Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.06.17 № 102 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 40-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының негiзгi бағыттарын айқындау мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Yкiметi бiр ай мерзiмде Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн.
3. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдары өздерiнiң құқық қолдану тәжiрибесiнде Тұжырымдаманың қағидаларын басшылыққа алсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ
САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2002 жылғы 20 қыркүйектегі
N 949 Жарлығымен
мақұлданған
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
1. Кiрiспе
Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформа мемлекеттiк бағдарламасын (1994 ж.) орындаудың басты нәтижесi қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген, адам мен азаматтың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекеттiк институттардың жаңа жүйесiн бекiткен Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы (1995 ж.) болды. Конституциялық нормаларды дамыту үшiн " Қазақстан Республикасының Президентi туралы ", " Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы ", " Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы ", " Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы ", " Республикалық референдум туралы ", " Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы " конституциялық заңдар, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығы және Қазақстанның ұлттық заңнамасының негiзiн құраған өзге де заң актiлерi қабылданды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының негiзiнде жаңа конституциялық құқық түзiлдi, оған сәйкес бiздiң мемлекетiмiз үшiн неғұрлым қолайлы президенттiк басқару нысаны берiк орнықты. Мемлекеттiк бiртұтас билiктiң үш тармаққа бөлiнуi жүзеге асты. Тұрақты жұмыс iстейтiн қос палаталы Парламент күннен-күнге жемiстi жұмыс iстеуде. Атқарушы билiктi нығайту және жетiлдiру жөнiнде шаралар қолданылды. Бiртұтас сот жүйесi құрылды, судьялардың тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылданды.
Жеке меншiк, азаматтық қоғам, еркiн кәсiпкерлiк қатынастарын реттейтiн азаматтық құқық одан әрi дами түстi. Қылмыстық құқықта адамның табиғи, ажырамас құқықтары мен бостандықтарының басымдығына негізделген, қорғалуға тиiс әлеуметтiк құндылықтардың түбегейлi жаңа сатысы айқындалды. Әлемдiк қоғамдастықта орныққан принциптерге едәуiр сәйкес келетiн азаматтық iс жүргiзу, қылмыстық-iс жүргiзу және қылмыстық-атқару заңнамасы елеулi өзгердi.
Соттар мен құқық қорғау органдарының құқық қорғау қызметiнiң тиiмділігiн арттыруға бағытталған қайта құру реформаның маңызды құрамдас бөлiгi болып табылды.
Судьялар корпусын жасақтауда билiктiң барлық тармақтары мен судьялар қоғамдастығын қатыстыра отырып, судьяларды ғұмыр бойына тағайындау тәртiбi енгiзiлдi, олардың мәртебесi мен қамтамасыз етiлу деңгейiн көтеретiн басқа да шаралар iске асырылды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясына сәйкес қылмыстық iстер бойынша анықтау мен алдын ала тергеудi арнайы органдар жүргiзедi әрi олар сот пен прокуратурадан бөлiнген. Iшкi iстер органдарын оларға тән емес функциялардан босату мақсатында өртке қарсы күрес қызметi бұл органдардың құрылымынан шығарылды. Қылмыстық-құқықтық статистика жүргiзу қызметi iшкi iстер органдарынан өзiне берiле отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Сонымен қатар Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнен, Қорғаныс министрлiгiнен, iшкi iстер органдары мен кеден органдарынан тиiстi сараптама бөлiмшелерiнiң берiлуi есебiнен Қазақстан сот сараптамасы ғылыми-зерттеу институтының базасында "Әдiлет министрлiгiнiң Сот сараптама орталығы" құрылды.
Қазақстандық құқықтық жүйенiң қоғамның әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси өмiрiн уақ реттеуден, құқық қорғау органдары қызметiнiң жазалау-қуғындау әдiстерiнен, сот iсiн жүргiзудегi айыптауға бейiмдiктен және мемлекет пен жеке меншiк иесiнiң өзара қарым-қатынастарындағы мемлекеттiк мүдделер басымдығынан арылуы жүрiп жатыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына сәйкес елдiң құқықтық жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қолданыстағы заңнама одан әрi дамытуды, атап айтқанда қолданыстағы заңдарды кезең-кезеңiмен жетілдiрудi, сондай-ақ қажет жағдайда қоғамды одан әрi демократияландыру талаптарына және оны әлеуметтiк-экономикалық дамыту мiндеттерiне сай келетiн жаңа нормативтiк құқықтық актілер қабылдауды талап етедi.
Құқықтық реформаның қорытындыларын талқылау нәтижесінде қоғамда Конституцияның негiзiнде құқықтық жүйенi қарышты дамыту қажеттiгi туралы пiкiр үстемдiк алды. Қазақстан Республикасының Конституциясы қажеттi құқықтық әлеуеттi қамтиды, ол оның құқықтық нормаларында ғана емес, оның құқықтық идеялары мен принциптерiнде де тұжырымдалған. Конституцияның құқықтық идеялары Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет институттарын нығайтуға бағытталған заңнамалық, ұйымдық және басқа шараларда жүзеге асуға тиiс.
Құқықтық мемлекеттің конституциялық идеялары заңнаманың құқық, әділеттілік, гуманизм идеяларын арқау ете түзілуінде, құқықтық тәртіпті, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының материалдық, ұйымдық-құқықтық, саяси кепiлдiктерiн нығайтудың пәрмендi құралдарының жасалуынан көрiнiс табуға тиiс. Сонымен қатар өзiнiң конституциялық мiндеттерiн қалтқысыз орындауға тиiс мемлекеттiк қызметшiлердiң, өзге де азаматтардың жауапкершiлiгiн арттыру керек. Әлеуметтiк мемлекет конституциялық идеясын iске асырудың аса зор маңызы бар. Бұл жұмысты бiрiншi кезекте жеке адамның өзiн-өзi танытуы мен экономикалық еркiндiгiне қажеттi жағдайлар жасауға, әлеуметтiк өмiрдiң салаларын үйлестiруге патернализмге, қоғамның жiкке жарылуына, түрлi әлеуметтiк топтардың бiр-бiрiне қарсы тұруына жол бермей, қоғамның әлеуметтiк жағынан шетiн топтарына көмек көрсетуге тиiс мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
Бұл орайда шынайы демократиямен түп-тамыры қосылмайтын "шексiз-шетсiз демократия" идеясын қабылдауға болмайтынын мойындаған жөн. Ел халқының көпұлттылығы, көпконфессиялылығы, Қазақстанның шекарасына жақын жерде дiни экстремизмнiң, терроризмнiң бой көрсетуi жағдайында мемлекеттiң зайырлы сипатын жете түсiну мен қорғаудың маңызы зор. Зайырлы мемлекеттiң конституциялық идеялары мемлекеттiк идеологияға дiни ағымдардың ықпал етуiне, экстремистiк дiни идеялардың бой көтеруiне тосқауыл қоятындай, сонымен бiрге дiни бiрлестiктердiң конституциялық тәртiп шегiндегi қызметiн шектемейтіндей заң актілерi мен өзге де iс-шараларда жүзеге асуы тиiс.
Конституциядағы қоғам мен мемлекет қызметiнiң түбегейлi принциптерi туралы айтылғандарды ескере отырып, қоғамдық келiсiм мен саяси тұрлаулылықты қоғамдық та, мемлекеттiк те институттар қамтамасыз етуге тиiс. Сөйтiп, түбегейлi конституциялық принцип - барша халықтың игiлiгiне арналған экономикалық даму, Конституцияда "меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс" деп жарияланғандықтан, экономиканың мемлекеттiк те, жеке секторларында да өмiрге енiп, iске асуға тиiс.
Қазақстанның көпұлтты халқының достығын нығайту мен мемлекеттiң тәуелсiздiгiн бекітуде қазақстандық патриотизм принципiнiң маңызы зор. Оны нығайту үшiн мемлекеттiң, қоғамдық институттардың, отбасы мен мектептiң бiрлескен күш-жiгерi қажет.
Республика қызметiнiң түбегейлi конституциялық принципi ретiнде мемлекет өмiрiнiң барынша маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен шешу мемлекеттiк институттардың, саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң, бейүкiметтiк ұйымдардың, халықтың түрлi әлеуметтiк жiктерi мен топтарының бiрлескен күш-жiгерi негiзiнде де мүмкiн болады.
Бұл орайда мемлекеттiк органдар қызметiн ұйымдастыру мен оған баға беру олардың жұмысының формалды-статистикалық көрсеткiштерiмен шектелмеуi тиiс. Бiрiншi кезекте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi жұмыстың нақты нәтижелерi назарға алынуы тиiс.
Республика қызметiнiң Конституцияда аталған түбегейлi принциптерi заңнамада белгiлi бiр дәрежеде бекідi. Бұл процесс ел iшінде де, Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарында да жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтiк жағдайдағы қажеттiктерге сәйкес тереңдеп, кеңейе түсуге тиiс.
Заңнаманы одан әрi жетiлдiру процесiнде Конституцияның үстемдiгi және төменгi деңгейдегi актiлер нормаларының жоғарғы деңгейдегi актiлерге сәйкес тұру принциптерiн бұлжытпай ұстану қажет.
Қолданыстағы заңдар нормаларын мына шараларды:
құқықтық реттеудегі ақаулықтарды толықтыруды және оны қоғамдық қатынастардың барынша маңызды салаларына тереңдетудi;
заң жобаларына, соның iшiнде олардың ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне сай болуына, ғылыми сараптама жүргiзу практикасын жалғастыруды және кеңейтудi;
заңнаманы бiр iзге келтiру мақсатында онда қолданылатын терминдердiң мемлекеттiк және орыс тілдерiндегi бiрыңғай тiзбесiн қалыптастыруды;
қабылданатын барлық заңдарды тиiмдi iске асыру үшiн жағдай жасау мақсатында оларды қаржылай қамтамасыз етудiң жеткiліктілiк принципiн мұқият сақтауды;
қылмыс, сыбайлас жемқорлық және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға тiкелей немесе жанама түрде жағдай туғызушы алғышарттарды анықтау мақсатында нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына криминологиялық сараптама енгiзудi;
заң жобалары қызметiн жоспарлауды жақсарту мақсатында оны перспективалық (3 жылға) жоспарлау практикасын енгізудi iске асыру жолымен жетiлдiру қажет.
Ұлттық заңнама ауқымын орта мерзiмдi перспективаға жүйелеу жөнiндегi жұмысты жоспарлау, құқықтық реттеудi талап ететiн қоғамдық қатынастарға ғылыми талдау жүргiзу қажет. Мұндай алдын-ала талдау нормативтiк құқықтық актiлермен реттелмеген және түрлi деңгейдегi реттеудi қажет ететiн қоғамдық қатынастар саласын айқындауға мүмкiндiк бередi.
Заңнаманы жүйелеу оның барлық үш нысанын қолдану: инкорпорациялау, топтау және жинақтау арқылы жүзеге асырылуы тиiс.
Кез келген қоғамда, әдеттегiдей, түрлi индивидуумдар, әлеуметтiк топтар, ұйымдар мүдделерiнiң қарама-қайшылығы болуы мүмкiн. Осы орайда сүйемелдеу сияқты құбылысқа өркениеттi, заңдық шеңбер беру қажет.
Бүгінде заң актiлерi мемлекеттiк органдарға мазмұны заң шығарушының қалауына сай емес, ал кейде оған тiкелей қайшы келетiн заңға тәуелдi актiлер қабылдауға мүмкiндiк беретiн бланкеттiк (сiлтемелiк) нормалардың көп мөлшерiн қамтиды. Мемлекеттiк органдардың норма түзушiлiк тәжiрибесiнде тар салалық, ведомстволық көзқарас жойылмаған, соның нәтижесiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, адам құқықтарына, бостандықтарына және азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделерiне қысым жасау орын алған. Әрi бұл жәйт заңдарды iс жүзiнде заңға тәуелдi актiлермен алмастыруға әкеп соқтырады. Осыған байланысты заң актiлерiн әзiрлеу процесi сiлтемелiк нормалар санын қатаң түрде азайтумен және заңдарды мүмкiндiгiнше тиiмдi нақтылаумен сипатталуға тиiс. Сонымен бiрге қабылданған заңдардың толықтай iске асырылуын, соның iшiнде қажет деген заңға тәуелдi актiлердiң дер кезiнде қабылдануын қамтамасыз ететін тетіктердi жетiлдiрген жөн.
Жергiлiктi норма түзушiлiктiң сапасын арттыру қажет болып отыр. Бұл орайда да жалпыға мiндеттi маңызға, ведомствоаралық сипатқа ие немесе азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты жергілiктi мемлекеттiк органдардың актілерiн тiркеу мiндеттілiгi туралы заң нормаларын iске асыруға бағытталған қосымша шаралар қолға алынуы қажет.
Қазiргi кезде жоғары заңгерлiк бiлiм алуды қамтамасыз ететiн оқу орындарының қатары өте көп. Алайда, бұл ұйымдарда мамандар даярлау сапасы ойдағыдай емес. Бұл шұғыл шешiмiн талап ететiн проблема. Сонымен қатар жемiстi дамып келе жатқан отандық құқықтық ғылымға қолдау таныту жөнiндегi шаралар қолға алынуы қажет.
Құқықтық мемлекет құру және жоғарыда айтылған мiндеттердi iске асыру мақсатында мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалар құқықтық саясатты өздерiнiң күнделiктi қызметiнде iске асыруы тиiс. Оның негiзгі принциптерi болып:
заңдылық, яғни Конституция мен заңдардың, оларға негiзделген заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актілердiң нормаларын сақтап, орнымен қолдану;
адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының ұлықтылық жағдайын бiлдiретiн адам құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы;
гуманизм, яғни адамның жеке тұлға ретiндегі жоғары құндылығын, оның еркiн дамуға және қабiлетiн көрсетуге деген құқықтарын тану, қоғамдық қатынастар сапасына баға берудiң өлшемi ретiндегi жеке адам игiлiгiнiң орнығуы;
қазақстандықтардың өз Атамекенiн жан-жақты қолдауы мен адалдығы және Отанына сүйiспеншiлiгi ретiндегi қазақстандық патриотизм толық дәрежеде орнығуға тиiс.
Бұл ретте құқықтық саясат құқық жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттарын, базалық тетiктерiн мемлекеттiк тұрғыда пайымдауды және құқық қолдану практикасы шараларын белгiлi бiр кезеңге орай жетiлдiрудi бейнелеуге тиiс, iске асырылуын 2010 жылға дейiн аяқтау көзделiп отырған осы Тұжырымдама да соған байланысты әзiрленген.
2. Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесiн одан әрi
дамыту, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен
бостандықтарын сақтаудың мемлекеттiк кепiлдiктерiн нығайту
Қазақстан Республикасының Конституциясында жария етiлген, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, құқықтың үстемдігі, бiртұтас мемлекеттiк билiктiң тармақтарға бөлiнуi және олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы келiсе қызмет iстеуi принциптерiне негiзделген демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтiк мемлекет құру бағытының заңнамада дәйектi түрде iске асырылуын қамтамасыз ету керек.
Бұл орайда адам құқықтарының басымдығын қоғам мен мемлекеттің мүдделерiмен үйлесiмдi сәйкестендiрген жөн.
Құқықтық жүйенi бұл бағытта дамыту, оны халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған принциптерi мен нормаларына, халықаралық стандарттарға дәйектi түрде сәйкес келтiру қажеттiлiгi Мыңжылдық басқосуында (2000 ж.) қабылданған БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясында бекiтiлген. Декларация мемлекеттердiң, әлемдiк қоғамдастықтың "демократияны қолдау және құқықтық тәртіптi нығайту" үшiн күш-жiгер жұмсау қажеттiгiн ерекше атап көрсетедi.
Бұл тұрғыда Құқықтық саясат тұжырымдамасы тек құқықтық жүйе дамуының бағытын айқындап қоймай, сонымен бiрге құқықтық саясаттың әлеуметтiк-экономикалық және саяси салалардағы реформалармен үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз етуi тиiс.
Құқықтық даму мақсаттарының бiрi саяси жүйенi жетiлдiру болып табылады.
Халықтың саяси белсендiлiгiнiң заңдық нысандарының алуан түрлiлiгi мен мәдениетiн шынайы қамтамасыз ету қажет.
Үкiмет туралы заңнама оның қызметiнiң тиiмдiлiгiн және қабылдаған шешiмдерi үшiн жауапкершілігiн арттыру мақсатында жетілдiрудi қажет етедi.
Сайлау заңдарын, сайлау процесiн ұйымдастыруды одан әрi жетiлдiру, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау iс-шараларын әділ де толық көрсетудегi рөлiн нығайту және жауапкершілiгiн арттыру қажет.
Мемлекеттiк басқарудың тиiмдi жүйесiн құру мақсатында бiртұтастық пен басқарушылық талаптарының бұлжымай орындалуы жағдайында мемлекеттiк билiктiң түрлi деңгейлерi арасындағы қызметтер аясын, функциялары мен жауапкершіліктерiн нақты ажыратуды қамтамасыз ететiн заңдарды одан әрi жетiлдiрiп, сонымен бiрге жергiлiкті мемлекеттiк басқарудың тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн жағдайлар туғызу мақсатқа сай болмақ.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару институттарын кезең-кезеңмен қалыптастыру азаматтық қоғам институттарын нығайтуға ықпал етпек.
Қазақстан Республикасында Адам құқықтары жөнiндегi уәкіл институтын (омбудсмен) құру қажеттілігі туындап отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту, оның экономикалық дербестігін, сондай-ақ оларға қоғамдық және мемлекеттік бақылау жасау тетiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңдарды одан әрi жетiлдiру қажет.
Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін заңдар жетілдіру талап етеді.
Нарықтық экономикаға өту, мемлекеттiң меншiк иесi, монополист, елде шығарылатын өнiмнiң негiзгi өндiрушiсi және ұсынушысы рөлiнен бас тартуы азаматтық құқықпен реттелетiн қоғамдық қатынастар саласын сапалық тұрғыдан кеңейтті.
Азаматтық құқық еңбек, отбасылық және өзге де қоғамдық қатынастарға барған сайын дендеп ене түстi. Мұның бәрi мемлекеттiң құқықтық жүйесiнiң мемлекеттiк және қоғамдық мүдделердi қорғайтын бұқаралық құқық пен жеке мүдделерге қызмет етiп, оны қорғауды қамтамасыз ететiн жеке құқыққа ауқымды бөлiну процесi аясында жүрiп жатыр.
Осымен байланысты жеке, қоғамдық және мемлекеттiк мүдделердi байыпты үйлестiрудiң шұғыл қажеттiлiгi сақталып отыр. Бұдан келiп, заң шығарушының азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудегi негiзгi мiндетi мұндай құқықтық қатынастарға қатысушылардың барлығының мүдделерiн қорғайтын нақты құқықтық тетiгi бар еркiн нарыққа барынша кең өрiс ашу болмақ.
Осыған орай, бұлжымай орындалар болса, азаматтық заңдардың одан әрi дамуы жүзеге асуы тиiс азаматтық заңдар принциптерi ерекше өзектiлiкке ие болады. Негiзгi принциптер қатарына мыналарды жатқызуға болады:
мемлекеттiң немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң азаматтық құқық қатынастарына енерде өз азаматтық-құқықтық серiктестерi алдында қандай да бiр артықшылықтары немесе жеңiлдiктерi болмайтынын, ал кез келген ұйымдық нысандағы заңды тұлғалар азаматтық құқық қатынастары субъектiлерi ретiнде жеке тұлғаларға теңестiрiлетiнiн, және де шетелдiк азаматтар мен шетелдiк заңды тұлғалар, Республика заңдарында белгiленген шегiнiстер болмаса, қазақстандық азаматтар мен заңды тұлғалар секiлдi құқықтар мен мiндеттердi, әрi нақ сол тәртiппен иемденетiнiн бiлдiретiн азаматтық-құқықтық қатынастар субъектiлерiнiң теңдiгi;
ең алдымен, меншiк иесiнiң өз мүлкiн өзiнiң жеке ұйғарымы бойынша пайдалану мүмкiндiгiн тануды бiлдiретiн меншiкке қол сұқпаушылық; бұл орайда меншiк иесiнiң өз құқық өкiлеттiгiн жүзеге асыруы өзге адамдардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауы тиiс;
кез келген тұлғаның өз қалауы бойынша және мәжбүрлеусiз шешiм қабылдау - өзiнiң қандай да бiр шартқа кiру-кiрмеу өзi шартқа отыруды қалаған серiктесiн таңдау және шарт талаптарын айқындау құқығы барлығын бiлдiретiн азаматтық-құқықтық шарт жасасу еркіндiгi;
әрекетке қабiлеттi азаматтардың немесе заңды тұлғалардың өз мүлкiне иелiк етуiне, пайда табуына, кiрiстерiн жаратуына мемлекеттiк органдар мен басқа да тұлғалардың ықпал етуiне жол берiлмеуiн бiлдiретiн, мемлекеттiң және үшiншi тұлғалардың жеке iстерге және жеке өмiрге араласпауы;
азаматтық-құқықтық қатынастардың негiзгi субъектiлерi ретінде кәсiпкерлер мен тұтынушыларды қорғау.
Жалпы алғанда, азаматтық заңдар меншiкке қол сұқпаушылықты және тауар-ақша қатынастарына қатысушылар қызметiнiң еркiндiгiн қорғауы тиiс. Бұл үшiн бiрiншi кезекте меншiк құқығын, мүлiктiк және мiндеттiлiк құқық институттарын одан әрi де дамыту, жеке адам мен қоғам мүдделерiнiң барынша үйлесуiнiң, құқықты оның әлеуметтiк мақсатына сай пайдаланудың негiзiнде жеке-құқықтық қатынастардың заңнамалық базасын жетiлдiру қажет. Нарықтық қатынастардың одан әрi дамуы ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге жеке меншiк институтын енгiзудi қажет етедi.
Азаматтық құқықты дамытудың басымдық бағыттарының бiрi зияттық меншiк объектiлерiне құқықты реттейтiн заңдарды одан әрi жетілдiру болуы тиiс. Ол авторлар мүдделерiн, сол секiлдi Қазақстанның экономикалық, технологиялық және ақпараттық қауiпсiздiгi мүдделерiн сақтауға негiзделуi тиiс. Ғылыми-техникалық жетiстiктердi құруға және пайдалануға қатысты бiрқатар заң және заңға тәуелдi актілердi қабылдау қажет, олар өз кезегiнде азаматтардың - санаткерлiк меншiк объектiлерiне айрықша құқы барлардың әрi осы объектiлер иелерiнiң құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған iс-шаралар кешенiн практикада iске асыруға мүмкiндiк бередi.
Жұмыс берушiлердiң өз жұмысшыларын мiндеттi медициналық сақтандыруын енгiзу туралы мәселе шешiмiн талап етедi, бұл халыққа медициналық көмек көрсету көлемiн кеңейтуге мүмкiндiк бередi, сол секiлдi әлеуметтiк тәуекелдер түрлерi мен төлемдер негiздерi бойынша заңдарды кезеңдеп жүйелеу көзделуде.
Еңбек қабiлетiн жойған, асыраушысынан айрылған немесе жұмысын жоғалтқан жағдайда халықты қосымша әлеуметтiк қорғаумен қамтамасыз ету мақсатында мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн одан әрi жетiлдiру үшiн құқықтық база құру қажет.
Нарықтық экономикада орын алған еңбек қатынастары нысандарының әр алуандылығы мен күрделiлiгi еңбек заңдарын одан әрi жетiлдiрудi қажет етедi. Бұл орайда еңбек құқық қатынастарын реттеу қазақстандықтар мүдделерiнiң басымдығы тұрғысында өрбуi тиiс.
Мұнымен бiрге Қазақстанда азаматтық қызмет институтын құру және дамыту үшiн заңдық негiз құру қажеттiлiгi туып отыр.
Әлеуметтiк қарама-қайшылықтарды құқықтық әдiстермен шешу тетiгiн құрудың, әлеуметтiк шиеленiстiң саяси өрiс алуын болдырмаудың маңызы зор. Мұнда кәсiптiк одақтардың қызметi шешушi фактор болып табылады. Осыған байланысты олардың рөлi мен жауапкершілiгiн арттыру мақсатында кәсiподақтар туралы заңдар жетiлдiрудi талап етедi.
Мемлекеттiк қызмет туралы заңдарға мемлекеттiк қызметтiң кәсiбилiгi мен тұрақтылығын арттыруға, мансаптық өсудi ынталандыруға, ықпалды кадрлық резерв қалыптастыруға, кадрларды оқытудың жалпы мемлекеттiк жүйесiн құруға, мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк және құқықтық қорғау шараларын күшейтуге бағытталған өзгерiстер енгiзу қажеттілiгi болып отыр.
Бұл орайда мемлекеттік қызмет туралы заңдарды жетiлдiру процесiнiң басты бағыттарының бiрi қызметтiк баспалдақ бойынша өсудiң мансаптық жүйесiне ауысу болмақ.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына қарсы күрестiң құқықтық тетiктерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру проблемасы үнемi назарда ұстауды талап етедi.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмысы үшiн деп адамдарды негiзсiз жауапқа тартуды болдырмау мақсатында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының шеңберiн заңдық тұрғыдан белгiлеп алған жөн.
Сол сияқты, сыбайлас жемқорлық әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн жауапкершiлiктен жалтартуға жол бермеу мақсатында қолданыстағы заңдарға мұндай құқық бұзушылықтарды орау мерзiмiн ұлғайту тұрғысында тиiстi өзгерiстер енгiзу маңызды болмақ.
Шетелдiк азаматтар асырап алатын кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау мәселелерiн заңмен реттеу, сондай-ақ мүгедектердiң құқықтарын қорғау туралы заң қабылдау қажеттiлiгi туып отыр.
Экономиканы мемлекеттiк реттеу саласындағы заңдар экономиканы мемлекеттiк реттеудiң оңтайлы тетiгiн жасау және оның қызмет iстеуiне қолайлы жағдайлар туғызу саласындағы қатынастарды реттеуге, нарықтық қатынастарға қатысушылардың әлеуметтiк-экономикалық даму процесiндегi өзара iс-қимыл тәртiбiн реттеуге тиiс.
Экономиканы мемлекеттiк реттеу қажеттiлiгi, соның iшiнде жеке меншiк иесiнiң инфрақұрылымдық дамыту, өнеркәсiптiң бiрқатар салаларын айта құру, табиғи монополиялар қызметiне оңтайлы тарифтер белгiлеу, көптеген эксперименттiк және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстардағы iргелi ғылыми зерттеулердi жалпы мемлекеттiк ауқымда қаржыландыру және ұйымдастыру мәселелерiн шешуге мүдделi еместiгiнен туындайды. Бұл мiндеттердi шешудi мемлекет инвестициялық, тарифтiк, салық және сауда саясатын жүргiзу арқылы өзiне алуға мәжбүр болып отыр.
Әлемдiк тәжiрибенi зерделеу көптеген дамыған елдер орнықты даму сатысына экономиканың белгілi бiр салаларындағы мемлекеттiң белсендi рөлiнiң нәтижесiнде қол жеткiзгенiн, оның мемлекеттiк экономикалық реттеу жүйесi арқылы iске асырылғанын көрсетедi.
Сондықтан экономиканың одан әрi дамуы рынокқа қатысушылар қызметiн осыған барабар мемлекеттiк реттеу арқылы, бiрақ олардың кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне деген конституциялық құқығын сақтау және терiс пиғылды бәсекеге жол бермеу жағдайында жүзеге асырылуы тиiс. Және де бiрiншi кезекте шағын және орта бизнесте, сол секілдi аграрлық секторда жұмыс iстейтiн отандық тауар өндiрушілердi мемлекеттiк қолдауға бағытталуы тиiс. Сол секілдi экономикалық қызметтiң импорт алмастыру, өндiрiстiң негiзгi құралдарын жаңғырту, сонымен бiрге инновациялық қызметтi дамыту секiлдi бағыттарын үйлестiре дамытуды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлер мен тетiктер әзiрлеудi қарастыру керек.
Уақытша қиындық көрiп отырған, бiрақ экономика үшiн маңызды кәсiпорындардың немесе тiптi тұтас салалардың банкротқа ұшырауына жол бермеуге бағытталуы тиiс "өнеркәсiптiк саясат" дегенге ерекше назар аудару қажет. Өнеркәсiптiк саясат мiндеттерiне бәсекелестiктiң өсуiн қолдауды, оны ынталандыруды және кеден заңдарын одан әрi жетiлдiру есебiнен экспорттық және импорттық ағындарды реттеудi жатқызуға болады.
Мұнымен қатар ұлттық компаниялардың, өкілеттi органның және мемлекеттiң жауапкершiлiк салаларын ажырата отырып, ұлттық компаниялар мәртебесiн нақты белгiлеген жөн. <*>
Қаржы, банк заңдары экономиканың жаңа нарық қатынастарында жұмыс iстеуi үшiн оңтайлы құқықтық ортаны одан әрi де қамтамасыз етуi, қаржылық құралдардың дамуына ықпал жасауы және жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдауға жәрдемдесуi тиiс.
Елдегi қаржы саясаты мен ақша айналымы саласында Тұжырымдама басымдықтары мемлекеттiң, азаматтардың және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғаудың нақты құралы ретiндегi қазiргi заманғы тұрақты ұлттық қаржы нарығын нығайтумен, мемлекеттiк саясаттың құрамдас бөлiгiнiң бiрi ретiндегi тиiмдi қаржы жүйесiнiң жұмыс iстеуiмен байланысты. Бұл мақсат: ұлттық қаржы жүйесiнiң негiздерiн жетiлдiру; қаржы құралдарын қолдану саласын кеңейту; қаржыларды мемлекеттiк реттеудi күшейту және мемлекеттiң қаржылық қызметiн нығайту; қаржы ресурстарына ие тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау; Қазақстанның халықаралық қаржы жүйесiне кiруi жөнiнде кешендi шаралар әзiрлеу және республиканың қаржы рыногында шетелдiк қатысудың шарттарын белгiлеу арқылы iске асырылуы мүмкiн.
Банк қызметiнiң құқықтық базасын дамыту заң шығару процесiнiң маңызды мiндетi болып табылады. Нарық принциптерiне толық дәрежеде сай келетiндей, клиент пен банк арасында тең құқықтық қатынастар орнауына, дүниежүзiлiк банк практикасында жалпыға танылған банк қызметтерiнiң жаңа түрлерiн дамытуға ықпал ететiндей банк қызметiнiң заңнамалық реттеуi қажет. Қор рыноктарын реттейтiн заңдарды одан әрi дамыту қажет.
Экономиканың нақты секторын одан әрi жетiлдiру үшiн акционерлiк қоғамдар қызметi, бухгалтерлiк және статистикалық есеп және есеп беру мәселелерi жөнiндегi қолданыстағы заңдарға өзгерiстер енгiзілуi қажет.
Мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгi өте күрделi, сан салалы жоспарлы және көп функциялы жүйе болып табылатындықтан қаржы бақылау жүйесiн жетiлдiру қажет. Сондай-ақ, терроризмге, "арам ақшаны тазартуға" қарсы күрестiң халықаралық тәжiрибесiне сай, қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыруға қарсы iс-әрекет мақсатында қаржы операциялары мониторингiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау қажет болады.
Бюджет заңдары саласында бюджет процесінің барлық деңгейі мен кезеңiндегi бюджеттiк бағдарлама жасау, бюджетаралық қатынастардың сапалы жаңа жүйесiнiң қалыптасуы құқықтық тұрғыда iске асуы тиiс.
Экономика саласындағы мемлекеттiк реттеу тетiктерiнiң бiрi ретiнде салық заңдары экономикалық дамудың перспективаларын ескеруi, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдесуi және мемлекеттiк функциялар мен мiндеттердi орындау үшiн жеткiлiктi бюджет қаражаттарын жинауды қамтамасыз етуi тиiс. Салық заңдары жүйелi әрi салық салудың экономика дамуын ынталандыратындай нысандарына бағытталған болуы тиiс. Салық заңдарын одан әрi жетілдiру: оның барлық ережелерінiң нақтылығын, анықтығын және түсiнiктiлiгiн қамтамасыз ету, салық ауыртпалығын төмендету, "көлеңке" айналымдарды жария заңдастыру, салық төлеуден жалтарудың алдын алу жөнiнде шаралар қабылдануы тиiс.
Қазақстанның әлемдiк экономикалық қатынастар жүйесiне бiртiндеп кiрiгуi кеден iсiн жетiлдiрудi талап етедi. Қолданыстағы кеден заңдарының "көмескілiгi" кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа, көлеңке бизнес пен контрабанданың өсуiне жол ашып, нәтижесiнде бұл жалпы ел экономикасына әсерiн тигiзедi.
Жаңа Кеден кодексін әзiрлеу және қабылдау арқылы кеден заңдарын жүйелеу халықаралық талаптар мен стандарттарға сай, сауда үшiн қолайлы сыртқы экономикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы заңдарды жетiлдiру осы саладағы жаңа технологияларды дамытумен қатар, ақпараттық қауiпсiздiк қатерлерiне қарсы iс-әрекеттер мен ақпараттық және компьютерлiк технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтармен күрестiң мемлекеттiк жүйесiн құқықтық қамтамасыз етудi қарастыратын болады.
Қазақстанның әлемдiк ақпарат жүйесiне кiрiгуi ақпараттық және компьютерлiк технологиялар саласындағы құқық бұзушылықты анықтау, оның алдын алу және оған жол бермеудiң тиiмдi тетiгiн құрумен қатар жүруi тиiс. Бұл арнаулы мақсаттағы техникалық құралдар мен ақпарат қорғау құралдарын жасау мен өндiру саласындағы ұлттық ғылыми-өндiрiстiк инфрақұрылым құруды және оның жұмыс iстеуiн үйлестiрудi реттейтiн, осы саладағы ғылыми және өндiрiстiк ұйымдар жұмыстарын үйлестiретiн нормативтiк құқықтық базалар әзiрлеудi талап етедi.
Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды жетiлдiру мақсатында:
экологиялық сақтандыру жүйесiн;
кінәлiлердiң жазадан құтылмауына кепiлдiк беретiн және қоршаған ортаға келтiрілген шығынды өтеудi қамтамасыз ететiн мемлекеттiк бақылаудың, қаскерлiкпен (браконьерлiкпен) және орман бұзушылықпен күрестiң барынша жетiлдiрiлген жүйесiн;
бiрыңғай мемлекеттiк экологиялық мониторинг жүйесiн;
белгiленген нормативтерден тыс қоршаған ортаны ластайтын кәсiпорындардағы мiндеттi экологиялық аудит;
коммуналдық және өндiрiстiк қалдықтарды басқару жүйесiн;
қоршаған ортаны реттеудiң және оны ластауды болдырмаудың бiршама жетiлдiрiлген экономикалық құралдарын енгiзу үшiн қажеттi заңдар мен заңға тәуелдi актiлер әзiрлеу қажет болады.
Су, жер, орман ресурстарын, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегі заңнамада тек шаруашылықта пайдалануды дамытуға ғана емес, табиғи ресурстарды қорғау мен өндiруге де бағытталған жаңа заң нормалары қажет. Жер қойнаулары мен жер қойнауларын пайдалану туралы заңдарда пайдалы қазбаларды өндiру кәсiпорындары әрекетiнiң келеңсіз зардаптарын жою жөнiндегi шаралар көзделуi тиiс.
Әкiмшiлiк заңдарын дамыту азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау тетiгiн қамтамасыз ете отырып, мемлекеттiк органдардың басқару және бақылау-қадағалау қызметiн жетiлдiрудi, бақылау мен қадағалаудың артық буындарын жоюды, қажет деген буындарды нығайтуды, әкiмшiлiк ықпал ету шараларын қолдану барысында заңдылықтың сақталуына ведомстволық бақылауды күшейтудi, жауапкершiлiктен бұлтартпау принципiн сақтауды қамтамасыз ететiндей орталықтандырылған есеп жүргiзу мен айыппұл салу жүйесiн құруды көздейдi. Өтеуiне әкiмшiлiк жауапкершiлiктi күшейте түсу арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң жекелеген баптарын қылмыстық сипаттан арылту көзделуде.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiк қорлар мен мемлекеттiк емес ұйымдар қызметiн реттейтiн заңдар одан әрi жетілдiрудi талап етедi.
Әкімшiлiк заңдарының маңызды мiндетi басқару шешiмдерiн алу мен қабылдаудың әкімшiлiк-құқықтық рәсiмдерiн одан әрi жетiлдiру болуы тиiс.
Қылмыстық заңнамада заңмен қорғалатын әлеуметтiк жоғары құндылықтар ретiндегi адам құқықтары мен бостандықтарының бастылығы мен ажырамастығын тану негiзге алынуы тиiс.
Қылмыстық заңнаманы жетiлдiру қылмыстық құқықтың мынадай принциптерi бұлжымай сақтала отырып жүргiзілуге тиiс:
мәнi қылмыстық құқық тұрғысында iс-қимылдың қылмыстылығы мен жазалылығы тек қылмыстық заңмен айқындалуға тиiс екендiгiне саятын заңдылық;
қылмыс жасаған барлық азаматтардың шыққан тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына немесе кез келген басқа жағдайларға қарамастан заң мен сот алдында бiрдей екендiгiн бiлдiретiн заң мен сот алдындағы азаматтар теңдiгi;
адам тек өзiнiң кiнәсi анықталған қоғамдық қауiптi әрекеттерi мен одан туындаған қоғамдық қауiптi салдарлар үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын айқындайтын кiнәлi жауапкершiлiгi;
қылмыстың қоғамдық қауiптілiгiнiң сипаты мен дәрежесiн, қылмыстының жеке басының, жауапкершiлiгi мен жазасын жеңілдететiн және ауырлататын жағдайларды ескере отырып, соттардың әдiл жаза белгiлеуi тиiс екендiгiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;
заңды қолдану кезiнде қылмыс жасаған адамдарға азаптауды, қорлауды болдырмайтын iзгiлiктi қарауды және оларға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жаза оларды қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшiн заңды негiз болмаған жағдайда ғана қолданылатынын, ал қарастырылғандар арасынан жасаған қылмысы үшiн жазаның барынша қатаң түрi егер қатаңдығы бiршама төмен түрi жаза мақсатына қол жеткiзе алмаған жағдайда ғана тағайындалатынын білдiретiн қылмыстық жазалаудың iзгілiгi мен үнемділiгi;
қылмыстың жасалуына кiнәлi әрбiр адамның, заңмен тiкелей көзделген (дипломатиялық және басқа иммунитеттер, көтермелеу қылмыстық-құқықтық нормалар және т.б.) жағдайлар болмаса, қылмыстық жауаптылыққа және жазалауға немесе қылмыстық заңда көзделген ықпал етудiң басқа шараларына тартылатынын білдiретiн қылмыстық жауаптылық пен жазаның бұлтартпастығы;
жәбiрленушiлердiң, соның iшiнде мемлекеттiң де құқықтарын бiрдей қорғау.
Қазақстан Республикасының қылмыстық саясатын iске асыру аталған принциптерге сай дамуға және төмендегідей заңнамалық шаралары кешенiнiң қабылдануын қамтуға тиiс:
өлiм жазасын қолдану аясын бiртiндеп тарылту бағытын жалғастыру, сондай-ақ өлiм жазасына мораторий жариялау мүмкiндiгiн қарастыру;
ауыр емес қылмыстарға жататын құқық бұзушылықтарды, соның iшiнде оларды әкiмшiлiк және азаматтық-құқықтық жауапкершілік саласына аудару арқылы, қылмыстылық қатарынан алып тастауды одан әрi жалғастыру;
ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты экономикалық қылмыстардың жекелеген түрiне мүлiктiк жазалар, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар қолдануды кеңейту;
қылмыс жасаған адамдар кiнәсiн шын мойындаған жағдайда көтермелеу сипатындағы шараларды барынша кеңiрек қолдану;
ауыр емес қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айыру түрiнде жаза қолдануды алып тастау және орташа ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айыруды қолдану аясын тарылту;
бас бостандығын шектеу, қамауға алу, ғұмыр бойы бас бостандығынан айыру сияқты жазаның жаңа түрлерiн көздейтiн қылмыстық-құқықтық нормаларды iске қосудың қажеттi жағдайларын жасау.
Қылмыстық саясат бiрiншi кезекте ауыр емес және бiрiншi рет орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға, сол секілдi халықтың әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтарына - жүктi және жалғызiлiктi әйелдерге, асырауында кәмелетке толмаған балалары барларға, кәмелетке толмағандарға, егде жастағы адамдарға қатысты iзгілiктiлiк бағытында дамуы тиiс. Сонымен қатар оны ауыр және ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшiн айыпты, қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарға, сондай-ақ қылмыс қайталап жасалған жағдайда қатайта түсу сөзсiз қажет.
Әрекет аясына азаматтардың едәуiр бөлiгi тартылатын және қоғамдағы тұрақтылық, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерiн қылмыстық қол сұғудан қорғаудың берiктiгiне сенiмдiлiк, елдегi құқық тәртiбiнiң жай-күйi олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiне байланысты болатын құқық қорғау органдарының заңнамалық базасын жетiлдiрудi жалғастыру керек.
Әр түрлi санаттағы адамдарды (қылмыскерлер; тергеуден, анықтаудан және соттан жасырынған, сот актілерін орындаудан, соның iшiнде алимент төлеуден жалтарған; хабарсыз кеткен адамдар; азаматтық iстер бойынша жауапкерлер; өзге де iздеу салынған адамдар) iздестiрумен және оған барлық мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен байланысты заң нормаларын нақтылау қажеттiгi туып отыр.
Қылмыстың алдын алу және оны болдырмау, онымен күрестегi табандылық, жедел-iздестiру қызметiн жетілдiру, нақты қалыптасқан оперативтiк ахуалға тиiсiнше көңiл аудару, ақпараттық қамтамасыз ету мен талдау жұмысының деңгейiн көтеру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту басым бағыттар болуы тиiс.
Жергiлiктi де, сол сияқты республикалық та деңгейде құқық бұзушылықтың алдын алудың тиiмдi жүйесiн құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдардың халықпен байланысын белсендi дамыта отырып құру қажет. Мектептер мен оқу орындарында құқықтық мәдениеттiң өзектi проблемалары бойынша мiндеттi немесе факультативтiк сабақтар енгiзу керек.
Халықаралық қоғамдастықтың қазiргi басымдықтарын ескере отырып, нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң, терроризмнiң, этникалық және дiни экстремизмнiң, адамдарды, әсiресе әйелдер мен балаларды сатудың, компьютерлiк қылмыстың, атыс қаруын және оның бөлiктерi мен оқ-дәрiсiн заңсыз жасау мен таратудың, сыбайлас жемқорлық сипатындағы, сондай-ақ ақшаны "тазарту" саласына қатысты халықаралық қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған нормаларды дер кезiнде енгiзуге ерекше назар аударылатын болады.
Республиканың Мемлекеттiк шекарасын қорғауды одан әрi нығайтуды, стратегиялық маңызды объектiлердiң (жоғары қаупi бар кәсiпорындардың және коммуникациялардың) қауiпсiздiгiн, қару мен оқ-дәрілердiң сақталуын қамтамасыз етудi, мемлекеттiк органдардың Қазақстан азаматтарының дiни сана-сезiмiн радикалдандыруға жол бермеу, экстремистiк идеяларға қарсы насихат жөнiндегi жұмысты реттейтiн нормативтiк құқықтық базаны жетілдiру терроризммен күрес жөнiндегi жұмыстың маңызды бөлiгiне айналады. Этникалық және дiни экстремизм идеялары бар материалдарға ғылыми және теологиялық сараптамаларды бiр орталықтан жүргiзу тетiгiн әзiрлеу және енгізу қажет болады.
Қаржы-шаруашылық қызмет саласында терiс пайдаланушылыққа жол бермеу мақсатында мемлекеттiк бақылау жүйесiн жетiлдiру, мемлекеттiк органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызмет этикасы нормаларын сақтау жөнiндегi, сондай-ақ экономикалық қызмет саласындағы және мемлекеттiк қызмет мүдделеріне кедергі болатын қылмыстарға қарсы iс-әрекет нысандары мен әдiстерiн оңтайландыру жөнiндегi жұмысының нәтижелiлiгiн арттыру негiзгi мiндеттер болып табылады.
Қылмыстық-iс жүргiзу заңдарын одан әрi жетiлдiру қажет.
Бұл орайда негiзгi мақсат қылмыстық iс жүргiзудiң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған мынадай түбегейлi принциптерiн нақты нормаларда одан әрi дәйектi iске асыру болып табылады:
кімнiң де қылмыс жасаудағы кінәлілiгi заңда көзделген тәртiппен дәлелденбейiнше және заңды күшiне енген сот үкiмiмен белгiленбейiнше әркiмнiң кiнәсiз болып есептелетiнiн тұжырымдайтын кінәсiздiк презумпциясы; ешкiмнiң де өзiнiң кінәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi еместігі; айыпталушының кінәлiлiгiне деген жойылмаған күдiк оның пайдасы үшiн қарастырылатындығы; айыптау үкiмiнiң жорамалдарға негiзделе алмайтындығы және сенiмдi дәлелдердiң жеткілiктi жиынтығымен дәлелденуi тиiс екендiгi;
тұтқындау мен қамауда ұстауға тек заңда көзделген жағдайларда және соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жол берiлуге келiп саятын жеке тұлғаның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұқпаушылық, оны құрметтеушiлiк; ешкiм де азаптау, күш қолдану басқа да қатыгез немесе адамгершiлiк ар-намысқа тиетiн қарым-қатынасқа немесе жазаға ұшырамауға тиiс;
сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейтiндiгiн білдiретiн тұрғын үй мен жеке өмiрге қол сұқпаушылық; тұрғын үйге кiруге, оны тексеру мен тiнту жүргiзуге тек заңда белгiленген жағдайларда ғана жол берiледi; әрбiр адамның жеке салымдар мен жинақ ақшалар, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, почта, телеграф пен өзге де хат-хабарлама құпиясына құқығы бар, бұл құқықты шектеуге тек заңмен белгiленген жағдайлармен және тәртiппен ғана жол беріледi;
судьяның сот төрелiгiн жүргiзу кезiнде тәуелсiз болуын және тек Конституция мен заңдарға ғана бағынатынын бiлдiретiн судьялардың тәуелсiздiгi;
сот төрелiгiн жүргiзу - соттың ерекше артықшылығы екендiгiн бiлдiретiн сот төрелiгiн тек соттың ғана жүзеге асыратындығы; адамды қылмыс жасауда кiнәлi деп тану тек заңға қатаң сүйене отырып шығарылған соттың айыптау үкiмiнiң негiзiнде ғана мүмкiн;
сот iсiн жүргiзудi сотта iс қарауда айыптау функциясын қорғау функциясы мен iстi шешу функциясынан бөлек болатындай етiп құратын тараптардың бәсекелестiгi мен тең құқықтығы, сол секілдi Қазақстан Республикасының Конституциясы белгiлеген, халықаралық құқықтық нормалармен және Республиканың қылмыстық-iс жүргiзу заңымен танылған басқа да принциптер негiзiнде жүзеге асыру.
Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi алқа заседательдерiн қатыстыра отырып жүзеге асыру мүмкiндiгiн қарау қажет.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабында көзделген азаматтардың жеке бас бостандығы кепiлдiгiн iске асыру үшiн барлық қажеттi жағдайлар жасау талап етiледi.
Iс жүргiзу заңдарын жетiлдiрудiң өзектi бағыттарының бiрi iстi сотқа дейiн дайындау кезеңiнде де, сот сатыларында да рәсiмдердi жеңiлдету және жеделдету болып табылады. Осыған байланысты анықтау жүргiзудi қолдану саласын кеңейту, сондай-ақ анықтау және алдын ала тергеу рәсiмдерiн жеңiлдету мақсатқа сай болмақ. Қамауға алуға балама боларлық шараларды (кепiлдiк, үйде қамауда ұстау) қолданудың тетiктерiн барынша егжей-тегжейлі реттеу қажет.
Анықтау және алдын ала тергеу рәсiмдерiн жеңiлдету мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиiс: қылмыстық жазаланатын ауыр емес және орташа ауыр іс-әрекет жасаған адамдардың жауапкершілiгi туралы мәселенi жедел қарау үшiн қылмыстың жекелеген құрамдарын әкiмшiлiк құқық бұзушылық санатына жатқызу арқылы қылмыстық сипаттан арылту жөнiндегi жұмысты жалғастыру; қылмыстық процестiң тиiмдiлiгi мен жеделдiгiн арттыру үшін бұл тәртiптi ең алдымен дәлелдердi iздеп табуда, бекiтуде және бағалауда аса күрделiлiк тудырмайтын iстер бойынша жүргiзiп, алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес және анықтау жүргiзумен шектелетiн iстердiң тiзбесiн кеңейту.
Қылмыстық сот iсiн жүргiзудегi қылмыстық саясат iзгiлiгi үрдiсiнiң көрiнiсi мыналар болып табылады:
қылмыстық iстердi сотта қарау кезеңiнде сотталушыларды қамауда ұстау мерзiмiн заңмен шектеу;
қылмыстық жауапкершіліктен медиация рәсiмi арқылы босату мүмкiндiгiне жататын қылмыстар тiзбесiн кеңейту, жәбiрленушiге мүлкi мен моральдық зиянның, сондай-ақ оның денсаулығына келтiрілген зиянның орнын толтыру жолымен бiтiстiру институтын барынша кеңiнен енгiзу.
Жәбiрленушiлердiң, соның iшiнде мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн кеңейту iс жүзiнде қылмыстық процестiң негiзгi басымдықтарының бiрi болуға тиiс. Осы мақсатта адвокаттар мен азаматтардың сот төрелiгiнiң тиiстi сатыларына қатысуының нақты тетiгiн қамтамасыз ететiн нормаларды қарастыру қажет.
Қылмыстық-атқару жүйесiнiң заң шығару базасын адам құқықтары туралы халықаралық актiлердiң және сотталғандармен қарым-қатынастың негiзгi принциптерi мен тәртiбiн белгiлейтiн халықаралық келiсiмдердiң негiзгi ережелерiмен сәйкес келтiру мақсатында жетiлдiру, сол секiлдi оның материалдық-техникалық базасын одан әрi жақсарту, қылмыстық-атқару жүйесiн iзгiлендiрудiң жүргiзiлiп отырған саясатын жалғастыру қажет.
Қылмыстың қайталануының алдын алу мақсатында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтiк бейiмдеуге, әлеуметтiк бейiмдеу жөнiндегi тиiстi орталықтардың жұмыс iстеуiне бағытталған нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу қажет.
Кадр саясатының тұрақтылығы және құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгi мен тәртiбiне деген талапты арттыру мәселесiне назар аудара отырып, құқық қорғау органдарын одан әрi де нығайту қажет.
Бұл орайда құқық қорғау органдарының қызметiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты басымдылық етiп айқындау, сондай-ақ жұртшылықтың белсендi қатысуынсыз табысты болмайтын, құқық бұзушылықтың алдын алуға көп назар аудару қажет. Осы орайда балалардың қараусыздығы мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударған жөн, бұл өз кезегiнде лауазымды адамдардың кәмелетке толмағандармен жұмыстың нәтижесi үшiн жауапкершілiгiн арттыруға септiгiн тигiзiп қана қоймай, сонымен қатар олардың өз мiндеттерi мен функцияларын атқарудағы құқықтары мен мiндеттерiн нақты белгiлейтiн тиiстi заң актiлерiн қабылдауды қажет етедi.
Iшкi iстер органдарына сот сараптамасының жекелеген түрлерiн жүргiзу құқын берудiң мақсаттылығы туралы мәселенi қарастыру керек.
Ұлттық қауiпсiздiк пен ел тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн саяси төзбеушілiктiң алдын алуға, азаматтар бойында шыдамдылық сезiмi мен мiнез-құлық ұстамын, заң мойындау ғұрпын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттiк шаралар кешенiн жетілдiру, сонымен бiрге Қазақстан Республикасының аумағында шетел азаматтарының жүрiп-тұру заңдылығы мен қызметi, сондай-ақ шетелдегi бiздiң азаматтарды қорғау кепiлдiгi мен оларға қамқорлықты қамтамасыз ету мәселелерiне тұрақты назар аудару қажет.
Әскери құқық саласындағы нормативтiк-құқықтық база одан әрi жетiлдiрудi талап етедi. Мемлекеттiң тұтастай алғандағы қорғаныс жүйесiн құрудың бiрыңғай кешендi-құқықтық көзқарасын қамтамасыз ету қажеттiлiгi туып отыр.
Қарулы Күштердi қолдану, әскери басқару органдарының, әскери бөлiмшелердiң құқықтық мәртебесiн нақты белгiлеу, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі халықаралық мiндеттемелердi орындау саласындағы заңнамалық ақтаңдақтарды толықтыру мәселелерiн барынша дәлдiкпен пысықтау қажеттiлiгi туып отыр.
Қылмыстық iзге түсумен қатар қадағалау функцияларының кең ауқымына ие прокуратурадан құқықтық мемлекеттiң идеяларын, Конституцияның бұлжымастығын бекiту және одан әрi дамыту үшiн өз әлеуетiн және заңмен береген өкілеттiктерiн барынша пайдалану талап етiледi. Прокурорлық қадағалау әсiресе адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерiнде жүйелiлiк сипатқа ие болуы тиiс. Алдын ала тергеу мен анықтауға қадағалау жүргiзу кезiнде прокурор қылмыстық iзге түсу органдары мен олардың лауазымды адамдарының тарапынан кез келген заң бұзушылықтың белсендi түрде жолын кесуi, прокурорлық қадағалау шараларымен қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейтуге барынша ықпал етуi тиiс.
Прокурорлардың негiзгi күш-жiгерi мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың қызметiндегi заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталуы тиiс.
Сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiндегi сот актiлерiнiң заңдылығын қадағалаудағы прокуратура органдарының жұмысы сот төрелiгiн тек сот жүзеге асыратын, сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiнде судьялардың тәуелсiздiгi және олардың тек Конституция мен заңға бағынатын конституциялық принциптерге сәйкес сотпен өзара қарым-қатынастар құруға бағытталуы тиiс.
Қызметтiң бұл саласында прокурорлар iстi сотта қараудың барлық сатысында азаматтардың, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен бостандықтарын берiк қорғауды қамтамасыз етуге бағдар ұстауы тиіс.
Прокуратураның халықаралық байланыстарға, ең алдымен көршiлес, әсiресе ТМД-ға кiретiн мемлекеттермен және олардың прокурорларымен байланысқа белсене араласу қажеттiлiгi туындап отыр. Каспий теңiзi биоресурстарын қорғау, экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшiн экономикалық-заңдылық шаралар жауапкершiлiгiн, табиғи ортаға әсер ету арқылы келтiрiлген зиянның орнын толтыру шараларын үйлестiру жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердiң орындалуына бақылау жасау мәселелерiне бiрiншi кезекте назар аударуды қажет етедi.
Ескерту. 2-тарауға өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.07.13. N 1615 Жарлығымен .
3. Қазақстан Республикасы сот жүйесiнің дамуы
"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Конституциялық заң сот жүйесi алдына, ең алдымен аудандық (қалалық) сот деңгейiнде, сот төрелiгi органдарын одан әрi жетiлдiру мiндетiн ұсынды.
Салмақтың сот жүйесiнiң нақ осы буынына түсуi сотқа жататын iстердiң басым көпшiлiгi аудандық соттарда қаралатындығына, азаматтар мен заңды тұлғалардың сот төрелiгiн атқарумен алғашқы таныстығы олар арқылы өтетiнiне байланысты.
Аудандық соттардың судьялары халықпен тiкелей қарым-қатынаста болады. Мұнда судьяның моральдық және кәсiби бейнесi ерекше рөл атқарады және олардың этика нормаларын сақтауы үнемi қоғамдық назарда жүредi.
Сот билiгiн дамытудың аса маңызды бағыты судьялардың тәуелсiздiгiн одан әрi нығайту болып қала бередi. Қазiргi кезде судьялардың атқарушы билiктен тәуелсiздiгi, судьялардың ауыспаушылығына кепілдiк, заңдылық деңгейiндегi иммунитетi мәселелерi негiзiнен шешiмiн тапқан.
Басты мiндет, бiрiншi кезекте қажеттi әлеуметтiк кепiлдiктер құру жолымен олардың шынайы тәуелсiздiгiн орнықтыру болмақ.
Судьяларды, куәгерлер мен жәбiрленушiлердi қылмыстық қоғамдастықтар тарапынан қауiп-қатерден қорғаудың тиiмдi шараларын әзiрлеу маңызды проблема болып қала бередi.
Сот жүйесiн одан әрi жетiлдiру мақсатында экономикалық, әкiмшілік, ал болашақта ювенальдық (кәмелетке толмағандар iсi бойынша) және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесiн қарастыру маңызды болмақ.
Мұнымен қатар, азаматтық-құқықтық дауларды шешудiң балама әдiстерiн, мысалы, аралық соттардың қызметiн заңмен реттей, оларды халықаралық стандарттарға жақындата отырып, қарастыру керек.
Соттардың қызметi мен атқару iсiн жүргiзудi ұйымдастыру.
Сот төрелiгiн жедел де сапалы жүзеге асыру мақсатында соттардың қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi тұрақты жетiлдiрiп отыру мәселелерiне назар аудару қажет. Бұл орайда соттарда сот төрелiгi процесiн әкiмшiлiк iсi мәселелерiнен нақты шектеу және сот басшыларын барлық деңгейдегi соттар қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешуден және оларды судьяларға тән емес басқа да қызметтер атқарудан босату қажет.
Сот корпусының кадрларын даярлау мен оқыту, судьялардың бiлiмi мен кәсiби шеберлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар құқықтық саясат пен оны iске асыру тетiгiнiң маңызды буыны болып табылады.
Атқару iсiн жүргiзу жүйесi мен оның жұмысын ұйымдастыру түбегейлi реформалау мен жетiлдiрудi қажет етедi. Бұл бағыттағы маңызды аспект Сот әкiмшiлiгiн жүргiзу жөнiндегi комитеттiң азаматтық iстер бойынша сот шешiмдерiн, ұйғарымдары мен қаулыларын, мүлiктiк жазалар тұрғысындағы қылмыстық iстер бойынша үкімдер мен қаулыларды, сол секілдi заңмен қарастырылған жағдайларда басқа да органдардың шешiмдерi мен қаулыларын орындау, атқару iсiн жүргiзу мәселелерi бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын шешу мiндетi жүктелуi тиiс аудандық буын деңгейiндегi құрылымдық бөлiмшелерiн құру болып табылады.
Сот приставы-орындаушыларының атқару iсiн жүргiзуi мен мәртебесi туралы заңды жетiлдiру қажеттiгi туып отыр. Сот орындаушылары мен приставтарының мiндеттерiн, функциялары мен өкiлеттiктерiн айқындай отырып, олардың қызметiн бiрыңғай жүйеге бiрiктiру және ұйымдық белгiлеу мақсатқа сай болмақ.
Сот шешiмдерiн атқаруда iс жүргiзу сот бақылауын қолдануды заңдық тұрғыдан кеңейту керек.
4. Мемлекеттiк дамудың халықаралық-құқықтық аспектiлерi
Қазақстанның таяу онжылдықтағы халықаралық шарттар құқықтық саясаты Қазақстанды интеграциялық процестерге тартуға, Қазақстан Республикасы үшiн қолайлы және экономикалық пайдалы жағын ескере отырып, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты оңтайландыруға бағыт ұстануы тиiс. Бұл мақсатта халықаралық шарттар жасауға бiршама ұстамды көзқарас танытып, қатысқан жағдайда ел халқына нақты саяси және экономикалық пайда әкелетіндерiне ғана басымдық беру қажет. Қазақстан Республикасының заңнамалық базасын қабылданған халықаралық мiндеттемелер мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру жөнiндегi жұмысты жалғастыру керек.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар аясындағы шарт жасасу-құқықтық саясаты қарусыздану, экология, сауда, халықаралық терроризм, ұйымдасқан қылмыс, қылмыстық жолмен алынған табысты "тазарту", этносаралық қатынастар, адам құқығын қорғау, адамзаттың мәдени мұраларын сақтау және т.б. халықаралық проблемаларды шешуге бағытталады.
Халықаралық өзара әрекеттестiктiң тиiмділігiн арттыру мақсатында екі жақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын құру жөнiндегi жұмысты жалғастыру керек. Бұл жұмысты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң құқық қорғау және арнаулы органдарымен және Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Орталық Азия экономикалық қоғамдастығы мемлекеттерiнiң тиiстi құрылымдарымен бiрге жандандыра түскен жөн. Бұл тұрғыдан келгенде қылмысқа қарсы күрестiң бiрлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасын, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң халықаралық терроризммен және экстремизмнiң өзге де көрiнiстерiмен күрес жөнiндегi бағдарламасын, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң есiрткiнiң заңсыз айналымына қарсы iс-әрекет мәселелерiне арналған өзге де бiрлескен құжаттарын iске асырудың нақты тетiгi жасалуы тиiс. БҰҰ-ның құқық қорғау саласындағы жобалары мен бағдарламаларына барынша ықпалды қатысу қажет. Қылмыстың барынша қауiптi түрлерiмен күрестегi ынтымақтастық туралы, ақпараттық қауiпсiздiктi өзара қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық үлгi-шарттар жасау тәжiрибесiн жалғастыру керек. Азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға бағытталған шараларға барынша ықпал ету қажет.
Халықаралық-құқықтық дамудың басым бағыттарының бiрi қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк iстерi, қылмыскерлердi ұстап беру, жедел-iздестiру, ғылыми-техникалық және статистикалық ақпарат алмасу жөнiндегi құқықтық көмек туралы, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ iс-шаралар мен арнайы операциялар өткізуді, өзара тағылымдамалар мен мамандар оқытуды келiсу туралы екiжақты халықаралық шарттарды әзiрлеу және жасасу болып табылады.
Сонымен қатар қылмыскерлердi ұстап беру, қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек, қылмыстық iзге түсудi қабылдау (беру), қылмыстың аса қауiптi көрiнiстерiмен бiрлесiп күресу мәселелерi бойынша мемлекеттiң ТМД, ЕурАзЭҚ пен ОАЭҚ және басқаларға қатысушы елдердiң шеңберiндегi халықаралық шарттарға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдау мақсатқа сай болмақ.
Шекара арқылы өтетiн су ағындарын реттеу және пайдалану проблемасын шешу қажет. Мұның шешiмi судың сапасын төмендетуге және оны тиiмсiз пайдалануға қатаң шаралар белгiлей отырып, суды ластауды болдырмау, шектеу және азайтудың құқықтық тетiктерiн әзiрлеу жөнiндегi белсендi iс-әрекеттi талап етедi.
Халықаралық жеке құқық саласында Қазақстанның құқықтық саясатының негiзгi бағыттары: тауарларды сатып алу-сату, авторлық құқық, көлiк, кредит-есеп қатынастары саласындағы материалдық-құқықтық және коллизиялық нормаларды орайластыру; интеграциялық процестердi құқықтық қамтамасыз етудi жетiлдiру болуы тиiс.
5. Қорытынды
Қазақстан Республикасында жүргiзiлiп отырған құқықтық саясаттың негiзгi бастауы Республика Конституциясы болып табылатындығына байланысты оның әлеуетiн мейлiнше пайдалану қажет, ал құқықтық саясаттың қозғаушы күшi орталық және жергілiктi мемлекеттiк органдардың оны тiкелей өмiрге енгiзу жөнiндегi ұйымдық қызметi болып табылмақ. Құқықтық саясатты iске асыру үшiн заңнаманы одан әрi жетiлдiруге бағытталған тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген шараларды орындау Қазақстанда демократиялық, зайырлы, әлеуметтiк, құқықтық мемлекет құруға ықпал етедi.
Тұжырымдаманы iске асыру дәрежесi, тиiмдiлiгi құқықтық саясаттың, құқықтық нормалардың мазмұнын, қоғам мүшелерi секiлдi мемлекеттiк органдардың да, сонымен қатар олардың лауазымды тұлғаларының қаншалықты жете түсiнуiне де, нормативтiк құқықтық актілердiң нұсқамаларын ықыласты және адал орындау дайындығына да байланысты.
Осы Тұжырымдаманың базасында Республиканың құқықтық саясатының түрлi бағыттары бойынша (сот жүйесiн, құқық қорғау органдары қызметiн, заңгерлiк бiлiмдi жетiлдiру жөнiнде және т.б.) салалық бағдарламалар әзiрленiп, қабылданатын болады.
Бұл ретте: барлық iс-шаралар мен бағдарламалардың жүйелiлiгi мен нәтижелілiгi, олардың ізгi бағыттылығы; демократиялық құқықтық дамудың әлемдiк тәжiрибесiнiң Қазақстан жағдайына бейiмделуi; республиканың дәйектi жан-жақты дамуы процесiнде туындайтын болжамды әлеуметтiк, экономикалық және саяси аспектiлерге қатысты нормативтiк құқықтық реттеу мен тиiмдi құқық қолданудың нақты шараларына түзету енгiзу және iске асырудың ілгерілік сипаты принциптерiн ұстану қажет.