Әкiмшiлiк реформаны одан әрi жүргiзу жөнiндегi кейбiр шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 наурыздағы N 304 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасының Президентi

      мен Үкiметi актiлерінің жинағында

      жариялануға тиiс

      "Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру және оларға жүктелген функциялар мен мiндеттердiң сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетi және Ұлттық Банкi сметасының (бюджетi) есебiнен қамтылған органдардың (бұдан әрi – мемлекеттiк органдар) басшыларына:

      1) мыналар:

      мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, олардың аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің штат санын қысқарту;

      мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің (бұдан әрі – ұйымдар) штат санының лимиттерін белгілеу;

      мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, олардың аумақтық бөлімшелерінің қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаражатты, сондай-ақ ұйымдардың әкімшілік шығыстарын қысқарту туралы шешімдерді дербес қабылдау;

      2) мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, олардың аумақтық бөлімшелерінің, ұйымдардың штат санын және олардың қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаражатты қысқарту нәтижесінде босаған мемлекеттiк бюджеттiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi сметасының (бюджетiнiң) қаражатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үстемеақылар белгілеу жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi сметасының (бюджетi) есебiнен қамтылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбегіне төленетін ақыны арттыруға пайдалану құқығы берілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.09.2018 № 745; өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 03.01.2024 № 429 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      2. Мыналар:

      1) алып тасталды - ҚР Президентінің 2010.09.27 N 1072 (2010.11.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен;

      2) мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң санын қысқартқан кезде бекітілген штат санының лимиттеріне сәйкес есептелген, мемлекеттiк органдардың қызметiн қамтамасыз етуге көзделген қаражат мөлшерi мемлекеттiк органдарда тиісті және кейiнгi жылдарда сақталады;

      3) осы Жарлыққа сәйкес қызметкерлер санының қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған кезде өтемақылар төлеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет және Ұлттық Банкi сметасының (бюджетi) есебiнен қамтылған мемлекеттік органның басшысы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп босайтын қызметкерлерді қайта даярлау және жұмысқа орналастыру бойынша шараларды қабылдайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерңстер енгізілді - ҚР Президентінің 2010.09.27 N 1072 (2010.11.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.09.2018 № 745 Жарлықтарымен.

      3. Мемлекеттiк органдардың қызметiн қамтамасыз етуге көзделген, осы Жарлықтың 2-тармағына сәйкес есептелген және сақталған қаражат тиiстi мемлекеттiк органдар басшыларының билiгiнде қалады және олар осы Жарлықтың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген мақсаттарда пайдалана алады.

      4. Мемлекеттiк органдар осы Жарлықты iске асыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасының Yкiметi:

      1) мемлекеттiк органдарға өз қызметкерлерiнiң 2007 жылғы 1 қаңтарға белгiленген штат санының лимиттерiн ұлғайтуды талап ететiн қосымша функциялар мен өкiлеттiктер беру туралы заң жобаларын Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзудi және шешiмдер қабылдауды шектесiн;

      2) 2008 жылғы 1 қаңтарға дейiн осы Жарлықты iске асыру практикасын талдасын және қажет болған кезде мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жүйесiн одан әрi жетiлдiруге бағытталған ұсыныстар берсiн;

      3) осы Жарлықтан туындайтын заң жобаларын әзiрлесiн және Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзсiн;

      4) осы Жарлықты iске асыру жөнiнде өзге де қажеттi шаралар қабылдасын.

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      7. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады