Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты Кеңестегi Қазақстан Республикасының Өкiлеттi өкiлi туралы ереженi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 28 қазандағы N 1664 Жарлығы.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты Кеңестегі Қазақстан Республикасының Өкiлетті өкiлi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты Кеңестегi Қазақстан Республикасының Өкiлетті өкiлi мен оның аппаратын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерiн шешсiн.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президентi



  Қазақстан Республикасы
Президентінiң
2005 жылғы 28 қазандағы
N 1664 Жарлығымен
бекiтiлген

Ұжымдық қауіпсiздiк туралы шарт ұйымының жанындағы
Тұрақты Кеңестегі Қазақстан Республикасының Өкiлетті өкiлi туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының (бұдан әрi - ҰҚШҰ) жанындағы Тұрақты Кеңестегi Қазақстан Республикасының Өкілеттi өкiлінің мәртебесiн және өкілеттігiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. ҰҚШҰ жанындағы Тұрақты Кеңестегi Қазақстан Республикасының Өкілетті өкілiн (бұдан әрi - Өкілетті өкіл) Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      2. Өкiлетті өкіл лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілеттi Елшiсiне теңестіріледi.

      Өкілетті өкiлге "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелерi қолданылады.

      3. Өкілеттi өкіл өз қызметін келген мемлекеттің заңнамасын және ҰҚШҰ ережелерiн, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясына , 2003 жылғы 1 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен бекiтілген Ұжымдық қауіпсiздiк туралы шарт ұйымының жарғысына , 2003 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесi туралы келiсiмге (бұдан әрi - ҰҚШҰ құқықтық мәртебесi туралы келiсiм), "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына , Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң 2003 жылғы 28 сәуiрдегi шешiмiмен бекiтілген ҰҚШҰ жанындағы Тұрақты Кеңес туралы ережеге (бұдан әрi - Тұрақты Кеңес туралы ереже), Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы 4 ақпандағы N 1287 Жарлығымен бекiтілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережеге, осы Ережеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерiне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.

2. Өкiлетті өкiлдiң негізгі мiндеттерi, функциялары мен құқықтары

      4. Өкілетті өкiлдiң негізгі мiндеттерi:

      ҰҚШҰ-да Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру;

      ҰҚШҰ-мен қарым-қатынаста Қазақстан Республикасының атынан өкілдiк ету;

      ҰҚШҰ-мен өзара қарым-қатынаста Қазақстан Peспубликасының саяси, әскери-техникалық мүдделерiн қорғауды дипломатиялық құралдармен және әдiстермен қамтамасыз ету;

      ҰҚШҰ қызметiнiң мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының ұстанымын бiлдiру;

      ахуалды бағалау және талдау, ұлттық, өңiрлiк және xалықаралық қауiпсiздiкті қамтамасыз етудiң өзекті мәселелерi бойынша жедел ақпарат алмасу және тиiсті ұсынымдар дайындау;

      Қазақстан Республикасының ұстанымын ескере отырып, Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң ҰҚШҰ-ның консультативтiк және атқарушы органдарының шешiмдерiн орындауды ұйымдастыруға қатысу;

      Қазақстан Республикасының ұстанымын ecкере отырып, ҰҚШҰ органдарының отырыстарына шешiмдер жобаларын дайындауға қатысу болып табылады.

      5. Өкілеттi өкiл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты стратегиясын iске асыруға ықпал етеді;

      Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттік органдарына ҰҚШҰ-мен қарым-қатынас мәселелерi жөнiнде ұсыныстар бередi;

      ҰҚШҰ органдарымен келiссөздер жүргiзедi және ресми байланыстарды ұстауға ықпал етеді;

      Қазақстан Республикасының ҰҚШҰ-мен ынтымақтастығы шеңберiнде мақсаттар мен қағидаттарды жүзеге асыруға, сондай-ақ шешiмдердi iске асыруға жәрдемдеседi;

      сыртқы саяси қызметті үйлестіруге, көп жақты әскер-саяси ықпалдастықты дамытуға, ұжымдық қауіпсiздiк жүйесi мен оның өңiрлiк құрылымдарын дамытуға және жетілдiруге бағытталған ұсыныстар дайындайды;

      халықаралық терроризмге, есiрткі құралдары мен психотроптық заттардың, қарудың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көшi-қонға және қауiпсiздiктің басқа да қатерлерiне қарсы iс-қимыл жасауға бағытталған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердiң күш-жiгерiн үйлестіру жөнiндегі ұсыныстарды әзірлеуге қатысады;

      Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң сессияларына және ҰҚШҰ Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң, ҰҚШҰ Қорғаныс министрлерi кеңесiнiң, ҰҚШҰ Қауiпсiздiк кеңестерi хатшылары комитетiнiң отырыстарына шешiмдеp мен құжаттардың жобаларын дайындауға қатысады;

      Қазақстан Республикасының мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қозғайтын оқиғалардың дамуы жағдайында тиiстi консультациялар өткiзу туралы ұсыныстар енгiзедi;

      ҰҚШҰ шеңберiнде Қазақстан Республикасының әскери-техникалық ынтымақтастығын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар дайындайды;

      ҰҚШҰ-ға iссапарға жiберiлетiн Қазақстан Республикасының ресми делегацияларына және өкiлдерiне оларға жүктелген мiндеттердi орындауда жәрдем көрсетедi;

      ҰҚШҰ органдарының отырыстарына Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрiнiң және Қазақстан Республикасының басқа да ресми тұлғаларының қатысуымен байланысты хаттамалық-ұйымдастыру iс-шараларына қатысады;

      ақпарат жинауды және ҰҚШҰ қызметiн зерттеудi жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарын хабардар етедi;

      ҰҚШҰ-да Қазақстан Республикасының сыртқы, iшкi және қорғаныс саясаты туралы ақпарат таратады;

      Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi шешiмдерiнiң және оларды орындауға қабылданатын ҰҚШҰ Сыртқы iстер министрлерi кеңесi, ҰҚШҰ Қорғаныс министрлерi кеңесi және ҰҚШҰ Қауіпсiздiк кеңестерi хатшыларының комитетi шешiмдерiнiң орындалуын жалпы қадағалауды және бақылауды жүзеге асырады;

      ҰҚШҰ-ның ұйымдастырушылық және қаржылық қызметiне байланысты мәселелердi қарайды және оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар дайындайды;

      ҰҚШҰ органдарына Қазақстан Республикасының қорғаныс және қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi заңнамасы туралы, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен Қазақстан Республикасы жасасатын әскери-саяси сипаттағы халықаралық шарттар мен басқа да халықаралық-құқықтық актiлер туралы ақпарат бередi;

      ҰҚШҰ Бас хатшысының Қазақстан Республикасындағы жұмыс бабындағы байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдеседi.

      6. Өкiлеттi өкiлдiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:

      берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ҰҚШҰ шеңберiнде халықаралық шарттар жасасуға қатысты актiлердi жасауға;

      белгiленген тәртiппен ҰҚШҰ-мен қарым-қатынас мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;

      өзiнiң құзыретiне енетiн мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарынан қажеттi материалдар мен құжаттарды белгiленген тәртіппен алуға;

      қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат (шығыстар) лимитiн иеленуге;

      қызмет көрсетушi персоналмен еңбек қатынастары мәселелерi бойынша өз бетiнше шешiмдер қабылдауға, аппарат қызметкерлерiнiң жыл сайынғы ақысы төленетiн демалыстарының кестесiн бекiтуге құқығы бар.

      7. Өкiлетті өкiл өзi жiберген ақпараттың нақтылығы, дұрыстығы және толықтығы үшiн дербес жауап бередi.

3. Өкілетті өкілдің қызметін ұйымдастыру

      8. Өкілетті өкiл ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң оны тағайындау туралы ресми хабарламасын алған сәттен бастан өз мiндеттерiн атқаруға кiрiседi.

      9. Өкiлеттi өкілдiң өкiлеттігi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі оны керi шақырып алу туралы Бас хатшыға ресми хабарлаған күннен бастап тоқтатылады.

      10. Өкiлетті өкiл Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты Кеңестің (бұдан әрi - Тұрақты Кеңес) отырыстарына қатысады. Өкілетті өкiлдiң Тұрақты Кеңестің отырысына қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда, отырыстарға қатысу үшiн оның өкілеттігі Қазақстан Республикасының басқа өкіліне уақытша берiлуi мүмкiн, бұл туралы ҰҚШҰ Бас хатшысына ресми хабарланады.

4. Өкiлеттi өкiлдiң аппараты

      11. Өкiлеттi өкiлдiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру үшін Өкілетті өкiлдiң аппараты құрылады.

      12. Өкілетті өкіл және аппарат қызметкерлерi ҰҚШҰ-ның құқықтық мәртебесi туралы келiсiмнiң III бөлiмiнде белгіленген көлемде берілетін артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланады.

      13. Өкiлеттi өкiл аппаратының құрылымын және штат кестесiн республикалық бюджетте Өкілетті өкілдi ұстауға көзделген қаражат (шығыстар) лимитiнiң шегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгі бекiтедi.

      14. Аппарат қызметкерлерiнiң лауазымдық мiндеттерiн Өкiлеттi өкiл белгiлейдi.

      15. Өкілетті өкіл аппаратының қызметкерлерi өздерiнiң қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауап бередi.

      16. Өкілетті өкiл аппаратындағы еңбек қатынастары халықаралық құқық нормаларын және келген мемлекет заңнамасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.

5. Өкiлетті өкiлдiң қызметін қамтамасыз ету

      17. Тұрақты Кеңес туралы ережеге сәйкес Өкiлеттi өкiлдi және оның аппаратын қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Өкiлетті өкiл мен оның аппаратының қызметкерлерiне еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің персоналы үшiн көзделген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      Өкілетті өкілдiң шығыстар сметасын тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Қазақстан Республикасының Yкiметі бекiтедi.

      18. Өкілетті өкіл көлiкпен, қызметтік үй-жайлармен және басқа да қажетті мүлiкпен, сондай-ақ ашық және жабық байланыс арналарымен қамтамасыз етіледi.

      19. Өкілетті өкiлдің өзiне бекiтiп берiлген мүлiкті иелену, пайдалану және оған билiк ету тәртібi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады