"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 16 шілдедегі N 173 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 5 қаңтардағы N 1694 Жарлығы. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.10.12. N 201 жарлығымен.

       ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 16 шілдедегі N 173  Жарлығына  мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      1) аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколындағы 1-бөлім 1-1-бөлім деп саналсын;

      2) мынадай мазмұндағы 1-бөліммен толықтырылсын:

"1-бөлім. Сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің
қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімін дайындау мен өткізудің
тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      Сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімі (инаугурация) ол сайланған жылдан кейінгі жылғы қаңтардың екінші сәрсенбісінде өткізіледі.
      Ұлықтау (инаугурация) Астана қаласында, Президенттің "Ақорда" Резиденциясында өткізіледі.

2-тарау. Ұлықтауға қатысатын адамдар

      Қазақстан Республикасының  Конституциясына  сәйкес ұлықтау салтанатына Парламенттің қос Палатасының депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттері қатысады.
      Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы және Президент Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, өзге де орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшылары, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері, Қазақстанның және халықаралық қоғамдастықтың, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуға хақылы.

3-тарау. Ұлықтауды дайындау мен өткізудің тәртібі

      Ұлықтауға дейінгі дайындық іс-шаралары сайланған Республика Президентін тіркегеннен кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімін дайындау мен өткізудің іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Салтанаттың басталғаны туралы диктор хабарлайды.
      Содан кейін мерекелік фанфарлар шырқалады.
      Республикалық ұланның әскери қызметшілерінің шерулік топтары марш әуенімен ұлықтау өткізілетін орынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі.
      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының  42-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі деп хабарлайды.
      Сайланған Республика Президенті Қазақстан халқына ант берген кезде Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, мемлекеттік тілде Конституцияда белгіленген анттың мынадай мәтінін оқиды: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.".
      Ант берілгеннен кейін қызметіне кіріскен Республика Президенті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына келіп, оны сүйеді.
      Содан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалады.
      Президенттің "Ақорда" Резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтеріледі.
      Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өткен сайлау қорытындылары бойынша сайланған Қазақстан Республикасының Президентіне сөз арнайды және оған Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін, омырауға тағатын белгісін, байрағын және "Алтын қыран" орденін тапсырады.
      Егер бір тұлға Республика Президенті болып екінші өкілеттік мерзіміне сайланған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің омырауға тағатын белгісі, байрағы және "Алтын қыран" ордені оған қайталап тапсырылмайды.
      Қызметіне кіріскен Қазақстан Республикасының Президенті сөз сөйлеп, ол аяқталған соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің рапортын қабылдайды.
      Республика Президенті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің шерулік топтарына ықылас білдіреді.
      Қызметіне кіріскен Қазақстан Республикасы Президентінің алдынан Қарулы Күштер әскерлерінің түрлері мен тектерінің шерулік топтары салтанатты маршпен құрмет көрсетіп өтеді.
      Ұлықтау салтанаты артиллериядан дүркіндете атумен қошеметтеліп тұрады.
      Ұлықтаудың аяқталғаны туралы диктор хабарлайды.".

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлау қорытындылары бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімін дайындау және 2006 жылғы 11 қаңтарда өткізу жоспарын бекітсін;
      2) ұлықтау салтанатын ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған өзге де шаралар қабылдасын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады