Қазақстан Республикасы астанасының 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 581 Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президенті 
мен Үкіметі актілерінің жинағында 
толық мәтіні және республикалық  
баспасөзде мазмұны жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Астана қаласының 10 жылдығы құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН :

      1. "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалі тағайындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалі туралы ереже ;

      2) "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.

      3. "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалімен медаль туралы ережеге сәйкес наградталсын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2008 жылғы 6 мамырдағы
N 581 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН      

"Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалі туралы
ЕРЕЖЕ

      1. "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалімен (бұдан әрі - мерекелік медаль):
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі түзген және бекіткен тізім бойынша;
      Қазақстан Республикасы мен оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан мемлекеттік органдардың, өндірістік саланың қызметкерлері, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері және шетел азаматтары Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары, Үкіметі, Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, министрліктер, өзге де орталық мемлекеттік органдар, Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері, қоғамдық бірлестіктер енгізген ұсыныстар бойынша наградталады.

      2. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;

      2) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері;

      4) Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері;

      5) өзге де лауазымды тұлғалар тапсыра алады.

      3. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және ол наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.

      4. Әрбір наградталған адамға мерекелік медаль тапсырумен бір мезгілде тиісті куәлік беріледі.

      5. Мерекелік медальдің тапсырылғаны туралы белгіленген нысандағы хаттама толтырылады. Ол медаль тапсырған адамның қол қоюымен, тапсыру жүргізген органның мөрімен бекітіліп, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.

      6. Мерекелік медаль сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда олардан кейін орналасады.

      7. Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдердің тапсырылу барысы туралы есептілікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2008 жылғы 6 мамырдағы
N 581 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН    

"Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалінің сипаттамасы

      "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалі латуннен дайындалады, диаметрі 40 мм дұрыс көпқырлы нысанында болады.

      Медальдің бет жағында дұрыс сегізқырлының бұрыштарында ұлттық ою-өрнек элементі орналасқан, сегізқырлының бұрыштарының арасында күн сәулелерін бейнелейтін бес-бестен штрал сызықтар таралған. Сегізқырлының ортасында шеңбер бейнеленген, шеңбердің ортасында сол жақ жоғары бұрышында үш жолға жазылған "10 ЖЫЛ АСТАНА" деген жазу бар, ортасында Қазақстан Республикасы Президентінің "Ақорда" Резиденциясы мен "Астана-Бәйтерек" монументі бейнеленген. Бет жағының үсті жылтыр.

      Медальдің сыртқы бетінде шеңбер бейнеленген, шеңбердің ортаңғы бөлігінде үш жолға жазылған "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 2008" деген жазу бар. Жазудың астында ұлттық ою-өрнек элементі орналасқан. Сыртқы бетінің үсті күңгірт.

      "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медалі құлақша мен шығыршық арқылы биіктігі 50 мм, ені 32 мм алтыбұрышты тағанмен жалғасады, таған ені 7 мм қызыл түсті, ені 3 мм сары түсті, ені 22 мм көгілдір түсті тік жолақтары бар қатқыл лентамен қапталған. Тағанның сыртқы жағында сол арқылы медаль киімге бекітілетін визорлы кілтті түйреуіш орналасқан.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады