары) өткiзіледi.
12. Жиналыстарды (жиындарды) елдi мекендердiң аумақтары, көшелерi, махаллалары бойынша округтік сайлау комиссиясы шақырады.
13. Жиналыстардың (жиындардың) жұмысына 18 жасқа толған және сол аумақта тұратын азаматтар қатысады.
14. Жиналысқа округтік сайлау комиссиясы белгілеген санына сәйкес, елдi мекеннiң, көшенiң, махалланың сайлаушыларының көпшiлiгi қатысса, құқықтық күші бар болып табылады.
15. Округтік сайлау комиссиясы, тиiсті округ үшiн белгіленген таңдаушылардың санына байланысты, олардан бiр таңдаушы сайланатын сайлаушылардың қажетті санын дербес белгiлейдi.
16. Елдi мекендер үшiн таңдаушылардың санын тұрғындардың санына байланысты 20-дан 100-ге дейiн таңдаушылар шегiнде Орталық сайлау комиссиясы белгілейдi.
17. Жиналыста (жиында) таңдаушыны (таңдаушыларды) сайлау ашық дауыс беру арқылы жүргізіледi және ол тұрғындар жиналысының (жиынының) төрағасы мен хатшысының қолы қойылған хаттамамен ресiмделедi.
Басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн алған таңдаушы сайланған деп саналады.
18. Жанама сайлау құқығымен әкiмдердiң сайлауын өткiзген кезде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.
19. Төте сайлау құқығы кезiнде сайлаушылардың тізiмдерi "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жасалады.
20. Тиiстi жергiлiктi атқарушы орган тұрғындарды есепке алуды жүргiзетiн органдар ұсынатын мәлiметтердiң негiзiнде тұрғылықты жерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерiн жасайды.
21. Азаматты нақты сайлау учаскесiндегі сайлаушылар тiзiмiне енгізу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болып табылады.
22. Азамат сайлаушылардың (таңдаушылардың) бір ғана тiзiмiне енгiзiлуi мүмкін.
23. Сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беру күнiне он күн қалғанға дейiн ұсынылады.
24. Азаматтарға тиiстi учаскелiк (округтік) сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдерiмен танысу мүмкiндiгі қамтамасыз етіледi.
25. Әрбiр сайлаушыға (таңдаушыға) тiзiмге енгiзілмегенi, дұрыс енгiзілмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде тiзiмде жiберiлген жаңсақтықтар үшін шағымдану құқығы берiледі. Тiзiмдерге түзетулер жасау қажеттігi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы үш күн мерзiмнен кешіктiрмей, ал дауыс беру қарсаңында және дауыс беретiн күні дереу қарайды. Учаскелiк (округтiк) сайлау комиссиясының шешiмiне жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағымдануға болады.
4-тарау. Әкiмдiкке кандидаттарды ұсыну
және тiркеу
26. Сайлау күні туралы хабарламаны тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк тұрғындарының назарына аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы жеткiзеді.
27. Әкiм болып сайлануы үшін азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес белсендi сайлану құқығы болуға тиiс.
28. Әкiмдiкке 25 жасқа толған және тиiсті облыстың аумағында тұратын, сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметшілерге қойылатындай талаптарға сай келетiн азаматтар кандидат бола алады.
29. Кандидаттарды ұсыну құқығы - сайлау құқығына ие саны кемiнде елу адам жиналатын азаматтардың жиналысына, сондай-ақ азаматтарға - өзiн-өзi ұсыну арқылы тиесілi.
30. Кандидаттарды ұсыну туралы шешiм ашық дауыс беру жолымен жиналысқа қатысқан азаматтардың көпшілiк даусымен қабылданып, тиiстi хаттамамен ресiмделедi.
31. Азаматтар жиналысының шешiмi:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге әкiмдердi сайлау жөнiндегi тиiстi аудандық (қалалық) не округтік сайлау комиссиясына жолданады.
32. Кандидаттарды өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен ұсыну әкiмдердi сайлау жөнiндегі тиiсті аудандық (қалалық) не округтік сайлау комиссиясына тиiсті әкiмшілiк-аумақтық бiрлiк аумағында әкiмдiкке кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзіледi.
33. Ұсынылатын кандидаттар саны шектелмейдi.
34. Кандидаттарды ұсыну сайлау күнінен қырық бес күн бұрын басталып, одан отыз күн бұрын аяқталады.
35. Бiрде-бiр кандидат ұсынылмаған не барлық ұсынылған кандидаттар өздерiн тіркегенге дейiн кандидатураларын алып тастаған жағдайда, әкiмдердi сайлау жөнiндегі аудандық (қалалық) не округтiк сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсынудың мерзiмiн ұзартады.
36. Әкiмдердi сайлау жөнiндегі аудандық (қалалық) не округтік сайлау комиссиясы кандидаттың осы Ережелерде қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтайды.
37. Кандидатты тiркеу мына құжаттар болған жағдайда:
1) азаматтар жиналысының хаттамасы;
2) әкiмдiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiмi (ниетi) туралы өтiнiшi;
3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке бас куәлiгi болған жағдайда жүзеге асырылады.
38. Тиiсті сайлау комиссиясы кандидаттарды тiркеу туралы хаттама жасайды.
39. Тиiсті сайлау комиссиясы:
1) кандидаттарды тiркегеннен кейiн әрбiр кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты, атқаратын лауазымы, кандидаттың қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестіктерге қатыстылығы мен қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтердi көрсете отырып, тiркегенi туралы жергілiкті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзгеше тәсiлмен хабарлайды;
2) тіркелген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
3) мына жағдайда:
кандидатты ұсыну ережелерi бұзылғанда;
кандидат лауазымдық немесе қызметтiк жағдайларының артықшылықтарын пайдаланғанда;
сайлау комиссиясы кандидатты тiркегенге дейін оның сайлау алдындағы үгiт жүргiзу фактілерi анықталғанда;
сайлаушыларды сатып алу фактілерi анықталғанда;
осы Ережелерде көзделген өзге де талаптар сақталмағанда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнiң күшін жояды.
40. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылуына кандидат үш күн мерзiм iшiнде жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым бере алады. Бұл ретте жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берiлген күннен бастап бес күн мерзiм iшiнде шағым бойынша шешім шығарады.
41. Кандидатты тiркеу дауыс беру күнiнен қырық күн бұрын басталып, дауыс беру күнiне жиырма бес күн қалғанда аяқталады.
42. Кандидат тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi кезеңде бұл туралы әкiмдердi сайлау жөнiндегi аудандық (қалалық) не округтiк сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
43. Мұндай жағдайларда сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не кандидатты тiркеу туралы шешімнің күшін жояды.
44. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн барлық кандидаттар шығып қалған жағдайда, сайлау мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi облыстық, Астана немесе Алматы қалалық сайлау комиссиялары шешедi.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт және
сайлауды қаржыландыру
45. Сайлау алдындағы үгіт барлық кандидаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша тiркелген күнiнен басталады және сайлау қарсаңындағы күнi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
46. Сайлау алдындағы үгiт:
1) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен және таңдаушылармен кездесулердi) өткiзу жолымен;
2) баспа және өзге де үгіт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
47. Мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарының, сайлау комиссиялары мүшелерінiң сайлау алдындағы үгіт жүргізуiне, сайлау алдындағы кез келген үгiт материалдарын таратуына тыйым салынады.
Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ кеудеге тағатын белгілердi, жалаулар мен жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тауарларды, қызмет көрсетудi, бағалы қағаздарды тегін беру, сондай-ақ ақша төлеу арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тыйым салынады.
48. Белсендi сайлау құқығы бар азаматтар осы Ережелерге сәйкес белгiлi бiр кандидатты жақтап не оған қарсы кедергісiз үгiт жүргiзуге хақылы.
49. Барлық кандидаттардың тиiсті сайлау комиссиясында тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша тіркелген кезiнен бастап және үгiт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың үгіт жүргiзуге және сайлау алдындағы бағдарламасын насихаттауға құқығы бар.
50. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдары болуына хақылы, олар өздерiне сайлау науқанын жүргізуге көмектеседi, сайлау алдындағы үгiтті жүргiзедi, кандидаттардың мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бiрлестіктермен, сайлау комиссияларымен қарым-қатынастарында мүдделерiне өкiлдiк етедi.
51. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарын өз қалауы бойынша белгілейдi және оларды тiркеу үшiн әкiмдердi сайлау жөнiндегі аудандық (қалалық) не округтік сайлау комиссиясына хабарлайды.
52. Әкiмдердi сайлау жөнiндегі аудандық (қалалық) не округтік сайлау комиссиясы сенiм білдiрген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiктер бередi.
53. Сенiм бiлдiрген адам қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi бола алмайды.
54. Сенiм бiлдiрген адамдар өздерiне кандидат берген өкілеттіктер шегiнде iс-қимыл жасайды.
55. Сенiм бiлдiрген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз бастамасы бойынша не кандидаттың шешiмiмен өз мәртебесiн тоқтатады.
56. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
57. Сайлау комиссиялары орналасқан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын ілiнген баспа үгiт материалдарын сол орнында қалдыруға болады.
58. Әкiмдер сайлауын өткiзу республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
Әкiмдер сайлауындағы кандидаттардың сайлау алдындағы үгітi осы Ережелер белгiлеген тәртiпте құрылатын сайлау қорларының қаражаты есебiнен қаржыландырылуы мүмкiн.
Әкiмдiкке кандидаттың сайлау қорын:
1) жалпы сомасы заңнамада белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен жиырма бес еседен аспайтын кандидаттың өз қаражаты;
2) жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерiнен елу еседен аспайтын, азаматтардың және Республика ұйымдарының ерiкті қайырмалдығы құрайды.
6-тарау. Әкiмдердi сайлау
59. Әкiмдердi сайлауда дауыс беру мен сайлау қорытындыларын анықтау "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгiленген сайлау рәсiмдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
60. Жанама сайлау құқығын пайдаланған кезде әкiмдi сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында өткiзіледi.
61. Бiрлескен отырыс осы әкiмшілiк-аумақтық бiрлестiк үшін белгіленген таңдаушылардың жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқанда құқықтық күшi бар болып табылады.
62. Таңдаушылардың бiрлескен отырысында төрағалық етушi округтік сайлау комиссиясының төрағасы болып табылады.
Таңдаушылардың бiрлескен отырысының өткiзілгенін куәландыратын құжат бiрлескен отырыстың хаттамасы болып табылады.
63. Таңдаушылардың бiрлескен отырысы өтетін үй-жайда округтiк сайлау комиссиясы әкiмдi сайлау жөнiнде дауыс беру пунктiн ұйымдастырады.
Егер дауыс беру нәтижесiнде бiрнеше кандидат басқа кандидаттармен салыстырғанда таңдаушылардың көп бiрдей дауыс санын алса, округтік сайлау комиссиясы барынша көп дауыс алған екi кандидат бойынша қайта дауыс берудi тағайындайды. Қайта дауыс беру сол күнi өткiзіледi.
Сайлауға бiр кандидат түскен жағдайда оған дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу процентiнен астамы дауыс берсе, ол сайланған болып есептеледi.
64. Округтік сайлау комиссиясының төрағасы әкiмдi сайлау жөніндегі дауыс берудiң нәтижелерiн жариялағаннан кейін бiрлескен отырыс жабылады.
65. Әкiмдердi сайлау жөнiндегi округтік не учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi бойынша аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына дереу жiберiлетiн дауыс беру хаттамасын жасайды.
66. Егер сайлау жарамсыз деп танылса, облыстық, Астана немесе Алматы қалалық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды. Қайта сайлау өткiзген кезде дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде (пункттерде) және бастапқы сайлауды өткізу барысында дайындалған сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi бойынша жүзеге асырылады.
67. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан екi ай мерзiмнен кешiктірілмей өткiзіледi. Қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген сайлау iс-шаралары "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға және осы Ережелерге сәйкес жүргiзіледi.
68. Қайта сайлау өткiзу туралы жергілiктi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
69. Бастапқы сайлауда осы Ережелердi бұзған кандидаттардың қайта сайлауға қатысуға құқығы жоқ.
70. Сайлау қорытындылары аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының отырысында учаскелiк не округтік сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде белгiленедi. Сайлау қорытындылары туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қойған хаттама жасалады және жергілiктi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
7-тарау. Әкiмдердi тiркеу
71. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жеті күн мерзiм iшiнде сайланған әкiмдердi тiркейдi. Сайланған әкiмдi тiркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының шешiмi жоғары тұрған тиiстi әкiмге ұсынылады, ол сайланған әкiмді бiр тәулiк iшiнде тағайындайды.
72. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайланған әкiмдi тiркегеннен кейiн әкiмнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс орны (кәсiбі) мен тұрғылықты жерiн, әкiмнiң қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен қай ұлтқа жататыны туралы мәліметтерді көрсете отырып, тiркеу туралы хабарламаны жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
73. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiн жасау ережелерi, дауыс беру мен дауыстарды есептеу, сайлау нәтижелерiн айқындау тәртiбi бұзылған, осы Ережелердiң басқа да бұзылулары орын алған жағдайда, егер бұл әрекеттер сайлаушылардың немесе таңдаушылардың еркiн білдiруінің нәтижелерiн сенiмдi анықтауға мүмкiндiк бермейтiн болса, ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiнiң сайлауын жарамсыз деп тани алады.
Бұл ретте кандидаттар осы шешiмге ол қабылданған күннен бастап он күн iшiнде сотқа шағымдана алады.
8-тарау. Әкiмдердiң өкілеттiктерiн тоқтату және
оларды қызметiнен босату
74. Әкiмнiң өкiлеттiктерi мерзiмiнен бұрын:
1) өзi әкiм болып табылатын әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктiң шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге көшкен;
2) оны iс-әрекетке қабiлетсiз, хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
3) оған қатысты соттың анықтау үкiмi заңды күшiне енген;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
5) қайтыс болған;
6) орнынан түсу жөнiнде өзi өтiнiш берген жағдайда тоқтатылады.
75. Әкiмнiң өкілеттіктерiн 74-тармақтың 1)-5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтату оларда аталған жағдайлардың басталу сәтiнен бастап жүредi және жоғары тұрған тиiстi әкiмнiң шешiмiмен рәсiмделедi.
Әкiмнiң өкiлеттiктерi 74-тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша, орнынан түсу жөнiнде өтiнiш бергеннен кейiн жоғары тұрған тиiстi әкiмнiң шешiмiмен бiр айдан кешiктірілмей тоқтатылады. Орнынан түсiруден бас тартылған жағдайда әкiм қызметтік өкілеттіктерiн атқаруды жалғастыра беруге тиiс және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте қызметінен кетуге құқығы бар.
76. Әкiм:
1) өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актілерiн бұзған;
2) ол өз міндеттерiн тиiсiнше атқармаған;
3) оның ұзаққа созылған (қатарынан үш айдан артық немесе күнтiзбелiк жыл iшiнде алты ай) еңбекке жарамсыздығы жағдайларында атқаратын қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
77. 76-бапта көрсетiлген негiздер бойынша, аудан (қала) прокурорының алдын ала қорытындысы болғанда және кейiннен тиiстi аудандық (қалалық) мәслихат депутаттарының жалпы санының кем дегенде үштен екiсiнiң келiсiмiн алғанда, жоғары тұрған әкiмнiң шешiмiмен әкiм атқаратын қызметiнен босатылады.
78. Осы Ережелердің орындалуын бақылауды, олардың бiрыңғай үлгіде қолданылуын қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
Осы Ережелерде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының актілерiмен шешiледi.