Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін одан әрі дамыту және жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі қағидаларын басшылыққа алсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы 19 тамыздағы
N 646 Жарлығымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін
дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Кіріспе
Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі бала құқығын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады, бұл олардың Қазақстан Республикасының Конституциясында , халықаралық шарттар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітіліп берілген әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарының бүкіл толықтығын тануды болжайды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету оларды құқықтық қорғаумен тікелей байланысты. Құқықтық қорғау деп қоғамдық қатынастарға қатысушылар ретінде кәмелетке толмағандардың құқықтық мәртебесін белгілейтін (құқығы, міндеттері, құқықтары мен міндеттерін сақтау кепілдігі) және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу жөніндегі органдар жүйесінің қызметін ұйымдастыру негіздерін бекітетін нормативтік құқықтық актілер жиынтығы түсіндіріледі.
Құқықтық қорғау кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігінің барлық саласын: тәрбиені, білім беруді, денсаулық сақтауды, еңбекті, әлеуметтік қамсыздандыруды, бос уақытты өткізуді қамтиды.
Кәмелетке толмағандарды құқықтық қорғау қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыру аясына түскен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтиды. Мұндай қорғау әлемдік практикада кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған сот төрелігі (ювенальды әділет) жүйесінің шеңберінде жүзеге асырылады.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша барлық аталған шаралар кешені "ювенальды әділет" терминімен қамтылады. Халықаралық практикада, атап айтқанда кәмелетке толмағандарға сот төрелігін іске асыруға қатысты БҰҰ-ның ең төменгі стандарттық ережелерінде ("Пекин ережелері") "Juvenile Justice" термині (ювенальды әділет) "кәмелетке толмағандар істері бойынша сот төрелігі" ұғымын білдіреді.
Алайда, әлеуметтік тұрғыда кеңірек алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі жүйесі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған соттың айналасына құқық қорғау органдарындағы әр түрлі мамандандырылған құрылымдарды, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуының және құқық бұзушылығының алдын алу жүйесінің мекемелерін, адвокатура мен құқық қорғау ұйымдарын біріктіретін кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау жүйесін білдіреді.
Бұдан басқа, ювенальды әділет - бұл тек кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, оларға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың кешені ғана емес, сонымен бірге тиісті заңнаманы қамтитын жүйе.
Қазақстан Республикасында 2001 жылдан бастап кәмелетке толмағандармен жұмыс әдісін өзгерту мақсатында қылмыстық сот төрелігі жүйесінде "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының бастамасы бойынша жұмыс жүргізілуде, оның мақсаты, міндеттері мен принциптері айқындалды.
2007 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін құру туралы мәселе қаралды, мұнда ювенальды әділет жүйесін құру бойынша ұсынылған негізгі бастамалар толығымен қолдау тапты және мүдделі мемлекеттік органдарға мамандандырылған ювенальды әділет қызметінің моделін әзірлеуді аяқтауға ұсыным жасалды.
1. Халықаралық тәжірибе
Бүгінгі таңда ювенальды соттар әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істейді. Оның үстіне, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құру тұрғысынан көзқарас әр елде әр түрлі. Заң құзырының көрсетілген түріне екі негізгі: ағылшын-саксондық және континенталдық модел жатады.
Кәмелетке толмағандарға арналған аталған сот моделдерінің айырмашылығы соттың ағылшын-саксондық моделінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстарға қатысушы ересек адамдардың істерін жалпы соттар қарайды, ал континенталдық моделде - кәмелетке толмағандардың істерін жалпы сотта қарауға тыйым салынады, бұл ретте ересек қатысушылардың істері де ювенальды соттарда қаралады.
Кәмелетке толмағандардың істері бойынша американдық қылмыстық процесс қарапайым әрі жедел. Онда бастысы - құқық бұзушылықты талқылау және ол үшін жаза тағайындау. Әрине, мұндай процесс өз мақсатына - құқық бұзушыға ықпал жасауға қол жеткізеді. Соттың құқық бұзушылыққа ден қоюының қандай да болмасын баяулауы дәл осы кәмелетке толмағандардың істерінде қауіпті екендігі және түбінде құқық бұзушылықтың, оның үстіне ауыр құқық бұзушылықтың қайталануына әкеп соғатыны белгілі. Алайда, сот процесі жылдамдығының жағымсыз жақтары да бар, олар: адам құқығының нақты бұзылу мүмкіндігі, тергеудің толық еместігі, дәлелдердегі ақтаңдақтар, оларды алу көздеріне қатысты күмәндар.
Соттың континенталдық моделінің типтік нұсқасы-француз соты. Францияда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот процесі кәмелетке толмағандардың істері бойынша заң құзырлығының тиісті құзыретін көрсететін үш кезеңді: балаларға арналған судьяларды, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі трибуналды және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі алқа соттарын қамтиды.
Балалардың француз судьясы - бұл осы лауазымға мерзімді қайта жаңарту мүмкіндігімен үш жылға тағайындалатын үлкен сатыдағы сот магистраты. Бұл лауазымға кандидатураларды іріктеу кезінде магистраттың балалық шақ мәселелеріне қызығушылығы ескеріледі. Департаменттерде (Францияның аумақтық бөлініс бірлігі) жалпы ереже бойынша балаларға арналған бір немесе бірнеше судья болады. Балаларға арналған судьялар мен тергеу судьяларының арасында істер былай бөлінеді: екеуі де теріс қылықтарды және қарапайым бұзушылықтар туралы істерді қарай алады, ал қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтар туралы істер тек тергеу судьяларының құзыретіне жатады.
Сөйтіп, халықаралық тәжірибе кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік мәртебесінің және жеке басының құқық бұзушылық зардаптарын еңсеруге бағытталған девианттық мінез-құлқының өзгеруі салдарынан бұзған немесе жоғалтқан қоғамдық байланыстары мен қатынастарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешеніне негізделген кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесі екенін көрсетеді.
2. Тұжырымдаманың мақсаты
Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстан Республикасында ювенальды әділет элементтерін кезең-кезеңмен енгізу және дамыту болып табылады, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін оның барлық кезеңінде атқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Әділет, Ішкі істер, Білім министрліктерінде, соттарда, прокуратураларда және адвокатурада кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құруды қамтиды.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Қазіргі уақытта Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі қызметке көзқарас түбегейлі өзгерді: өскелең ұрпақты дамыту үшін жағдай жасалды, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қадағалаусыз қалуының және құқық бұзушылықтарының алдын-алу жүйесі жұмыс істейді. Бірақ, оған қарамастан, балалар мен жасөспірімдер қылмыстылығы ахуалын талдау - алдын-алу саласында да, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде де қосымша шаралар қолдану қажеттігін білдіреді.
Балалық шақ саласындағы әлеуметтік саясаттың неғұрлым өзекті де талап етілетін бағыттарының бірі Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін қалыптастыру және дамыту болып табылады.
Әлеуметтік және психологиялық зерттеулер заңға қайшы әрекет жасаушы кәмелетке толмағандардың көпшілігінің толық емес, аз қамтылған, көп балалы, көбінесе қоғамға қарсы отбасыларынан шығатынын көрсетеді.
2007 жыл ішінде республика бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты 6274 қылмыс (2006 ж. - 6488) тіркелген.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында кәмелет жасына толмағандарға қатысты жазаларды атқару ісін 213 қылмыстық-атқару инспекциясы, 4 тәрбие колониясы, сондай-ақ ЛА-155/4 жалпы режимдегі түзеу мекемесінің аумағында орналасқан кәмелет жасына толмаған қыздарды ұстауға арналған оқшаулау учаскесі орындауда.
2007 жылы республиканың тәрбие колонияларында 473 (2006 ж. - 447), тергеу изоляторларында 459 (2006 ж. - 863) кәмелетке толмаған сотталғандар ұсталған. Бұдан басқа, 2074 (2006 ж. - 2078) кәмелетке толмаған қылмыстық-атқару инспекцияларының есебінен өткен.
Пенитенциарлық мекемелерде болу оларды түземегені былай тұрсын, тіпті өмір, отбасылық тәрбие процесінде қалыптасқан теріс мінез-құлықты одан әрі ушықтыра түседі. Психологиялық зерттеулер, режимдік мекеме жағдайында бір жарым жыл болғаннан кейін жеке адамның құрылымында, ересек адамның психикасында түзеуге келмейтін өзгерістер жүретінін көрсетеді, бұл оны кейіннен оңалту мен қоғамда қайта әлеуметтендіруін қиындатады. Жасөспірімнің қалыптаспаған психикасының тезірек "сынатынын", ал қалпына келтіру процесінің неғұрлым қиын да көп еңбектенуді қажет ететінін жорамалдауға болады.
Заңмен қайшылықта қалған кәмелетке толмаған бала көмекті, әсіресе іс жүргізу процесінде кешенді сүйемелдеуді әрі қолдауды қажет етеді.
Қазақстанда ювенальды әділетті енгізудің басты бағыты заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Әлеуметтік қызметтердің рөлін елеулі өзгертуді және олардың:
1) заңмен қайшылықта қалған жасөспірімнің әлеуметтік ортасын зерделейтін, сондай-ақ судьяға бас бостандығынан айырудың балама түріндегі мүмкін нұсқалар ретінде ұсыну үшін әлеуметтендіруші шешімдер спектрін әзірлейтін әлеуметтік қызметкер ретінде;
2) екі тарапты татуластыру процесін ұйымдастыратын және жүзеге асыратын медиатор-бітістіруші ретінде (қалпына келтіру тәсілі және айыпталушының жәбірленушіге жасаған залалдың тігісін жатқызу мүмкіндігі деп аталатынды пайдалана отырып, заңмен көзделген рәсімдер шегінде - жоғарыда аталған іс-әрекеттерді жүзеге асыратын заңдық тұрғыда бекітілген субъект ретінде);
3) мамандандырылған оқытып-үйрету мекемелерінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан оралған кәмелетке толмаған жасты әлеуметтендіруге ықпал ететін (әлеуметтік, тұрмыстық және жұмыспен қамтуға) тұлға ретінде белсенді түрде қатысуын көздейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет.
Сотта іс жүргізу процесінде кәмелетке толмағандарды сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тәжірибесін талдау, Қазақстанда осы проблемаларды шешу нұсқаларының бар екендігін көрсетті, олар "Сорос - Қазақстан" қайырымдылық қоры бастамашы болған "Қазақстандағы ювенальды әділет" пилоттық жобасының шеңберінде екі ауданда - Алматы қаласының Әуезов және Алматы облысының Қарасай аудандарында ойдағыдай іске асырылды.
2003 жылдан бастап 2006 жылды қоса алғандағы кезеңде пилоттық жобаны іске асыру қылмыстық сот ісін жүргізу практикасын елеулі түрде жетілдіруге мүмкіндік берді. Жоба іске асырылған 4 жыл ішінде алынған мынадай нәтижелер де оң фактор болып табылады:
1) қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кәмелетке толмаған айыпталушылардың саны азайды (485 кәмелетке толмағандардың 68-і ғана қамауға алынды);
2) тәулік бойы кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған адвокат-қорғаушының қызмет көрсетулері ұсынылды;
3) нақты ұсталған уақыттан бастап әлеуметтік психолог қатысты;
4) 345 кәмелетке толмаған балаға қатысты олардың 131-не қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тергеу сатысында тоқтатылды;
5) әрбір жекелеген қылмыстық істің мән-жайларын мұқият қараудың нәтижесінде айыптауы жеңілдетілген қылмыстық істер көбейді (кәмелетке толмағандардың 34-іне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды; кәмелетке толмағандардың 14-іне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптары неғұрлым жеңілдетілген қылмысқа қайта сараланды);
6) 91 кәмелетке толмаған баланың 61-іне қатысты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлері қолданылды.
Бүгінгі күнде "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының мүдделі мемлекеттік органдардың (Әділет, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері, Бас прокуратура және Жоғарғы Сот) пікірлері ескеріле отырып жасалған қорытындысы, Қазақстанда ювенальды әділет жүйесінің мамандандырылған қызметтерін: ювенальды полиция, ювенальды прокуратура, ювенальды соттар, ювенальды адвокатура, ювенальды қылмыстық-атқару инспекциясын, әлеуметтік психологтар және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық органдардан тұратын ювенальды әділет жүйесін құру қажеттігін көрсетеді.
Осылайша, ювенальды әділет жүйесін, оның ішінде әлеуметтік қызмет мекемелерін дамыту жолымен, құру қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, кәмелетке толмағандар арасындағы шиеленісті төмендетуге және қоғамда өтіп жатқан процестерге белсенді әсер етуге мүмкіндік береді.
4. Тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері 4.1. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған соттар (ювенальды соттар)
Мамандандырылған (ювенальды) сот ювенальды әділет жүйесінің маңызды буыны болып табылуға тиіс. Бұл сот билігі Конституция , заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актілер, республиканың халықаралық шарттары негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылатыны туралы Конституцияның ережесімен негізделген.
Дәл осы соттың кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерді шешуде неғұрлым ауқымды мүмкіндіктері бар.
Елдің сот жүйесін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында ювенальды соттар құру айқындалған.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 3-бабында да республикада кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған соттар құру мүмкіндігі бекітіліп берілген.
2005 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы судьяларының IV съезінде Мемлекет басшысы елде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттар құру туралы міндет қойды.
2007 жылғы 23 тамызда "Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құру туралы" Жарлыққа қол қойылды. Жарлықтың 1-тармағы Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және олардың мүдделерін қозғайтын азаматтық істерді қарауға уәкілеттік берілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрылуын көздейді.
Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қарауына, облыстық және оларға теңестірілген соттардың қарауына жатқызылған істерді қоспағанда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
Бұдан басқа, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар баланың тұратын жерін анықтау туралы; ата-ана құқығынан айыру (шектеу) және қалпына келтіру туралы; бала асырап алу туралы даулар бойынша; Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қорғаншы және қамқоршылықтан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қарайды.
Мамандандырылған (ювенальды) соттар қызметінің оң тәжірибесін тарату мақсатында оларды республиканың бүкіл аумағында құру мәселесі пысықталатын болады.
4.2. Мамандандырылған (ювенальды) прокуратура
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес Прокуратура республика аумағында заңдардың (оның ішінде Конституцияның өзінің), Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады.
Прокуратура органдары өкілеттіктердің кең ауқымын және кез келген заң бұзушылыққа ден қою құқығын иелене отырып, өз назарын заңдылықтың неғұрлым өзекті проблемаларына аударады, соның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асырды.
Ювенальды әділет жүйесін дамытуға байланысты жасөспірімдерді кепілдендірілген құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыруда прокуратураның рөлін арттыру жөнінде жұмыс жүргізу қажет. Ол үшін прокуратура органдарында кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құру мәселесі пысықталатын болады.
Кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалаудың басымдылығын ескеріп, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда бұл жұмысты үйлестіру бірінші басшыларға жүктелген.
Осы құқықтық қатынастар саласындағы құқықтық базадан және қалыптасқан тәжірибеден шыға отырып облыстардың прокуратураларының кәмелетке толмағандарға қатысты заңнаманың қолдануын қадағалау жөніндегі бөлімдерінің функцияларына мыналар жатқызылуы мүмкін:
1) кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істердің тергелуіне қадағалауды жүзеге асыру;
2) кәмелетке толмағандардың мүдделерін қозғайтын қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот талқылауының барлық сатыларына міндетті түрде қатысулары;
3) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын тексеру;
4) кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз сот актілеріне заңда белгіленген тәртіппен наразылық көрсету;
5) алименттердің уақытылы өндіріліп алуына ерекше назар аудара отырып, атқару өндірісі саласындағы заңдылыққа қадағалауды жүзеге асыру;
6) кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылу мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне тексерулер жүргізу;
7) кәмелетке толмағандардың мәселелері жөнінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және шешу;
8) заңнаманы жетілдіру және кәмелетке толмағандардың қатысуымен қоғамдық қатынастарда туындайтын қандай да болмасын өзге проблемаларды шешу жөніндегі жұмысты талдау және ұсынымдар дайындау.
4.3. Мамандандырылған (ювенальды) полиция
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықтау, алдын ала тергеу мен жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі атқарушылық және өкім етушілік функцияларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік орган болып табылады.
Ішкі істер органдары жүйесінде кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты қылмыстардың алдын алуды, ашуды және тергеуді әртүрлі мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлері, соның ішінде:
1) кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі буындарының бірі, өз қызметін өзге де құқық қорғау, мемлекеттік әрі мемлекеттік емес құрылымдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде жүзеге асыратын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі әкімшілік полицияның учаскелік инспекторлары;
2) криминалдық полицияның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қызметкерлері;
3) кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты қылмыстар туралы қылмыстық істерді тергеу үшін бекітілген тергеушілер жүзеге асырады.
Бұдан басқа, ішкі істер органдары жүйесінде арнайы балалар мекемелері болып табылатын кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары құрылған және жұмыс істейді.
Сонымен қатар ювенальды әділет жүйесінің дамуы бірыңғай құрылымды - полицияның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторларын, криминалдық полицияның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі тергеушілерін және жедел уәкілдерін қамтитын мамандандырылған ювенальды полиция құру қажеттігін көздейді.
Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарын қайта ұйымдастыру және қылмыс жасады деп айыпталушы, сондай-ақ білім берудің арнайы ұйымына және білім берудің ерекше режимі бар ұйымға жіберілуші кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау үшін ішкі істер органдары жүйесінде арнайы мекемелер құру мәселесін пысықтау мақсатқа сай келеді.
Аталған ережелер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу жолымен іске асырылуы тиіс.
4.4. Мамандандырылған (ювенальды) адвокатура
Балалардың құқығын қорғауға бағдарланған кәмелетке толмағандарға арналған қылмыстық сот төрелігі жүйесінде кәсіби қорғаушы адвокат болып табылады. Адвокат кәмелетке толмаған баланы алғашқы жауап алудан бастап сот үкіміне шағым беруге дейінгі қылмыстық процестің барлық сатыларында қорғайды. Кәмелетке толмаған балаға қатысты адвокаттың қылмыстық процеске қатысуы міндетті болып табылады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі адвокаттың сапалы, жоғары білікті жұмысы - бұл ювенальды әділет жүйесінің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қылмыстық іс жүргізу заңнамасы адвокаттың кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық процеске міндетті түрде қатысуын белгілейтін нормаларды қамтиды. Бұл, жасөспірім туыстарының адвокаттың қызмет көрсетулеріне төлеу мүмкіндігіне немесе төлегісі-төлемегісі келетініне қарамастан, адвокаттың кәмелетке толмаған баланы қорғауды жүзеге асыратындығын көрсетеді. Мұндай төлем болмаған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші қорғаушы тағайындау туралы қаулы шығарады, және адвокаттың қызметі мемлекеттік бюджет қаражатынан төленеді.
Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігі жүйесіндегі адвокаттың ерекше рөлін ескеріп, оның қорғау функцияларын күшейте отырып, "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасы барысында, адвокаттар мен әлеуметтік психологтарды қоса алғанда, кәмелетке толмағандарды қорғаудың мамандандырылған тобы құрылды. Бұл адвокаттар мен әлеуметтік психологтардың күш-жігерлерін біріктірудің алғашқы әрі бірегей тәжірибесі болды.
Алғаш рет Қазақстан аумағы мен ТМД-да қылмыс жасаған деп күдік келтірілген жасөспірімдерге нақты ұсталған сәттен бастап-ақ, тек қана заңдық жағынан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-психологиялық көмек пен қолдау көрсетілді. Кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік-психологиялық болмысының кескін-кейпін табыс ететін адвокаттар мен әлеуметтік психологтардың көмегімен әр балаға дербес көзқарас тұрғысынан келу туралы халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптары анағұрлым жоғары деңгейде орындалды.
Бала құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды, "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының тәжірибесін назарға ала отырып, Алматы қалалық адвокаттар алқасы 2006 жылы қыркүйекте мамандандырылған ювенальдық заң консультациясын құруға шешім қабылдады.
Ювенальдық консультация қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айыпты деп табылған кәмелетке толмағандарды Алматы қаласының аумағында білікті заңгерлік және әлеуметтік-психологиялық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Ювенальдық консультация құрамына адвокаттаралқасы, әлеуметтік психологтар, консультацияда практикадан өтіп жатқан жоғары курстың психолог-студенттері кірді.
Мамандандырылған ювенальдық заң консультацияларын республиканың қалалары мен облыс орталықтарында құруға қажеттілік туындап отыр.
4.5. Мамандандырылған қылмыстық-атқару инспекциялары
Қазақстан Республикасындағы қылмыстық саясатты ізгілендіру нәтижесінде қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға сотталған адамдардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың да саны артты.
Кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айырусыз жазалардың орындалуы олардың құқықтарын қорғау элементтерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасымен кәмелетке толмағандарға қылмыстық жазаның 6 түрі көзделген, оның ішінде жазаның 4 түрін қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады. Бұдан басқа олар шартты түрде сотталғандарға және үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған сотталғандарға бақылауды жүзеге асырады.
Ювенальды әділет жүйесін құру кезеңінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі маман-инспектор лауазымын енгізу ұсынылуда. Олардың құзыретіне: қоғамдық және түзеу жұмыстарын атқару; шартты сотталғандардың, жүкті кәмелетке толмаған сотталғандардың, сондай-ақ сотпен жазасы кейінге қалдырылған жас балалары бар әйелдердің жүріс-тұрысын бақылау; тұрғылықты мекен-жайы бойынша бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандарға қадағалауды жүзеге асыру; қылмыстың және өзге де құқық бұзушылықтың алдын алу кіреді.
4.6. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдар
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында балаларға арналған, оның ішінде жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 79674 жасөспірімдерді қамтитын 722 интернаттық мекеме ашылған.
Денсаулық сақтау жүйесінде 2105 жасөспірімдерді қамтитын 26 балалар үйі жұмыс істейді.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде 2882 жасөспірімдерді қамтитын мүгедек балаларға арналған 20 интернат үйі жұмыс істейді.
Құқық қорғау жүйесінде 9883 жасөспірімдерді қамтитын 18 кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және оңалту орталығы жұмыс істейді.
Білім беру жүйесінің иелігінде тәрбиенің ерекше жағдайын қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектептер, мінез-құлқы ауытқыған балаларға арналған мектептер бар. Бұл мекемелерге заңмен қайшылыққа түскен бала жіберіледі, олар қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше көзқарасқа мұқтаж.
Бұл ұйымдардың қызметі бір мақсатқа жетуге - тәрбиеленушілердің дене денсаулығы мен имандылығын сақтауға және нығайтуға бағытталған. Бұл ретте олардың міндеттері әр түрлі және әлеуметтік, медициналық, құқықтық және аталған ұйымдарға тән белгілі бір бейін бойынша басқа да қызмет көрсетулерді көздейді.
Бірыңғай тәсілдеме жоқтығынан, іс-әрекеттер үйлестірілмегендіктен, осындай ұйымдарда әр түрлі себептер бойынша түскен баланың құқықтар қорғауды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсетіп жатқан бөлімшелерін жұмысын күшейту ұсынылады.
Жергілікті атқарушы органдар "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 106-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншы және қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын жергілікті уәкілетті білім беру және денсаулық сақтау органдары, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия арқылы жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдарының қызметіне уәкілетті орган тарапынан ал олардың жергілікті жерлерде өкілдері қорғаншы және қамқоршылық органдары болып табылады, ведомствоаралық үйлестіру мен бақылаудың тиімді жүйесін құру балалар өмірінің сапасын жақсартуға және оларды дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін тиімді тетік болады.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметі:
1) білім берудің арнайы түзету ұйымдарын ашу (қайта жаңғырту);
2) өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету жөніндегі азаматтық сектордың өкілдері арасында волонтерлық қозғалысты дамыту;
3) кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тәжірибесін зерделеу;
4) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар үшін оңалту орталықтарын ашу;
5) жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды институционализациясыздандыру стратегиясының басты бағыттарын әзірлеу;
6) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен баланы өз отбасында тәрбиелеуге қабылдауға ниет білдіруші азаматтар туралы мәліметтерді өңдеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуге ағымдағы қызмет көрсету;
7) облыстық, қалалық департаменттерде, басқармаларда, аудандық білім бөлімдерінде штат кестесіне балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі маман лауазымын енгізу;
8) жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың баламалы нысандарын (патронат отбасы) дамыту;
9) жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар ауылдарын ашу;
10) жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Отбасылық үлгідегі үйлер ашу;
11) балалар үйлерінің түлектеріне арналған Жасөспірімдер үлгілерін және жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар ашу;
12) балалардың үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі балалардың қоғамдық қозғалысы қызметінің халықаралық тәжірибесін зерделеу арқылы жүзеге асырылады.
4.7. Кәмелетке толмағандарды әлеуметтік сүйемелдеу жүйесі
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық процестің маңызды құрамдас бөлігі кәмелетке толмағандардың мүддесін қозғайтын ерекше мәселелерді қараушы арнайы әлеуметтік қызметтердің атқаратын жұмысы болуға тиіс.
Бұл қызметте психология мен педагогика, әлеуметтік ғылымдар саласында тиісті кәсіби білімі бар адамдар жұмыс істеуге тиіс, бұл жеткіншекпен байланыс орнату кезінде айтарлықтай жетістік береді.
Жеткіншектің жеке басын зерттеу кәмелетке толмаған баламен, оның ата-анасымен, мұғалімдерімен, маңайындағы жақындарымен тікелей араласу арқылы, сондай-ақ жеткіншектің жеке басы туралы толық түсінік құруға мүмкіндік беретін тиісті құжаттар жинау мен оларды талдау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әлеуметтік қызметтер қызметкерлері кәмелетке толмағандармен жүргізген жұмыстың нәтижелері бойынша есеп жасайтын болады, оның мазмұнын қылмыстық қудалау органдары іс жүргізу шешімін қабылдауда және сот үкім шығарарда назарға ала алады.
Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін дамыту әлеуметтік қызметінің бір моделін - қылмыстық процесте кәмелетке толмағандарды қорғаудың әлеуметтік психологтарын жасақтауды көздейді. Қазақстанда бірінші рет мамандандырылған әлеуметтік психологтардың кәмелетке толмаған баланы қорғауды жақтап қылмыстық процеске қатысу практикасы байқаудан өткізілді.
Кәмелетке толмағандарды қорғаудың әлеуметтік психологтарының негізгі қызметі жеткіншектің кәсіби психологиялық қолдауды қажет етушілігін туғызу болып табылады.
Қылмыстық сот төрелігіне түскен жеткіншек өзіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Өзінің ересек жасқа жетпеуіне байланысты кәмелетке жетпеген бала сыртқы көмекті және қолдауды қажет етеді. Оның тағдырына арнайы дайындығы бар үлкен адамдардың араласуы қаншалықты көп болса, жеткіншектің осы қиын кезеңді айналып өтуіне де соншалықты мүмкіншілік көп болады.
Кәмелетке толмаған баланы қолдау тиімді болуы үшін әлеуметтік психолог жалпы кәсіби - этикалық нормаларға сүйенуге тиіс. Бұл мүлтіксіз орындалуға тиіс жүріс-тұрыс қағидаттары мен ережелерінің жиынтығы. Әлеуметтік психологтың этикасы клиентке қатысты баға жетпестікті, төзімділікті және құпиялық сақтауды талап етеді. Бұл дегеніміз әлеуметтік психолог барлық уақытта өз клиентінің мүдделерінен шыға отырып жұмыс істеуге тиіс деген сөз. Әлеуметтік психологтың клиенті кәмелетке толмаған бала болып табылады.
Осылайша, әлеуметтік психолог жеткіншектің өзінің, жеткіншектің айналасындағылардың сеніміне ие болады және жанжалдың болмауына қол жеткізеді.
Әлеуметтік психологтар қорғауды жақтап жұмыс істей отырып, жеткіншектің өзіне де және оны қоршаған үлкендерге де оның бойындағы өз-өзін құрметтеу мен қоғамға қажеттілік сезімін қолдауға көмектесетін жеткіншек бойындағы қасиеттер мен жағымды мінез-құлықты табуға тырысады.
Қылмыстық сот төрелігін жүргізудің дәстүрлі жүйесінде кәмелетке толмаған баланы ұстап алу кезінде негізгі іс-әрекет етуші тұлғалар жедел қызметкерлер, тергеушілер, адвокаттар, прокурорлар болып табылады. Іс-әрекет етуші адамдардың қайсысы болмасын ұсталған кәмелетке толмаған баланың дербес және психологиялық ерекшеліктерін ескеруге тиіс болса да, практика мұндай қолдауды кәсіби деңгейде жүзеге асыратын маманының қажет екендігін көрсетеді.
Жеткіншекті ювенальды әділет жүйесінде айрықша әлеуметтік сүйемелдеу туралы мәселені қарау қажет. Жеткіншектердің даму ерекшеліктерін, олардың қауқарсыздығын, сезімталдығын, қамауға алу фактісінің өзіндегі жүйке күйзелісін, әлеуметтік ортаның ықпалын, отбасындағы жағдайды, ықтимал психологиялық проблемалар мен педагогикалық бетімен жіберушілікті, тәуелділіктің түрлі нысандарын ескермеуге болмайды.
Осылайша, жеткіншек әлеуметтік қажеттіліктердің шешілуінде, жазаның атқарылуын бақылауда, қайта қылмыс жасаудың алдын алуда, табысты әлеуметтендірілуде психологиялық қолдауды қажет етеді.
Бүгінгі күнде кәмелетке толмаған баланың барлық санамаланған қажеттіліктерін толық қанағаттандыратын кәсіп жоқ. Сондықтан жасөспірімді әртүрлі қызметтер мен ведомстволардың ерекше әлеуметтік сүйемелдеуі қажеттілігі туындайды. Бұл сүйемелдеуге мамандандырылған ювенальды заң консультациялары қатарынан әлеуметтік психологтар, ювенальдық соттардың әлеуметтік қызметкерлері, мамандандырылған полиция инспекторлары, қылмыстық-атқарушы инспекцияның мамандандырылған қызметкерлері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдардың мамандары қатысуға тиіс.
Осы кәсіби салалардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі болады:
1) мамандандырылған ювенальды заң консультациясы қатарынан әлеуметтік психологтар - тергеу және сот сатысындағы психологиялық көмек, медиация (үшінші бейтарап жақтың - медиатор-делдалдың қатысуымен өтетін келіссөздердің ерекше нысаны, оның процесінде даудың тараптары медиатордың көмегімен өздерінің мүдделерінің негізінде араларындағы проблемаларды өз бетінше шешеді), кәмелетке толмаған бала туралы ақпарат жинау, кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік-психологиялық кескін - келбетін жасау, ата-аналармен жұмыс жүргізу, әлеуметтендіру кезіндегі психологиялық көмек;
2) ювенальды соттардың әлеуметтік қызметкерлері - жеткіншек пен қоғам үшін криминогендік тәуекелдің деңгейін бағалау, бос уақытын өткізуді ұйымдастыруға немесе жұмысқа орналасуға көмек көрсету, оқу процесінде қолдау, жазаның балама түрлерін анықтау үшін ақпарат ұсыну, отбасымен жұмыс істеу, тергеу және сот кезінде, сондай-ақ қылмыстық қудалау аяқталғаннан кейінгі жеткіншектің жүріс-тұрысын қадағалау, медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесу;
3) мамандандырылған полиция инспекторлары - бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмаған баланың отбасымен жұмыс, тергеу және сот кезінде кәмелетке толмаған баланың жүріс-тұрысын қадағалау;
4) қылмыстық-атқару инспекциясының мамандандырылған қызметкерлері - жазаны өтеу кезіндегі жеткіншектің жүріс-тұрысын бақылау, отбасымен және оны қоршаған ортасымен жұмыс, сондай-ақ жаңа қылмыстардың алдын алу;
5) балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдардың мамандары - балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бөлігінде заңнаманың сақталуын бақылау.
4.8. Кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі
мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлерін даярлау
Қазақстан Республикасы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес бейіндік магистратура терең кәсіби даярлыққа ие экономика, медицина, құқық және т.б. салалар үшін жоғары оқу орнынан кейін кадрлар даярлаудың білім беру бағдарламасын іске асырады. Бейіндік магистратурада сонымен қатар құқық магистрін даярлауға бағытталған білім беру бағдарламалары іске асырылуы мүмкін (LLА).
Сондықтан кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі мамандандырылған бөлімшелердің судьялары мен қызметкерлерін даярлауды 6N0303 - "Юриспруденция"; 6N0302 - "Халықаралық құқық"; 6N0303 "Құқық қорғау қызметі" мамандықтары шеңберінде жүзеге асыру мүмкін болып отыр.
Осыған байланысты жоғарыда аталған мамандықтар бойынша даярлықты жүзеге асыратын жоғары оқу орындарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі мамандандырылған бөлімшелердің судьялары мен қызметкерлерін даярлауды көздейтін білім беру бағдарламаларын енгізуге ұсыным жасалатын болады.
Бұдан басқа, Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасы жағындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтында кәмелетке толмағандар қатысатын істерді қарауға маманданған судьялар даярлауды көздейтін арнайы бағдарлама енгізу мәселесін қарайтын болады.
5. Күтілетін нәтижелер
Осы Тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру:
1) сот төрелігін жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдардың кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау сапасын арттыруға;
2) құқық қорғау органдарының құқық қолдану практикасында заңдылықты бұзу фактілерін азайтуға;
3) ювенальды әділет үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыруға;
4) ювенальды әділет алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимыл процестерін нормативтік құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге;
5) ювенальды әділеттің мамандандырылған бөлімшелерінің қызметін ведомстволық бақылауды күшейтуге;
6) пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі кәмелетке толмағандардың санын азайтуға және қылмыстық заңнаманы қолдану, бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазалардың орындалу тиімділігін арттыруға;
7) қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстау жағдайлары мен тәртібін халықаралық практиканың прогрессивті жүйесіне сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.