Екі жақты байланыстарды тереңдету және Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның және оған Хаттаманың жобалары мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Әбсатұлы Камалдиновке Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және оған Хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы 15 желтоқсандағы
N 714 Жарлығымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы
Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды
болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы
конвенция
Қазақстан Республикасы мен Жапония,
Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция жасасуға ниет білдіре отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де резиденттері болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
1. Осы Конвенция мынадай салықтарға қолданылады:
а) Қазақстан Республикасында:
(і) корпорациялық табыс салығы;
(іі) жеке табыс салығы (бұдан әрі - "қазақстан салығы" деп аталады);
b) Жапонияда:
(і) табыс салығы;
(іі) корпорациялық табыс салығы;
(ііі) тұрғындарға салынатын жергілікті салықтар (бұдан әрі - "жапон салығы" деп аталады).
2. Конвенция, сондай-ақ Конвенцияға қол қойылғаннан күннен кейін 1-тармақта көрсетілген салықтарға қосымша немесе олардың орнына алынатын кез келген бірдей немесе мәні бойынша ұқсас салықтарға да қолданылады. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары өздерінің салық заңнамаларындағы кез келген елеулі өзгерістер туралы осындай өзгерістерден кейін қолайлы уақыт кезеңінің ішінде бір-бірін хабардар етеді.
3-бап
1. Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
а) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің ұлттық заңнамасына және өзі қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өзінің егемендік құқықтары мен заңдық құзыретін жүзеге асыратын аймақтарды қамтиды;
b) "Жапония" термині географиялық мағынада қолданған кезде Жапонияның салықтарына жататын заңнама қолданылатын оның аумақтық суларын қоса алғанда, Жапонияның аумағын және халықаралық құқыққа сәйкес өзінің егемендік құқықтарын жүзеге асыра алатын және Жапонияның салықтарына жататын заңнама қолданылатын теңіз түбі мен топырақ астын қоса алғанда, оның аумақтық суларынан тысқары бүкіл алаңды білдіреді;
с) "Уағдаласушы мемлекет" және "екінші Уағдаласушы мемлекет" терминдері түпмәтінге байланысты Қазақстанды немесе Жапонияны білдіреді;
d) "салық" термині түпмәтінге байланысты Қазақстанның салығын немесе Жапонияның салығын білдіреді;
е) "тұлға" термині жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бірлестігін білдіреді;
f) "компания" термині салық салу мақсаттары үшін корпорациялық құрылым ретінде қарастырылатын кез келген корпорациялық құрылымды немесе кез келген ұйымды білдіреді;
g) "кәсіпорын" термині кез келген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қолданылады;
h) "Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше Уағдаласушы мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды білдіреді;
і) "халықаралық тасымал" термині теңіз немесе әуе кемесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің пункттері арасында ғана пайдаланылатын жағдайлардан басқа, Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны пайдаланатын теңіз немесе әуе кемесімен кез келген тасымалды білдіреді;
j) "ұлттық тұлға" термині мыналарды:
(і) Қазақстан жағдайында Қазақстанның азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны немесе Қазақстандағы қолданыстағы заңнаманың негізінде осындай мәртебе алған кез келген заңды тұлғаны, серіктестікті немесе қауымдастықты; және
(іі) Жапония жағдайында Жапонияның азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны және Жапонияның заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған кез келген заңды тұлғаны және заңды тұлғаны құрмай-ақ, жапон салығының мақсаттары үшін Жапонияның заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған заңды тұлға ретінде қарастырылатын кез келген ұйымды білдіреді;
k) "құзыретті орган" термині мыналарды:
(і) Қазақстан жағдайында Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін; және
(іі) Жапония жағдайында Қаржы министрін немесе оның уәкілетті өкілін білдіреді;
l) "кәсіпкерлік қызмет" термині кәсіби көрсетілетін қызметтерді және тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметті орындауды қамтиды.
2. Уағдаласушы мемлекет Конвенцияны кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтіннен өзге мағына туындамаса, Конвенция қолданылатын салықтардың мақсаты үшін қатысты осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша осы кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаны иеленеді, осы Уағдаласушы мемлекеттің қолданылатын салық заңнамасы бойынша кез келген мағына осы Уағдаласушы мемлекеттің басқа заңнамасы бойынша терминге берілетін мәннен басымдыққа ие болады.
4-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "Уағдаласушы мемлекеттің резиденті" термині осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша оның тұратын жері, резиденттігі, негізгі немесе басты кеңсесінің орны, басқару орны, құрылған орны немесе осындай сипаттағы кез келген басқа да өлшем негізінде онда салық салынуға жататын кез келген тұлғаны білдіреді және осы Уағдаласушы мемлекетті және кез келген саяси бөлімшені немесе жергілікті билік органын да қамтиды. Алайда бұл термин осы Уағдаласушы мемлекетте осы Уағдаласушы мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа қатысты ғана салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
2. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда оның мәртебесі мынадай түрде айқындалады:
а) ол өзінің иелігіндегі тұрақты баспанасы бар Уағдаласушы мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі; егер оның иелігінде Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінде де тұрақты баспанасы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық қатынастары (өмірлік мүдделер орталығы) бар Уағдаласушы мемлекеттің ғана резиденті болып саналады;
b) егер оның өмірлік мүдделер орталығы бар Уағдаласушы мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе Уағдаласушы мемлекеттердің ешқайсысында өзінің иелігіндегі тұрақты баспанасы болмаса, онда ол өзі әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып саналады;
с) егер ол әдетте Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінде де тұратын болса немесе олардың біреуінде де тұрмаса, ол азаматы болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
d) егер оның мәртебесі а)-с) тармақшаларына сәйкес айқындала алмаса, Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары өзара келісім бойынша осы мәселені шешетін болады.
3. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінің де резиденті болса, онда Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары өзара келісім бойынша тұлға қандай Уағдаласушы мемлекетте осы Конвенцияның мақсаттары үшін резидент болып саналатынын айқындайды. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара келісімі болмаған жағдайда, 23 және 24-баптарда көзделген осындай талапты қоспағанда, Конвенцияда көзделген жеңілдіктерді талап ету мақсаттары үшін тұлға әрбір Уағдаласушы мемлекеттің негізді резиденті болып табылмайды.
5-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "тұрақты мекеме" термині кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметі толық немесе ішінара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын білдіреді.
2. Атап айтқанда, "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) басқару орнын;
b) бөлімшені;
с) кеңсені;
d) фабриканы;
е) шеберхананы;
f) шахтаны, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьерді, және
g) табиғи ресурстарды өндіру немесе барлау үшін пайдаланылатын қондырғыны немесе құрылысты немесе басқа да кез келген кен орнын қамтиды.
3. Егер құрылыс алаңы немесе құрылыс, монтаждау жобасы 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған болса ғана, олар тұрақты мекеме болып табылады.
4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) құрылыстарды тек кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін пайдалануды;
b) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін ұстауды;
с) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек басқа кәсіпорынның өңдеу мақсаттары үшін ұстауды;
d) тұрақты қызмет орнын тек тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшін немесе кәсіпорынға арналған ақпарат жинау үшін ұстауды;
е) тұрақты қызмет орнын тек кәсіпорын үшін дайындық немесе көмекші сипаттағы кез келген басқа қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін ұстауды;
f) осындай амал нәтижесінде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметі дайындық немесе көмекші сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын а)-е) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерінің кез келген амалын жүзеге асыру үшін ұстауды қамтиды деп қарастырылмайды.
5. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, егер оған 6-тармақ қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға Уағдаласушы мемлекетте кәсіпорынның атынан әрекет етсе және Уағдаласушы мемлекетте кәсіпорын атынан келісім шарттар жасауға өкілеттіктері болса және оны әдеттегідей пайдаланып жүрсе, егер мұндай кәсіпорынның қызметі 4-тармақта айтылған қызмет түрлерімен ғана шектелмесе, егер оларды қызметтің тұрақты орны арқылы жүзеге асырса да бұл қызметтің тұрақты орнын осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырылмаса онда бұл кәсіпорын осы тұлғаның кәсіпорын үшін қолға алатын кез келген қызметіне қатысты бірінші аталған Уағдаласушы мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылады.
6. Кәсіпорын кәсіпкерлік қызметін осы Уағдаласушы мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшін ғана, осындай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылмайды.
7. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы немесе осы екінші Уағдаласушы мемлекетте кәсіпкерлік қызметпен айналысуы (не тұрақты мекеме арқылы не басқадай жолмен айналысуы) фактісінің өзі-ақ осы компаниялардың бірін екіншісінің тұрақты мекемесіне айналдырмайды.
6-бап
1. Уағдаласушы мемлекет резидентінің екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алған табысына (ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табысты қосқанда) осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. "Жылжымайтын мүлік" термині қаралып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша қандай мағынасы болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықты, жер меншігіне қатысты жалпы заңнаманың ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узуфрукті және минералдық ресурстарды, қорларды және басқа да табиғи қазбаларды игеру үшін берілетін өтемақы ретіндегі өзгермелі немесе тіркелген төлемдеріне құқықтарды қамтиды; теңіз және әуе кемелері жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
3. 1-тармақтың ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
4. 1 және 3-тармақтардың ережелері кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысқа да қолданылады.
7-бап
1. Егер Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаса, кәсіпорынның пайдасына тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда айтылғанындай жүзеге асырса, онда кәсіпорынның пайдасына, бірақ осындай тұрақты мекемеге қатысты бөлігіне ғана екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. 3-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда әрбір Уағдаласушы мемлекетте осы тұрақты мекемеге, егер ол осындай немесе ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе ұқсас қызметпен айналысатын оқшауланған және жеке кәсіпорын болып, өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан толық тәуелсіз әрекет жасағанда, оның алуы мүмкін пайда жатқызылады.
3. Тұрақты мекеменің пайдасын анықтау кезінде шығыстар тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпы әкімшілік шығыстарды қоса алғанда, тұрақты мекеменің мақсаттары үшін жұмсалған шығыстарды шегеруге жол беріледі.
4. Тұрақты мекеменің кәсіпорын үшін тауарлар немесе бұйымдар сатып алуының негізінде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да болмасын пайда есептелмейді.
5. Осы баптың алдыңғы тармақтарының мақсаттары үшін тұрақты мекемеге жататын пайда, егер мұндай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептері болмаса жылма-жыл біркелкі тәсілмен анықталады.
6. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке айтылған табыстардың түрлерін қамтыса, онда бұл баптардың ережелеріне осы баптың ережелері қолданылмайды.
8-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны теңіз немесе әуе кемелерін халықаралық тасымалдауда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
2. 2-баптың ережесіне қарамастан, егер Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны теңіз немесе әуе кемелерін халықаралық тасымалдауда пайдалануда жүзеге асырса және, егер Қазақстанның кәсіпорны Жапонияда кәсіпорынға салынатын салықтан босатылатын болса және, егер Жапонияның кәсіпорны бұдан әрі Қазақстанда салынуы мүмкін Жапонияда кәсіпорынға салынатын салыққа ұқсас кез келген салықтан босатылатын болса.
3. Осы баптың алдыңғы тармақтарының ережелері пулға, көлік құралдарын пайдалану жөніндегі бірлескен кәсіпорынға немесе халықаралық ұйымға қатысудан алынатын пайдаға да қолданылады.
9-бап
1. Егер:
а) Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
b) сол бір тұлғалар Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, және көрсетілген жағдайлардың кез келгенінде екі кәсіпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржы қатынастарында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда кәсіпорындардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осы кәсіпорынның пайдасына қосылуы және оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
2. Егер Уағдаласушы мемлекет 1-тармақтың ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекет кәсіпорнының осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынған пайдасын осы Уағдаласушы мемлекет кәсіпорнының пайдасына қосса әрі тиісінше салық салса және алғашқы аталған Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнына есептелетіндей пайдаға қосылған осы пайданың барлығын немесе бір бөлігін Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары консультациялар негізінде келіссе, егер екі кәсіпорынның арасындағы өзара қатынастар тәуелсіз кәсіпорындардың арасында болатын қатынастардай болса, онда осы екінші Уағдаласушы мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиісті түзету жасайды. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Конвенцияның басқа да ережелері ескерілуге тиіс.
3. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан Уағдаласушы мемлекет осы тармақта көрсетілген жағдайларда осы Уағдаласушы мемлекет кәсіпорнының пайдасын өзгерткен, бірақ осы тармақта айтылған шарттар үшін кәсіпорынға есептелген салық кезеңінің аяғында жеті жылдан кейін өзгертпейді. Осы тармақтың ережелері алаяқтық немесе қасақана дефолт жасаған жағдайда қолданылмайды.
10-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтеріне осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда резиденті дивидендтер төлейтін компания болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте және осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұндай дивидендтерге салық салынуы мүмкін, бірақ егер алушы дивидендтердің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болса, онда осындай жолмен алынатын салық:
а) егер іс жүзіндегі иесі дивидендтерге иелік ету құқығын айқындау күні аяқталатын алты айлық кезеңде дивидендтерді төлейтін компанияның дауыс беретін акцияларының ең болмағанда 10 процентіне тікелей немесе жанама иелік ететін компания болса, дивидендтердің жалпы сомасының 5 процентінен;
b) қалған барлық жағдайларда дивидендтердің жалпы сомасының 15 процентінен аспайды.
Осы тармақ дивидендтер төленетін пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.
3. Егер дивидендтерді компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте салық салынатын табысты есептеуде оның бенефициарларына төленген дивидендтерді шегеруге құқық беретін компания төлесе 2-тармақтың а) тармақшасының ережелері қолданылмайды.
4. "Дивидендтер" термині осы бапта пайдаланылған кезде акциялардан немесе борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлуші компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес акциялардан алынатын табыс секілді дәл сондай салықтық реттеуге жататын табысты білдіреді.
5. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын, дивидендтердің іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания резиденті болып отырған екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және төленіп жүрген дивидендтерге қатысты холдинг шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, 1 және 2-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
6. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы екінші Уағдаласушы мемлекет мұндай дивидендтер осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг шын мәнінде осы екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен байланысты болатын жағдайды қоспағанда, компания төлейтін дивидендтерге кез келген салықты сала алмайды, егер тіпті төленетін дивидендтер немесе бөлінбеген пайда осы екінші Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын табыстан толығымен немесе ішінара құралса да бөлінбеген пайдаға салық салынбайды.
11-бап
1. Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетін проценттерге осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда мұндай проценттерге олар пайда болатын Уағдаласушы мемлекетте және осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ, егер алушы проценттердің нақты иесі бола тұрып, екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, онда алынатын салық проценттердің жалпы сомасының 10 процентінен аспауы тиіс.
3. 2-тармақтың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын проценттерге, егер:
а) проценттердің іс жүзіндегі иесі осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің Үкіметі, осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің саяси бөлімшесі немесе жергілікті билік органы немесе орталық банкі немесе осы Үкіметке тиесілі кез келген институт болып табылса; немесе
b) проценттердің іс жүзіндегі иесі осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің Үкіметі, осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің саяси бөлімшесі немесе жергілікті билік органы немесе орталық банкі немесе осы Үкіметке толығымен тиесілі кез келген институты сақтандырған немесе ішінара қаржыландырған кепілдік берілген борыштық талапқа қатысты осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, тек екінші Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
4. 3-тармақтың мақсаттары үшін "орталық банк" және "Үкіметке толығымен тиесілі институт" терминдері мынаны:
а) Қазақстан жағдайында:
(і) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкін;
(іі) "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-ны;
(ііі) "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ-ны; және
(іv) капиталы толығымен Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі, кейде дипломатиялық ноталар алмасу арқылы Уағдаласушы мемлекеттердің Үкіметтері арасында келісілуі мүмкін осындай басқа да ұқсас институттарды;
b) Жапония жағдайында:
(і) Жапония Банкін;
(іі) Жапон Қаржы корпорациясын;
(ііі) Жапон халықаралық өзара іс-қимыл агенттігін;
(iv) Жапон Экспорттық және инвестициялық сақтандыруды; және
(v) капиталы толығымен Жапонияның Үкіметіне тиесілі, кейде дипломатиялық ноталар алмасу арқылы Уағдаласушы мемлекеттердің Үкіметтері арасында келісілуі мүмкін осындай басқа да ұқсас институттарды білдіреді.
5. "Проценттер" термині осы бапта пайдаланылған кезде кепілмен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, борышкерлердің пайдасына қатысу құқығын беретін немесе бермейтін қандай да болсын борыштық талаптардан алынатын табысты және атап айтқанда, үкіметтік немесе мемлекеттік бағалы қағаздар, облигациялар немесе борыштық міндеттемелер бойынша төленетін сыйлықтар мен ұтыстарды қоса алғанда, осы бағалы қағаздардан алынатын табысты және облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты және табыс пайда болған Уағдаласушы мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес ақшаны қарызға беруден алынатын табыс секілді ұқсас салық салу режимі қолданылатын қалған басқа да табысты білдіреді. 10-бапта аталған табыс осы Конвенцияның мақсаттары үшін процент ретінде қарастырылмайды.
6. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын проценттердің іс жүзіндегі иесі проценттер пайда болатын екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және өзіне қатысты проценттер төленетін борыштық талабы шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге қатысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
7. Егер төлеуші осы Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылса, проценттер Уағдаласушы мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер проценттерді төлеуші тұлға Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табыла ма немесе жоқ па осыған қарамастан Уағдаласушы мемлекетте проценттер төленетін қарыз пайда болған тұрақты мекемесі болса және мұндай проценттерді осындай тұрақты мекеме төлейтін болса, онда мұндай проценттер осындай тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
8. Егер проценттер төлеуші мен оның нақты иесі арасындағы немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың себебінен оның негізінде төленетін борыштық талапқа қатысты проценттердің сомасы проценттер төлеуші мен олардың нақты иесі арасында осындай қатынастар болмаған кезде келісіле алатындай сомадан асып кетсе, осы баптың ережелері тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің басы артық бөлігін осы Конвенцияның басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуға жатады.
12-бап
1. Уағдаласушы мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда, мұндай роялтиге ол пайда болатын Уағдаласушы мемлекетте және осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы да мүмкін, бірақ алушы роялтидің іс жүзіндегі иесі бола тұра, екінші Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10 процентінен аспауға тиіс.
3. "Роялти" термині осы бапта пайдаланылған кезде кинематографиялық фильмдерді және радио немесе теледидар хабарлары үшін фильмдерді немесе таспаларды қоса алғанда, әдебиет, өнер немесе ғылым шығармаларына, кез келген патентке, сауда маркасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға немесе процеске кез келген құқықты пайдаланғаны үшін немесе осындай құқықты пайдалануға бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат үшін сыйақы ретінде алынатын төлемдердің кез келген түрін білдіреді.
4. Егер Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің іс жүзіндегі иесі роялти пайда болған екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса және роялти өздеріне қатысты төленетін құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
5. Егер төлеуші осы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы мемлекетте пайда болды деп саналады. Алайда, егер роялти төлеуші тұлға Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табыла ма, жоқ па - оған қарамастан Уағдаласушы мемлекетте роялти төлеу міндеттемесі пайда болған тұрақты мекемесі болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы мемлекетте пайда болды деп саналады.
6. Егер роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасындағы ерекше қатынастардың салдарынан олар үшін төленетін пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидің сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында келісіле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің басы артық бөлігі осы Конвенцияның басқа да ережелерін тиісті түрде ескере отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуға жатады.
13-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті 6-бапта анықталған және екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарудан алатын табыстарға осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Егер 6-бапта аталған және осы екінші Уағдаласушы мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен төте немесе жанама алатын, өз құнының 50 процентінен асатын акциялар немесе проценттер алса, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті компанияның акцияларын, серіктестіктің немесе трастың проценттерін иеліктен шығарудан алған табыстарға осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
3. Егер екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын, осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін компания шығаратын акцияларды Уағдаласушы мемлекеттің резиденті иеліктен шығарудан алған табыстарға 2-тармақтың ережелері қолданылмаса, егер акциялардың иесі иеліктен шығарушы болып табылса (осындай акциялармен бірге қатысты немесе байланысты кез келген басқа да тұлғалар иелік ететін, сол сияқты осындайлармен жиынтығы), сомасы иеліктен шығару орын алған салық жылының ішіндегі кез келген басқа уақытта осындай компания шығаратын акциялардың жалпы сомасының 25 процентінен кем емес.
4. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекетте иелік етіп отырған тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымайтын мүліктен өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан, осындай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен бірге) иеліктен шығарудан алынған осындай табыстарды қоса алғанда, осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
5. Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны халықаралық тасымалда пайдаланатын теңіз немесе әуе кемелерін немесе жылжымайтын мүліктен басқа кез келген мүлікті, мұндай теңіз немесе әуе кемесін пайдалануға байланысты жылжымайтын мүліктен өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алған табыстарға тек осы Уағдаласушы мемлекетте салық салынады.
6. Осы баптың алдыңғы өткен тармақтарында айтылғаннан басқа, кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға мүлікті иеліктен шығарушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
14-бап
1. 15 , 17 , 18-баптардың ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті жалданып істеген жұмысына байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да осындай сыйақыға, егер жалданып жұмыс істеу екінші Уағдаласушы мемлекетте орындалмаса, тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалданып істейтін жұмыс екінші Уағдаласушы мемлекетте орындалса, онда осыған байланысты алынған сыйақыға осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, екінші Уағдаласушы мемлекетте жалданып жұмыс істеуіне байланысты Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып алған сыйақыға салық, егер:
а) алушы тиісті салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жалпы алғанда 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы екінші Уағдаласушы мемлекетте болса; және
b) сыйақыны осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төленсе; және
с) сыйақы төлеу жөніндегі шығыстарды жалдаушының екінші Уағдаласушы мемлекеттегі тұрақты мекемесі көтермесе тек алғашқы айтылған Уағдаласушы мемлекетте салынады.
3. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны халықаралық тасымалда пайдаланатын теңіз немесе әуе кемесінің бортында орындалатын жалданып істейтін жұмысқа қатысты алынған сыйақыға осы Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
15-бап
Екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның директорлар кеңесінің немесе оған ұқсас органның мүшесі ретінде Уағдаласушы мемлекеттің резиденті алған директорлардың қаламақыларына және басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
16-бап
1. 7 мен 14-баптың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе теледидар артисі немесе сазгер ретінде немесе спортшы ретінде екінші Уағдаласушы мемлекетте жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Егер артист немесе спортшы өзінің осы сипатында жүзеге асыратын жеке қызметінен алатын табысы артистің немесе спортшының өзіне емес басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа 7 және 14-баптардың ережелеріне қарамастан, артистің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы мемлекетте салық салынады.
17-бап
18-баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын нақты иесінің төленетін зейнетақылары мен басқа да осыған ұқсас төлемдерін осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
18-бап
1. а) Мемлекеттік сипаттағы функцияларды орындаған кезде жеке тұлғаға осы Уағдаласушы мемлекет немесе оның саяси бөлімшелері немесе жергілікті билік органдары үшін жүзеге асырған қызметіне осы Уағдаласушы мемлекет немесе оның жергілікті билік органы төлейтін зейнетақыға қарағанда қызметақыға, жалақыға және басқа осыған ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
b) алайда, мұндай қызметақы, жалақы және басқа да ұқсас сыйақыға егер қызмет осы екінші Уағдаласушы мемлекетте жүзеге асырылса және осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлға:
і) осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болып табылса; немесе
іі) қызметті жүзеге асыру мақсатында ғана осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болмаса, тек екінші Мемлекетте ғана салық салынады.
2. а) 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекет немесе саяси бөлімше немесе жергілікті билік органы немесе олар құрған қорлар осы Уағдаласушы мемлекет немесе саяси бөлімше үшін жүзеге асыратын қызметі үшін жеке тұлғаға немесе жергілікті билік органы төлейтін зейнетақыға немесе басқа ұқсас сыйақыға тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады;
b) алайда, егер жеке тұлға осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті және азаматы болып табылса, мұндай зейнетақыға немесе басқа осыған ұқсас сыйақыға тек екінші Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
3. 14 , 15 , 16 және 17-баптардың ережелері Уағдаласушы мемлекет немесе оның саяси бөлімшесі немесе жергілікті билік органы жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметке байланысты қызметке қатысты қызметақыға, жалақыға, зейнетақыларға және басқа да осыған ұқсас сыйақыларға қолданылады.
19-бап
Екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын немесе келер алдында тікелей екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылған және тек білім алу немесе практикадан өту мақсатында бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекетте болған студент немесе практикант өзін ұстау, білім алу немесе практикадан өту мақсаты үшін алатын төлемдерге осы сома көздері бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекеттен тысқары жерде болған жағдайда, бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекетте салық салынбайды.
20-бап
Осы Конвенцияның кез келген басқа ережелеріне қарамастан, жауапкершілігі шектелмеген пассивті әріптестіктің (Tokumei Kumiai) келісім-шарттарына немесе басқа да осыған ұқсас келісім-шарттарға қатысты жауапкершілігі шектелмеген пассивті әріптестіктер алған кез келген табысқа немесе пайдаға осы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай кіріс немесе пайда туындайтын Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін.
21-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттің резиденті, осындай табыстың іс жүзіндегі иесінің табыстарының түрлеріне (бұдан әрі осы бапта "басқа табыстар" деп аталатын) осы Конвенцияның алдыңғы баптарында сөз болмаған олардың пайда болу көздеріне қарамастан, тек осы Уағдаласушы мемлекетте ғана салық салынады.
2. 6-баптың 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүліктен алынатын табыстан өзге табысқа, егер мұндай табыстардың іс жүзіндегі иегері Уағдаласушы мемлекеттің резиденті бола тұрып, екінші Уағдаласушы мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және оларға байланысты табыс төленген құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, 1-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Конвенцияның 7-бабының ережелері қолданылады.
3. Егер 1-тармаққа жатқызылған резидент пен төлеуші немесе екеуі және қандай да бір басқа тұлға арасындағы ерекше қарым-қатынастардың салдарынан басқа табыс сомасы осындай қарым-қатынастар болмаған кезде олардың арасында келісілген сомадан асып түссе, онда осы баптың ережелері соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің артық бөлігіне осы Конвенцияның басқа ережелерін тиісінше ескере отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.
22-бап
1. Қазақстан жағдайында:
а) егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Жапонияда салық салынуы мүмкін табыс алса, Қазақстан осы резиденттің табысына салынатын салықтан Жапонияда төленетін Жапон табыс салығына тең соманы шегеріп тастауға мүмкіндік береді. Алайда шегеру сомасы осындай табысқа жататын Қазақстан салығының бөлігінен аспауға тиіс;
b) егер Конвенцияның кез келген ережелеріне сәйкес Қазақстан резиденті алған табыс Қазақстанда салықтан босатылса, онда Қазақстан осы резиденттің табысының қалған бөлігіне соманы есептеген кезде салықтан босатылған табысты назарға алуы мүмкін.
2. Жапония заңнамасының ережелеріне сәйкес Жапониядан өзге кез келген елде төленген салық Жапон салығына есепке жатқызылады:
а) егер Жапония резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс алса, онда осы резидент осындай табысқа қатысты төлеген Қазақстан салығының сомасы Жапон салығына есепке жатқызылуы тиіс. Алайда есепке алу сомасы осындай табысқа жатқызылған Жапон салығының бөлігінен аспауы тиіс;
b) егер Қазақстанда алынған табыстар Қазақстанның резиденті болып табылатын компания төлейтін, Жапонияның резиденті болып табылатын және дауыс беретін акциялардың немесе дивидендтерді төлеу жөніндегі міндеттемелер расталатын күннің тікелей алдындағы 6 айдың ішінде дивидендтер төлейтін компанияның шығарылатын акциялары сомасының кемінде 10 процентіне иелік ететін компанияның дивидендтері болып табылса, онда есепке алу оның табысына қатысты дивидендтер төлейтін компанияның төлеуіне жататын Қазақстан салығын назарға алады.
3. Осы баптың алдыңғы тармақтарының мақсаттары үшін осы Конвенцияға сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне тиесілі іс жүзіндегі иесінің табысы осы басқа Уағдаласушы мемлекетте туындайды деп есептелуі тиіс.
23-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға және оған байланысты міндеттемелерге қарағанда өзге немесе анағұрлым ауыртпалықты, атап айтқанда резиденттікке қатысты кез келген салық салуға екінші Уағдаласушы мемлекетте ұшырамайды. 1-баптың ережелеріне қарамастан, осы тармақтың ережесі Уағдаласушы мемлекеттің біреуінің немесе екеуінің де резиденті болып табылмайтын тұлғаға да қолданылады.
2. Уағдаласушы мемлекет кәсіпорнының екінші Уағдаласушы мемлекеттегі тұрақты мекемесіне салық салу осындай қызметті жүзеге асыратын осы екінші Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорнына салық салуға қарағанда осы екінші Уағдаласушы мемлекетте неғұрлым қолайлы болуы тиіс. Осы тармақтың ережесі Уағдаласушы мемлекетті екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденттеріне оларды салық төлеуден және азаматтық мәртебе немесе өзінің резиденттеріне беретін отбасы жағдайлары негізінде салық салу мақсаттары үшін кез келген жеке салық жеңілдіктері мен шегерімдер беруге міндеттейтін болып түсіндірілмеуі тиіс.
3. 9-баптың 1-тармағының, 11-баптың 8-тармағының, 12-баптың 6-тармағының немесе 21-баптың 3-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне жүргізетін проценттер, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсіпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшін олар бірінші аталған Уағдаласушы мемлекеттің резидентіне қалай төленсе, нақ осындай жағдайлар кезінде шегеріліп тастауға жатады.
4. Капиталы екінші Уағдаласушы мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі немесе олардың тікелей немесе жанама түрде бақылауында болатын Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекетте кез келген салық салуға немесе бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекеттің басқа ұқсас кәсіпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салу және оған байланысты міндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты болып табылатын кез келген салық салу немесе онымен байланысты кез келген міндеттемелерге бірінші айтылған Уағдаласушы мемлекетте ұшырамауы тиіс.
5. Осы баптың ережелері 2-баптың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекет немесе саяси бөлімшелер немесе жергілікті билік органдары салатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қолданылады.
24-бап
1. Егер тұлға Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де іс-әрекеттері өзін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар етіп отыр деп есептесе, ол осы Уағдаласушы мемлекеттердің ішкі заңдарында көзделген қорғау құралдарына қарамастан, өзінің ісін өзі резидент болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының қарауына немесе егер оның ісі 23-баптың 1-тармағының қолданысына түссе, өзі ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының қарауына бере алады. Өтініш осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар еткен іс-әрекеттер туралы бірінші хабарлама берілген сәттен бастап үш жыл ішінде берілуі тиіс.
2. Құзыретті орган, егер ол өтінішті негізді деп есептесе және егер өзі қанағаттандырарлық шешімге келе алмаса, Конвенцияға сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында істі басқа Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткізілген келісім Уағдаласушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында көзделген уақыттағы кез келген шектеуге байланыссыз орындалатын болады.
3. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары Конвенцияны түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәнды өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Олар сол сияқты Конвенцияда көзделмеген жағдайларда, қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында бір-бірімен консультация өткізе алады.
4. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары осы баптың алдыңғы тармақтарын түсінуде келісімге қол жеткізу мақсатында бір-бірімен тікелей байланысқа түсе алады.
25-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе салық салу Конвенцияға қайшы келмейтіндей шамада Уағдаласушы мемлекеттің немесе олардың саяси бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі салықтарға қатысты ішкі заңнамаға әкімшілік жүргізуге немесе қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу 1 және 2-баптармен шектелмейді.
2. 1-тармаққа сәйкес Уағдаласушы мемлекет алған кез келген ақпарат осы Мемлекеттің ішкі заңдарының шеңберінде алынған ақпарат секілді құпия болып есептеледі және Конвенция қолданылатын бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлі өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе салықтарға қатысты шағымдарды қараумен айналысып жатқан тұлғаларға немесе 1-тармақта немесе осы тармақтың жоғарыда көрсетілген ережелерінде көрсетілген органдарға ғана (соттар мен әкімшілік органдарды қоса алғанда) хабарланады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдаланады. Олар ақпаратты ашық сот мәжілісі барысында немесе сот шешімдерін қабылдау кезінде аша алады.
3. Ешқандай жағдайда 1 және 2-тармақтардың ережелері Уағдаласушы мемлекеттерге:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңдары мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;
b) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңдары бойынша немесе әдеттегі әкімшілік практикасы барысында алуға болмайтын ақпарат беру;
с) қандай да болмасын бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпарат немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (қоғамдық тәртіпке) қайшы келуі мүмкін ақпарат беру міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.
4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес Уағдаласушы мемлекет талап ететін болса, екінші Уағдаласушы мемлекет жеке салық мақсаттары үшін тіпті осындай ақпаратқа мұқтаж болмаса да, екінші Уағдаласушы мемлекет оның ақпаратын талап етілетін ақпаратқа қол жеткізу үшін пайдаланады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме 3-тармақтың шектеулеріне бағынады, бірақ ешқандай жағдайда мұндай шектеу Уағдаласушы мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі қызығушылықтың болмағандығынан ғана, ақпарат беруден бас тартуға рұқсат беру ретінде қаралмайды.
5. Ешқандай жағдайда 3-тармақтың ережелері Уағдаласушы мемлекетке банкте, басқа қаржы институтында, кандидатта немесе ұйымда немесе сенімді тұлғаның ережесінің негізінде әрекет ететін тұлғада бар ақпарат тұлғаның жеке мүдделеріне жатқызылатын болғандықтан ғана, ақпарат беруден бас тартуға рұқсат беру ретінде қаралмайды.
26-бап
1. Уағдаласушы мемлекеттер осы Конвенцияны осындай жеңілдіктерге уәкілеттік берілмеген тұлғалар пайдаланбауы тиіс деген шартпен салық ставкасынан осындай кез келген босатуға немесе азайтуға жол бермеу үшін қажетті шекті салықтарды жинауға бір-біріне көмек көрсетеді. Мұндай алымдарды жасайтын Уағдаласушы мемлекет жинақтауларды қосқанға дейін екінші Уағдаласушы мемлекеттің алдында жауапты болуы тиіс.
2. Ешқандай жағдайда 1-тармақтың ережелері Уағдаласушы мемлекеттерге:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;
b) мемлекет саясатына қайшы келетін шаралар қолдану міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.
27-бап
Осы Конвенциядағы ештеңе де дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің халықаралық құқықтың жалпы нормалары беретін немесе арнайы келісімдердің ережелеріне сәйкес берілетін артықшылықтар сияқты салық артықшылықтарын қозғамайды.
28-бап
1. Әрбір Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттің дипломатиялық арналары арқылы осы Конвенцияның күшіне енуі жөніндегі мемлекетішілік рәсімдер аяқталғаны туралы хабарлама жібереді. Конвенция жазбаша хабарлама алған күннен кейін отызыншы күні күшіне енуі тиіс.
2. Конвенция:
а) төлем көзінде ұсталатын салықтарға қатысты, Конвенцияның күшіне енген жылынан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін төленетін немесе есептелетін сомаға,
b) төлем көзінде ұсталмайтын табысқа салынатын салықтарға қатысты, Конвенцияның күшіне енген жылынан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін басталатын кез келген салық жылы үшін табысқа қатысты; және
с) басқа салықтарға, Конвенцияның күшіне енген жылынан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін басталатын кез келген салық салынатын кезеңге қатысты қолданылады.
29-бап
Қолданылуын тоқтату
Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің бірі оның қолданылуын тоқтатпайынша күшінде қала береді. Кез келген Уағдаласушы мемлекет осы Конвенция күшіне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейінгі кез келген күнтізбелік жылдың аяқталуына кемінде алты ай қалғанда дипломатиялық арналар арқылы қолданылуын тоқтату туралы хабарлама жібере отырып, Конвенцияның күшін тоқтата алады. Мұндай жағдайда Конвенция:
а) көзде ұсталатын салықтарға қатысты, осындай хабарлама алған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін төленетін немесе есепке алынатын сомаға қатысты;
b) көзде ұсталмайтын табысқа салынатын салықтарға қатысты, осындай хабарлама алған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін басталатын кез келген салық жылы үшін табысқа қатысты; және
с) басқа салықтарға қатысты, осындай хабарлама алған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан немесе 1 қаңтарынан кейін басталатын кез келген салық салынатын кезеңге қатысты өзінің әрекет етуін тоқтатады.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өздерінің Үкіметі уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
200___ жылғы _________ айының _________ күні _______________ қаласында ағылшын тілінде _______ данада жасалды.
Қазақстан Республикасы үшін Жапония үшін
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы 15 желтоқсандағы
N 714 Жарлығымен
мақұлданған
Хаттама
Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға (бұдан әрі "Конвенция" деп аталатын) қол қоюға Қазақстан Республикасы мен Жапония мынадай ережелер Конвенцияның құрамдас бөлігі болып табылатынына келісті.
1. Конвенцияның 9-бабының 2-тармағына қатысты:
Егер Қазақстан осы тармаққа сәйкес түзету жасаса, онда осы тармақтың ережесіндегі ештеңе де Қазақстанға түзету табысын келісу жөніндегі міндеттемені жүктеу ретінде талқыланбауы тиіс.
2. Конвенцияның 9-бабының 3-тармағына қатысты:
Келісім-шарт аяқталған күннен бастап бес жылдық кезеңнің аяқталғанға дейін баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды пайдаланудан алынған Қазақстан кәсіпорнының табысын өзгерту Қазақстанға кедергі келтіретін ретінде талқыланбауы тиіс деген ұғым бар.
3. Конвенцияның 12-бабының 2-тармағына қатысты:
(а) Қазақстанда туындайтын роялти жағдайында "роялти сомасы" термині роялтидің жалпы сомасының 50 процентіне баламалы соманы білдіреді;
(b) Жапонияда туындайтын роялти жағдайында "роялти сомасының 10 проценті" термині роялтидің жалпы сомасының 5 процентін білдіреді.
4. Конвенцияның 25-бабының 5-тармағына қатысты:
Уағдаласушы мемлекет осы Уағдаласушы мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес жариялаудан қорғалған осындай байланыс шегінде прокурор, заңгер консульт немесе олардың осы рөлдегі жалпыға бірдей қабылданған заңды өкілдері арасындағы құпия байланысқа жатқызылған ақпаратты қамтамасыз етуден бас тарта алады.
5. Осы Конвенцияда ештеңе де Уағдаласушы мемлекетке бірінші аталған Уағдаласушы мемлекетте орналасқан компанияның тұрақты мекемесіне жатқызылған екінші Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның табысына (теңіз немесе әуе тасымалын халықаралық тасымалда пайдаланудан алынғаннан өзге) осылайша есептелген кез келген қосымша салық осындай табыстың жалпы сомасының 5 пайызынан аспайтын жағдайда бірінші аталған Уағдаласушы мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның табысына есептелетін салыққа қоса қосымша салық салуға кедергі келтіру ретінде талқыланбайды. Осы тармақтың мақсаттары үшін қосымша салыққа ұшырайтын табыс тұрақты мекемеге жатқызылатын табыстан салық кезеңінің ішінде бірінші аталған Уағдаласушы мемлекетте өндіріп алынатын қосымша салықтан өзге салық кезеңінің ішінде барлық салықтарды шегергеннен кейін анықталуы тиіс.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өздерінің Үкіметі уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
200___ жылғы _________ айының _________ күні _______________ қаласында ағылшын тілінде _______ данада жасалды.
Қазақстан Республикасы үшін Жапония үшін