Баспасөз хабарламасы
«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына қол қойылды
«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын (бұдан әрі – Жолдау) іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығында Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекіту көзделеді.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесінің принциптеріне сәйкес жасалған және Жолдаудың барлық қағидаларын қамтитын бағыттар бойынша құрылған.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Жолдауында алдағы кезеңге арналған мемлекеттің дамуының негізгі бағыттарын атап өтті.
Жалпыұлттық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жоспарлы іске асыруға бағытталған, сондай-ақ осыған байланысты құжатта мынадай сипаттағы шаралар көзделіп отыр:
оқытудың тиімді жүйесін құру және жұмысқа орналастыруға көмектесу;
жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама дайындау;
президенттік кадрлар корпусына кандидатуралар жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Бұдан басқа, өңірлер дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыс орындары, әлеуметтік инфрақұрылым ашылатын, шағын қалалардың дамуына баса назар аударылатын болады.
Сот және құқық қорғау жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін сот корпусын қалыптастыру тәртібін түбегейлі қарастыру қажет.
Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында электронды үкіметті дамытып, әкімшілік кедергілерді қысқартып, халықтың компьютерлік сауатын арттыру қажет.
Оқыту үдерісіне заманауи технологияны енгізу жолымен адами капиталдың сапалы өсуіне, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейтуге, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетуге, саламатты өмір салтын алға жылжытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Индустриялық-инновациялық даму аясындағы Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жол желілері, Атырау мұнай өндіру зауытында мұнайды тереңнен өңдеу кешені, Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеуші зауыт, елдің орталық өңірлерін газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр желісі жүйесі және өзге де индустрияландыру және инфрақұрылымдарды дамытудың бірқатар жаңа жобалары анықталды.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін делдалдарсыз бөлшек сауданы мемлекеттік қолдаудың тетіктері енгізілетін болады, бірыңғай астық холдингі құрылып, аграрлық өндірісте жеке инвестицияның тәуекелін төмендету үшін мемлекеттік кепілдендіру жүйесі мен сақтандыру займдары құрылатын болады.
Жалпыұлттық жоспарды іске асыруды қаржыландыруды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары шеңберіндегі тиісті жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте көзделген қаражат шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да көздерден жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының
Экономикалық даму және
сауда министрлігі